Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

11-ТАРАУ

Той өткен соң

Той өткен соң

“Сүйіспеншілік еш сарқылмайды” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 13:8).

1, 2. Қиындықтары бар некелерді сәтсіз деуге бола ма? Түсіндіріңіз.

 НЕКЕ — өмірге сән кіргізіп, қуанышқа толтыратын Ехобаның сыйы. Десе де әр некенің өз қиындығы бар. Кейде қиындықтардың түбі көрінбей кететіні сонша — ерлі-зайыптылардың арасы суып жатады.

2 Некеңізде ара-арасында қиындықтар туындап жатса, таңғалмаңыз. Бірақ қиындықтарға бола “некеміз сәтсіз болды” деп ойламаңыз. Тіпті шаңырағы шайқалған отбасылар салқын тартқан қарым-қатынастарын қайта жылытып, некелерін берік еткен. Оларға не көмектесті?

ӨЗАРА ДА, ҚҰДАЙҒА ДА ЖАҚЫНДАҢЫЗ

3, 4. Некеде қандай жағдайлар болуы мүмкін?

3 Неке ойлары мен әдеттері, сондай-ақ талғамдары әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын екі адамның басын қосады. Олардың шыққан ортасы да, мәдениеті де өзгеше болуы мүмкін. Сондықтан бір-бірінің тілін тауып, түсінісе бастағанша біраз уақыт пен күш кетеді.

4 Уақыт өткен сайын ерлі-зайыптылар өз уайымына батып, бір-бірінен алыстап кетуі мүмкін. Күйеу мен әйел деген аты ғана болмаса, бір үйде тұратын көршілердей болып кетеді. Алыстап кеткен мұндай жұбайларды не жақындата алады?

Киелі кітап кеңестері — берік некенің қазығы

5. а) Мәсіхшіге өз жарына жақын бола түсуге не көмектеседі? ә) Еврейлерге 13:4-ке сай, біз некеге қалай қарауымыз керек?

5 Ехобаның тамаша кеңестері жұбайларды өзара да, Құдайға да жақындатады (Зәбүр 25:4; Ишая 48:17, 18). Ехоба өз Сөзінде: “Барлығы некеге құрметпен қарасын”,— деп кеңес береді (Еврейлерге 13:4). Әдетте адамдар нені бағалы көрсе, соған құрметпен қарайды. Ехоба да бізді некені бағалы тұтса екен дейді. Біз некемізді көздің қарашығындай сақтап, қадіріне жетуіміз керек.

ЕХОБАНЫ СҮЮ — БАҚЫТТЫ НЕКЕНІҢ НЕГІЗІ

6. Матай 19:4—6 тармақтарға сай, Ехобаның некеге деген көзқарасы қандай?

6 Алғашқы некенің бастауын берген — Ехобаның өзі. Оның Ұлы Иса былай деген: “Жаратушының о баста адам баласын бірін еркек, бірін әйел етіп жаратқанын оқымап па едіңдер? Жоқ әлде оның былай дегенін оқыған жоқсыңдар ма: “Сондықтан еркек әке-шешесін қалдырып, әйеліне қосылады, сөйтіп, екеуі біртұтас болады”. Енді олар екеу емес, біртұтас. Олай болса, Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Матай 19:4—6). Ехоба әуел бастан некенің уақытша емес, мәңгілік болуын ниет еткен. Ол отбасылардың өзара тату-тәтті ғұмыр кешкенін қалаған.

7. Ерлі-зайыптылар некелерін қалай нығайта алады?

7 Әсіресе қазіргі уақытта ерлі-зайыптылардың қиындықтары бастан асып жатыр. Қиындықтан қайысқан кейбіреулер шығарға жол таппай, некелерінен үміт үзіп, беріле салады. Алайда Ехобаның некеге қатысты көзқарасын жете түсінгеніміз бізге көмек бола алады (Жоханның 1-хаты 5:3).

8, 9. а) Ехобаның некеге қатысты нұсқауларына әсіресе қай кезде құлақ асу керек? ә) Некені қадір тұтатынымызды қалай көрсете аламыз?

8 Ехобаның талап-нұсқаулары біздің игілігіміз үшін берілген. Басында оқығанымыздай, ол: “Барлығы некеге құрметпен қарасын”,— деп кеңес береді (Еврейлерге 13:4; Уағыздаушы 5:4). Ехобаның айтқанына тіпті қиын шақтарда да құлақ ассақ, бұдан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз (Салоникалықтарға 1-хат 1:3; Еврейлерге 6:10).

9 Біз некені қадір тұтқандықтан, оған сызат түсіретін істер мен сөздерден аулақ болғымыз келеді. Біз өмірлік жарымызбен жұбымыз жазылмаса екен дейміз. Бірақ бұған қалай қол жеткізуге болады?

СӨЗІҢІЗ БЕН ІСІҢІЗ НЕКЕҢІЗДІ ДАҢҚТАСЫН

10, 11. а) Кейбір некелерде қандай қиындық бар? ә) Жарымызға қалай сөйлейтінімізге неліктен ден қоюымыз керек?

10 Адам әртүрлі жолмен өмірлік серігін жаралап алуы мүмкін. Әрине, мәсіхшілер жарына ешқашан қол көтеріп, тәнін жарақаттамайды. Десе де сүйектен өтетін сөзімізбен сүйген жарымызды жаралауымыз мүмкін. Сөз қанжардай қадалады. Бір әйел былай дейді: “Күйеуімнің өткір сөздері жанымды пышақсыз тілгілейді. Ол тәнімді жараламағанмен, “сен масылсың”, “сорлы бейшарасың” деген сөздерімен жүрегімді жаралайды”. Ал бір үйдің отағасы әйелі оның қадірін түсіретін сөздер айтып, мазақ қылатынын айтады. Ол сөзін былай деп жалғады: “Әйелімнің айтқандарын қайталауға аузым бармайды. Онымен сөйлесу мүмкін емес. Сол себепті үйге келгеннен гөрі түнге дейін жұмыста тыныш отырғаным артық деп ойлаймын”. Өкінішке қарай, ауыр сөз, бейпіл ауыз, тиексіз тіл бүгінде белең алған.

11 Ерлі-зайыпты бір-бірін аямай, батырып сөйлесе, бұл жанға жара салады. Ал жан жарасының жазылуына ұзақ уақыт кетеді. Ерлі-зайыптының мұндай қарым-қатынасы Ехобаға ұнамайды. Алайда кейде өзіміз аңғармай сүйген жарымыздың көңіліне тиіп кетуіміз мүмкін. Сіз өзіңізді мейірімді жар деп ойлайтын шығарсыз, ал қосағыңыз не ойлайды? Сіздің сөзіңіз оның көңіліне тиіп жүрген болса, өзгеруге дайынсыз ба? (Ғалаттықтарға 5:15; Ефестіктерге 4:31 оқыңыз).

12. Ехобамен достығымызды не бұзуы мүмкін?

12 Жұрттың көзінше я оңаша қалғанда жарымызға қалай сөйлейтініміз Ехобаға бәрібір емес (Петірдің 1-хаты 3:7 оқыңыз). Жақып 1:26-да мынадай ескерту жазылған: “Кім өзін Құдайға дұрыс ғибадат етіп жүрмін деп санап, бірақ тілін жүгендемесе, өз-өзін алдап жүр. Оның ғибадаты еш пайдасыз”.

13. Адам некелік жарын тағы қалай жаралауы мүмкін?

13 Ерлі-зайыптыларға тағы бір мәселеде сезімталдық керек. Мысалы, сіз қарсы жынысты адаммен көп уақыт өткізе бастасаңыз, жарыңыз не сезінеді? Сіздің таза ниетпен сол адаммен уағызға шыққаныңыз немесе оған қиын жағдайда көмектескеніңіз жарыңыздың көңіліне қаяу түсіре ме? Бір мәсіхші әйел былай дейді: “Күйеуім қауымдағы бір әйел бауырласқа көп көңіл бөліп кетсе, бұл жаныма батады. Өзімді сондай керексіз сезініп кетемін”.

14. а) Мұсаның 1-жазбасы 2:24-те қандай бұлтартпас шындық жазылған? ә) Қандай сұрақтар туралы ойлануымыз керек?

14 Мәсіхшілердің өз ата-аналарының алдында, қауымдағы бауырластардың алдында жауапкершіліктері бар. Десе де неке құрған соң, біздің ең басты жауапкершілігіміз — біздің жарымыз. Ехоба күйеулердің өз әйелдеріне “қатты жабысатынын” айтқан (Мұсаның 1-жазбасы 2:24, сілтеме). Сондықтан біз үшін жарымыздың сезімдері бәрінен биік тұру керек. Өзіңізге мына сұрақтарды қойып көріңіз: “Жан жарыма уақыт арнап, көңіл бөліп, нәзік сезімімді білдіремін бе? Оның мұны қажет ететінін әрі соған лайық екенін түсінемін бе?”

15. Некедегі мәсіхші неге басқа біреумен жақын болып кетуден аулақ болу керек?

15 Қарсы жынысты біреумен арамыз тым жақын болып кетсе, бұл некеге ауыр соққы болып тиеді. Сіз сол адамға бауыр басып, ғашықтық сезіміңіз ояна бастауы мүмкін (Матай 5:28). Бұл сезімдер өрши түсіп, некеңіздің қадірін түсіретін іске итермелеуі мүмкін.

“ЕШКІМ ЖАР ТӨСЕГІН БЫЛҒАМАСЫН!”

16. Киелі кітапта қандай ескерту бар?

16 “Барлығы некеге құрметпен қарасын” деген сөздерден кейін Киелі кітап былай деп ескертеді: “Ешкім жар төсегін былғамасын! Азғындар мен неке адалдығын бұзушыларды Құдай соттайды” (Еврейлерге 13:4). Мұндағы “жар төсегі” деген сөздер күйеу мен әйелдің арасындағы жыныстық қатынасқа нұсқайды (Нақыл сөздер 5:18). Осы қатынасты былғамай, құрмет тұтатынымызды қалай көрсете аламыз?

17. а) Бүгінде кейбіреулер жарының көзіне шөп салуға қатысты не ойлайды? ә) Ал мәсіхшілер ше?

17 Бүгінде кейбіреулер жарының көзіне шөп салып, опасыздық жасауда тұрған еш жамандық жоқ деп есептейді. Осындай жаңсақ пікірдің бізге де жұғып, санамызға енуіне жол бермеуіміз керек. Ехоба жыныстық азғындықты және көзге шөп салуды жек көретінін анық көрсеткен (Римдіктерге 12:9 оқыңыз; Еврейлерге 10:31; 12:29). Жарымыздан бөлек басқа біреумен жыныстық қатынасқа барсақ, бұл некемізді былғайды. Мұндай әрекетімізбен Ехобаның нормаларына деген құрметіміздің жоқтығын көрсетеміз, әрі Құдаймен қарым-қатынасымызға сызат түсіреміз. Сондықтан біз “жамандықтан жиреніп”, неке адалдығын бұзуға апаратын кез келген әрекеттен аулақ болуымыз керек. Бұндай әрекетке өзге адам жайлы таза емес ойлар да кіреді (Әйүп 31:1).

18. а) Неке адалдығын бұзу неге жалған құдайларға табынумен тең? ә) Көзге шөп салуға Ехоба қалай қарайды?

18 Мұса Заңы бойынша, неке адалдығын бұзу жалған құдайларға табынумен тең тұрған ауыр күнә болып есептелетін. Бұл екеуі де өліммен жазаланатын (Мұсаның 3-жазбасы 20:2, 10). Бұл екі күнәнің арасында қандай ұқсастық бар? Исраилдік адам жалған құдайға табынып кетсе, Ехобаға адал боламын деген сертін бұзатын. Ал жарының көзіне шөп салған адам сүйгеніне адал боламын деген сертін бұзатын (Мұсаның 2-жазбасы 19:5, 6; Мұсаның 5-жазбасы 5:9; Малахи 2:14 оқыңыз). Бір анығы — ежелде Ехоба үшін неке адалдығын бұзу ауыр күнә болған.

19. Некеде адал болуға не көмектеседі?

19 Ал неке адалдығын бұзуға Ехоба бүгін қалай қарайды? Мұса Заңы өз күшін жойса да, Ехобаның көзқарасы өзгерген жоқ. Жалған құдайға табыну ешқашан ойымызға кірмейтіні айтпаса да түсінікті. Сол сияқты жарымызға опасыздық жасаудан да үзілді-кесілді бас тартуымыз керек (Зәбүр 51:1, 4; Қолостықтарға 3:5). Әйтпесе некемізді де, Ехоба Құдайымызды да масқара етеміз (26-түсіндірмені қараңыз).

БОСАҒА БЕРІК БОЛСЫН ДЕСЕК...

20. Даналық некені қалай көркейтеді?

20 Шаңырағымыз биік, босағамыз берік болсын десек, не істеуіміз керек? Құдай Сөзінде: “Даналықпен үй соғылар, Қырағылықпен берік тұрар”,— деген сөздер бар (Нақыл сөздер 24:3). Үй суықтан азынап, қаңырап бос тұруы мүмкін, я болмаса жайлы да жылы ұядай болуы мүмкін. Неке де тура сондай. Даналығы мол адам некесінің қаймағы бұзылмай, береке-бірлігі жарасу үшін барын салады.

21. Некенің босағасын білім қалай берік етеді?

21 Киелі кітапта үй жайында әрі қарай былай делінген: “Білімнің арқасында үйдің іші небір бағалы әсем қазынаға толар” (Нақыл сөздер 24:4). Құдай Сөзінен алған біліміңіз некеңізді анағұрлым жақсартады (Римдіктерге 12:2; Філіпіліктерге 1:9). Жарыңызбен бірге Киелі кітап пен әдебиеттерімізді оқып, қай жағынан пайдалы болатынын талқылаңыз. Жарыңызға құрмет пен махаббатыңызды қалай білдіре алатыныңызды ойлап көріңіз. Сондай-ақ оған мейірімді екеніңізді, оны ойлап жүретініңізді көрсетіп тұрыңыз. Құдайдан некенің тұғырын берік етуге көмектесетін әрі жарыңызға сізді сүйкімді ететін қасиеттерді дарытсын деп сұраңыз (Нақыл сөздер 15:16, 17; Петірдің 1-хаты 1:7).

Отбасылық ғибадат кезінде Ехобадан бағыт-бағдар сұраңыз

22. Неге жарымызды махаббат пен құрметке бөлеуіміз керек?

22 Құдай қосқан қосағымызды махаббат пен құрметке бөлеу үшін барымызды салайық. Сонда некеміз ыстық ұя, шайқалмас қорған болады. Одан да маңыздысы — Ехобаны шексіз қуанышқа бөлейді (Зәбүр 147:11; Римдіктерге 12:10).