Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ТАРАУ

Өнегелілік тазалық — Құдайдың киелілігіне еліктеу

Өнегелілік тазалық — Құдайдың киелілігіне еліктеу

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Патша қоластындағыларға Құдайдың өнегелілік талаптарын сыйлауды үйретуде

Ехобаның ұлы рухани ғибадатханасының сыртқы ауласына апаратын қақпа ғимаратына кіріп келе жатқаныңызды елестетіп көріңізші

1. Езекиел қандай әсерлі аян көрді?

 ШАМАМЕН 25 ғасыр бұрын Езекиел пайғамбарға аян берілді. Ол бір алып ғибадатханаға апарылды. Өзіңізді Езекиелдің орнына қойып көріңізші: алдыңызда жалт-жұлт еткен алып ғибадатхана кешені тұр. Осы айбынды ғимараттарды сізге бір құдіретті періште көрсетпекші! Содан сіз жеті баспалдақпен жоғары көтерілесіз. Алдыңыздан шыққан биіктігі 30 метр үш қақпа ғимаратының бірін көргенде, өкпеңіз аузыңызға тығылады! Осылай кіреберісте тұрғаныңызда, күзетшілер бөлмелерін байқайсыз. Бөлмелердің тіректеріне пальма ағашының бейнелері түсіріліпті (Езек. 40:1—4, 10, 14, 16, 22; 41:20).

2. а) Езекиелдің аянындағы ғибадатхана нені бейнелейді? (Сілтемені де қараңыз.) ә) Ғибадатханадағы әрбір нәрсенің немен байланысы бар?

2 Езекиелге рухани ғибадатхана көрсетілді. Ол оны өзінің пайғамбарлық кітабының 40—48 тарауларында бүге-шігесіне дейін сипаттады. Бұл ғибадатхана Ехобаның таза ғибадат үшін орнатқан құрылымын бейнелейді. Ондағы әрбір нәрсенің соңғы күндері атқарылып жатқан ғибадатпен байланысы бар a. Мысалы, биік қақпа ғимараттары Ехобаға ғибадат еткісі келетіндер оның жоғары әрі әділ талаптарына сай өмір сүруге тиіс екенін есімізге салады. Пальма ағашы да осыған нұсқайды, себебі Киелі кітапта пальма кейде әділдікті білдіреді (Зәб. 92:12). Ал күзетшілер бөлмелерінің мәні мынада: Құдайдың талаптарын құрметтемейтін адамдарға таза ғибадаттың өмір сыйлайтын керемет жолымен жүруге рұқсат етілмейді (Езек. 44:9).

3. Неге Мәсіхтің ізбасарлары үнемі тазартылып отыру керек?

3 Езекиелдің аяны қалай орындалып жатыр? Екінші тарауда айтылғандай, Ехоба 1914 жылдан 1919 жылдың басына дейін Мәсіх арқылы халқын ерекше жолмен тазартты. Тазарту ісі сонымен бітті ме? Жоқ. Өткен ғасырда Мәсіх Ехобаның жүріс-тұрысқа қатысты киелі талаптарының аяқасты болмауын талмай қадағалап отырған. Демек, оның ізбасарлары бүгінгі күні де үнемі тазартылып отыру керек. Неге? Өйткені Иса оларды әбден құлдыраған дүниеден жинайды, ал Шайтан қайтадан өнегесіздіктің батпағына батыруға тырысады (Петірдің 2-хаты 2:20—22 оқыңыз). Ендеше, шынайы мәсіхшілер үнемі тазартылып отырған үш саланы қарастырып көрейік. Алдымен, өнегелілік жөнінде, сосын қауымның тазалығы үшін жасалған маңызды шара жөнінде әңгімелесейік, ал соңында отбасына көңіл бөлеміз.

Өнегелілік жағынан тазарту

4, 5. Шайтан қандай айла-амалды ұзақ уақыттан бері тиімді қолданып келеді?

4 Ехобаның халқы өнегелілік пен жүріс-тұрыс мәселесіне ешқашан атүсті қарамаған. Сондықтан осы орайда анықтала түскен жайттарды олар қуана қабылдайтын. Бірнеше мысалды қарастырып көрейік.

5 Әдепсіз жыныстық қатынас. Ехобаның ниеті бойынша, ерлі-зайыптылар арасындағы төсек қатынасы таза әрі қуаныш сыйлайтындай болу керек. Шайтан болса Құдайдың осы керемет сыйы батпаққа батып былғанса, рақаттанады. Оның мақсаты — бізді Құдайдың ықыласынан айыру. Ол осындай арам пиғылмен бізді лайықсыз әрекеттерге итереді. Шайтан осы айла-амалын Балағамның заманында тиімді қолданып, Құдай халқын қырғынға ұшыратты. Ал бүгінде, соңғы күндері, ол бұрынғыдан бетер құлшынып, бұған білек сыбана кіріскен (Мұс. 4-ж. 25:1—3, 9; Аян 2:14).

6. “Күзет мұнарасы” журналында қандай ант жарияланды, ол қандай мақсатпен берілетін және бауырластар неге одан бас тартты? (Сілтемені де қараңыз.)

6 Шайтанға тойтарыс беру үшін, 1908 жылы 15 маусымда “Күзет мұнарасында” келесідей сөздері бар ант жарияланды: “Қай жерде болмасын, қарсы жынысты адаммен көпшіліктің алдында өзімді қалай ұстасам, жеке қалғанда да әрқашан өзімді солай ұстаймын” b. Бұлай ант беру шарт болмаса да, біраз бауырластар солай етіп, есімдерінің “Сион күзет мұнарасында” жарияланғанын қалады. Әйтсе де кезінде көпшіліктің игілігіне асқан бұл анттың уақыт өте келе жай ғана рәсімге айналғаны байқалды. Сондықтан бауырластар мұндай ант беруді доғаруды шешті. Бірақ оның астарында жатқан жоғары өнегелілік принциптерден ешқашан аттаған емес.

7. 1935 жылы “Күзет мұнарасы” қандай келеңсіз жайтқа нұсқады және онда мәсіхшілердің міндеті жөнінде не айтылды?

7 Шайтанның шабуылы күшейе берді. 1935 жылы “Күзет мұнарасының” 1 наурыздағы санында Құдай халқының арасында белең алған келеңсіз жайт туралы ашық айтылды. Кейбіреулер уағыз ісіне атсалысса, Ехобаның жоғары талаптарын ұстанбауға да болады деген ойда болғанға ұқсайды. Бірақ “Күзет мұнарасында” былай деп кесіп айтылды: “Бәріміз де мынаны есте ұстауымыз керек: бізден уағыз ісіне қатысу ғана талап етілмейді. Ехоба куәгерлері — оның өкілдері. Сондықтан олар Ехоба мен оның Патшалығының мүддесін лайықты түрде қорғауға міндетті”. Сосын мақалада неке мен төсек қатынасында ненің әдепті, ненің әдепсіз екеніне қатысты нақты кеңестер берілді. Мұның мақсаты Құдай халқына “азғындықтан аулақ” жүруге көмектесу еді (Қор. 1-х. 6:18).

8. Неге “Күзет мұнарасы” журналында әдепсіз жыныстық қатынасты сипаттайтын грек сөзінің дұрыс мағынасына жиі назар аударылады?

8 “Күзет мұнарасы” журналында әдепсіз жыныстық қатынасты сипаттайтын порниа деген грек сөзінің дұрыс мағынасына соңғы ондаған жылда жиі назар аударылуда. Бұл сөздің аясына тек жыныстық қатынас қана емес, жезөкшелер үйінде жасалатын сорақылық атаулыны қоса алғанда, басқа да неше түрлі әдепсіз қылықтар кіреді. Осындай мәліметтің арқасында Мәсіхтің ізбасарлары қазіргі дүние белшесінен батқан өнегесіздікке салынбай, таза жүреді (Ефестіктерге 4:17—19 оқыңыз).

9, 10. а) 1935 жылғы “Күзет мұнарасында” өнегелілікке қатысты тағы қандай мәселе көтерілді? ә) Ішімдікке қатысты Құдай Сөзінде қандай принциптер бар?

9 Ішкілік. 1935 жылы “Күзет мұнарасының” 1 наурыздағы санында өнегелілікке қатысты тағы бір мәселе көтерілді. Онда былай делінді: “Кейбіреулердің уағыздағанда не ұйымда басқа міндеттер атқарғанда, қызып алып жүретіні байқалды. Қандай жағдайда шарап ішу Жазбаларға қайшы келмейді? Иеміздің ұйымындағы қызметімізге әсер ететіндей мөлшерде ішкеніміз дұрыс па?”

10 Осы сұрақтардың жауабы ретінде ішімдікке қатысты Құдай Сөзіндегі принциптер қарастырылды. Киелі кітапта шегін біліп ішуге тыйым салынбайды, бірақ мас болғанша ішу қатаң айыпталады (Зәб. 104:14, 15; Қор. 1-х. 6:9, 10). Ал қасиетті қызметті қызып алып атқаруға келер болсақ, біз үшін Харонның ұлдарымен болған оқиға ескерту болып табылады. Заңға қайшы от ұсынғандары үшін Ехоба оларды мерт қылған еді. Осы оқиға баяндалғаннан кейін бірер тармақтан соң Құдайдың бас діни қызметкерлерге қасиетті міндеттерін атқарарда ішімдік ішуге тыйым салатын заң бергені жазылған. Сірә, Харонның ұлдарының осыншалықты сорақы қылық жасауына тап осы мәселе түрткі болса керек (Мұс. 3-ж. 10:1, 2, 8—11). Сондықтан сол заңның астарындағы принципке сай, бүгінде Мәсіхтің ізбасарлары қасиетті қызмет атқарарда ішімдіктен аулақ болуға тырысады.

11. Ішімдікке қатысты түсініктерінің тереңдегені Құдай халқы үшін қай жағынан пайдалы?

11 Соңғы ондаған жылдар аралығында шынайы мәсіхшілердің маскүнемдікке — арақ-шарапқа құмарлану мен мас бола ішуді әдетке айналдыруға — қатысты түсініктері айқындала түсті. Уақтылы рухани ас-судың арқасында көп адам өздерін қолға алып, бұрынғыша өз өмірлерін өздері басқаратын болды. Ал одан да көп адам үшін мұндай мәселе тіпті көтерілген де жоқ. Ішкілікке салыну қадір-қасиеттен, отбасынан, ең бастысы, Ехобаға таза ғибадат ету мәртебесінен айырады. Ендеше бұған жол бермейік!

“Иеміздің үстінен темекінің иісі шығып тұрғанын не аузына арам нәрсе алғанын елестетудің өзі қиын” Ч. Т. Расселл

12. “Соңғы күндер” басталмай тұрып-ақ Мәсіхтің ізбасарларының темекі шегуге қатысты көзқарастары қандай болған?

12 Темекі шегу. Мәсіхтің ізбасарлары “соңғы күндер” басталмай тұрып-ақ темекі шегуді жаратпайтын. Егде тартқан Чарлз Кейпен бауырлас ХІХ ғасырдың соңында Чарлз Тейз Расселлмен алғаш кездескен кезін осыдан біраз жыл бұрын есіне алған еді. 13 жасар Чарлз үш бауырымен Аллегейнидегі (Пенсильвания штаты) Киелі кітап үйінің баспалдағында тұрғанда, Расселл бауырлас қастарынан өтіп бара жатып: “Балалар, темекі тартып тұрған жоқсыңдар ма, мұрныма темекінің иісі келіп тұр?”— деп сұрайды. Олар тартпағандарын айтады. Бірақ оның темекіге деген көзқарасы қандай екенін бірден түсінеді. 1895 жылы 1 тамыздағы “Күзет мұнарасында” Расселл бауырлас Қорынттықтарға 2-хат 7:1-тармаққа қатысты былай дейді: “Мәсіхшінің темекіні қандай түрде болмасын пайдаланғаны оған қандай пайдасын тигізеді, мұнысы Құдайды қалай дәріптеуі мүмкін?! Мен мұны түсіне алмаймын... Иеміздің үстінен темекінің иісі шығып тұрғанын не аузына арам нәрсе алғанын елестетудің өзі қиын”.

13. 1973 жылы не түсіндірілді?

13 “Күзет мұнарасы” журналында 1935 жылы темекі “жиренішті арамшөп” деп аталып, оны шайнаған не шеккен адам Бетел отбасының мүшесі не Құдай ұйымының өкілі ретінде ізашар да, аудандық бақылаушы да бола алмайтыны айтылды. 1973 жылы осы орайдағы түсінік бұрынғыдан да айқындала түсті. Сол жылы “Күзет мұнарасының” 1 маусымдағы санында өмірге қауіпті, арам әрі сүйіспеншіліктен жұрдай осы әдеттен арылмаған ешбір Ехоба куәгері қауымда жақсатты бола алмайтыны түсіндірілді. Темекіні пайдаланудан бас тартпайтын адамды қауымнан шығару керек еді c. Осылай өз ізбасарларын тазарту үшін Мәсіх тағы бір маңызды қадам жасады.

14. Құдай қанға қатысты не талап етеді және қан құю медицинада қалай кеңінен қолданыла бастады?

14 Қан мәселесі. Нұхтың заманында Құдай қанды ішіп-жеу дұрыс емес екенін айтқан. Кейінірек, Исраил халқына берген Заңында мұны тағы қайталады. Ехоба мәсіхшілер қауымына да “қаннан аулақ болуды” бұйырды (Ел. іс. 15:20, 29; Мұс. 1-ж. 9:4; Мұс. 3-ж. 7:26). Сондықтан Шайтанның бүгінде адамдарға Құдайдың осы бұйрығын бұздырудың жолын тапқаны таңғалдырмайды. ХІХ ғасырда дәрігерлер қан құйып сынақтар жасай бастады. Ал қан топтары анықталғанда, бұл әдіс кеңінен қолданысқа енді. 1937 жылы адамдардан қан алынып, арнайы қорларда сақталатын болды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыс қан құюды мейлінше қарқындата түсті. Көп ұзамай мұндай ем-дом дүниежүзілік үрдіске айналды.

15, 16. а) Ехоба куәгерлерінің қан құюға қатысты ұстанымы қандай? ә) Оларға қансыз емшараларға қатысты көмек көрсету үшін не істелінді және бұл қандай нәтиже беруде?

15 “Күзет мұнарасы” журналында 1944 жылдың өзінде қан құюдың, сайып келгенде, оны ішіп-жеу екені айтылды. Келесі жылы Жазбаларға негізделген мұндай ұстаным нақтырақ түсіндірілді. Ал 1951 жылы Құдай халқына аурухана қызметкерлерімен сөйлесуге көмектесетін сұрақ-жауаптардың тізімі басылды. Төрткіл дүниедегі Мәсіхтің ізбасарлары келеке-мазаққа, өшпенділік, тіпті қуғынға қарамай, өз ұстанымдарын батыл қорғаумен болды. Ал Мәсіх ізбасарларына қажетті қолдау көрсету үшін өз ұйымына әрі қарай да бағыт беруді доғармады. Осылай қан құю мәселесі жіті зерттеліп, жан-жақты қарастырылған кітапшалар мен мақалалар басылып тұрды.

16 1979 жылы кейбір ақсақалдар дәрігерлерге ұстанымымыз бен оған қатысты тармақтарды жақсырақ түсіндіру және қансыз емдеу тәсілдерін талқылау үшін ауруханаларға баратын болды. Ал 1980 жылы осы іске қатысты Құрама Штаттарының 39 қаласында ақсақалдар үшін арнайы дәріс ұйымдастырылды. Уақыт өте келе Басқарушы кеңес дүниенің бұрыш-бұрышында Ауруханалармен байланыс комитеттерін құруды шешті. Осының бәрі оң нәтиже берді ме? Бүгінде ота жасайтын дәрігерлер мен анестезиологтарды қоса алғанда, он мыңдаған медицина қызметкері Куәгерлердің көзқарасын сыйлап, оларды қансыз емдейді. Сондай-ақ қансыз емшаралар ұсынатын ауруханалардың саны артуда, ал кейбірі тіпті бұны ең жақсы ем деп біледі. Шайтанның арамдауға тырысып жатқанына қарамай, Исаның өз ізбасарларын осылай қорғап отырғаны неткен қуаныш! (Ефестіктерге 5:25—27 оқыңыз).

Қансыз емшаралар ұсынатын ауруханалардың саны артуда, ал кейбірі тіпті бұны ең жақсы ем деп біледі

17. Мәсіхтің бізді тазартып жатқанын бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?

17 Мына жайлы ойланып көрейікші: Мәсіхтің бізді тазартып, Ехобаның жоғары өнегелілік талаптарын ұстануға үйретіп жатқанын бағалаймыз ба? Бағалайтын болсақ, мынаны жадымызда ұстайық: бізге Құдайдың өнегелілік талаптарын аяқасты еткізу үшін, Шайтан барын салуда. Ондағы мақсаты — бізді Ехоба мен Исадан алыстату. Бірақ Ехобаның ұйымы қол қусырып отырған жоқ. Біздің игілігімізді ойлап, ол осы дүниенің азғын жолынан аулақ жүруді ескертуден талмайды. Ендеше осындай кеңестердің ешқайсысын қалт жібермей, әрқашан мойынсұнайық (Нақ. с. 19:20).

Қауымды арамдалудан қорғау

18. Езекиелдің көрген аянынан Құдайдың талаптарына әдейі қарсы шығатындарға қатысты не білуге болады?

18 Өнегелілік жағынан тазартудың тағы бір саласы — қауымның тазалығы. Бір өкініштісі — кезінде Ехобаның өнегелілікке қатысты талаптарымен келісіп, өмірін оған бағыштағандардың бәрі уәделеріне адал бола бермейді. Кейбіреулердің уақыт өте келе ойлары өзгеріп, сол талаптарға әдейі қарсы шығады. Мұндайда не істеу керек? Бұған қатысты кейбір ойларды Езекиелдің рухани ғибадатхананы көрген аянынан байқауға болады. Тараудың басында айтылғандай, оның өте биік қақпа ғимараттары, ал олардың ішінде күзетшілер бөлмелері бар еді. Күзетшілер ғибадатханаға “жүрегі сүндеттелмегендерді” кіргізбей, оны қорғап тұрған болса керек (Езек. 44:9). Демек, таза ғибадат ету мәртебесі Ехобаның жүріс-тұрысқа қатысты жоғары талаптарына сай өмір сүруге тырысатындарға ғана беріледі. Тап солай бүгінгі күні де шынайы мәсіхшілермен бірігіп ғибадат ету мәртебесі кез келген адамға берілмейді.

19, 20. а) Мәсіх ізбасарларына сот істерін қарастыру тәртібін түсінуге қалай көмектесті? ә) Күнәсіна өкінбейтіндер қауымнан шығарылғанда, қандай үш мақсат көзделеді?

19 1892 жылы “Күзет мұнарасы” журналында “Мәсіхтің біз үшін өмірін төлем ретінде бергенін ашық не басқаша мойындамайтын мәсіхшілерді қауымнан шығару — біздің міндетіміз” екені айтылды (Жоханның 2-хаты 10 оқыңыз). 1904 жылы “Жаңа жаратылыс” кітабында лайықсыз жүріс-тұрысын тастамайтындардың қауіпті екені, яғни қауымды азғыруы мүмкін екеніне көңіл бөлінді. Ол уақытта ауыр күнәға қатысты істерді “шіркеу сотында” бүкіл қауым қарастыратын. Бірақ мұндай істер сирек кездесетін. Ал 1944 жылғы “Күзет мұнарасында” мұндай мәселелерді тек жауапты бауырластар қарастыру керек екені айтылды. 1952 жылғы “Күзет мұнарасында” сот мәселелерінің Киелі кітапқа негізделген тәртібі, сондай-ақ күнәсіна өкінбейтіндерді қауымнан шығару шарасының негізгі мақсаты қауымды таза сақтау екені түсіндірілді.

20 Кейінгі жылдары Мәсіх өз ізбасарларына ауыр күнә жасалған жағдайларға қатысты істерді қарастыру тәртібін анық түсіндірді. Бүгінде сот істері Ехобаның еркіне сай, яғни әділдік пен мейірімділік таразысын тең ұстап қарастырылу үшін, қауым ақсақалдарына жіті тәлім беріледі. Қазір біз күнәсіна өкінбейтіндер қауымнан шығарылғанда, кем дегенде, үш мақсат көзделетінін жақсы білеміз: 1) Ехобаның есімінің датталуына жол бермеу; 2) қауымды күнә жасаған адамның ықпалынан қорғау; 3) мүмкін болса, оның өзін өкінуге талпындыру.

21. Қауымнан шығару Құдай халқы үшін неге игілікті шара деуге болады?

21 Қауымнан шығару шарасының бүгінде Мәсіхтің ізбасарлары үшін қаншалықты игілікті екенін бәріміз де түсінеміз. Ежелгі заманда Заңға мойынсұнбайтын исраилдіктер бүкіл халықты азғыратын. Кейде олар Ехобаны жақсы көретін әрі әділ әрекет еткісі келетіндерден әлдеқайда көп болып кететін. Осының кесірінен жиі Ехобаның атына кір келетін, ал халық оның ықыласынан айырылып қалатын (Ерм. 7:23—28). Бірақ бүгінгі таңда Ехобаның халқы оған мойынсұнып, қызмет еткісі келетін адамдардан құралған. Себебі күнә жасауын қоймайтындар қауымнан шығарылады. Сондықтан Шайтан оларды қолшоқпар ете алмайды, сондай-ақ мұндайлардың қауымға әрі қарай да залал келтіріп, тазалығына нұқсан келтіруіне тосқауыл қойылады. Осылай олардың әсері мүмкіндігінше азайтылады, ал бұл біздің топ ретінде Ехобаның ықыласынан айырылмайтынымызға сенімділік береді. Есімізде болса, Ехоба: “Саған қарсы жасалған ешбір қару жеңіске жетпейді”,— деп уәде еткен (Ишая 54:17). Ендеше, қауымда ауыр міндет — сот істерін қарастыру міндеті жүктелген ақсақалдарды талмай қолдай берейік.

Әрбір отбасы өз есімі үшін Құдайға борышты

22, 23. Біз ХХ ғасырдың басындағы Құдайдың қызметшілеріне не үшін дән ризамыз, әйтсе де олардың отбасына қатысты байсалдырақ болу керек болғандары неден көрінеді?

22 Мәсіхтің ізбасарлары үнемі тазартылудың игілігін көрген тағы бір сала — неке мен отбасы. Жылдар өткен сайын біздің отбасына деген көзқарасымыз өзгере түсті ме? Иә. Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы Құдайдың қызметшілері туралы оқығанда, олардың жанқиярлығына қайран қалып, қасиетті қызметті өмірлерінде бәрінен жоғары қойғанына дән риза боламыз. Әйтсе де оларға байсалдырақ болу керек болғаны байқалады. Неге?

23 Ол кезде бауырластар аудандық қызмет сияқты міндеттерді атқару үшін бірнеше ай бойы отбасын көрмей жүре беретін. Бұған қоса, Жазбаларда неке құрмауға қатысты үзілді-кесілді ештеңе айтылмағанмен, әдебиеттерімізде осыған баса назар аударылатын, ал некені нығайтуға көңіл бөліне бермейтін. Мәсіхтің ізбасарлары әлі де осындай көзқараста ма? Әрине, жоқ.

Біз ұйымдағы тапсырмаларымызды атқару үшін отбасын екінші орынға ысырып қоймаймыз

24. Мәсіх адал қызметшілеріне неке мен отбасына қатысты байсалды көзқараста болуға қалай көмектесті?

24 Бүгінде біз ұйымдағы тапсырмаларымызды атқару үшін отбасын екінші орынға ысырып қоймаймыз (Тімөтеге 1-хат 5:8 оқыңыз). Мәсіх жердегі адал қызметшілері неке мен отбасына қатысты байсалды көзқараста болу үшін, Жазбаларға негізделген тиімді кеңестер алып отыруына қам жасауда (Ефес. 3:14, 15). Мысалы, 1978 жылы “Отбасы бақытқа толы болсын” деген кітап жарық көрді. Ал шамамен 18 жылдан кейін “Отбасы бақытының сыры” деген кітап шықты. “Күзет мұнарасы” журналында да ерлі-зайыптыларға Жазбалардағы принциптерді қолдануға көмектесетін көптеген мақалалар басылатын болды.

25—27. Түрлі жастағы балаларға көбірек көңіл бөлініп жатқаны неден көрінеді?

25 Жастар жөнінде не деуге болады? Біраз жылдан бері оларға да көп көңіл бөлінуде. Ехобаның ұйымы бұрыннан түрлі жастағы балалардың қамын ойлайды, әйткенмен оларға арналған әдебиет бұрын-соңды қазіргідей көп болған емес. Мысалы, 1919—1921 жылдар аралығында “Алтын ғасыр” журналында “Балауса Киелі кітап зерттеушілері” деген айдар болды. 1920 жылы “Алтын ғасыр әліпбиі” деген кітапша, ал 1941 жылы “Балалар” кітабы жарық көрді. 1970 жылдары болса “Ұлы Ұстазға құлақ ас”, “Балғын шағың бекер өтпесін”, “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” басылымдары шықты. 1982 жылы “Ояныңдар!” журналында “Жастардың сауалдары” деген айдар шыға бастады, ал 1989 жылы ондағы мақалалар біріктіріліп, “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” деген кітап болып шықты.

Германияда өткен конгресте “Киелі кітаптан үйренемін” кітапшасын алғанда, бәрі қуанды

26 Қазір “Жастардың сауалдары” кітабының қайта қарастырылған екі томы бар, ал “Жастардың сауалдары” деген айдарымен әлі де шығып тұратын мақалаларды сайтымыздан оқуға болады. Жақында “Ұлы Ұстаздан үйренейік” атты кітап та жарық көрді. Сайтымызда балаларға арналған мәлімет көп, мысалы: Киелі кітап кейіпкерлері карточкалары, түрлі жұмыс дәптерлері, пазлдар, бейнематериалдар, Киелі кітап оқиғаларының суреттері, үш жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған Киелі кітап сабақтары. Иса жерде болған кезінде балаларды қасына жинап, бауырына басатын, содан бері оның өзгермегені айдан анық (Мар. 10:13—16). Ол балалардың рухани тоқ жүргенін әрі біздің оларды жақсы көретінімізді сезінгенін қалайды.

27 Бұған қоса, Иса балаларға қиянат жасалғанын қаламайды. Әбден азғындыққа батқан мына дүние барған сайын құлдырап, балаларға қиянат жасайтындар көбейіп барады. Сондықтан әдебиеттерімізде ата-аналарға балаларын осындай сорақылықтан қорғауға көмектесетін анық та нақты кеңестер басылып тұрады d.

28. а) Езекиел көрген аяннан түсінгеніміздей, таза ғибадат ету үшін бізден не талап етіледі? ә) Сіз не істеуге бел будыңыз?

28 Мәсіхтің өз ізбасарларын әрі қарай да тазартып, Ехобаның жоғары өнегелілік талаптарын сыйлауға, соларға сай өмір сүріп, игілігін көруге үйретіп жатқаны жайлы ойланғанда, көңіліміз толқиды емес пе? Езекиел көрген аян жайлы тағы бір ой жүгіртейікші. Ғибадатхананың қақпа ғимараттарының биік болғанын есіңізге алыңызшы. Рас, ол кәдімгі емес, рухани ғибадатхананы көрген. Әйтсе де біз оны кәдімгі ғибадатханадай қабылдай аламыз ба? Біз оған Патшалық сарайына барғанда, Киелі кітапты ашқанда не қызметте есік қаққанда ғана кірмейміз. Мұның бәрін көзбен көріп, қолмен ұстауға болады. Екіжүзділер бұларды Ехобаның ғибадатханасына кірмей-ақ істей береді. Ал егер біз осындай істермен қатар, Ехобаның жоғары өнегелілік талаптарын орындайтын болсақ әрі таза ниетпен қызмет етсек — ең қасиетті жерге, яғни Ехобаның рухани ғибадатханасына кіріп, сонда ғибадат етіп жүргеніміз. Осы мәртебені әрқашан бағалайық, сондай-ақ Ехобаның әділ талаптарын орындап, оның киелілігіне еліктей беру үшін барымызды салайық!

a 1932 жылы Ехобаның есімінің ақталуы туралы кітаптың 2-томында Құдай халқының қайта жанданып, өз елдеріне оралуы жайлы пайғамбарлықтардың қазіргі уақытта орындалғаны, сондай-ақ олардың өзіміз білетін Исраил халқына емес, рухани Исраилге қатысты екені алғаш рет айтылды. Аталмыш пайғамбарлықтар таза ғибадаттың қайта жандануына қатысты еді. 1999 жылы “Күзет мұнарасының” (ор.) 1 наурыздағы санында Езекиелдің аяны сондай пайғамбарлықтардың бірі екені, сондықтан “соңғы күндері” рухани мағынада орындалып жатқаны түсіндірілді.

b Бұл антқа сай, еркек пен әйелдің бір бөлмеде зайыбымен не етжақын туысымен ғана оңаша қалуына болатын. Ал басқа жағдайларда олар бөлменің есігін айқара ашып қоюға тиіс еді. Біраз жылдар бойы осы ант Бетелдегі таңғы ғибадатта күнделікті оқылып келді.

c Темекі пайдалануға оны шегу, сору, шайнау, насыбай ату, сондай-ақ осындай мақсатпен өсіру жатады.

d Мысалы, мұндай кеңестерді мына басылымдардан табуға болады: “Ұлы Ұстаздан үйренейік” кітабының 32-тарауы; 2007 жылғы қазан айының “Ояныңдар!” (ор.) журналы, 3—11 беттер.