Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ТАРАУ

Жақсы сөз — жан азығы

Жақсы сөз — жан азығы

“Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын. Осылайша тыңдаушыларыңды қажет кезінде нығайтсын” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:29).

1—3. а) Ехоба берген игі сыйлардың бірі қандай? Оны қалай теріс қолданып кетуіміз мүмкін? ә) Ехоба қалай сөйлегенімізді қалайды?

 ӘКЕСІ ұлына велосипед сатып алып береді. Осындай ерекше сыймен ұлын қуантқанына ол өте риза. Алайда ұлы велосипедті қалай болса солай айдап, адамдарды соғып жарақаттаса, әкесі не сезінер еді?

2 Біздегі “игі де кемелді сыйдың бәрін” Ехоба берген (Жақып 1:17). Сондай игі сыйлардың бірі — сөйлеу қабілетіміз. Осы сый болмағанда, біз ойымыз бен сезімдерімізді білдіре алмас едік. Біз сөзімізбен адамдардың көңілін жадыратып, демеу бола аламыз. Алайда сөзіміз өзгелерді көңілдеріне қаяу түсіріп, жарақаттауы да мүмкін.

3 Сөздің құдіретіне талас жоқ. Ехоба бізге ақылмен сөйлеуді үйретеді. Ол былай дейді: “Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын. Осылайша тыңдаушыларыңды қажет кезінде нығайтып, пайдаларына ассын” (Ефестіктерге 4:29). Осы тарауда Құдайға ұнайтындай әрі өзгелерді нығайтатындай сөйлеу үшін не істеуіміз керектігін қарастырамыз.

ТІЛГЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ

4, 5. Нақыл сөздерден сөздің құдіреті жайында не білеміз?

4 Сөздің қуаты бар, сондықтан біз не айтатынымызға, қалай айтатынымызға көп мән беруіміз керек. Нақыл сөздер 15:4-те: “Шипалы тіл өмір ағашы болар, Өтірік сөз рухты күйретер”,— деп жазылған. Аптаған ыстықта ағаштың саясына барып отырғанға не жетсін! Сол сияқты жылы сөзіміз өзгелердің жанын сергітіп, көңілін жайландырады. Ал дөрекі сөзіміз жандарына жара түсіріп, қасымыздан қашырады (Нақыл сөздер 18:21).

Жақсы сөз жанды сергітеді

5 Нақыл сөздер 12:18-де: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды”,— делінген. Қатты сөз сезімді жаралап, қарым-қатынасты бұзады. Бәлкім, сізге де біреудің сөзі қатты тиіп, көңіліңізді қалдырған шығар. Ал осы нақыл сөздің екінші жартысында: “Дананың тілі сауықтырады”,— делінген. Ойланып сөйлеген адамның сөзі жүрекке түскен жараны сауықтырып, достыққа түскен түсініспеушілік сызатын бітейді (Нақыл сөздер 16:24 оқыңыз). Сөзіміздің я жағымды, я жағымсыз әсері бар екенін есте ұстасақ, тілімізге абай боламыз.

6. Сөзімізді қадағалау неліктен қиын?

6 Біз кемелсіз болғандықтан да тілімізге абай болуымыз керек. “Адамның жүрегі бала кезден-ақ жамандыққа бейім”, ал сөзіміз жүрегімізде не барын айқындап тұрады (Мұсаның 1-жазбасы 8:21; Лұқа 6:45). Кемелсіз болғандықтан сөзімізді қадағалау өте қиын болуы мүмкін (Жақып 3:2—4 оқыңыз). Соған қарамастан сөзімізді жақсы жаққа өзгерту үшін бар күшімізді салуымыз керек.

7, 8. Сөйлеген сөзіміз Ехобамен достығымызға қалай әсер етуі мүмкін?

7 Біз аузымыздан шыққан әрбір сөзіміз үшін Ехобаның алдында жауап береміз. Бұл — не сөйлейтінімізге және қалай сөйлейтінімізге абай болудың тағы бір себебі. Жақып 1:26-да: “Кім өзін Құдайға дұрыс ғибадат етіп жүрмін деп санап, бірақ тілін жүгендемесе, өз-өзін алдап жүр. Оның ғибадаты еш пайдасыз”,— делінген. Демек, оңды-солды талғаусыз сөйлей берсек, бұл Ехобамен достығымызға сызат түсіреді, тіпті оны бұзады (Жақып 3:8—10).

8 Осы айтылған жайттар сөзімізге айрықша мән беруімізге келелі себептер емес пе?! Ехоба қалағандай сөйлеу үшін неден аулақ болуымыз керектігін көрейік.

СҮЙЕКТЕН ӨТЕТІН СӨЗДЕР

9, 10. а) Бүгінде адамдарға қалай сөйлеу тән? ә) Әдепсіз сөйлеуден неге аулақ болғанымыз жөн?

9 Әдепсіз сөздер, немесе арам сөздер, бүгінде кең таралған. Адамдардың көбі балағат, ұятсыз сөздерді қоспаса, ойымызды жеткізе алмаймыз деп ойлайды. Әзіл-сықақшылар халықты күлдіртемін деп, әдепсіз сөздер мен тұрпайы қалжыңдарды аузынан түсірмейді. Алайда елші Пауыл былай деген: “Ашу, ызақорлық, жамандық, қорлық сөздер сияқты нәрсенің бәрінен арылыңдар. Ауыздарыңнан әдепсіз сөз де шықпасын” (Қолостықтарға 3:8). Сондай-ақ ол “тұрпайы қалжыңның” “тіпті аты да аталмау” керектігін айтқан (Ефестіктерге 5:3, 4).

10 Әдепсіз сөздер Ехобаның бойында жиіркеніш тудырады. Ехобаны жақсы көретіндер де тура солай жиіркенішпен қарайды. Өйткені ондай сөздер арам істерге жатады. Ал Киелі кітапта “арам істер” “тәннің істеріне” жатқызылған (Ғалаттықтарға 5:19—21). “Арам істер” неше түрлі күнәні қамтиды, әрі бір арам әдет екіншісіне ұласа береді. Адам шектен шыққан әдепсіз, арам сөздер айтуға әдеттеніп, онысынан бас тартпаса, ол қауымнан шығарылуы мүмкін (Қорынттықтарға 2-хат 12:21; Ефестіктерге 4:19; 23-түсіндірмені қараңыз).

11, 12. а) Әңгімеміз қалай өсекке ұласып кетуі мүмкін? ә) Біреуге жала жабудан неге аулақ болуымыз керек?

11 Сондай-ақ біз өсек-аяңға үйір болмауымыз керек. Өзгелер жайында қызығып сұрап, достарымыз бен туыстарымыз жайлы айтқанда тұрған ештеңе жоқ, әрине. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де басқа бауырластардың қал жағдайын, қандай көмек керек екенін білгісі келген (Ефестіктерге 6:21, 22; Қолостықтарға 4:8, 9). Алайда абай болмасақ, басқалар жайлы жай әңгімеміз оп-оңай өсекке ұласуы мүмкін. Өзгеден естігенімізді өзгеге таратсақ, бұл өтірік я біреудің құпиясы болуы мүмкін. Жағымсыз әңгіме айтып жүріп, біреуді айыптап, жала жабуымыз да ғажап емес. Парызшылдар Исаны істемегенін істеді деп айыптағанда, оған жала жапқан (Матай 9:32—34; 12:22—24). Жала адамның абыройын түсіреді, арты ұрыс-керіске ұласып, көңілді күйзелтеді, тіпті достарды ажыратады (Нақыл сөздер 26:20).

12 Ехоба тілді достарымызды жауымызға айналдырсын деп емес, қайта, көмектесіп, жігерін жалындатсын деп берген. Ол “бауырларды ұрыстыратын адамды” жек көреді (Нақыл сөздер 6:16—19). Шайтан Ібіліс Құдайға жала жауып, ең алғашқы жалақорға айналды (Аян 12:9, 10). Бүгінде адамдар беттері бүлк етпей бір-бірі жайлы өтірік айта береді. Алайда мәсіхшілер арасында мұндайға жол жоқ (Ғалаттықтарға 5:19—21). Сондықтан сөзімізге абай болып, ойланып барып сөйлеуіміз керек. Біреу жайында естігенімізді айтпас бұрын мына сұрақтармен өзіңізді тексеріңіз: “Айтқалы жатқаным рас па? Жақсы нәрсе ме? Пайдасы бар ма? Сол адам өзі туралы не айтқанымды естігенін қалар ма едім? Біреу мен жайлы осылай айтса, бұл маған қалай тиер еді?” (Салоникалықтарға 1-хат 4:11 оқыңыз).

13, 14. а) Қорлық сөздер адамға қалай әсер етеді? ә) Балағаттау деген не? Неге мәсіхшілер балағат сөздер айтпау керек?

13 Айтуын айтып алып, артынан бармақ тістеп жататын кездер болады. Алайда біз өзгелерді сынап-мінеуге, сөзбен аяусыз түйреп, батырып сөйлеуге әуес болғымыз келмейді. Қорлық сөздер күнделікті қолданысымызда мүлдем болмау керек. Пауыл былай деген: “Әрқилы өшпенділік, ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар!” (Ефестіктерге 4:31). Киелі кітаптың басқа аудармаларында “қорлық сөздер” деген тіркес “аяусыз батырып сөйлеу”, “арын таптап сөйлеу” деп аударылған. Қорлық сөз адамның қадір-қасиетін аяқ асты етіп, түкке тұрғысыз сезіндіреді. Балалардың жаны әсіресе нәзік келеді, сондықтан оларды жаралап алмас үшін сөзімізге ерекше мән бергеніміз жөн (Қолостықтарға 3:21).

14 Киелі кітап қорлық сөздердің ең ауыр түрінен аулақ болуды ескертеді. Бұл — балағат сөздер. Балағаттау деп біреудің көңіліне әдейі тию үшін үнемі тіл тигізуді айтады. Адам өмірлік жарына, баласына осылай сөйлесе, бұл нағыз сұмдық болар еді! Өзгелерді балағаттауын қоймайтын адам қауымның мүшесі бола алмайды (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13; 6:9, 10). Осы тақырыпшадан түйген ойымыз — сөзіміз әдепсіз, жалған, мейірімділіктен жұрдай болса, бұл Ехобамен және басқалармен қарым-қатынасымызға үлкен кесірін тигізеді.

ЖАНДЫ ЖЫЛЫТАТЫН СӨЗДЕР

15. Өзгелерді қандай сөздер нығайтады?

15 Сөзіміз Ехобаның көңілінен шығатындай болу үшін қалай сөйлеуіміз керек? Киелі кітапта не айтып, не айтпау керектігіне қатысты нақты ештеңе айтылмаған. Десе де онда сөзіміз “тыңдаушыларды нығайтатындай” болсын делінген (Ефестіктерге 4:29). Нығайтатын сөздер шындыққа, мейірімділікке толы әрі әдепті. Ехоба әр сөзіміз өзгелерді жігерлендірсе екен, демеу болса екен дейді. Алайда бұл қиынға соғуы мүмкін. Өйткені дөрекі сөйлеу үшін көп ойланудың қажеті жоқ, ал жігерлі сөз айту үшін көп күш салу керек (Титке 2:8). Олай болса, өзгелерді сөзімізбен қалай нығайта алатынымызды аз-кем қарастырып көрейік.

16, 17. а) Неге өзгелерді мақтауымыз керек? ә) Кімдерді мақтасақ болады?

16 Ехоба да, Иса да мақтауға келгенде сараңдық танытпайды. Әрине, біз оларға еліктегіміз келеді (Матай 3:17; 25:19—23; Жохан 1:47). Өзгеге мақтау сөз айтып, шын жүректен жігерлендіру үшін, сол адам жайлы ойланып, қызығушылық білдірген жөн. Нақыл сөздер 15:23-те: “Уақытында айтылған сөз қандай жақсы!”— делінген. Еңбегімізді бағалап, ризашылық айтып жатса не мақтап жатса, бұл көңілімізді аспандатады емес пе?! (Матай 7:12 оқыңыз; 27-түсіндірмені қараңыз).

17 Өзгенің бойынан жақсыны іздеуге әдеттенген болсақ, шын жүректен мақтау қиынға соқпайды. Айталық, қауымда бір бауырластың тапсырмамен жақсы шыққанын я қауымға жақсы дайындалып келгенін байқап қалдыңыз. Немесе қауымда бір оқушының мектебінде сенімін қорғап, нық тұрғанын, я болмаса қандай да бір қарт бауырластың әрдайым қызметке шығатынын білетін шығарсыз. Сіздің бірауыз мақтау сөзіңіз оларды марқайтып тастайды. Сондай-ақ күйеуі әйеліне оны сүйетінін, бағалайтынын айтып отырғаны аса маңызды (Нақыл сөздер 31:10, 28). Өсімдікке жарық пен су қалай қажет болса, адамға да мақтау сөздер солай қажет. Бұған әсіресе балалар мұқтаж. Олардың қасиеттерін, талпыныстарын байқап, мақтап отырыңыз. Мақтау сөздер олардың бойларына батылдық дарытып, өз-өзіне деген сенімділіктерін шыңдай түседі. Сондай-ақ оларды дұрыс нәрсені істеуге одан бетер күш салуға талпындырады.

Мейірімді сөздер өзгелерді жұбатып, жігер береді

18, 19. Неге өзгелерді жұбатып, жігер беруіміз керек? Мұның қандай жолдары бар?

18 Өзгені жұбатып, жігерлендіргенде, Ехобаға еліктейміз. Ол “бейшараның” және “күйрегендердің” қамын қатты ойлайды (Ишая 57:15). Ол бізден “бір-бірімізді” және “жаны күйзеліп жүргендерді жұбатады” деп күтеді (Салоникалықтарға 1-хат 5:11, 14). Өзгелерге жігер беріп, жұбату үшін барымызды салғанда, Ехоба риза болады.

19 Қауымда көңілі түскен я жаны күйзеліп жүрген біреуді байқасаңыз, оған не айтсаңыз болады? Әрине, ол адамның қиындығын шешіп бере алмайтын шығарсыз. Бірақ оны ойлап, уайымдайтыныңызды айтсаңыз болады. Мысалы, ол адамға көңіл бөлу үшін уақыт арнаңыз. Оған жігер боларлық Киелі кітаптан тармақтар оқып беріңіз, бірге дұға етуді ұсыныңыз (Зәбүр 34:18; Матай 10:29—31). Қауымдағы бауырластардың оны жақсы көретінін айтып сендіріңіз (Қорынттықтарға 1-хат 12:12—26; Жақып 5:14, 15). Айтқаныңыз құрғақ сөз емес, шын жүректен шығып жатқан сөздер екені сезіліп тұрсын (Нақыл сөздер 12:25 оқыңыз).

20, 21. Адамдар қай кезде кеңесті жеңіл қабылдайды?

20 Орынды кеңес беру арқылы да басқаларды нығайта аламыз. Кемелсіз болғандықтан, біз бәріміз ара-тұра кеңестерді қажет етеміз. Нақыл сөздер 19:20-да былай делінген: “Кеңесті тыңда, түзетуді қабылда, Сонда дана боларсың алдағы уақытта”. Кеңесті тек ақсақалдар ғана береді деп ойламауымыз керек. Мысалы, ата-аналар балаларына ақыл-кеңес беру қажет (Ефестіктерге 6:4). Орынды болса әйел бауырластар да бір-біріне кеңес бере алады (Титке 2:3—5). Бауырластарымызды жақсы көргендіктен, кеңестерді көңілдеріне тимейтіндей етіп беруге тырысамыз.

21 Біреудің кеңесін жеңіл қабылдаған кезіңіз есіңізде шығар. Сол адамның шынымен де қамыңызды ойлағанын сезгендіктен жеңіл қабылдаған боларсыз. Я болмаса ол адам кеңесін мейірімді де жұмсақ үнмен жеткізген болар (Қолостықтарға 4:6). Кеңесі де Киелі кітапқа негізделген шығар (Тімөтеге 2-хат 3:16). Біз Киелі кітаптан тармақты тікелей келтірсек те, келтірмесек те, кез келген кеңесіміз Жазбаларға негізделсін. Ешкім де өзгелерді жеке пікіріне көндіруге тырыспау керек, сондай-ақ өз ойын негіздеу үшін тармақтарды теріс қолданбағаны жөн. Өзіңіз жеңіл қабылдаған кеңестің қалай берілгенін есте ұстасаңыз, сіз де өзгелерге кеңесті көңілге тимейтіндей етіп бере аласыз.

22. Сөйлеу қабілетіңізді қалай қолданғыңыз келер еді?

22 Сөйлеу қабілеті — Құдайдан келген сый. Құдайды сүйгендіктен, осы сыйды бұрыс қолданудан аулақпыз. Сөздің жұбататын да, жылататын да құдіреті бар. Сондықтан не айтсақ та, сөзіміз өзгелерді нығайтып, жігер берсін.