Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

22-ТАРАУ

Патшалық арқылы жерде Құдай еркі орындалып жатыр

Патшалық арқылы жерде Құдай еркі орындалып жатыр

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Құдайдың адамзат пен жерге қатысты уәделерінің бәрі Патшалық арқылы жүзеге асуда

1, 2. а) Неге көз алдымызға жұмақты елестету оңай бола бермейді? ә) Құдайдың уәделеріне деген сенімімізді нығайтуға не көмектеседі?

 БІР бауырлас жұмыстан кейін шаршап-шалдығып жиналысқа келді. Ол үшін бүгінгі күн ауыр болды: тым талапшыл бастығынан негізсіз сөгіс алды, оның үстіне, отбасының қамы, дертке шалдыққан жұбайының уайымы бар. Бірақ алғашқы әннің әуені ойнағанда, бауырластарының арасында болғанына көңілі жайланып, иығынан жүк түскендей терең тыныс алды. Әннің сөздері жұмақта жүргеніңді елестетуге шақырады. Бұл — оның сүйікті әні. Оны отбасымен бірге шырқағанда, болашаққа деген үміт жанына жұбаныш береді.

2 Сіз де осындай күйде болғансыз ба? Мұндай күйді арагідік бәріміз де бастан кешеміз. Шыны керек, қазіргі қиын-қыстау заманда жұмақты елестету оңай бола бермейді. Өйткені қазір жұмаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын “ерекше қиын уақыт” (Тім. 2-х. 3:1). Олай болса, үмітімізді көз алдымызда ұстауға не көмектеседі? Таяуда бүкіл адамзатқа Құдай Патшалығы билік ететініне қалай сенімді бола аламыз? Осы ретте Ехобаның бірнеше пайғамбарлығын қарастырып көрейікші. Ежелде Құдай халқы олардың орындалғанын көрген. Бұдан кейін сол және тағы басқа пайғамбарлықтардың қалай қазіргі уақытта керемет түрде орындалып жатқанына көңіл бөлеміз. Ал сеніміміз нығая түскен соң, олардың болашақта қалай орындалатынына назар аударамыз.

Ежелде Ехоба өз уәделерін орындады

3. Қандай уәде Бабылға жер аударылған яһудилердің жандарына жылу берді?

3 Б. з. б. VI ғасырда Бабылға жер аударылған яһудилердің өмірі жайлы ойлап көріңізші. Олардың көбісі ата-анасы сияқты сол жақта өсіп ер жеткен. Айдауда жүргендердің өмірі оңай болған жоқ. Оның үстіне, бабылдықтар олардың Ехобаға деген сенімін келеке қылатын (Зәб. 137:1—3). Сенімінен таймаған яһудилерге ондаған жылдар бойы жалғыз үміт жандарына жылу берді. Бұл Ехобаның отандарына қайта әкелемін деген уәдесі еді. Ехоба ондағы өмірдің керемет болатынын айтты. Тіпті қалпына келтірілген Яһуда елін Едем бағына, жұмаққа теңеді! (Ишая 51:3 оқыңыз). Мұндай уәделер олардың күпті көңіліне медет болу керек еді. Кейбір пайғамбарлықтарға тоқталып өтейік.

4. Ехоба яһудилерді өз отандарында қауіпсіз өмір кешетіндеріне қалай сендірді?

4 Қауіпсіздік. Яһудилер тура мағынадағы жұмаққа емес, 70 жыл бойы қаңырап жатқан елге оралмақ-тын. Олардың көбісі бұл елді ешқашан көрмеген де еді. Ол заманда арыстан, қабылан, қасқыр сияқты жыртқыш аңдар жиі кездесетін. Сондықтан отбасы бар адам: “Әйелім мен бала-шағамды, мал-жайымды қалай қорғаймын?”— деп уайымдауы мүмкін еді, әрі оны түсінуге болатын. Бірақ Ишая 11:6—9 (оқыңыз) тармақтарда жазылған сөздер олардың көңілдерін орнықтырса керек. Осы бір көркем сөздермен Ехоба олардың өздері де, малдары да қауіпсіздікте болатынына сендірді. Арыстан сабан жейді деген сөздер бұл жыртқыш аң малға тиіспейді дегенге меңзеді. Сондықтан Ехобаға адал яһудилер мұндай жыртқыштардан қорықпаса да болатын. Ол өз халқын Яһуданың шөлді мекенінде де, ормандарында да қорғауды уәде етті (Езек. 34:25).

5. Елдеріне оралған яһудилер Ехобаның молынан жарылқайтынына неге сенімді болған?

5 Молшылық. Олар мынаны да уайымдауы мүмкін еді: “Отанымызда отбасымды асырай аламын ба? Баспанамыз бола ма? Жұмыс табыла ма? Табылса, айдауда жүріп, бірүзім нан үшін атқарған ауыр еңбегімнен артық бола ма?” Пайғамбарына жаздырған Ехобаның сөздерінен бұл сұрақтардың да жауабын табуға болатын. Ол мойынсұнғыш халқына елге жаңбыр жаудыратынын, ал “жер нанды көл-көсір етіп беретінін” уәде етті (Ишая 30:23). Ал баспана мен көңілден шығатын жұмысқа қатысты былай деді: “Жұрт үйлер салып, соларға қоныстанады, Жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады, Олар үйді өзге біреу тұрсын деп салмайды, Жүзімдікті де жемісін өзгелер жесін деп отырғызбайды” (Ишая 65:21, 22). Иә, пұтқа табынушы Бабыл еліндегі өмірлеріне қарағанда, өз елдеріндегі өмірлері керемет болмақ еді. Бірақ олардың айдауға кетуінің негізгі себебі жөнінде не деуге болады?

6. Ұзақ жылдар бұрын Құдай халқына не болған еді және елдеріне қайта оралған яһудилерге қандай сөздер сенімділік берді?

6 Рухани саулық. Жер аударылуынан ұзақ жылдар бұрын Құдай халқы рухани ауруға шалдыққан еді. Ехоба өз халқы жайында Ишая пайғамбарға: “Бастарыңды жара басқан, Жүректерің болса әлжуаз”,— деп жаздырды (Ишая 1:5). Олар рухани мағынада керең әрі соқыр еді. Себебі Ехобаның кеңесін тыңдамау үшін құлақтарын, одан келген жарықты көрмеу үшін көздерін жабатын (Ишая 6:10; Ерм. 5:21; Езек. 12:2). Елдеріне оралғаннан кейін олар тағы да осындай “ауруға” шалдықса, қауіпсіз өмір сүре ала ма? Тағы да Ехобаның ықыласынан айырылып қалмай ма? Мына сөздер оларға зор сенімділік берді: “Сол күні саңыраулар кітаптың сөздерін естиді, Соқырлар қараңғылық пен түнектен құтылып, көздері көретін болады” (Ишая 29:18). Иә, Ехоба тазарып, күнәларына өкінген халқын рухани сауықтырмақ еді. Құлақ асып, мойынсұнғыш болса, Құдайлары оларға ақыл-кеңес беріп, жарық нұрын төкпек еді.

7. Елдеріне оралған яһудилерге қатысты айтқан Ехобаның уәделері қалай жүзеге асты және неліктен бұл біздің сенімімізді нығайтады?

7 Ехоба осы уәделерін орындады ма? Бұл сұрақтың жауабын тарихтан көреміз. Өз еліне оралған яһудилер қауіпсіз, молшылықта өмір сүрді, рухани саулығы да жақсы болды. Мысалы, Ехоба оларды сан жағынан әлдеқайда көп мықты халықтардан қорғады. Малдары да жыртқыш аңдарға жем болмады. Рас, сол заманда яһудилер Ишая, Еремия, Езекиел сияқты пайғамбарлардың айтқандары кішігірім көлемде орындалғанын ғана көрген. Әйтсе де олар көрген жайттар керемет әрі уақтылы еді. Ехобаның сол кезде өз халқына не істегені туралы ойланғанымыз сенімімізді нығайтары сөзсіз. Бұл пайғамбарлықтардың кішігірім көлемде орындалғаны осылай көңіл толқытса, кең көлемде орындалғанда не болмақ?! Ендеше, Ехобаның бүгінде біз үшін не істеп жатқанына көңіл бөлейік.

Бүгінде Ехоба өз уәделерін орындап жатыр

8. Құдай халқына қандай “ел” берілді?

8 Бүгіндегі Ехобаның халқы — бір ұлттан құралған, бір елде тұратын халық емес. Мысалы, барлық майланған мәсіхшілер бейнелі бір халықты, “Құдайдың Исраилін” құрайды (Ғал. 6:16). Олар серіктері “басқа қойлармен” бейнелі бір елде тұрады. Сол жерде олар Құдайға бірлесе ғибадат етеді, әрі бұл — олардың өмір салты (Жох. 10:16; Ишая 66:8). Сонда бізге қандай “ел” берілді? Бұл — біздің рухани жұмағымыз. Сол жерде Ехобаның жұмаққа қатысты уәделері рухани мағынада орындалуда. Бірнеше мысалды қарастырайық.

9, 10. а) Ишая 11:6—9 тармақтардағы пайғамбарлық бүгінде қалай орындалуда? ә) Құдай халқының тату екенінің қандай дәлелі бар?

9 Қауіпсіздік. Ишая 11:6—9 тармақтардағы пайғамбарлықта жанға жағымды үйлесімділік пен бейбітшілік суреттелген: адамдар мен үй жануарлары жабайы аңдардан, ал жабайы аңдар олардан қорықпайды. Бұл сөздер бүгінде рухани мағынада орындалып жатыр. 9-тармақта мұндай үйлесімділіктің себебі былай түсіндіріледі: “Өйткені теңіздің суға толы болатынындай, Жер беті Ехоба туралы білімге толады”. Сонда “Ехоба туралы білім” жануарлардың мінез-құлқын өзгерте ме? Жоқ, мұндағы аңдар адамдарға нұсқайды. Олар Құдай Тағаланы танып біліп, оның татулыққа бастайтын принциптерін ұстануды үйренгендерінің арқасында өзгереді. Бүгіндегі рухани жұмағымызда осы керемет пайғамбарлықтың орындалғанын көріп жүргеніміз де содан. Мәсіхтің ізбасарлары жыртқыш аңдарға тән қасиеттерінен арылып, бауырластарымен бірлікте, тату-тәтті өмір сүруді үйренуде.

10 Мысалы, осы кітапта мәсіхшілердің бейтараптығы туралы әңгімелестік. Біз мұның Жазбаларға негізделген ұстаным екенін, сондай-ақ Құдай халқы бейтарап болғаны үшін қуғын-сүргінге ұшырағанын қарастырдық. Иә, мына зұлым дүниеде өз басына қатер төнсе де, зұлымдықтың кез келген түрінен бас тартатын үлкен “ел” бар. Бұл — Патшалықтың азаматтарының Ишая суреттегендей тату-тәтті өмір кешіп жатқанының пәрменді дәлелі! Иса шәкірттерінің өзара сүйіспеншілігімен ерекшеленетінін айтқан (Жох. 13:34, 35). Ол “адал да ақылды құл” арқылы барлық шынайы мәсіхшілерді талмастан татулыққа, сүйіспеншілік пен жұмсақтыққа үйретуде (Мат. 24:45—47).

11, 12. Бүгінде дүниені қандай аштық жайлаған, бірақ Ехоба өз халқын қалай молынан қамтып отыр?

11 Молшылық. Мына дүниені рухани аштық жайлаған. Киелі кітапта келесідей ескерту бар: “Міне, мынадай күндер келе жатыр,— дейді Әлемнің Әміршісі Ехоба, Мен елге ашаршылық жіберемін, Сонда адамдар жейтін нанға не ішетін суға емес, Ехобаның сөзін естуге зар болады” (Амос 8:11). Құдай Патшалығының азаматтары да ашығып жүр ме? Ехоба өз халқы мен жауларының арасында айырмашылық болатынына нұсқап: “Менің қызметшілерім тоқ болады, ал сендер аш жүресіңдер! Менің қызметшілерім шөлдерін қандырады, ал сендер шөлдеп жүресіңдер! Менің қызметшілерім қуанышқа кенеледі, ал сендер ұятқа қаласыңдар!”— деген (Ишая 65:13). Сіз осы сөздердің орындалып жатқанын көріп жүрсіз бе?

12 Рухани ас-су бұрын-соңды мұншалықты телегей теңіз, кең дариядай аққан емес. Мына дүние ашығып жатса, бізде Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер, аудио-видео өнімдер, сайтымызда шығып жатқан мәліметтер асып-тасып жатыр. Қауымдарымыз бен конгрестеріміз де үзбей өтіп тұрады (Езек. 47:1—12; Жоел 3:18). Ехобаның молшылыққа қатысты айтқан уәдесінің орындалып жатқанын көргеніңіз көңіл толқытады емес пе?! Сіз Ехобаның дастарқанынан үнемі тамақтанып жүрсіз бе?

Қауымдарымыздың арқасында біз рухани мағынада тоқ, қауіпсіз әрі саумыз

13. Кереңдер естіп, соқырлар көретіні жайлы Ехобаның уәдесі қалай орындалып жатыр?

13 Рухани саулық. Бүгінде көп адам рухани соқыр әрі керең (Қор. 2-х. 4:4). Бірақ Мәсіх дүниежүзіндегі ауру-сырқауларды емдеп жатыр. Сіз соқырдың көзі, кереңнің құлағы ашылғанын көргенсіз бе? Әлдебіреу құлағын керең, көзін соқыр еткен діни ілімдерден бас тартып, Құдай Сөзіндегі шындықты білсе, сіз келесі пайғамбарлықтың орындалғанына куә болғаныңыз: “Сол күні саңыраулар кітаптың сөздерін естиді, Соқырлар қараңғылық пен түнектен құтылып, көздері көретін болады” (Ишая 29:18). Төрткіл дүние бойынша жыл сайын жүз мыңдаған адам осылай рухани аурудан айығып жатыр. Ұлы Бабылдан шығып, рухани жұмағымызға кіріп жатқан әрбір адам — Ехобаның уәделерінің орындалып жатқанының тірі дәлелі!

14. Не жөнінде ойланып тұрғанымыз сенімімізді нығайтады?

14 Осы кітаптың әр тарауында Мәсіхтің өз ізбасарларын рухани жұмаққа жетелеп келе жатқанының пәрменді дәлелдері қарастырылды. Қазіргі таңда біз осы жұмағымызда түрлі баталардың игілігін көрудеміз. Ендеше солар жөнінде ойланып тұрайық. Сонда Ехобаның болашаққа қатысты уәделеріне деген сеніміміз қатая түседі.

“Сенің Патшалығың келсін”

15. Неге біз жер беті жұмаққа айналатынына сенімдіміз?

15 О бастан Ехобаның ниеті бүкіл жер бетін жұмаққа айналдыру болған. Ол Адам ата мен Хауа ананы жұмақ бағына қоныстандырды. Сосын өсіп-өніп жер бетін толтыруды, сондай-ақ бүкіл жан-жануарлардың қамын жасауды тапсырды (Мұс. 1-ж. 1:28). Өкінішке қарай, Адам ата мен Хауа ана Шайтан шығарған бүлікке қосылып, ұрпақтарының бәрін кемелсіздік, күнә мен өлімге душар етті. Әйтсе де бұдан Құдайдың еркі өзгерген жоқ. Оның айтқан сөзі орындалусыз қалмайды (Ишая 55:10, 11 оқыңыз). Демек, Адам ата мен Хауа ананың ұрпақтары міндетті түрде Жер шарын қоныстап, оны өңдеп жұмаққа айналдырады да, Ехобаның жаратылыстарына қамқорлық етеді. Сол кезде жер аударылған яһудилерге қатысты айтылған пайғамбарлықтар толықтай орындалады. Солардың бірнешеуін қарастырайық.

16. Жұмақта орнайтын қауіпсіздік жайлы Киелі кітапта не айтылған?

16 Қауіпсіздік. Ишая 11:6—9 тармақтардағы жүрекке жағымды сөздердің тура мағынада орындалғанын көретін кез келеді. Қайда жүрмесін, ересектерге де, балаларға да еш қауіп төнбейді. Адамдар да, аңдар да ешкімге қиянат жасамайды. Елестетіп көріңізші, Жер шарының кез келген жерін өз үйіңіздей көресіз. Ештеңеден қорықпай өзен-көлде, теңізде шомыла бересіз, тауға да шығасыз, жазықты да кезесіз. Қараңғы түссе де, уайымдамайсыз. Езекиел 34:25-тегі сөздер орындалып, Құдай халқы “иен далада бейқам жатып, орманда да алаңдамай ұйықтайтын болады”.

17. Патшалық бүкіл жер бетіне билік жүргізгенде, Ехобаның барлық қажетімізді молынан қамтамасыз ететініне неге сенімдіміз?

17 Молшылық. Кедейлік, асқа жарымау, ашаршылық, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері сияқты нәрселер болмайтын кезді елестетіп көріңізші. Құдай халқының бүгіндегі рухани тоқшылығы Патшамыздың жаңа дүниеде өз қол астындағыларын молынан тойындыратынына кепілдік береді. Жерде болған кезінде Иса небәрі бірнеше нан мен балықты мыңдаған адамға үлестіріп беріп, бәрін тойдырған. Осылай молшылыққа қатысты уәделерді жүзеге асыра алатынын кішігірім көлемде көрсеткен (Мат. 14:17, 18; 15:34—36; Мар. 8:19, 20). Жер бетінде Құдай Патшалығы орнағанда, келесідей пайғамбарлықтар тура мағынада жүзеге асады: “Құдай топыраққа сепкен тұқымдарыңа жаңбыр жаудырады, жер нанды көл-көсір етіп береді. Сол күні малдарың кең жайылымда жайылатын болады” (Ишая 30:23).

18, 19. а) Ишая 65:20—22 тармақтардағы пайғамбарлықтың бізге қатысы бар ма? ә) Ғұмырымыз “мықты ағаштың ғұмырындай” болады деген нені білдіреді?

18 Бүгінде көп адам үшін жайлы үйде тұрып, өзіне ұнайтын жұмыс істеу қол жетпес армандай көрінеді. Қазіргі зұлым дүниеде бел жазбай тер төгіп жүргендер отбасына жетер-жетпес тиын-тебен табады, ал олардың еңбегінен ашкөз байлар пайда көреді. Бірақ мына пайғамбарлық орындалған кез жөнінде ойланып көріңізші: “Жұрт үйлер салып, соларға қоныстанады, Жүзімдіктер отырғызып, жемісін жейтін болады. Олар үйді өзге біреу тұрсын деп салмайды, Жүзімдікті де жемісін өзгелер жесін деп отырғызбайды. Өйткені халқымның ғұмыры мықты ағаштың ғұмырындай ұзақ болады, Таңдаулыларым еңбектерінің рақатын көреді” (Ишая 65:20—22).

19 Ғұмырымыз “мықты ағаштың ғұмырындай” болады деген нені білдіреді? Сіздің бабаңыздан да көп жасаған болуы мүмкін алып ағаштың түбінде тұрып, ғұмырының ұзақтығына қайран қалған кезіңіз болған ба? Егер кемелсіз күйде қала берсеңіз, бұл ағаш сізден де ұзақ жасауы мүмкін. Сіз өмірден өтіп, жұрт аузында есіміңіз ғана қалады, ал ол болса жайқалып тұра береді. Мейірімді Құдайымыз Ехобаның жұмақта өміріміздің ұзақ әрі тыныш болатынын уәде еткені қандай керемет! (Зәб. 37:11, 29). Сол кезде біз мәңгі жасаймыз, ал ғұмыры ұзақ ағаштардың өзі бүгін бар, ертең жоқ шөп сияқты болады!

20. Патшалықтың адал азаматтарының денсаулығы қандай болады?

20 Кемелді саулық. Қазіргі заманда дүниедегі жағдайдың бәрінен ауру мен өлімнің табы байқалады. Қандай да бір мағынада бәріміз де науқаспыз: біз “күнә” деген беті қайтпайтын ауру жұқтырғанбыз. Бұл аурудың жалғыз дауасы — Мәсіхтің төлем құрбандығы (Рим. 3:23; 6:23). Иса мың жыл Патшалық ететін уақытта өзімен бірге билік құратын патшалармен бірге адал жандарға төлем құрбандығының пайдасын толықтай көруге көмектеседі. Осылай олар бірте-бірте күнәнің әсерінен толық арылады. Сонда Ишая пайғамбардың: “Ешкім: — Мен науқаспын,— демейтін болады. Ел тұрғындарының күнәлары кешіріледі”,— деген сөздері жүзеге асады (Ишая 33:24). Соқыр, саңырау, мүгедек адамдар болмайтын кезді елестетіп көріңізші (Ишая 35:5, 6 оқыңыз). Иса тән ауруы не жан ауруы болсын — бәрін сауықтырады, ол жаза алмайтын ауру болмайды. Иә, Патшалықтың азаматтарының денсаулығы зор болады!

21. Өліммен не болады және неліктен бұл сізге жұбаныш береді?

21 Алайда аурудың ақыры, күнәнің түбі өліммен не болады? Өлім — біздің “соңғы жауымыз”, әрі ерте ме, кеш пе оның алдында кемелсіз адамдардың бәрі тізе бүгеді (Қор. 1-х. 15:26). Бірақ Ехоба үшін өлім соншалықты қорқынышты жау ма? Ишаяның пайғамбарлығына көңіл аударайықшы: “Өлімді біржола жоқ қылады, Әлемнің Әміршісі Ехоба барлық көз жасты сүртеді” (Ишая 25:8). Сол кез жайында ойланып көріңізші, біреуді жерлеп, жоқтау деген атымен болмайды! Қайта, Ехоба өлілерді қайта тірілткенде, жұрт қуаныштан көздеріне жас алады (Ишая 26:19 оқыңыз). Өлім жанына жара салған көп адам ақыры айығады.

22. Патшалық арқылы Құдайдың жерге қатысты еркі жүзеге асқан соң не болады?

22 Мәсіх мыңжылдықтың аяғына таман Құдайдың еркін жүзеге асырып бітеді де, билікті Әкесіне тапсырады (Қор. 1-х. 15:25—28). Ақыры кемелділікке жеткен адамзат Шайтан түпсіз тұңғиықтан босатылғандағы соңғы сынаққа дайын болады. Бұдан кейін Мәсіх сұм “жылан” мен оның жағындағылардың бәрін біржола құртады (Мұс. 1-ж. 3:15; Аян 20:3, 7—10). Ал Ехобаға адал жандардың бәрі жарқын болашаққа аяқ басады. Сол кезең Киелі кітапта көркем суреттеліп, адал жандар үшін “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетуге” жол ашылатыны айтылған (Рим. 8:21).

Патшалық Ехобаның адамзат пен жерге қатысты барлық уәделерін жүзеге асырады

23, 24. а) Неге Құдайдың уәделері міндетті түрде орындалады? ә) Сіз не істеуге бел будыңыз?

23 Айтылған уәделер — негізсіз үміт не бос арман емес. Олардың бәрі міндетті түрде орындалады! Неге бұлай дейміз? Осы кітаптың бірінші тарауында қарастырылған Исаның сөздері есіңізде ме? Ол шәкірттеріне Ехобадан: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!”— деп сұрауды үйреткен (Мат. 6:9, 10). Құдай Патшалығы — адам ойынан туған қиял емес. Ол — шынайы Үкімет, әрі қазір көкте билік етіп отыр! Біз оның бір ғасырдан бері Ехобаның уәделерін жүзеге асырып келе жатқанын қауымдарымызда ап-анық көріп жүрміз. Сондықтан Құдай Патшалығы жер бетінде өз құдіретін толық көрсеткенде, Ехобаның барлық уәделері жүзеге асатынына еш күмәнданбаймыз!

24 Біз Құдай Патшалығы жерде орнайтынын әрі Ехобаның бірде-бір сөзі орындаусыз қалмайтынын білеміз. Неге бұған сенімдіміз? Себебі қазір ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ БИЛІК ЕТУДЕ! Олай болса, бәріміз де өзімізден: “Менің өмірімнен Патшалықтың азаматы екенім көріне ме?”— деп сұрағанымыз жөн. Патшалықтың адал азаматы екенімізді көрсете берейік. Сонда оның кемелді де әділ билігінің мәңгі рақатын көреміз!