Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ТАРАУ

Ехобаның өз есімін асқақтатуы

Ехобаның өз есімін асқақтатуы

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Құдай халқы Ехобаның есімінің асқақтауы аса маңызды екенін түсінді

1, 2. Қалай “Жаңа дүние аудармасының” арқасында Құдай есімі асқақталып жатыр?

 ҚЫС. 1947 жылдың 2 желтоқсаны, сейсенбі. Осы бір шуақты да аязды күні таңертең Бруклин (Нью-Йорк) Бетелінде бір шағын топ ауқымды жұмысқа кірісті. Сол майланған бауырластар 12 жыл бойы көз майын тауыса еңбектеніп, 1960 жылдың 13 наурызында, жексенбі күні, Киелі кітаптың мәтінін аударып бітірді. Үш айдан кейін, 1960 жылдың 18 маусымында, Нейтан Норр бауырлас Англиядағы Манчестер қаласында өткен конгреске келгендерге “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасының” соңғы томы шыққанын хабарлады. Ол барлық қатысушылардың сезімін білдіріп: “Бүгінгі күн — дүниежүзіндегі Ехоба куәгерлері үшін қуанышты күн!”— деді. Бұл аударманың әсіресе қуантарлық бір ерекшелігі — Құдай есімі түпнұсқада кездесетін жерлердің бәріне қойылған еді.

1950 жылғы конгресте “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” жарық көргені хабарланды (Сол жақта: “Янки” стадионы (Нью-Йорк қаласы). Оң жақта: Гана)

2 Құдайдың есімі Киелі кітап аудармаларының көбісінен алынып тасталған. Бірақ майланған мәсіхшілер Шайтанның зымиян жоспарының жүзеге асуына жол бермей, Ехобаның есімін адам баласының санасынан өшіріп тастауына тосқауыл болды. Сол жылы жарық көрген “Жаңа дүние аудармасының” алғы сөзінде былай делінді: “Бұл аударманың ең басты ерекшелігі — Құдай есімінің тиесілі орнына қайта жазылуы”. “Жаңа дүние аудармасында” Құдайдың есімі — Ехоба 7000-нан аса рет кездеседі. Иә, бұл аударма көктегі Әкеміз Ехобаның есімін асқақтатуда!

3. а) Құдай есімінің мағынасына қатысты бауырластар нені түсінді? ә) Мұсаның 2-жазбасы 3:13, 14-тармақтардағы сөздерді қалай түсінген дұрыс? (“ Құдай есімінің мағынасы” деген қоршауды қараңыз.)

3 Бастапқыда Киелі кітап зерттеушілері Құдай есімінің мағынасы “Мен кім болсам, солмын” дегенді білдіреді деп ойлады (Мұс. 2-ж. 3:14 “Король Яковтың аудармасы”). Сондықтан 1926 жылы “Күзет мұнарасы” журналының 1 қаңтардағы санында былай делінді: “Ехоба” деген есім “Бар болушы” дегенді білдіреді... оның пайда болған кезі мен ғайып болатын кезі жоқ: ол әрқашан бар”. Бірақ “Жаңа дүние аудармасы” жобасы басталмай тұрып, Ехоба халқына өз есімінің мағынасын түсінуге көмектесті. Олар оның есімі “бар болушы” дегенді ғана емес, ең алдымен, “ниеті бар әрі әрекет етуші” дегенді білдіретінін ұқты. Осылай олар “Ехоба” деген есімнің мағынасы сөзбе-сөз “Ол болғызады” деп аударылатынын түсінді. Иә, Ехоба “болғызушы” ретінде ұлан-ғайыр Ғалам мен саналы тіршілік иелерін жаратты, сондай-ақ еркі мен ниетін әлі де жүзеге асыруда. Бірақ Құдай есімінің асқақтауы неге осыншама маңызды және қалай біз бұған үлес қоса аламыз?

Құдай есімінің киелі тұтылуы

4, 5. а) “Сенің есімің киелі тұтылсын!”— деп өтінуіміздің мәні неде? ә) Құдай өз есімін қашан және қалай киелі етеді?

4 Ехоба өз есімінің асқақталғанын қалайды. Оның түпкі ниеті — есімінің киелі тұтылуы. Мұны Исаның үлгілі дұғасындағы “Сенің есімің киелі тұтылсын!” деген өтінішінен байқаймыз (Мат. 6:9). Біздің осылай өтінуіміздің мәні неде?

5 Осы кітаптың 1-тарауында қарастырғанымыздай, Исаның үлгілі дұғасындағы Ехобаның ниетімен байланысты үш тілектің бірі — “Сенің есімің киелі тұтылсын!” деген өтініш. Ал қалған екеуі — “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын!” деген өтініштер (Мат. 6:10). Ехобадан Патшалығының келуі мен еркінің орындалуын өтінгенде, әрекет етуін сұраймыз. Тап сол сияқты есімі киелі тұтылуын тілегенде де, оның әрекетке кіріскенін өтінеміз. Басқаша айтқанда, Ехобадан Едемдегі бүліктен бері күйе жағылып келе жатқан есімін ақтап алуын сұраймыз. Мұндай дұғамызға ол қалай жауап береді? Ехоба былай дейді: “Сендер халықтардың арасында қор қылған ұлы есімімді міндетті түрде киелі етемін” (Езек. 36:23; 38:23). Ехоба Армагеддон шайқасында барлық зұлымдықты жойып, тіршілік атаулының алдында өз есімін киелі етеді.

6. Құдай есімінің әрқашан киелі болғанын қалайтынымызды қалай көрсетуге болады?

6 Ехобаның есімі толық мағынада киелі. Сондықтан оны киелі ете түсу мүмкін емес. Әйтсе де тарих бойында Ехоба өз есімінің киелі болып қала беруіне қызметшілерінің үлес қосуына мүмкіндік беріп келеді. Бірақ мұны қалай істеуге болады? Осы орайда Ишая пайғамбар: “Әскербасы Ехобаны киелі деп санаңдар!”— деген. Ал Ехобаның өзі халқы жөнінде мынаны айтты: “Олар менің есімімді мадақтайды....Исраил Құдайын қастерлейді” (Ишая 8:13; 29:23). Демек, Құдай есімінің киелі болып қала беруіне үлес қосу үшін, біз оны өзге есім атаулыдан айрықшалап, жоғары қоямыз. Осылай оның аты мен затын қадір тұтамыз, әрі өзгелердің де оны киелі санауына көмектесеміз. Әсіресе Ехобаны Билеушіміз ретінде мойындап, бар көңілімізбен мойынсұнсақ, оның есімін қастерлейтінімізді әрі айрықша құрметтейтінімізді паш етеміз (Нақ. с. 3:1; Аян 4:11).

Ехоба халқын өз есімімен аталуға және оны асқақтатуға дайындады

7, 8. а) Ехобаның есімімен аталу үшін оның халқына неге уақыт қажет болды? ә) Біз нені қарастырамыз?

7 Киелі кітап зерттеушілері Құдай есімін 1870 жылдардан әдебиеттерінде қолдана бастаған. Мысалы, 1879 жылғы “Сион күзет мұнарасы” журналының тамыздағы саны мен сол жылы жарық көрген “Қалыңдық әндері” басылымында Ехобаның есімі кездеседі. Сөйтсе де өз есімімен аталуға рұқсат бермес бұрын, Ехоба халқының осындай зор мәртебеге лайық екеніне көз жеткізгісі келді. Ехоба оларды бұған қалай дайындады?

8 ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ехоба өз есіміне қатысты маңызды шындықтарды ашты. Солардың үшеуіне көңіл бөліп көрейікші.

9, 10. а) Бастапқы жылдары “Күзет мұнарасында” неліктен Исаға айрықша көңіл бөлінді? ә) 1919 жылдан кейін не өзгерді және мұның нәтижесі қандай болды? (“ Күзет мұнарасы” Құдай есімін асқақтатуда” деген қоршауды қараңыз.)

9 Біріншіден, шынайы мәсіхшілер Ехобаның есімінің асқақтауы қаншалықты маңызды екенін түсінді. Бастапқыда Киелі кітап зерттеушілері төлем туралы ілімді Киелі кітаптың басты ілімі деп есептеді. Сондықтан “Күзет мұнарасында” Исаға айрықша көңіл бөлді. Мысалы, осы журнал алғаш шыққан жылы Исаның есімі Ехобанікінен он есе жиі қолданылды. Бұған қатысты “Күзет мұнарасының” 1976 жылдың наурызындағы санында Киелі кітап зерттеушілерінің бастапқы жылдары Исаға “тым көп көңіл аударғаны” айтылды. Бірақ уақыт өте келе Ехоба оларға өз есіміне Киелі кітапта ерекше орын берілетінін түсінуге көмектесті. Бұл оларға қалай әсер етті? “Күзет мұнарасының” сол санында айтылғандай, әсіресе 1919 жылдан бастап, “олар Мәсіхтің Әкесі Ехобаны көбірек құрметтей бастады”. Содан 1919 жылдан кейін он жыл ішінде Құдай есімі “Күзет мұнарасында” 6500-ден аса рет қолданылды!

10 Осылай бауырластар Ехобаның есімін жақсы көретіндерін оған тиісті көңіл бөлулерімен көрсетті. Ертеде өмір сүрген Мұса іспетті, олар да “Ехобаның есімін жариялай” бастады (Мұс. 5-ж. 32:3; Зәб. 34:3). Ал Ехоба олардың өз есіміне деген сүйіспеншілігін байқап, уәдесіне сай ықыласына бөледі (Зәб. 119:132; Евр. 6:10).

11, 12. а) 1919 жылдан кейін басылымдарымызда не нәрсеге көңіл бөлінетін болды? ә) Ехоба өз қызметшілерінің назарын не нәрсеге аударды және не үшін?

11 Екіншіден, шынайы мәсіхшілер Құдайдың өздеріне қандай іс тапсырғанын түсінді. 1919 жылдан кейін көп ұзамай басшылықты қолға алған майланған бауырластарды Ехобаның рухы Ишая пайғамбардың кітабын зерттеуге талпындырды. Осыдан кейін басылымдарымызда уағыз ісіне баса назар аударыла бастады. Неге мұндай өзгеріс уақтылы берілген ас-су болды? (Мат. 24:45).

12 1919 жылға дейін “Күзет мұнарасында” Ишаяның мына сөздері ешқашан талқыланбаған еді: “Сендер менің куәгерлерімсіңдер,— дейді Ехоба. — Иә, сен өзім таңдаған қызметшімсің” (Ишая 43:10—12 оқыңыз). Ал сол жылдан кейін көп ұзамай басылымдарымызда осы сөздерге көңіл бөлініп, барлық майланғандар Ехоба тапсырған іске, өзі туралы куәлік ету ісіне, атсалысуға шақырыла бастады. 1925—1931 жылдары Ишаяның 43-тарауы “Күзет мұнарасының” 57 санында талқыланып, шынайы мәсіхшілерге қатысты қолданылды. Көріп отырғанымыздай, Ехоба сол жылдары қызметшілерінің назарын атқарулары тиіс іске аударды. Не үшін? Мұның бір себебі — Ехоба “олардың бұл іске сай келетіндігі сыналғанын” қалады (Тім. 1-х. 3:10). Ехобаның есімімен аталмас бұрын, Киелі кітап зерттеушілері шынымен де оның куәгерлері екендерін істерімен дәлелдеуге тиіс еді (Лұқа 24:47, 48).

13. Шешілуі тиіс ең маңызды мәселе жөнінде Құдай Сөзінде не айтылған?

13 Үшіншіден, Киелі кітап зерттеушілері Құдай есімінің киелі тұтылуы қаншалықты маңызды екенін түсінді. 1920-шы жылдары олар шешілуі тиіс ең маңызды мәселе Құдай есімінің киелі тұтылуы екенін ұқты. Осы мызғымас шындыққа қатысты Құдай Сөзінде не айтылған? Екі мысалды қарастырып көрейік. Құдайдың исраилдіктерді Мысыр құлдығынан азат етуінің басты себебі қандай еді? Ехоба бұны “есімін бүкіл жер бетіне жария ету үшін” істегенін түсіндірді (Мұс. 2-ж. 9:16). Ал бүлікшіл халқына қайта-қайта мейірімділік танытуының себебі неде болған? Өзінің айтуынша, Ехоба мұны “олардың айналасында тұрып жатқан халықтардың алдында есімі арамдалмау үшін” істеген (Езек. 20:8—10). Осы және басқа да үзінділерден Киелі кітап зерттеушілері не нәрсеге үйренді?

14. а) Құдай халқы 1920 жылдың соңына таман қандай сөздердің мәнін ұқты? ә) Түсініктерінің тереңдегені оларға қалай әсер етті? (“ Уағыздауға берік негіз” деген қоршауды қараңыз.)

14 1920 жылдың соңына таман Құдай халқы Ишая пайғамбардың 2700 жыл бұрын айтқан сөздерінің мәнін ұғынды. Ол Ехобаға қатысты: “Есіміңнің ұлылығын арттыру үшін, Сен халқыңды осылай бастап жүрдің”,— деген еді (Ишая 63:14). Киелі кітап зерттеушілері басты мәселе адамзаттың құтқарылуы емес, Құдай есімінің киелі тұтылуы екенін түсінді (Ишая 37:20; Езек. 38:23). 1929 жылы шыққан “Пайғамбарлық” деген кітапта мынадай түйін жасалды: “Бүкіл адамзат үшін шешілуі тиіс ең маңызды мәселе — Ехобаның есіміне қатысты мәселе”. Түсініктерінің айқындала түсуі Құдай қызметшілерін Ехоба жайлы куәлік етуге және оның есімін ақтап сөйлеуге талпындырды.

15. а) 1930 жылға таман бауырластар нені түсінді? ә) Ехоба қандай шешімге келді?

15 Осылайша 1930 жылға таман бауырластардың Құдай есімінің маңыздылығына қатысты көзқарастары өзгерді, өздеріне қандай іс тапсырылғанын түсінді, сондай-ақ шешілуі тиіс ең маңызды мәселенің қандай екенін түбегейлі ұқты. Сонда Ехоба халқына өз атымен аталу мәртебесін беретін кез келді деп шешті. Ендеше, осыған қатысты кейбір тарихи оқиғаларды қарастырып көрейік.

Ехобаның “өз атымен аталатын халықты таңдауы”

16. а) Ехоба өз есімін қандай керемет жолмен асқақтатуда? ә) Ежелде Құдайдың есімі қандай халықпен байланыстырылды?

16 Ехоба өз есімімен аталатын халық таңдау арқылы есімін керемет жолмен асқақтатуда. Б. з. б. 1513 жылдан бастап Исраил халқы Ехобаның халқы ретінде белгілі болған (Ишая 43:12). Алайда олар Құдаймен жасасқан келісімнің шарттарын орындамағандықтан, б. з. 33 жылы Құдаймен ерекше қарым-қатынастарынан айырылып қалды. Содан көп ұзамай Ехоба “өз атымен аталатын халық таңдап алу үшін” басқа ұлт адамдарына назар аударды (Ел. іс. 15:14). Түрлі ұлттардан шыққан майланған мәсіхшілерден тұратын бұл халық “Құдайдың Исраилі” деп аталды (Ғал. 6:16).

17. Шайтан қандай арам пиғылын жүзеге асырды?

17 Шамамен б. з. 44 жылы Мәсіхтің ізбасарлары “Құдайдың басшылығымен мәсіхшілер деп аталды” (Ел. іс. 11:26). Бастапқыда шынайы мәсіхшілер ғана осылай аталғандықтан, бұл оларды басқа діндерден ерекшелендіретін атау болды (Пет. 1-х. 4:16). Бірақ Исаның бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімесінен көрінетіндей, Шайтанның арам пиғылы жүзеге асып, жалған мәсіхшілердің барлығы “мәсіхшілер” деп аталатын болды. Осының кесірінен ғасырлар бойы оларды бір-бірінен айыру қиын болған еді. Бірақ 1914 жылы басталған “орақ кезінде” бәрі өз орнына келді. Неге? Өйткені сол уақытта періштелер шынайы мәсіхшілерді жалған мәсіхшілерден айырып бөле бастады (Мат. 13:30, 39—41).

18. Бауырластарға өздеріне лайықты атау қажет екенін түсінуге не көмектесті?

18 1919 жылы адал да ақылды құл тағайындалғаннан кейін, Ехобаның халқы өздеріне қандай іс тапсырылғанын түсінді. Олар үйме-үй уағыздағандары өздерін жалған мәсіхшілерден ерекшелендіретінін бірден байқады. Іле-шала “Киелі кітап зерттеушілері” деген атаудың өздеріне толық сай келмейтінін де ұқты. Олардың өмірдегі басты мақсаты Киелі кітапты зерттеу ғана емес, Құдай туралы куәлік етіп, оның есімін асқақтату болатын. Ендеше, атқарып жүрген істерінің мәнін қандай атау аша түспек еді? Бұл сұрақтың жауабы 1931 жылы белгілі болды.

1931 жылғы конгресс бағдарламасы

19, 20. а) 1931 жылғы конгресте көңіл толқытарлық қандай қаулы қабылданды? ә) “Ехоба куәгерлері” деген атауды бауырластар қалай қабылдады?

19 1931 жылы шілде айында 15 000 Киелі кітап зерттеушісі Огайо штатының Колумбус қаласына (АҚШ) облыстық конгреске жиналды. Олар конгресс бағдарламасының мұқабасындағы үлкен етіп жазылған “J” және “W” әріптерін көргенде, мәнін білуге асықты. Шынында да, бұл әріптер нені білдірді? Бұған қатысты түрлі пікірлер болды. Содан 26 шілде, жексенбі күні, Рутерфорд бауырлас көпшілікке қаулы қабылдауды ұсынды. Қаулыда: “Біз Ехоба куәгерлері ретінде танымал болып, солай аталғымыз келеді”,— деген пәрменді сөздер айтылды. Сол кезде жұрт әлгі жұмбақ әріптердің Ишая 43:10-дағы сөздерге негізделген “Ехоба куәгерлері” (ағылшынша Jehovah’s Witnesses) деген атауды білдіретінін түсінді.

20 Аталмыш қаулы оқылғанда, жұрт дүр сілкініп, ұзақ қол шапалақтады. Колумбустағы бұл қуанышты радио арқылы жер шарының о шетіндегілер де естіді! Австралияда тұратын Эрнест пен Наоми Барберлер былай деп есіне алды: “Америкадағылар ду қол шапалақтағанда, Мельбурндегі бауырластар да орындарынан ұшып тұрып, қол соқты. Мұны ұмыту мүмкін емес!” a

Құдай есімі төрткіл дүниеде асқақталуда

21. “Ехоба куәгерлері” деген атау Құдай халқын не істеуге талпындырды?

21 Жазбаларға сай “Ехоба куәгерлері” деп аталғандары Құдай халқының рухын көтеріп, уағыз ісінде белсенділігін арттыра түсті. Құрама Штаттарда ізашар болып қызмет ететін Эдвард пен Джесси Граймздар 1931 жылы Колумбуста болған конгреске барған еді. Олар былай дейді: “Біз үйден Киелі кітап зерттеушілері болып кеткен едік, Ехоба куәгерлері болып оралдық. Құдай есімін дәріптеуге көмектесетін атауымыздың болғанына біз қатты қуандық”. Сол конгрестен кейін кейбір Куәгерлер уағызда жаңа әдіс қолданатын болды. Олар өздерін таныстыру үшін үй иесінің қолына мынадай жазуы бар парақша ұстататын: “Құдайымыз ЕХОБАНЫҢ Патшалығы туралы уағыздап жүрген ЕХОБА куәгері”. Иә, Ехобаның халқы Құдайларының есімімен аталатынын мақтан тұтты, әрі жүрген жерлерінде оның мән-мағынасын түсіндіруге дайын болды (Ишая 12:4).

“Біз үйден Киелі кітап зерттеушілері болып кеткен едік, Ехоба куәгерлері болып оралдық”

22. Ехобаның халқы көптің бірі емес екенін не дәлелдейді?

22 Ехобаның көмегімен майланған бауырластар өздерін ерекшелендіретін атауды қабылдағалы талай уақыт өтті. Содан бері Шайтан Құдай халқының өзге діндерден айрықшаланбай, көптің бірі болып кетуіне ықпал ете алды ма? Әрине, жоқ! Керісінше, біз тап бүгінгідей Құдайдың куәгерлері ретінде бұрын-соңды танымал болған емеспіз (Миха 4:5; Малахи 3:18 оқыңыз). Біз өзгелерге Құдай есімімен танымалмыз, сондықтан оның есімін аузына алған адамды жұрт бірден “Ехоба куәгері” деп біледі. Шынайы ғибадат тау-төбелер сияқты жалған діндердің арасында елеусіз қалған жоқ, қайта, “тау шыңдарынан асқақ болып, берік орнықты” (Ишая 2:2). Иә, бүгінде шынайы ғибадат та, Ехобаның киелі есімі де биікке асқақтады.

23. Зәбүр 121:5-тегі Ехоба туралы сөздер бізге қандай сенімділік береді?

23 Шайтанның қазіргі және болашақтағы шабуылдарынан Ехобаның бізді қорғайтынын білгеніміз көңілімізге медет береді емес пе?! (Зәб. 121:5). Бізде зәбүр жыршысының мына сөздеріне қосылуға берік негіз бар: “Ехоба қай халықтың Құдайы болса, Кімді меншікті иелігі етіп таңдаса, сол халық бақытты” (Зәб. 33:12).

a Радионың қалай қолданылғанына қатысты көбірек мәліметті 7-тараудан (72—74 бет.) табуға болады.