Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

“Ең қасиетті сенімдеріңнің негізінде өздеріңді рухани нығайтыңдар”

“Ең қасиетті сенімдеріңнің негізінде өздеріңді рухани нығайтыңдар”

“Ең қасиетті сенімдеріңнің негізінде өздеріңді рухани нығайтып... Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” (ЯҺУДА 20, 21 ЖД).

1, 2. Сен қандай құрылыс жүргізіп жатырсың және оны қалай атқарып жатқаныңа көңіл бөлгенің неге маңызды?

СЕН бел жазбай құрылыста еңбектеніп жатырсың. Құрылыстың жүріп жатқанына біраз болғанмен, әлі де талай уақытқа созылмақ. Осы уақытқа дейін көп тер төктің, бірақ атқарылған жұмыс көңіліңнен шығады. Қандай жағдай болмасын, сен құрылысты тоқтатпақ емессің, қарқыныңды да бәсеңдеткің келмейді, өйткені жұмысыңды қалай атқарып жатқаның өміріңе, тіпті бүкіл болашағыңа әсер етеді. Неге бұлай дейміз? Өйткені соғылып жатқан үй — сенсің!

2 Шәкірт Яһуда мәсіхшілердің рухани күйлеріне көңіл бөлулері керектігін айтқан. Ол ‘Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға’ шақырғанда, бұлай етуге негізінен не көмектесетінін де көрсеткен. Яһуда: “Ең қасиетті сенімдеріңнің негізінде өздеріңді рухани нығайтыңдар”,— деп жазды (Яһуда 20, 21 ЖД). Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында жүру үшін сеніміңді нығайтып, рухани берік болудың қандай жолдары бар? Өзің бастаған рухани құрылыстың үш тұсына көңіл бөлейік.

ЕХОБАНЫҢ ӘДІЛ ТАЛАПТАРЫНА СЕНІМІҢДІ НЫҒАЙТА БЕР

3—5. а) Шайтан Ехобаның талаптарына қатысты біздің қандай пікірде болғанымызды қалайды? ә) Құдайдың талаптарына деген көзқарасымыз қандай болу керек және бұл бізге қалай әсер ету керек? Мысалмен түсіндір.

3 Ең алдымен, біз Құдайдың заңына деген сенімімізді нығайтуымыз қажет. Осы кітапты зерттеу барысында Ехобаның жүріс-тұрысқа қатысты әділ талаптарының біразын қарастырдық. Сен олар жайында не ойлайсың? Шайтан Ехобаның заңдарын, принциптері мен нормаларын еркіндігіңді шектейтін, тіпті қатаң етіп көрсетуге тырысып бағады. Едем бағында тиімді болғалы бері, ол осы тәсілін қолданып келеді (Жаратылыс 3:1—6). Шайтан сенен амалын асыра ала ма? Көп нәрсе сенің көзқарасыңа байланысты.

4 Мынадай жағдайды көз алдыңа елестетші: әдемі бақтың ішінде серуендеп келе жатып, оның бір шетінің биік шарбақпен мықтап қоршалғанын байқадың. Қоршаудың арғы жағы көз тартарлықтай керемет. Алғашқыда қоршау еркін серуендеуіңе кедергі болып тұрғандай көрінуі мүмкін. Алайда зер салып қарасаң, оның ар жағында жемтігіне тап беруге дайын тұрған айбарлы арыстан бар екен! Енді сен қоршауды кедергі емес, қорғаныш деп қарастыра бастайсың. Саған дәл қазір осындай жыртқыш аң тап бергелі тұр ма? Құдай Сөзі: “Салауатты да сергек болыңдар! Сендердің қас жауларың, шайтан, ақырған арыстандай қауымды айнала шарлап, кімді жалмасам деп торуылдап жүр”,— деп ескертеді (Петірдің 1-хаты 5:8).

5 Шайтан — жауыз жыртқыш. Ехоба біздің Шайтанға жем болғанымызды қаламайды, сондықтан оның әрқилы ‘қастық іс-әрекетінен’ қорғайтын заңдар берген (Ефестіктерге 6:11). Сол себепті Құдай заңдарының үстінен ой жүгірткен сайын, көктегі Әкеміздің сүйіспеншілігін көруге тырысуымыз керек. Сонда Құдайдың заңдарын қорғаныш әрі қуаныштың көзі деп қарастыратын боламыз. Шәкірт Жақып былай деген: “Кім мүлтіксіз заңға... ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе... бақытты болмақ” (Жақып 1:25 сілт.).

6. Құдайдың әділ заңдары мен принциптеріне деген сенімді нығайтудың ең жақсы жолы қандай? Мысал келтір.

6 Өсиеттеріне сай өмір сүру — Заң шығарушы Құдайымызға және оның дана заңдарына деген сенімімізді нығайтудың ең жақсы жолы. Мысалы, ‘Мәсіхтің заңына’ Исаның ‘өсиет еткендерінің бәрін’ өзгелерге үйрету тапсырмасы кіреді (Ғалаттықтарға 6:2 сілт.; Матай 28:19, 20). Мәсіхшілер ғибадат ету үшін бас қосу және бір-біріне жігер беруге қатысты өсиетке де атүсті қарамайды (Еврейлерге 10:24, 25). Сонымен қатар Ехоба өзіне үнемі әрі шын жүректен дұға етуді де өсиет еткен (Матай 6:5—8; Салониқалықтарға 1-хат 5:17). Осы өсиеттерге сай өмір сүрсек, олардың сүйіспеншілікпен берілгендігіне көзіміз жете түседі. Оларға мойынсұнғанымыз қазіргі қиыншылыққа толы дүниеде табылмайтын қуаныш пен қанағат сезіміне бөлейді. Құдай заңдарына сай өмір сүрудің қандай пайдасын көргенің туралы ой жүгірткен сайын, оларға деген сенімің нығая береді емес пе?

7, 8. Әділ жолдан тайып кетуден қорқатындар үшін Құдай Сөзінде сенімділік беретін қандай сөздер бар?

7 Кейбіреулерге жылдар бойы Ехобаның заңдарынан таймай өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Олар бірде болмаса бірде сүрініп қалудан қорқады. Сенің де осылай ойлаған кезің болса, мына сөздерді есіңде ұста: “Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін. О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:17, 18). Неткен жігер беретін сөздер! Олар туралы бір сәт ойланып көргенсің бе?

8 Бұл жерде Ехоба өзіне мойынсұнғанымыздың бізге пайдалы екендігін есімізге салып отыр. Оның уәдесіне сай, мұның пайдасын біз міндетті түрде көреміз. Біріншіден, біздегі амандық пен тыныштық ернеуінен асып, жаймен әрі толассыз ағып жатқан өзен іспетті болады. Екіншіден, әділдігіміз теңіз толқындарындай болады. Жағалауда тұрып, бір-бірін қуалай келіп жатқан толқындарға қарасаң, тұрақтылықты байқарың сөзсіз. Сен олардың бірі жағаға келіп ғайып болған соң, екіншісі келетінін әрі осылай мәңгі жалғаса беретінін білесің. Ехоба сенің әділдігіңнің де сондай болатынын айтқан. Сен оған деген адалдығыңнан таймауға тырыссаң, ол сені ешқашан тастамайды (Забур 54:23). Оның жанға жылу беретін уәдесі оған және оның әділ талаптарына деген сеніміңді нығайта түседі емес пе?

РУХАНИ “ЖЕТІЛУ ҮШІН АЛҒА БАСАЙЫҚ”

9, 10. а) Неге рухани толыса түсу — мәсіхші үшін жақсы мақсат? ә) Неге рухани көзқарас қуаныш әкеледі?

9 Рухани құрылысыңның екінші тұсы рухтың жетелеуімен жазылған келесі сөздерден көрінеді: “Одан бетер жетілу үшін алға басайық” (Еврейлерге 6:1). Рухани толыса түсу — мәсіхші үшін жақсы мақсат. Қазір ешкім кемелді бола алмайды, бірақ рухани толыса алады. Оның үстіне, рухани толысқан сайын, мәсіхшілердің Ехобаға деген қызметте қуаныштары арта түседі. Неге бұлай дейміз?

10 Рухани толысқан адам барлық нәрсеге Ехоба сияқты қарайды (Жохан 4:23). Пауыл: “Тән бойынша өмір сүретіндер тән жөнінде ойлайды, ал рух бойынша өмір сүретіндер рух жөнінде ойлайды”,— деген (Римдіктерге 8:5 Тт). Тәндік көзқарастағы адам өзімшіл, ой-өрісі тар әрі материалдық нәрселер жөнінде көп ойлайтындықтан қуанышты бола бермейді. Ал рухани көзқарастағы адамның қуанышы мол болады, өйткені оның бар ойы “бақытты Құдай” Ехобада (Тімотеге 1-хат 1:11 ЖД). Рухани толысқан адам Ехобаға ұнамды болуды жан-тәнімен қалайды және қиыншылыққа кезіксе де қуанышын жоғалтпайды. Мұның себебі неде? Қиыншылықтар Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеуге және мінсіздігімізді шыңдауға мүмкіндік береді, ал бұл көктегі Әкеміздің жүрегін қуантады (Нақыл сөздер 27:11; Жақып 1:2, 3).

11, 12. а) Пауыл “түйсіну қабілеті” жөнінде не деген және “машықтанған” деп аударылған грек сөзінің мағынасы қандай? ә) Дене жетіліп, толықтай икемге келу үшін қалай машықтандырылады?

11 Адам өздігінен рухани толыспайды, бұған машықтанып үйрену керек. Келесі тармақты қарастырып көрейік: “Қатты тағам” кемеліне келіп, іс жүзінде қолдану арқылы түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға машықтандырғандарға арналған” (Еврейлерге 5:14 ЖД). Пауыл қолданған “машықтанған” деген грек сөзі Грекиядағы гимнастардың жаттығулары кезінде қолданылған болса керек. Сондықтан оны “гимнаст сияқты машықтанған” деп те аударуға болады. Ал гимнаст қалай машықтанады?

Гимнаст денесін жаттығу арқылы машықтандырады

12 Жаңа туған баланың буыны қатпаған болады: ол құртақандай аяқ-қолын игере алмайды. Сондықтан қолдары ербеңдеп, бетіне тиіп кетіп, өзі шошып қалып жатады. Алайда бірте-бірте ол денесін машықтандырып, оны икемдеуді үйренеді. Алдымен бала еңбектейді, сосын, тәй-тәй басады, бұдан кейін жүгіруді де үйренеді *. Ал гимнаст жөнінде не деуге болады? Снарядқа қарғып мініп, үстінде ұршықтай айналған гимнастың әсем әрі тура қимылдарын көргенде, денесін жылдар бойы машықтандырғанында еш күмән болмайды. Мұндай қабілет өздігінен келмейді, бұл үшін көп уақыт жаттығу қажет. Алайда Киелі кітапта денені осылай жаттықтырудың “пайдасы шамалы” екені айтылған. Оған қарағанда түйсіну қабілетін машықтандырғанымыз әлдеқайда пайдалы емес пе?! (Тімотеге 1-хат 4:8 Тт).

13. Түйсіну қабілетін қалай машықтандыра аламыз?

13 Біз бұл кітапта Ехобаға адал болып қалу үшін түйсіну қабілетін қалай машықтандыруға болатынына қатысты біраз жайттарды қарастырдық. Күнделікті шешім қабылдағанда, Құдайдың принциптері мен заңдарын дұға ете отырып қарастыр. Әр жағдайда өзіңнен былай деп сұра: “Киелі кітапта бұған қатысты қандай заңдар мен принциптер бар? Оларды қалай қолдануыма болады? Менің шешімім көктегі Әкемді қуанта ма?” (Нақыл сөздер 3:5, 6; Жақып 1:5). Шешімді осылай қабылдаған сайын, түйсіну қабілетің машықтала түседі. Ал бұл рухани жетіліп, нағыз толысқан адам болып қала беруіңе көмектеседі.

14. Рухани өсу үшін не нәрсеге тәбетіміз тартып тұру керек, алайда қандай қауіп бар екенін есте ұстаған дұрыс?

14 Рухани толысқан адамның әрі қарай да жетіле беруіне болады. Өсіп жетілу үшін адам тамақтану керек. Сондықтан Пауыл жетілген адамның “қатты тағам” жеу керектігін айтқан. Иә, сенімімізді нығайтудың басты жолы — рухани “қатты тағам” жеуді доғармау. Білгеніңді дұрыс қолдансаң, дана боласың, ал Киелі кітапта: “Ең бастысы — даналық”,— делінген. Сондықтан біз рухани аш екенімізді сезініп, Әкеміз беріп отырған бағалы шындықты аңсауды үйренуіміз керек (Нақыл сөздер 4:5—7; Петірдің 1-хаты 2:2). Бірақ білім мен даналыққа ие болғанымыз менменсіп кетуге себеп болмауы керек. Жүрегімізде менмендік не өзге бір әлсіздік пайда болып, тамыр жайып кетпеу үшін өзімізді үнемі тексеріп отырғанымыз дұрыс. Пауыл былай деген: “Шынында да сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па, соларыңды тексеріңдер, әрқайсың жеке бастарыңды сынаңдар!” (Қорынттықтарға 2-хат 13:5).

15. Рухани өсу үшін сүйіспеншіліктің болғаны неге маңызды?

15 Үй соғылып болғанмен, жұмыс мұнымен бітпейді. Оны күтіп ұстап, жөндеу жұмыстарын жасау керек, бәлкім, бөлме қосу қажет болатын шығар. Рухани толысып, әрі қарай да жетіле беру үшін бізге не қажет? Ең алдымен, сүйіспеншілік қажет. Біз Ехобаға және бауырластарға деген сүйіспеншілігімізді арттыра беруіміз керек. Әйтпесе бар біліміміз бен істеріміз босқа даңғырлаған шу сияқты еш пайдасыз болып қалады (Қорынттықтарға 1-хат 13:1—3). Ал сүйіспеншілігіміз болса рухани толысып, әрі қарай да өсе береміз.

ЕХОБА БЕРГЕН ҮМІТТІ ӘРДАЙЫМ ЖАДЫҢДА ҰСТА

16. Шайтан санамызға қандай ойлар салады және Ехоба бізге қандай қорғаныш беріп отыр?

16 Сен жүргізіп жатқан “құрылыстың” тағы бір тұсына назар аударайық. Мәсіхтің шынайы ізбасары ретінде жетілуің үшін ой қалпыңды қадағалауың керек. Осы дүниенің әміршісі Шайтан адамдардың санасына жағымсыз, ұнжырғаны түсіретін, күдік тудыратын және шарасыз күйге түсіретін ойлар салуға шебер (Ефестіктерге 2:2). Ағаштан салынған үйге саңырауқұлақтардың түскені қаншалықты қауіпті болса, мәсіхшінің осындай ойларға берілгені соншалықты қауіпті. Бақытымызға қарай, Ехоба бізге аса қажет қорғаныш — үміт — беріп отыр.

17. Құдай Сөзінен үміттің аса қажет екені қалай көрінеді?

17 Киелі кітапта Шайтан мен оның дүниесіне қарсы күресуге көмектесетін рухани қару-жарақтың әрқайсысы жеке атап өтілген. Мысалы, оның бірі — дулыға, яғни ‘құтқарылуға деген үмітіміз’ (Салониқалықтарға 1-хат 5:8). Киелі кітап заманында сарбаз дулығасы болмаса, аман қала алмайтынын білетін. Әдетте дулыға темірден жасалып, киіз не былғарымен қапталатын. Сондықтан сарбаздың басына соққы тисе де, оған оншалықты зақым келмейтін. Дулыға басты қалай қорғаса, үміт те сенің ой-санаңды солай қорғай алады.

18, 19. Үмітін әрдайым жадында ұстауға қатысты Иса қандай үлгі қалдырған және біз оған қалай еліктей аламыз?

18 Иса үмітін әрдайым жадында ұстап, керемет үлгі қалдырған. Жердегі өмірінің соңғы түні оның қандай ауыр жайттарды бастан өткізгенін есіңе алшы: жақын досы ақшаға бола сатып кетті; өзге біреуі одан танды; басқалары оны тастап, қашып кетті; отандастары қарсы шығып, бағанаға шегелеп өлтірілуін талап етті. Иә, ешқайсымыз да дәл Иса сияқты сыналмаспыз! Осындай қиындықтарға төзуге оған не көмектесті? Еврейлерге 12:2-де: “Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды”,— делінген. Иса ‘өзін күтіп тұрған зор қуанышты’ әрдайым жадында ұстаған.

19 Исаны қандай қуаныш күтіп тұрды? Ол ақырына дейін төзетін болса, Ехобаның киелі есімінің қастерленуіне үлес қосатынын білген. Бұл Шайтанның өтірікші екенін көрсететін ең керемет дәлел болмақ еді. Оған басқа ешнәрсе соншалықты зор қуаныш әкелмес еді! Сонымен қатар Иса адалдығын сақтағаны үшін Ехобаның зор батасына ие болатынын да білген. Иә, Әкесімен қайта қауышатын керемет мезет өте жақын еді. Ол ең қиын сәттерде осындай тамаша үміті жайлы ойланған. Біз де солай етуіміз керек. Бізге де қуаныш сыйлайтын жайттар бар. Әрқайсымыз Ехобаның ұлы есімінің қастерленуіне үлес қосу мәртебесіне иеміз. Ехобаны Әміршіміз ретінде мойындауымызбен және қандай қиындыққа не азғыруға кезіккенімізге қарамастан, оның сүйіспеншілігінен айырылмауға тырысуымызбен Шайтанның өтірікші екенін дәлелдей аламыз.

20. Жағымды нәрселер жайлы ойлауға және үмітіңді үзбеуге не көмектеседі?

20 Ехоба өзінің адал қызметшілерін жарылқауды қалап қана қоймайды, ол мұны аңсайды (Ишая 30:18; Малахи 3:10). Қызметшілерінің жүректеріндегі игі қалауларын орындау — ол үшін зор қуаныш (Забур 36:4). Олай болса, Құдайдың уәделерінің орындалатынына деген үмітіңді әрдайым жадыңда ұста. Шайтанның дүниесіне тән жағымсыз, бұзылған және алдамшы ойларға ешқашан берілме. Осы дүниенің рухы санаң мен жүрегіңе сіңіп бара жатқанын байқасаң, ‘адам ақылынан асқан тыныштығын’ сұрап, Ехобаға ынты-шынтыңмен дұға ет. Сонда оның берген тыныштығы жүрегің мен ой-санаңды сақтайды (Філіпіліктерге 4:6, 7).

21, 22. а) ‘Өте үлкен тобырға’ жататындардың қандай керемет үміті бар? ә) Қандай үмітіңнің орындалғанын асыға күтудесің және сен не нәрсеге бел будың?

21 Сенде ой жүгіртуге болатын неткен керемет үміт бар десеңші! Ауыр азаптан аман қалатын ‘өте үлкен тобырға’ жататындардың қатарында болсаң, жақында қандай тамаша өмірге ие болатыныңды ойлашы (Аян 7:9, 14). Шайтан мен оның жындары құрып жоқ болғанда, қандай жеңілдік сезінетініңді қазір тіпті елестету қиын. Ешқайсымыз да Шайтанның қысымын сезінбей өмір сүріп көрген жоқпыз ғой. Шайтанның қысымынан құтылып, Иса мен онымен бірге патшалық етуге таңдалған 144 000 адамның басшылығымен жер бетін жұмаққа айналдыру қандай қуанышты болмақ десеңші! Ауру атаулының жойылғанын көру, қайта тірілген жақындарымызды қарсы алу және Құдай о баста ниет еткендей өмір сүру мүмкіндігі көңіл толқытады емес пе!? Кемелділікке жақындай түскен сайын, көкжиектен бұдан да зор бата көрінеді. Бұл — ‘Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығы’ (Римдіктерге 8:21).

22 Ехоба ұсынып отырған бостандықтың сені қандай еркіндікке жеткізетінін тіпті елестете де алмайсың. Мұндай бостандыққа жетудің бірден бір жолы — мойынсұнғыш болу. Ехобаға күнбе-күн мойынсұну үшін бүгінде қолдан келгеннің барлығын жасағанымыз соған тұрады емес пе?! Олай болса, Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында мәңгі бақи қалу үшін ең қасиетті сеніміңнің негізінде өзіңді рухани нығайта бер!

^ 12-абзац Ғалымдардың айтуынша, адамның бойында проприоцепция (тәннің өз қозғалысын және аяқ-қолдың қалып-күйін сезіну қабілеті) деп аталатын ерекше сезім дамиды. Мысалы, біз көзімізді жұмып тұрып шапалақ ұра аламыз. Проприоцепция сезімінен айырылған бір ересек қыз тұра да, жүре де, тіпті отыра да алмай қалған.