Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ТАРАУ

Жыныстық азғындықтан аулақ болыңыз!

Жыныстық азғындықтан аулақ болыңыз!

“Топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және пұтқа табынушылық болып табылатын ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер” (ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 3:5).

1, 2. Ехобаның халқын қарғысқа ұшырату үшін Балағам не істеді?

 БАЛЫҚШЫ қалаған балығын ұстау үшін қайда бару керектігін біледі. Ол мұқият таңдаған жемін қармаққа іліп, суға тастайды. Сосын тапжылмай күтіп отырады. Балық қармаққа ілінген кезде, қармағын бірден суырып шығарады.

2 Балық сияқты, адамдар да қармаққа ілініп жатады. Исраилдіктер — соның бір мысалы. Уәде етілген жерге таяп қалғанда, олар Моаб шөл даласына қос тігеді. Сонда Моабтың Балақ деген патшасы Балағам деген кісіге исраилдіктерді қарғап берсе, көп ақша төлейтінін уәде етеді. Ақырында, Балағам исраилдіктер өздері-ақ қарғысқа ұшырау үшін басқа бір амал ойлап табады. Оларға қандай жем тастау керектігін ол мұқият ойластырады. Сөйтіп, Исраилдің қосына моабтық әйелдерді жіберіп, ер адамдарын азғырады (Мұсаның 4-жазбасы 22:1—7; 31:15, 16; Аян 2:14).

3. Исраилдіктер Балағамның қармағына қалай түсті?

3 Исраилдіктер Балағамның қармағына түсті ме? Өкінішке қарай, иә. Исраилдің мыңдаған ер азаматы “Моаб қыздарымен азғындық жасады”. Бұнымен қоймай, олардың жалған құдайларына, соның ішінде жыныстық азғындықтың жиіркенішті құдайы Пеғор Бағалына бас ұрды. Нәтижесінде, Уәде етілген жердің тура табалдырығында 24 000 исраилдік өлім құшты (Мұсаның 4-жазбасы 25:1—9).

4. Мыңдаған исраилдіктің азғындыққа салынуына не себеп болды?

4 Соншама көп исраилдіктің қармаққа ілінуіне не себеп болды? Олар тек өз нәпсілерін қандыруды ойлап, Ехобаның бар жақсылығын әп-сәтте естен шығарды. Ехоба болса оларды Мысыр құлдығынан азат етіп, шөл далада тамақтарын беріп, Уәде етілген жердің табалдырығына дейін аман сақтап келген еді. Осының бәрі Ехобаға деген адалдықтарына арқау болатын салмақты себептер еді (Еврейлерге 3:12). Бірақ олар сонда да нәпсілерінің жетегінде кетті. Елші Пауыл: “Азғындық жасаған кейбірі сияқты азғындыққа да салынбайық. Соның кесірінен бір күнде олардың 23 000-ы өлді”,— деген * (Қорынттықтарға 1-хат 10:8).

5, 6. Моаб шөл даласында болған жағдайдан қандай түйін жасаймыз?

5 Жаңа дүние қол созым жерде. Біз де Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған исраилдіктер сияқтымыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Бүгінгі әлем де тойымсыз асау нәпсінің жетегінде жүр. Олар моабтықтардан асып түспесе, еш кем түспейді. Мұндай “қомағайлық” Ехобаның халқына әсер етпей қоймайды. Иә, жыныстық азғындық — Шайтанның қолындағы ең күшті қармақжем (Мұсаның 4-жазбасы 25:6, 14; Қорынттықтарға 2-хат 2:11; Яһуда 4).

6 Өзіңізді мына сұрақпен тексеріп көріңіз: “Мен нені таңдар едім: бір сәттік өткінші ләззатқа батуды ма, әлде жаңа өмірде мәңгілік бойы бақытты өмір сүруді ме?” Ехобаның “Азғындықтан аулақ болыңдар!” деген талабына мойынсұну үшін аянбай күш салайық, өйткені бұл соған татиды (Қорынттықтарға 1-хат 6:18).

ЖЫНЫСТЫҚ АЗҒЫНДЫҚ ДЕГЕН НЕ?

7, 8. Жыныстық азғындыққа не жатады? Ондай істерді неге тоқтату керек?

7 Бүгінде адамдар арасында ұятсыз да өрескел көзқарас жайлаған. Олар Құдайдың жыныстық қатынасқа қатысты заңдарын құрметтемейтіндерін ашық көрсетеді. Киелі кітапқа сай, жыныстық азғындық деген заңды некеге тұрмаған адамдардың төсектес болуын білдіреді. Сондай-ақ бұған бір жынысты адамдармен немесе жануарлармен жыныстық қатынаста болу, оральды және анальды жыныстық қатынас жасау және нәпсісін қоздыру үшін біреудің жыныстық мүшесін аймалау да жатады (23-түсіндірмені қараңыз).

8 Киелі кітапта жыныстық азғындыққа барып, бірақ онысына өкінбейтін адам қауымның мүшесі бола алмайтыны анық көрсетілген (Қорынттықтарға 1-хат 6:9; Аян 22:15). Бұған қоса, азғындық жасайтын адам өз-өзіне деген құрметін жоғалтып, өзгелер де оған сенуден қалады. Жыныстық азғындықтың арты үлкен қиындықтарға әкеп соғады. Мысалы, ар-ұяттың маза бермеуіне, қалаусыз жүктілікке, некедегі қиындықтар мен ауруларға, тіпті өлімге душар етеді (Ғалаттықтарға 6:7, 8 оқыңыз). Адам бір сәт тоқтап, нәпсіге ерік берудің арты немен бітетінін ойласа, жыныстық азғындыққа бара қоймайды. Бірақ құмарын қандыруды ғана ойлаған адам жыныстық азғындыққа апаратын алғашқы қадам жасайды. Ал алғашқы қадам жиі — порнография.

АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ — ПОРНОГРАФИЯ

9. Порнография неліктен қауіпті?

9 Порнографияның басты мақсаты — адамның нәпсісін қоздыру. Бүгінгі заман порнографияның заманына айналды. Журналдар, кітаптар, музыка, теле-шоулар мен ғаламтор жыныстық арсыздыққа лық толы. Көбісі мұның қаншалықты зиян екенін жете түсіне бермейді. Алайда оның қауіпті болғаны сонша — ол адамды жыныстық қатынасқа тәуелді етіп, арсыз құмарлықтарын өршітеді. Порнографияға бір әуестенген адам мастурбацияға әдеттене бастайды, некесі шайқалып, тіпті ажырасумен тынуы мүмкін (Римдіктерге 1:24—27; Ефестіктерге 4:19; 24-түсіндірмені қараңыз).

Ғаламторды абайлап қолданған жөн

10. Жақып 1:14, 15-тегі принцип жыныстық азғындықтан аулақ болуға қалай көмектеседі?

10 Жыныстық азғындықтың бізді қалай еліктіріп әкететінін түсінгеніміз өте маңызды. Осыған қатысты Жақып 1:14, 15-те қандай ескерту жазылғанына назар аударыңыз: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады. Ал құмарлық дамып жетілгенде, күнә тудырады. Күнә болса, ақырында, өлімге ұшыратады”. Санаңызда бұрыс ойлар пайда болса, оларды бірден қуыңыз. Эротикалық бейнелерге кенеттен көзіңіз түсіп кетсе, қадалып қарап қалмаңыз! Компьютерді өшіріңіз, телеарнаны ауыстырыңыз. Бұрыс ой-қалаулар жүрегіңізді билеп, бойыңызға тарап кетпесін! Өршіп кетсе, оларды тізгіндеу өте қиын болады (Матай 5:29, 30 оқыңыз).

11. Ехоба бұрыс ойларды жеңуге қалай көмектеседі?

11 Ехоба бізді өзімізден де артық біледі: біздің қаншалықты күнәкар екеніміз оған мәлім. Десе де бұрыс қалауларға қарсы тұра алатынымызды ол біледі. Сондықтан бізге: “Топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және пұтқа табынушылық болып табылатын ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер”,— дейді (Қолостықтарға 3:5). Бұрыс қалауларды тізгіндеу оңай емес, әрине. Бірақ Ехоба шыдамдылық танытып, көмегін беруге дайын (Зәбүр 68:19). Бір жас ер бауырлас порнографияға әуестеніп, мастурбациямен айналысып жүрген. Оның мектептегі достары мұны өсіп-жетілудің бір сатысы деп есептеген. Ол былай дейді: “Порнография ар-ұятымды мұқалтып тастады. Сондықтан мен жүгенсіз өмірдің батпағына баттым”. Бірақ бұл бауырлас өз құмарлықтарын тыю керектігін түсініп, Ехобаның көмегімен жаман әдетін жеңді. Сіздің де санаңызды азғын ойлар меңдеп жатса, олардан арылу үшін Ехобадан “адам күшінен асқан күш” сұраңыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Қорынттықтарға 1-хат 9:27).

12. Неліктен жүрегімізді сақтауымыз керек?

12 Сүлеймен: “Бәрінен де бұрын сақта жүрегіңді, Өйткені ол — өмірдің қайнар көзі”,— деген (Нақыл сөздер 4:23). “Жүрек” дегеніміз — Құдай көріп тұрған ішкі дүниемізді білдіреді. Әдетте көзбен көрген нәрселер іс-әрекетімізге әсер етпей қоймайды. Адал кісі Әйүп: “Мен көзіммен келісім жасасқанмын, Онда қалайша өзге әйелге сұқтанамын?”— деген (Әйүп 31:1). Әйүп сияқты біз де не ойлап, не көретінімізге аса мұқият болуымыз керек. Сондай-ақ Зәбүр жыршысы ұқсап: “Көзімді түкке тұрғысыз нәрсеге түсірмеші, Жолыңда амандықпен жүргізе көрші”,— деп дұға етеміз (Зәбүр 119:37).

ДИНАНЫҢ АҚЫМАҚТЫҒЫ

13. Дина қандай адамдармен дос болды?

13 Достар бізге я жақсы жағынан, я жаман жағынан қатты ықпал етеді. Құдайдың заң-талаптарымен жүретін адамдармен дос болсаңыз, олар сізге де сондай адам болуға көмектеседі (Нақыл сөздер 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:33 оқыңыз). Достарды дұрыс таңдаудың қаншалықты маңызды екені Жақыптың қызы Динаның оқиғасынан көрінеді. Ол Ехобаға ғибадат ететін отбасында тәрбиеленді. Жүріс-тұрысы түзу, артық қылығы жоқ еді. Бірақ ол Ехобаға қызмет етпейтін қанахандық қыздармен жақын араласа бастады. Қанахандықтардың жыныстық қатынасқа деген көзқарасы Құдайдың көзқарасына мүлдем кереғар еді. Сондықтан олар жүгенсіздігімен, азғын істерімен танымал халық болатын (Мұсаның 3-жазбасы 18:6—25). Бірде Дина достарымен жүргенде, қанахандық Сихем деген жігіт оны көріп, ұнатып қалады. Сихем “әкесінің үйінде ең беделді адам болатын”. Алайда ол Ехобаны жақсы көрмейтін (Мұсаның 1-жазбасы 34:18, 19).

14. Дина қандай жағдайға душар болды?

14 Сихем Динаны қатты ұнатқандықтан, оны “әкетіп зорлады”. Сихем өзіне дұрыс болып көрінген, өзі қалыпты деп санаған ісін істеді (Мұсаның 1-жазбасы 34:1—4 оқыңыз). Бұның арты бірнеше оқиғаға ұласып, Дина мен оның бүкіл отбасының басына қайғы-қасірет төндірді (Мұсаның 1-жазбасы 34:7, 25—31; Ғалаттықтарға 6:7, 8).

15, 16. Даналықты меңгерудің жолдары қандай?

15 Ехобаның моральдық нормалары біз үшін игілікті екенін Дина сияқты басымызға тиіп барып түсінгіміз келмес еді. “Данамен жүрген дана болар, ақылсызбен араласқан жапа шегер” деп бекер айтылмаған (Нақыл сөздер 13:20). Киелі кітаптың көмегімен “жақсылық атаулыны түсінуге” ұмтылыңыз, сонда өзіңізді қайғы-қасіреттің азабынан сақтайсыз (Нақыл сөздер 2:6—9; Зәбүр 1:1—3).

16 Құдай Сөзін зерттесек, шешім қабылдамас бұрын Ехобаға дұға етсек, “адал да ақылды құлдың” кеңестеріне құлақ ассақ, даналықты меңгереміз (Матай 24:45; Жақып 1:5). Әрине, жер бетінде кемшіліксіз адам жоқ. Сіз де мұнымен келісетін шығарсыз (Еремия 17:9). Ал біреу сізге келіп, азғындыққа апаратын қауіпті жолда тұрғаныңызды айтса, не істейсіз? Ренжіп шыға келесіз бе, әлде кішірейіп көмекті қабылдайсыз ба? (Патшалар 2-жазба 22:18, 19).

17. Бауырластардың ақыл-кеңесі бізге қалай көмектесуі мүмкін? Мысал келтіріңіз.

17 Мынадай оқиғаны елестетіп көрейік. Бір қыз бауырласқа жұмыстағы әріптесі ерекше көңіл бөліп, оны кездесуге шақырады. Ол жігіт Ехобаға қызмет етпегенмен, өте сыпайы, мейірімді көрінеді. Екеуінің жүргенін басқа бір қыз бауырлас көріп қалады. Ол уайымдап, бауырласты ақылға шақырады. Жігітпен жүрген бауырлас бұны қалай қабылдайды? Бірден ақталып шыға ма, әлде ақылға құлақ аса ма? Ол Ехобаны қатты жақсы көріп, оған ұнамды болғысы келетін шығар. Алайда сол жігітпен кездесуін қоймаса, бұл нені көрсетеді: оның азғындықтан аулақ жүргісі келетінін бе, әлде өз-өзіне тым сенімді екенін бе? (Нақыл сөздер 22:3; 28:26; Матай 6:13; 26:41).

ЖҮСІПТІҢ ДАНАЛЫҒЫ

18, 19. Жүсіпке азғындықтан аулақ болуға не көмектесті? Түсіндіріңіз.

18 Жас Жүсіп Мысырда құл болған. Күн сайын қожайынының әйелі оған маза бермей, төсектес болуға азғырып жүрді. Бірақ Жүсіп мұның ауыр күнә екенін білген. Ол Ехобаны жақсы көргендіктен, оның жүрегін қуантқысы келетін. Сондықтан Жүсіп әйелдің арбауына еш берілмеді. Жүсіп құл болғандықтан қожайынының үйінен кетіп қала алмайтын. Бір күні қожайынының әйелі Жүсіпті киімінен ұстап қалып, жақындасуға көндірмек болғанда, ол “сыртқа қаша жөнелді” (Мұсаның 1-жазбасы 39:7—12 оқыңыз).

19 Жүсіп сол әйел жайында ойлап, азғын қиялдарға берілсе, оқиға мүлдем басқаша аяқталар еді. Бірақ Жүсіп Ехобамен достығын бәрінен биік қойды. Ол әйелге: “Қожайыным өзіңізден басқаның бәрін қолыма берді, өйткені сіз оның зайыбысыз. Қалайша мен осындай ауыр қылмыс жасап, Құдай алдында күнәға батпақпын?!”— деді (Мұсаның 1-жазбасы 39:8, 9).

20. Жүсіп Ехобаның жүрегін қуантқанын қайдан білеміз?

20 Отбасынан жырақта болса да, Жүсіп әрдайым Құдайға адал еді. Ал Ехоба оны сол үшін жарылқап отырды (Мұсаның 1-жазбасы 41:39—49). Жүсіптің адалдығы Ехобаның жүрегін қуантты (Нақыл сөздер 27:11). Жыныстық азғындыққа тап болғанда, тойтарыс беру оңай емес. Бірақ мына сөздер сізге күш берсін: “Ей, Ехобаны жақсы көретіндер, жамандықты жек көріңдер. Ол адал қызметшілерінің жанын қорғайды, Оларды зұлымның қолынан арашалайды” (Зәбүр 97:10).

21. Бір жас Куәгер Жүсіпке қалай еліктеді?

21 Ехобаның халқы “жамандықты жек көріп, жақсылықты сүйетіндерін” күн сайын дәлелдеп келеді (Амос 5:15). Кез келген жастағы адам Ехобаға адал бола алады. Мысалы, адалдығы сыналған бір жас ер бауырласты алайық. Мектептегі бір қыз одан математикадан емтихан тапсыруға көмектесуін сұрайды. Алғысын білдіру үшін онымен түнді бірге өткізетінін айтады. Бірақ бауырласымыз тура Жүсіп сияқты әрекет етті. Ол былай дейді: “Мен ол қыздың ұсынысынан бірден бас тарттым, ойланып та жатпадым. Мінсіздігімнен таймағанымның арқасында өз қадір-қасиетімді сақтап қалдым”. Жыныстық азғындықтан “уақытша рақат алудың” арты әдетте жан азабымен, жүрек сыздауымен бітеді (Еврейлерге 11:25). Ал Ехобаға мойынсұнудың арты сарқылмас бақытқа жеткізеді (Нақыл сөздер 10:22).

ЕХОБАНЫҢ КӨМЕГІ

22, 23. Ауыр күнә жасаған кезде де Ехоба бізге қалай көмектеседі?

22 Шайтан жыныстық азғындық арқылы бізді қармағына түсіргісі келеді. Осы қармаққа түсіп қалмау үшін көп күш салу керек. Кей кездері санамызды бұрыс ойлар торлайтын шығар (Римдіктерге 7:21—25). Ехоба мұны түсінеді, өйткені біздің “топырақ екеніміз оның есінде” (Зәбүр 103:14). Ал мәсіхші жыныстық азғындыққа барып, ауыр күнә жасап қойса ше? Оның жағдайы үмітсіз бе? Жоқ. Мәсіхші шын жүректен өкінетін болса, Ехоба оның жасаған күнәсін кешіреді. Өйткені ол — “кешіруге дайын” Құдай (Зәбүр 86:5; Жақып 5:16; Нақыл сөздер 28:13 оқыңыз).

23 Сондай-ақ Ехоба бізге “сый ретінде адамдар берді”, олар бізді қамқорлайтын аяулы ақсақалдар (Ефестіктерге 4:8, 12; Жақып 5:14, 15). Олар бізге Ехобамен қарым-қатынасымызды қалпына келтіруге көмектеседі (Нақыл сөздер 15:32).

ӘР НӘРСЕНІҢ ПАРҚЫНА БАРА БІЛІҢІЗ

24, 25. Парықтылық бізді жыныстық азғындықтан қалай қорғайды?

24 Ехобаның заң-талаптары біздің игілігімізге асатынын түсінсек, дұрыс шешім қабылдау оңай болады. Біз Нақыл сөздер 7:6—23 тармақтарда айтылған жігіттің күйін кешкіміз келмес еді. “Парықсыз”, яғни жақсы мен жаманның пайымын ажырата білмеген бұл жігіт жыныстық азғындыққа жем болды. Парықтылық деген жай ғана ақылды болуды білдірмейді. Парықты адам Құдайдың көзқарасын түсінуге тырысып, соған сай әрекет етеді. Киелі кітаптың мына даналығын жадыңызда ұстаңыз: “Жүрегіне даналық ұялататын өз жанын жақсы көрер, Әр нәрсенің парқына баратын жетістікке жетер” (Нақыл сөздер 19:8).

25 Құдайдың заң-талаптары дұрыс екенімен қаншалықты келісесіз? Оларға құлақ асу бақытқа жеткізетініне сенесіз бе? (Зәбүр 19:7—10; Ишая 48:17, 18). Бұған көзіңіз жетпеген болса, Ехобаның сізге жасаған бар ізгілігі мен жақсылығы жайлы ойланыңыз. Киелі кітапта: “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”,— деген шақыру бар (Зәбүр 34:8). Ехобаның жақсылықтары жайлы неғұрлым көп ойлансаңыз, оны соғұрлым жақсы көре түсесіз. Ехоба нені сүйсе, сіз де соны сүйіңіз, нені жек көрсе, соны жек көріңіз. Санаңызды жақсы ойларға толтырыңыз, бұл үшін шынайы, әділ де таза, сүйіспеншілік оятатын игі нәрселер туралы ойлаңыз (Філіпіліктерге 4:8, 9). Сонда Жүсіп сияқты Ехобаның даналығының жемісін көресіз (Ишая 64:8).

26. Келесі тарауда не қарастырамыз?

26 Ехоба салтбастылардың да, ерлі-зайыптылардың да бақытты да баянды ғұмыр кешкенін қалайды. Олай болса, келесі екі тарауда неке тақырыбына тоқталайық.

^ Мұсаның 4-жазбасында Ехобаның тікелей өзі жазалаған адамдар (23 000) мен билер жазалаған жетекшілерді (1000-ға жуық) қосқандағы жалпы саны көрсетілсе керек. Пауыл болса бұл тармақта жетекшілердің санын есепке алмағанға ұқсайды (Мұсаның 4-жазбасы 25:4, 5).