Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

6-ТАРАУ

Ойын-сауықты ақылмен таңдаңыз

Ойын-сауықты ақылмен таңдаңыз

“Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 10:31).

1, 2. Ойын-сауық түрін таңдағанда неліктен абай болуымыз керек?

 ҚОЛЫҢЫЗДАҒЫ жемісті тістегелі жатқанда, шірігі бар екенін байқап қалдыңыз делік. Енді не істейсіз? Жей бересіз бе? Лақтырып жібересіз бе? Әлде шіріген жерін кесіп тастап, қалғанын жеп қоясыз ба?

2 Қандай да бір мағынада ойын-сауық осындай жеміске ұқсайды. Оның “дәмді жері” бар, бірақ “шіріген жері” көбірек. Өйткені жыныстық өнегесіздікке, қатыгездік пен тылсым күштерге толы. Ойын-сауық түрін таңдағанда, “не істесем де, өзім білемін” дейсіз бе? Әлде ойын-сауықтың бәрі жаман деген пікірдесіз бе? Я болмаса мұқият таңдап, жақсысының қызығын көріп, жаманының былығынан жиренесіз бе?

3. Неге біз ойын-сауық түрінің кез келгенін таңдамаймыз?

3 Бәріміз де демалып, көңіл көтеруді қажет етеміз. Бірақ қажет екен деп кез келгенін таңдай салмаймыз. Өйткені таңдауымыз ғибадатымызға қалай әсер ететіні біз үшін маңызды.

“БӘРІН ҚҰДАЙДЫ ДӘРІПТЕУ ҮШІН ІСТЕҢІЗ”

4. Ойын-сауық түрін таңдауға Киелі кітаптағы қандай принцип көмектеседі?

4 Өзімізді Ехобаға бағыштағанда, өмірімізді оған қызмет ету үшін арнаймыз деп уәде етеміз (Уағыздаушы 5:4 оқыңыз). Не істесек те, “бәрін Құдайды дәріптеу үшін істейміз” деп те сөз береміз (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). Бұл дегеніміз — біз тек қауымда не қызметте ғана емес, тіпті көңіл көтеріп, демалған кезде де Құдайдың бағышталған қызметшісіміз деген сөз.

5. Ғибадатымыз қандай болу керек?

5 Біздің қалай өмір сүретініміз ғибадатымызға тікелей әсер етеді. Пауыл осыған қатысты: “Денелеріңді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар”,— деген (Римдіктерге 12:1). Ал Иса: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— деген (Марқа 12:30). Біз Ехобаға бар жақсымызды бергіміз келеді. Ежелгі Исраилде Ехобаға арнап құрбандыққа мал шалғанда, халық еш міні жоқ сау мал әкелу керек еді. Ал қандай да бір кемістігі болған жағдайда, Ехоба құрбандықтарын қабылдамайтын (Мұсаның 3-жазбасы 22:18—20). Сол сияқты біздің де ғибадатымыз Ехобаға ұнамсыз болып қалуы әбден мүмкін. Қай кезде?

6, 7. Біз таңдаған ойын-сауық түрі ғибадатымызға қалай әсер етуі мүмкін?

6 Ехоба бізге: “Киелі болыңдар, себебі мен киелімін”,— дейді (Петірдің 1-хаты 1:14—16; Петірдің 2-хаты 3:11). Ехобаға біздің тек киелі, яғни таза ғибадатымыз ғана ұнамды (Мұсаның 5-жазбасы 15:21). Ехоба жек көретін істермен, яғни жыныстық өнегесіздікпен, қатыгездікпен не тылсым күштермен байланысы бар істермен айналысатын болсақ, ғибадатымыз таза болудан қалады (Римдіктерге 6:12—14; 8:13). Осындай нәрселерді жай ғана қызықтайтын болсақ, бұл да Ехобаға ұнамсыз. Бұндай әрекетіміз ғибадатымызды арамдап, оны жарамсыз етеді. Сондай-ақ Құдаймен достығымызға айтарлықтай кесірін тигізеді.

7 Ендеше, ойын-сауық түрін қалай ақылмен таңдасақ болады? Жақсы-жаманын ажырата білуге қандай принциптер көмектеседі?

ЖАМАНДЫҚТЫ ЖЕК КӨРІҢІЗ

8, 9. Біз қандай ойын-сауық түрлерінен аулақ жүреміз және неге?

8 Бүгінде ойын-сауықтың түрлері өте көп. Бірақ мәсіхшілер үшін кейбірі лайықты болса, көбісі лайықсыз. Алдымен, ойын-сауықтың қай түрінен қашық болуымыз керектігін анықтап алайық.

9 Көптеген фильмдер, веб-сайттар, теле-шоулар, бейнеойындар мен әндер жыныстық өнегесіздікті, қатыгездік пен тылсым күштерді насихаттайды. Жаман нәрселер жиі еш зиянсыз, тіпті қызықты етіп көрсетіліп жатады. Бірақ мәсіхшілер сақ болып, Ехобаның нормаларына қайшы келетін ойын-сауық түрлерінен аулақ жүреді (Елшілердің істері 15:28, 29; Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10). Осылайша біз Ехобаға жамандықты жек көретінімізді көрсетеміз (Зәбүр 34:14; Римдіктерге 12:9).

10. Ойын-сауық түрін дұрыс таңдамасақ, салдары қандай болуы мүмкін?

10 Кейбіреулер жыныстық өнегесіздіктің, қатыгездік пен тылсым күштердің еш зияндығы жоқ деп есептейді. Олар: “Онда тұрған не бар? Ондай істерді өзім ешқашан жасамаймын ғой”,— деп ойлауы мүмкін. Біз де осылай ойлайтын болсақ, өз-өзімізді алдаймыз. Киелі кітапта: “Адам жүрегі бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды”,— делінген (Еремия 17:9). Ехобаның жаны жаратпайтын нәрселерді қызықтайтын болсақ, оларды жек көреміз деп қалай айта аламыз? Осындай ойын-сауыққа әуес бола берсек, оларға етіміз үйрене бастайды. Уақыт өте ар-ұжданымыз сезімсіз болып, бұрыс шешімнің алдында дабыл қағуын доғарады (Зәбүр 119:70; Тімөтеге 1-хат 4:1, 2).

11. Ғалаттықтарға 6:7-дегі сөздер ойын-сауық түрін таңдауға қалай көмектеседі?

11 Құдай Сөзінде: “Адам не ексе, соны орады”,— деп жазылған (Ғалаттықтарға 6:7). Расында да, жаман нәрселерді қызықтап көңіл көтерсек, ерте ме, кеш пе — соны өзіміз істеп қоюымыз әбден мүмкін. Мысалы, кейбір мәсіхшілер азғын ойын-сауықтың әсеріне берілгені сонша — өздері де жыныстық өнегесіздікке барып қойған. Ехоба ойын-сауықты ақылмен таңдағанымызды қалағандықтан, бізге тамаша көмек көзін берді.

ШЕШІМ ҚАБЫЛДАРДА ПРИНЦИПТЕРГЕ ЖҮГІНІҢІЗ

12. Ойын-сауық мәселесінде дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?

12 Кейбір ойын-сауық түрлері Ехобаға ұнамсыз екені айтпаса да түсінікті, сондықтан біз олардан аулақпыз. Ал жақсы-жаманы анық көрінбесе ше? Ехоба бізге не көріп, не тыңдап, не оқуға болатынына қатысты ережелер бермеген. Ол Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұжданымызды іске қосса екен дейді (Ғалаттықтарға 6:5 оқыңыз). Ехоба бізге принциптерді, яғни мәселеге оның көзімен қарауға үйрететін негізгі шындықтарды берді. Бұл принциптер ар-ұжданымызды тәрбиелейді. Олар “Ехобаның еркін” білуге көмектесіп, оған ұнамды шешімдер қабылдай алатындай дәрежеге жеткізеді (Ефестіктерге 5:17).

Киелі кітап принциптері дұрыс таңдау жасауға көмектеседі

13. Неге мәсіхшілер әртүрлі таңдау жасайды? Алайда барлық мәсіхшілер не істеулері тиіс?

13 Көп жағдайда бір мәсіхшінің таңдағанын, өзгесі таңдамауы мүмкін. Неге? Өйткені талғамға талас жоқ. Сондай-ақ біреуге дұрыс көрінген нәрсе, өзге біреуге бұрыс көрінеді. Қалай болғанда да, барлық мәсіхшілер Киелі кітап принциптеріне жүгінуі тиіс (Філіпіліктерге 1:9). Бұл бізге Құдайдың көңілінен шығатын ойын-сауық түрін таңдауға көмектеседі (Зәбүр 119:11, 129; Петірдің 1-хаты 2:16).

14. а) Уақытымызды қалай пайдаланып жатқанымызды ойлау неліктен маңызды? ә) Пауыл мәсіхшілерге қандай кеңес берген?

14 Тағы бір ойланатын жайт: ойын-сауыққа қанша уақыт жұмсаймыз? Бұл сұрақтың жауабы ойын-сауықтың біз үшін қаншалықты маңызды екенін аян етеді. Мәсіхшілер үшін Ехобаға қызмет ету өмірлерінің төрінен орын алу керек (Матай 6:33 оқыңыз). Алайда абай болмасақ, ойын-сауық көп уақытымызды алып қойғанын байқамай қалуымыз мүмкін. Пауыл мәсіхшілерге кеңес беріп: “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар”,— деген (Ефестіктерге 5:15, 16). Сондықтан ойын-сауыққа нақты қанша уақыт жұмсайтынымызды белгілеп, ғибадатымыздың басты орында тұрғанына көз жеткізіп отырғанымыз жөн (Філіпіліктерге 1:10).

15. Ехобамен достығымызды бұзатын ойын-сауықтан өзімізді қалай қорғай аламыз?

15 Ехобаға ұнамайтын ойын-сауық түрлерінен бас тартуымыз керектігін біз жақсы білеміз. Ал ұнамды-ұнамсыз екеніне күмәндансақ ше? Мұндай жағдайда да мұқияттылық керек пе? Ой жүгіртіп көрейік: тауда бір жолмен келе жатырсыз делік, жолдың ар жағында құлама жар. Соны біле тұра жолдың жиегіне жақын жүресіз бе? Жоқ. Өміріңізді бағаласаңыз, қауіп-қатерден алшақтау жүретініңіз анық. Ойын-сауықты таңдағанда да дәл солай. Киелі кітапта: “Жаман жолға аяқ баспа”,— деген сөздер бар (Нақыл сөздер 4:25—27). Демек, біз жаман екенін анық білетін ойын-сауықтан ғана емес, тіпті бізге зияны тиеді-ау, Ехобамен достығымызды бұзады-ау деп ойлайтын ойын-сауықтан да бас тартуымыз керек.

ЕХОБАНЫҢ КӨЗҚАРАСЫН ТАНЫП-БІЛІҢІЗ

16. а) Ехоба нені жек көреді? ә) Ехоба жек көретінді біз де жек көретінімізді қалай көрсетеміз?

16 Зәбүр жыршысы: “Ей, Ехобаны жақсы көретіндер, жамандықты жек көріңдер”,— деген (Зәбүр 97:10). Ехобаның ойлары мен сезімдеріне қатысты Киелі кітапта көп айтылады. Оқып-біліп жатқандарыңыз түрлі мәселелерге Ехоба сияқты қарауға қалай көмектесетінін ойлап көріңізші. Мысалы, сіз Ехоба үшін “өтірік айтатын тіл, жазықсыздың қанын төгетін қол, зұлымдық ойластыратын жүрек, жамандыққа асығатын аяқ” жеккөрінішті екенін білдіңіз (Нақыл сөздер 6:16—19). Сондай-ақ “азғындық... пұтқа табынушылық, бақсы-балгерлік... қызғаныш, ашу-ызаға берілу... іштарлық, маскүнемдік, ырду-дырду той-думан құру және осы сияқтылардан” аулақ жүруіміз керектігін түсіндіңіз (Ғалаттықтарға 5:19—21). Осы Киелі кітап принциптері сауық түрлерін дұрыс таңдауға қалай көмектесе алатынын байқадыңыз ба? Біз Ехобаның талаптарын өмірдің барлық саласында, адамдар арасында да, жалғыз қалғанда да, орындағымыз келеді (Қорынттықтарға 2-хат 3:18). Негізінде, жалғыз қалғанда жасаған таңдауымыз шын мәнінде қандай адам екенімізді көрсетеді (Зәбүр 11:4; 16:8).

17. Қалай демалатынымызды шешпес бұрын қандай сұрақтарға жауап берген жөн?

17 Олай болса, қалай демалатынымызды шешпес бұрын: “Таңдауым Ехобамен қарым-қатынасыма қалай әсер етеді? Ар-ұжданыма ше?”— деген сұрақтарға жауап беріп көріңіз. Ал қазір таңдау жасауға көмек боларлық басқа да принциптерге тоқталайық.

18, 19. а) Пауыл мәсіхшілерге қандай кеңес берген? ә) Ойын-сауық түрлерін таңдауға қандай принциптер көмектеседі?

18 Негізі, қалай демалатынымызды шешкенде, ой-санамызды немен толтыратынымызды да шешеміз. Пауыл былай деген: “Күллі шынайы да көңіл қоюға лайық, әділ де таза, сүйіспеншілік оятатын, жылы лебіз айтылатын, игі әрі мақтауға тұратын нәрселер жөнінде үнемі ойланыңдар” (Філіпіліктерге 4:8). Санамызды осындай жақсы нәрсемен толтырғанда: “Аузымнан шыққан сөздерім мен жүрек толғанысым Өзіңе ұнамды болғай, уа, Ехоба”,— деп еркін айта аламыз (Зәбүр 19:14).

19 Келесідей сұрақтарды өзіңізге қойып көріңіз: “Ой-санамды немен толтырамын? Қандай да бір кино, шоу-бағдарлама көріп болған соң, санама жақсы да жағымды ойлар келе ме? Жаным тыныш, ар-ұжданым таза ма? (Ефестіктерге 5:5; Тімөтеге 1-хат 1:5, 19). Ехобаға ұялмай дұға ете аламын ба? Әлде мазасыз күй кешемін бе? Қатыгездік немесе жыныстық өнегесіздік туралы ойлар санамды билей ме? (Матай 12:33; Марқа 7:20—23). Таңдаған ойын-сауық түрі “осы заманның өмір салтын үлгі етуге” итермелей ме?” (Римдіктерге 12:2). Осы сұрақтарға шын жауап берсек, Ехобамен достығымызды берік сақтау үшін не істеуіміз керектігін түсінеміз. Біз де Зәбүр жыршысы сияқты Құдайға: “Көзімді түкке тұрғысыз нәрсеге түсірмеші”,— деп дұға айтқымыз келеді * (Зәбүр 119:37).

ӨЗГЕЛЕРМЕН САНАСЫҢЫЗ

20, 21. Ойын-сауық таңдағанда, неге өзгелердің сезімдерімен санасуымыз керек?

20 Ойда тұтарлық тағы бір маңызды принцип бар: “Бәрін істеуге болады, бірақ бәрі бірдей рухани нығайтпайды. Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” (Қорынттықтарға 1-хат 10:23, 24). Әрине, бізде еркіндік бар. Бірақ еркіндігіміз бар екен деп қалағанымызды істей бергеніміз дұрыс болмас. Біз әрдайым шешімдеріміздің бауырластарға қалай әсер ететінін ойлауымыз қажет.

21 Әркімнің ар-ұжданы әртүрлі. Қандай да бір телебағдарламаны көруге сіздің ар-ұятыңыз жіберуі мүмкін. Алайда кейбір бауырластардың бұған ар-ұяты жібермейді. Сондайда не істейсіз? Көруге құқылы болсаңыз да, көрмеуді жөн санайтын шығарсыз. Неге? Өйткені “бауырластарыңызға қарсы”, одан да сорақысы “Мәсіхке қарсы күнә жасағыңыз” келмейтіні анық (Қорынттықтарға 1-хат 8:12). Иә, біз бауырластарымыздың ар-ұятын мазалайтын еш нәрсе істегіміз келмейді (Римдіктерге 14:1; 15:1; Қорынттықтарға 1-хат 10:32).

22. Басқа мәсіхшілердің таңдауына естілікпен қарайтынымызды қалай көрсетеміз?

22 Ал өзгелер оқитын, көретін, істейтін нәрселерге сіздің ар-ұжданыңыз жібермесе ше? Бауырласыңызды жақсы көріп, құрметтегендіктен оны өзіңіздікіндей таңдау жасауға қыспақтамайтыныңыз анық. Мысалы, көлік жүргізушісі басқалардың өзінен сәл жылдам я ақырын айдайтынын көргенде, оларды бірден жаман жүргізуші деп ойламайды ғой. Жылдамдығына қарамастан олар да жақсы жүргізуші. Сол сияқты сіз де, бауырлас та Киелі кітап принциптерін бұзбауыңыз мүмкін, сөйтсе де екеуіңіздің ойын-сауыққа қатысты ойыңыз бір жерден шықпауы мүмкін (Уағыздаушы 7:16; Філіпіліктерге 4:5).

23. Ойын-сауық түрін ақылмен таңдауға не көмектеседі?

23 Сонымен, ойын-сауық түрін ақылмен таңдауға не көмектеседі? Киелі кітап принциптерімен тәрбиеленген ар-ұжданымызға жүгінсек әрі бауырластарымызбен санассақ, таңдауымыз еш өкіндірмейді. Сондай-ақ “бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеп” жатқандықтан қуанышымыз еселене түседі!

^ Ойын-сауық түрлерін таңдауға көмектесетін басқа да принциптерді мына жазба орындарынан таба аласыз: Нақыл сөздер 3:31; 13:20; Ефестіктерге 5:3, 4; Қолостықтарға 3:5, 8, 20.