Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ТАРАУ

Осы дүниеден алшақ болыңыз

Осы дүниеден алшақ болыңыз

“Осы дүниелік емессіңдер” (ЖОХАН 15:19).

1. Иса өлер алдындағы түні нені ойлап уайымдады?

 ИСАНЫҢ өлер алдындағы соңғы түні еді. Ол енді шәкірттерінің қасында болмайтынын ойлап, олардың болашағын уайымдады. Иса оларға “осы дүниелік емес” екендіктерін айтты (Жохан 15:19). Кейінірек олар жайлы Әкесіне дұға етіп: “Менің осы дүниелік еместігім сияқты, олар да осы дүниелік емес”,— деді (Жохан 17:15, 16). Иса бұнымен не айтқысы келді?

2. Исаның “осы дүние” деген тіркесі не нәрсеге нұсқайды?

2 Исаның сөзіндегі “осы дүние” деген тіркес Құдайға құлшылық етпейтін, Шайтанның билігінің қол астындағы адамдарға нұсқайды (Жохан 14:30; Ефестіктерге 2:2; Жақып 4:4; Жоханның 1-хаты 5:19). Біз “осы дүниелік” болмас үшін не істеуіміз керек? Бұл тарауда мұның бірнеше жолы қарастырылады: Құдай Патшалығына адалдық танытып, саяси істерде бейтарап болу; осы дүниенің рухына төтеп беру; киіміміз бен сырт келбетімізде қарапайымдылық сақтау; ақшаға қызықпау; Құдай берген бейнелі сауыт-саймандарды киіп алу (16-түсіндірмені қараңыз).

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНА АДАЛДЫҚ ТАНЫТУ

3. Иса саясатқа қалай қараған?

3 Иса жерде болғанда адамдардың қиыншылықтан көз ашпайтынын, тұрмысы ауыр екенін өз көзімен көрді. Сондықтан оларға жаны ашып, көмектескісі келді. Бірақ ол саяси көшбасшы болды ма? Жоқ. Ол адамдардың бар қиындығын тек Құдай Патшалығы, яғни Құдай үкіметі шешетінін білді. Сондықтан ол әсіресе осы үкімет туралы уағыздады. Ал болашақта өзі сол үкіметтің Патшасы болмақ еді (Даниял 7:13, 14; Лұқа 4:43; 17:20, 21). Иса саясатқа араласпай, әрдайым бейтарап болған. Римдік әмірші Понти Пилаттың алдында тұрғанда, ол: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес”,— деген (Жохан 18:36). Оның шәкірттері де бейтарап болған. “Өркениет жолында” деген кітапта ертедегі мәсіхшілердің “саяси қызметтерді атқармағаны” айтылған. Бүгінде біз де Құдай Патшалығына адал болғандықтан, осы дүниенің саяси істерінде бейтараппыз (Матай 24:14).

Құдай Патшалығына неліктен адал екеніңізді түсіндіріп бере аласыз ба?

4. Шынайы мәсіхшілер Құдай Патшалығын қолдайтындарын қалай көрсетеді?

4 Шетелде өз елінің атынан елшілік ететін өкілдер сол елдің ішкі саясатына араласпайды. Мәсіхпен бірге көкте билік етуге үміті бар майланғандар да дәл солай етеді. Пауыл оларға: “Біз Мәсіхтің орнына өкілміз”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 5:20). Майланғандар — Құдай үкіметінің өкілдері. Сондықтан олар осы дүниенің мемлекеттік, саяси істеріне араласпайды (Філіпіліктерге 3:20). Олар Құдай үкіметі жайлы айтып, миллиондаған адамға білім береді. Ал жаңа дүниеде мәңгі өмір сүруге үміті бар “басқа қойлар” майланғандарға бұл істе қолғабыс етеді. Олар да бейтараптықтарынан айнымайды (Жохан 10:16; Матай 25:31—40). Иә, шынайы мәсіхшілер осы дүниенің саясатына еш араласпайды (Ишая 2:2—4 оқыңыз).

5. Мәсіхшілер неге соғысқа қатыспайды?

5 Шынайы мәсіхшілер бір сенімдегі бауырластарды туған бауырларындай көреді. Шыққан жері мен тегі әртүрлі болса да, олардың бірліктері жарасқан (Қорынттықтарға 1-хат 1:10). Соғысқа барсақ, туған бауырымызға қарсы соғысар едік. Ал Иса бізге “бір-біріңді сүйіңдер” деп өсиет еткен (Жохан 13:34, 35; Жоханның 1-хаты 3:10—12). Бұны қоя бергенде, ол тіпті жауларымызды да жақсы көруіміз керектігін айтқан (Матай 5:44; 26:52).

6. Ехобаның бағышталған қызметшілері үкіметке қалай қарайды?

6 Біз бейтарап болумен қатар жақсы азамат болуды да ұмытпаймыз. Мысалы, үкіметке деген құрметімізді заңдарына мойынсұнумен, салық төлеумен көрсетеміз. Алайда бірінші кезекте “Құдайдікін Құдайға” береміз (Марқа 12:17; Римдіктерге 13:1—7; Қорынттықтарға 1-хат 6:19, 20). “Құдайдікі” дегенге оған деген сүйіспеншілігіміз, мойынсұнушылығымыз бен ғибадатымыз кіреді. Біз Ехобаға мойынсұнуды өз өмірімізден де артық көреміз (Лұқа 4:8; 10:27; Елшілердің істері 5:29; Римдіктерге 14:8 оқыңыз).

“ОСЫ ДҮНИЕНІҢ РУХЫНА” ТӨТЕП БЕРУ

7, 8. “Осы дүниенің рухы” деген не және ол адамдарға қалай әсер етеді?

7 Шайтанның дүниесінен алшақ болу деген — “осы дүниенің рухына” ықпал етуге жол бермеу. Бұл рух Шайтаннан бастау алатын көзқарас пен жүріс-тұрысты білдіреді. Ол Ехобаға құлшылық етпейтіндерге әмірін жүргізеді. Алайда мәсіхшілер бұл рухқа қарсы төтеп береді. Пауыл айтпақшы, “біз осы дүниенің рухын емес, Құдайдан келген рухты қабылдадық” (Қорынттықтарға 1-хат 2:12; Ефестіктерге 2:2, 3; 17-түсіндірмені қараңыз).

8 Осы дүниенің рухы адамдарды өзімшіл, менмен, бүлікшіл болуға түртпектейді. Сондай-ақ “Құдайға мойынсұнуға міндетті емессің” деген ой салады. Шайтан адамдар қалағанын істеп, салдарын ойламаса екен дейді. Өмірдегі ең басты нәрсе өз қалауларын қанағаттандыру дегенге иландырғысы келеді (Жоханның 1-хаты 2:16; Тімөтеге 1-хат 6:9, 10). Ібіліс әсіресе Ехобаның қызметшілерін адастырып, алдап-арбап, өз көзқарасын саналарына сіңдіруді көздейді (Жохан 8:44; Елшілердің істері 13:10; Жоханның 1-хаты 3:8).

9. Осы дүниенің рухы бізге қалай ықпал етуі мүмкін?

9 Осы дүниенің рухы ауа сияқты бізді айнала қоршап тұр. Бар күшімізді салып осы рухқа төтеп бермесек, оның ықпалына беріліп қалуымыз оп-оңай (Нақыл сөздер 4:23 оқыңыз). Бәрі зиянсыз болып көрінген нәрседен басталуы мүмкін. Мысалы, Ехобаға ғибадат етпейтін адамдармен араласатын болсақ, олардың ойлары мен көзқарасы бізге жаман жағынан әсер етуі мүмкін (Нақыл сөздер 13:20; Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Сондай-ақ порнография, жолдантаюшылық пен қызу бәсекелестікке толы спорт ойындары да бізге ықпал етпей қоймайды (18-түсіндірмені қараңыз).

10. Осы дүниенің рухына қалай төтеп бере аламыз?

10 Олай болса, осы дүниенің ықпалына қалай қарсы тұра аламыз? Бұл үшін Ехобаға етене жақын болып, оның даналығына құлақ асқанымыз жөн. Біз үнемі дұға етіп, киелі рух сұрауымыз керек және қызметтен қолымыз босамау қажет. Ехоба — ғаламдағы ең құдіретті Тұлға. Сондықтан осы дүниенің рухына төтеп беруге оның көмектесетініне титтей де күмәніміз жоқ (Жоханның 1-хаты 4:4).

ҚҰДАЙДЫ МАДАҚТАЙТЫНДАЙ КИІНУ

11. Осы дүниенің рухы адамдардың киім киісіне қалай әсер етуде?

11 Осы дүниелік емес екенімізді киімімізбен және сырт келбетімізбен де көрсете аламыз. Бүгінде көп адам киінгенде, көзге түсуді, өзгенің нәпсісін оятуды, қоғамға қарсылығын көрсетуді я болмаса ақшасының көптігімен мақтануды көздейді. Ал өзгелеріне болса бәрібір: олпы-солпы, кір-кір болып жүре береді. Әрине, біздің таңдауымызға мұндай көзқарастар әсер етпеуі тиіс.

Сырт көрінісім Ехобаны мадақтай ма?

12, 13. Не киетінімізді шешкенде, қандай принциптерге жүгінуіміз керек?

12 Ехобаның қызметшілері болғандықтан, біз әрдайым ұқыпты, таза, талғаммен әрі жағдайға сай киінгіміз келеді. Киімімізден қарапайымдылық пен естілік есіп, “Құдайға шын берілгеніміз” көрініп тұру керек (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10; Яһуда 21).

13 Біздің киімімізге қарап, адамдардың Ехоба жайлы, оның халқы жайлы пікірлері қалыптасады. Біз не істесек те, “бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеуге” асықпыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:31). Қарапайымдылық дегенге өзгелердің сезімдері мен пікірлерін құрметтеу жатады. Сондықтан киіміміз бен сырт келбетімізге келгенде, таңдауымыздың өзгелерге әсер ететінін естен шығармайық (Қорынттықтарға 1-хат 4:9; Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4; 7:1).

14. Қауымға я қызметке қалай киінетінімізді шешкенде, не туралы ойланғанымыз абзал?

14 Қауымға не қызметке барғанда қалай киініп барамыз? Ерекше көзге түсуге тырысамыз ба? Киіміміз өзгелерді ыңғайсыз жағдайға қалдыра ма? “Не кисем де өзім білемін, бұл менің жеке шаруам” деп ойлаймыз ба? (Філіпіліктерге 4:5; Петірдің 1-хаты 5:6). Әрине, әдемі көрінгіміз келетіні кәдімгі нәрсе. Бірақ бізді шын мәнінде тартымды ететін — мәсіхшілік қасиеттеріміз. Ехоба біздің бойымыздағы сол қасиеттерге назар аударады. Мұндай қасиеттер “жүрегіміздегі жасырын болмысымызды”, яғни шын мәнінде қандай екенімізді көрсетеді, әрі олар “Құдайдың көз алдында аса бағалы” (Петірдің 1-хаты 3:3, 4, сілтеме).

15. Неге Ехоба киіміміз бен сырт көрінісімізге қатысты нақты ережелер бермеген?

15 Ехоба бізге не киюге, не кимеуге қатысты ережелер бермеген. Бірақ ол бізге дұрыс шешімдер қабылдауға көмектесетін Киелі кітап принциптерін берген (Еврейлерге 5:14). Ехоба үлкенді-кішілі шешімдерімізге оған деген және өзгелерге деген сүйіспеншілігіміз негіз болса екен дейді (Марқа 12:30, 31 оқыңыз). Төрткіл дүниедегі Ехобаның халқы мәдениеті мен талғамына қарай әртүрлі киінеді. Бірақ мұндай саналуандылық көзді қуантып, жанды сүйсіндіреді.

АҚШАҒА ҚЫЗЫҚПАУ

16. Осы дүниенің ақшаға деген көзқарасы Исаның сөздеріне қай жағынан қайшы? Қандай сұрақтар жайлы ойланғанымыз жөн?

16 Шайтан адамдарды ақша мен дүние-мүлік бақыттың кілті дегенге иландырғысы келеді. Алайда Ехобаның қызметшілері мұның өтірік екенін біледі. Біз Исаның: “Адамның өмірі дүниесінің молдығына байланысты емес”,— деген сөздеріне кәміл сенеміз (Лұқа 12:15). Ақша бізді бақытты етпейді. Нағыз достар, жантыныштық пен мәңгілік өмір де сыйлай алмайды. Әрине, дүние-мүлік бізге қажет-ақ, өмірдің де рақатын көргіміз келеді. Бірақ Исаның сөздеріне сай, Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болсақ, әрі ғибадатымызды өмірде ең басты орынға қойсақ, міне, осы нәрселер бізді шын бақытты етеді (Матай 5:3; 6:22). Былай деп ойланып көріңіз: “Осы дүниенің ақшаға деген көзқарасы маған әсер етіп жатқан жоқ па? Ақша туралы көп ойлап, көп айтамын ба?” (Лұқа 6:45; 21:34—36; Жоханның 2-хаты 6).

17. Осы дүниенің ақшаға деген көзқарасына қарсы тұрсақ, өміріміз қалай жақсарады?

17 Бар назарымызды Ехобаға қызмет етуге аударып, осы дүниенің ақшаға деген көзқарасына қарсы тұрсақ, өміріміз мәнді де мағыналы болмақ (Матай 6:22). Қанағатшыл болып, ойымыз бен жүрегімізде тыныштық орнайды (Матай 6:31, 32; Римдіктерге 15:13). Ақшаны ойлап, артық уайымға салынбаймыз (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10 оқыңыз). Жомарт болып, барымызбен бөліскеннен қуанышқа кенелеміз (Елшілердің істері 20:35). Осылай өмір сүргеннің арқасында сүйікті жандарымызбен көп уақыт бірге өткізуге мүмкіндік туады. Ұйқымыз да тыныш болады (Уағыздаушы 5:12).

“САУЫТ-САЙМАНМЕН ТҮГЕЛДЕЙ ЖАБДЫҚТАЛУ”

18. Шайтанның көксегені не?

18 Шайтанның бар көксегені — Ехобамен достығымызды бұзу. Сондықтан достығымызды көздің қарашығындай сақтау үшін аянып қалмауымыз керек. Біз “зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12). Шайтан мен оның жын-перілері біздің бақытсыз болғанымызды, мәңгі өмір сүрмегенімізді қалайды (Петірдің 1-хаты 5:8). Бізбен шайқасып жатқан бұл дұшпандардың мықты екені рас, алайда Ехобаның күшімен біз бұл шайқаста жеңімпаз болып шығамыз!

19. Ефестіктерге 6:14—18 тармақтарда мәсіхшілердің “сауыт-саймандары” қалай сипатталған?

19 Ежелде шайқас алаңында жүрген сарбаздар өздерін қорғау үшін сауыт-саймандар киетін. Сол сияқты біз де Ехоба беріп жатқан “сауыт-саймандарды” киіп алуымыз қажет (Ефестіктерге 6:13). Өйткені олар бізді қорғайды. Бұл сауыт-саймандар Ефестіктерге 6:14—18 тармақтарда былай сипатталады: “Ендеше нық тұрып, белдеріңе шындықты белдік етіп тағыңдар, әділдікті сауыт қылып киіңдер. Аяқкиімдеріңді де киіп, татулық туралы ізгі хабарды уағыздауға дайын болыңдар. Бұларға қоса, сенімнің үлкен қалқанын алыңдар, онымен Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аласыңдар. Сондай-ақ бастарыңа құтқарылудың дулығасын киіңдер және қолдарыңа рухтың семсерін, яғни Құдай сөзін алыңдар. Құдайға әртүрлі дұға айтыңдар және жалбарыныңдар, әр жағдайда рух арқылы сиына беріңдер”.

20. Сауыт-саймандар қорған болсын десек, не істеуіміз керек?

20 Сарбаз қандай да бір сауыт-сайманын ұмытып, денесінің бір жерін қорғансыз қалдырса, дұшпан дәл сол жеріне тап береді. Сауыт-саймандар қорған болсын десек, оның бірде-біреуін ұмыт қалдырмауымыз керек. Біз оларды үнемі киіп жүріп, жақсы күйде сақтауымыз қажет. Бұл күрес Шайтанның дүниесі жойылмайынша, өзі де, жын-перілері де жер бетінен аластатылмайынша жалғаса бермек (Аян 12:17; 20:1—3). Сондықтан бұрыс қалауларымызбен я осал жақтарымызбен күресіп жүрген болсақ, еш берілмейік! (Қорынттықтарға 1-хат 9:27).

21. Шайқаста қалай жеңе аламыз?

21 Бізден күші басым Шайтанды өздігімізден жеңе алмаймыз. Бірақ Ехобаның көмегімен бұл әбден мүмкін! Адалдығымыздан таймас үшін бізге Ехобаға дұға ету, Сөзін зерттеу, бауырластармен араласу ауадай қажет (Еврейлерге 10:24, 25). Осының бәрі Құдайға адал болуымызға әрі сенімімізді қорғауға көмектеседі.

СЕНІМІҢІЗДІ ҚОРҒАУҒА ДАЙЫН БОЛЫҢЫЗ

22, 23. а) Сенімімізді қорғау үшін не істегеніміз жөн? ә) Келесі тараудан не білеміз?

22 Біз сенімімізді қызғыштай қорғауға әрдайым дайын болуымыз керек (Жохан 15:19). Кейбір мәселелерде Ехоба куәгерлерінің көзқарасы көпшіліктікінен өзгеше келеді. Сондықтан былай деп ойланып көрген жөн: “Ехоба куәгерлері неліктен осындай көзқарас ұстанатынын түсінемін бе? Киелі кітап пен адал да ақылды құлдың айтатыны рас екеніне нық сенімдімін бе? (Матай 24:45; Жохан 17:17). Ехоба куәгері екенімді мақтан тұтамын ба? (Зәбүр 34:2; Матай 10:32, 33). Өзгелерге нанымдарымды түсіндіріп бере аламын ба?” (Петірдің 1-хаты 3:15 оқыңыз).

23 Осы дүниеден алшақ болу үшін не істеуіміз керектігі көп жағдайда айдан анық. Алайда кейде оны анық көру қиындау. Шайтан бізді түрлі жолмен тұзағына түсіргісі келеді. Мысалы, ойын-сауық арқылы. Ойын-сауық түрлерін қалай ақылмен таңдауға болады? Бұл жайында келесі тараудан білетін боламыз.