Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Түсіндірме

Түсіндірме

 1. ПРИНЦИПТЕР

Құдайдың заңдары оның принциптеріне негізделген. Ал принциптер дегеніміз — Киелі кітаптағы негізгі шындықтар. Солардың арқасында біз Құдайдың әртүрлі жағдайларға қатысты не ойлап, не сезінетінін түсіне аламыз. Принциптер өмірде дұрыс шешімдер қабылдап, дұрыс нәрсені істеуге көмектеседі. Олар әсіресе қандай да бір жағдайға қатысты нақты Құдайдың заңы болмағанда таптырмас көмектің көзі.

1-тарау, 8-абзац

 2. МОЙЫНСҰНУШЫЛЫҚ

Ехобаға мойынсұну деген оның айтқандарын шын ықыласпен орындауды білдіреді. Ехоба оған мойынсұнуымызға сүйіспеншілік қозғау салса екен дейді (Жоханның 1-хаты 5:3). Құдайды жақсы көрсек әрі оған сенім артсақ, барлық жағдайда оның ақыл-кеңесіне құлақ асамыз. Тіпті қиын болса да оған мойынсұна береміз. Ехобаға мойынсұнғанымыз өзімізге жақсы. Өйткені ол бізге қазірдің өзінде мағыналы өмір сүруді үйретеді. Ал болашақта көл-көсір батаға кенелтетінін уәде етеді (Ишая 48:17).

1-тарау, 10-абзац

 3. ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІ

Ехоба әрбір адамға таңдау еркіндігін, яғни таңдау жасау қабілетін берген. Ол бізді робот сияқты етіп жаратпаған (Мұсаның 5-жазбасы 30:19; Ешуа 24:15). Біз осы еркіндігімізді пайдаланып, дұрыс шешімдер қабылдай аламыз. Бірақ абай болмасақ, қате шешімдер қабылдап қоюымыз да мүмкін. Таңдау еркіндігіміз болғандықтан, Ехобаға адал боламыз ба, оны жақсы көретінімізді дәлелдейміз бе — оны өзіміз шешуіміз керек.

1-тарау, 12-абзац

 4. МОРАЛЬДЫҚ НОРМАЛАР

Ехоба жүріс-тұрысымыз бен әрекеттерімізге қатысты моральдық нормалар, немесе нұсқаулар орнатқан. Киелі кітаптан біз моральдық нормаларға не жататынын, Құдайға ұнамды болуға қалай көмектесетінін және өзімізге қандай пайдасы бар екенін біле аламыз (Нақыл сөздер 6:16—19; Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Бұл нұсқаулар бізге Құдай үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білуге көмектеседі. Сондай-ақ өзгелерді жақсы көруді, дұрыс шешім қабылдауды және мейірімді болуды үйретеді. Осы әлемнің нормалары құлдыраған үстіне құлдырап барады, ал Ехобаның нормалары ешқашан өзгермейді (Мұсаның 5-жазбасы 32:4—6; Малахи 3:6). Оларға құлақ асқанымыз бізді тән мен жан азабынан сақтайды.

1-тарау, 17-абзац

 5. АР-ҰЖДАН, АР-ҰЯТ

Ар-ұждан немесе ар-ұят — іштей дұрыс пен бұрысты ажырата білу сезімі. Ехоба әрбірімізге ар-ұждан сыйлаған (Римдіктерге 2:14, 15). Ар-ұждан өз қызметін дұрыс атқару үшін оны Ехобаның моральдық нормаларымен тәрбиелеуіміз керек. Сонда ол бізге Құдайға ұнайтын шешімдер қабылдауға көмектесетін болады (Петірдің 1-хаты 3:16). Ар-ұятымыз бұрыс шешімнің алдында тұрғанда бізді дабыл қағып ескертеді, ал бұрыс әрекет еткенде жанымызды жегідей жейді. Ар-ұжданымыздың мұқалып қалатын кездері болуы мүмкін, бірақ Ехобаның көмегімен оны қайтадан қалпына келтіруге болады. Таза ар-ұжданның арқасында біз жантыныштығын сезініп, өзімізді құрметтейміз.

2-тарау, 3-абзац

 6. ҚҰДАЙДАН ҚОРҚУ

Құдайды қатты жақсы көріп, терең құрметтегендіктен, оны ренжітетін істерден аулақ жүреміз. Құдайдан қорқу осыны білдіреді. Мұндай қорқыныш бізге жақсылыққа асық болып, жамандықтан қашық болуға көмектеседі (Зәбүр 111:10). Сондай-ақ Ехобаның айтқан әрбір сөзіне мұқият ден қоюға талпындырады. Құдайды терең құрметтегендіктен, оған берген уәдемізге берік болып қаламыз. Құдайдан қорықсақ, бұл біздің ойымызға, өзгелермен қарым-қатынасымызға және күнделікті шешімдерімізге әсер етеді.

2-тарау, 9-абзац

 7. ӨКІНУ

Өкіну деген адамның өз бұрыс қылығы үшін қатты қайғыруын да білдіреді. Құдайды сүйетіндер оның нормаларынан аттап кеткендері үшін қатты күйінеді. Біз шалыс қадам басқанда, Ехобаға жалынып, Исаның төлемінің негізінде бізді кешіруін сұрауымыз керек (Матай 26:28; Жоханның 1-хаты 2:1, 2). Шын жүректен өкініп, жаман істерімізді доғарсақ, сөзсіз Ехобаның кешіріміне ие боламыз. Содан кейін бұрын жасаған қателіктеріміз үшін өзімізді кінәлі сезінудің еш қажеті жоқ (Зәбүр 103:10—14; Жоханның 1-хаты 1:9; 3:19—22). Қателігімізден сабақ алып, бұрыс ойларымызды өзгертіп, Ехобаның нормаларына сай өмір сүру үшін барымызды салуымыз керек.

2-тарау, 18-абзац

 8. ҚАУЫМНАН ШЫҒАРУ

Ауыр күнә жасап, онысына өкінбейтін, сондай-ақ Ехобаның нормаларымен жүруден бас тартатын адам қауымның мүшесі бола алмайды. Ол қауымнан шығарылу керек. Біз қауымнан шығарылған адаммен қарым-қатынасымызды үзіп, мүлдем сөйлеспейміз (Қорынттықтарға 1-хат 5:11; Жоханның 2-хаты 9—11). Қауымнан шығару шарасы Ехобаның есіміне кір келтіруден сақтап, қауымды қорғайды (Қорынттықтарға 1-хат 5:6). Сондай-ақ бұл шара адамды жөнге салады, соның арқасында ол ісіне өкініп, Ехобаға қайта оралуы мүмкін (Лұқа 15:17).

3-тарау, 19-абзац

 9. НҰСҚАУ, БАҒЫТ-БАҒДАР, КЕҢЕС

Ехоба бізді жақсы көреді, әрі көмектескісі келеді. Сол себепті Киелі кітап арқылы және Құдайды жақсы көретін адамдар арқылы нұсқаулар, бағыт-бағдар мен кеңестер береді. Кемелсіз болғандықтан біз оның көмегіне зәруміз (Еремия 17:9). Ехоба бізді жетелеу үшін тағайындаған адамдардың айтқандарына құрметпен құлақ ассақ, Ехобаны құрметтейтінімізді әрі оған мойынсұнатынымызды көрсетеміз (Еврейлерге 13:7).

4-тарау, 2-абзац

 10. МЕНМЕНДІК ПЕН КІШІПЕЙІЛДІЛІК

Кемелсіз болғандықтан менмендік пен өзімшілдікке бой алдыруымыз оп-оңай. Бірақ Ехоба кішіпейіл болғанымызды қалайды. Әдетте өзімізді Ехобамен салыстырып, оның қасында түкке тұрғысыз пенде екенімізді түсінгенде, кішіпейілділікке үйренеміз (Әйүп 38:1—4). Сондай-ақ кішіпейіл болу үшін өзімізге емес, өзгелерге жақсы болсын деп, өзгенің игілігін көбірек ойлауды үйренгеніміз маңызды. Менмендік адамды өзгелерден артықпын деп ойлауына түрткі болады. Ал кішіпейіл жан өзіне тура көзбен қарап, өзінің әлді де әлсіз жақтарын көре біледі. Мұндай адам өз қателерін мойындаудан, кешірім сұраудан қорықпайды және ұсыныстар мен кеңестерді қабыл алады. Кішік адам Ехобаға арқа сүйеп, оның нұсқауларына құлақ асады (Петірдің 1-хаты 5:5).

4-тарау, 4-абзац

 11. БИЛІК

Билік дегеніміз — бұйрық беру және шешім қабылдау құқы. Ехоба — көктегі және жердегі ең жоғарғы билік иесі. Ол бәрін жаратты, әрі ғаламдағы ең құдіретті Тұлға. Ол әрдайым билігін өзгелердің игілігіне пайдаланады. Ехоба кейбір адамдарға бізге бас-көз болуды тапсырған. Мысалы, ата-аналарда, қауым ақсақалдарында және үкіметтерде біршама билік бар. Ехоба оларға мойынсұнғанымызды қалайды (Римдіктерге 13:1—5; Тімөтеге 1-хат 5:17). Бірақ адамдардың заңдары Құдай заңына қайшы келгенде, біз бірінші кезекте адамға емес, Құдайға мойынсұнамыз (Елшілердің істері 5:29). Ехоба билік берген адамдарға мойынсұнсақ, оның шешімдерін құрметтейтінімізді көрсетеміз.

4-тарау, 7-абзац

 12. АҚСАҚАЛДАР

Ехоба ақсақалдар арқылы қауымды қамқорлайды (Мұсаның 5-жазбасы 1:13; Елшілердің істері 20:28). Осы тәжірибелі ер бауырластар Ехобамен достығымызды нығайтып отыруға әрі оған татулықта және ұйымдасқан түрде ғибадат етуімізге көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 14:33, 40). Ақсақалдар киелі рухпен тағайындалады. Ол үшін олар киелі рухтың жетелеуімен жазылған Киелі кітаптағы белгілі бір талаптарға сай келу керек (Тімөтеге 1-хат 3:1—7; Титке 1:5—9; Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Біз Ехобаның ұйымына сенім артып, қолдау көрсетеміз. Сондықтан ақсақалдармен қуана қызметтесеміз (Зәбүр 138:6; Еврейлерге 13:17).

4-тарау, 8-абзац

 13. ОТАҒАСЫ

Ехоба ата-аналарға балаларына және үй ішіндегілеріне қамқор болу міндетін жүктеген. Алайда Киелі кітапта отбасының тізгіні күйеудің қолына берілгені айтылған. Отбасында әке жоқ болса, тізгінді өз қолына анасы алады. Отағалық міндетке отбасын тамақпен, киіммен және баспанамен қамтамасыз ету кіреді. Сондай-ақ отағасы отбасына Ехобаға ғибадат етуге көмектесу керек. Мысалы, ол отбасының қауым кездесулеріне қалмай барғанын, үнемі уағызға шыққанын қадағалап, олармен бірге Киелі кітапты зерттеуі қажет. Сондай-ақ отбасында соңғы шешімді отағасы қабылдайды. Ол әрдайым Исаға еліктеп, мейірімділік пен парасаттылық танытады, дөрекілік пен қатыгездіктен бойын аулақ ұстайды. Осының арқасында отбасында сүйіспеншіліктің лебі есіп, отбасы мүшелері өздерін жайлы сезінеді, әрі Ехобамен қарым-қатынастары нығаяды.

4-тарау, 12-абзац

 14. БАСҚАРУШЫ КЕҢЕС

Басқарушы кеңес көкте өмір сүруге үміті бар ер адамдардан тұрады. Құдай олар арқылы өз халқына бағыт-бағдар беріп отырады. Бірінші ғасырда Ехоба басқарушы кеңес арқылы ертедегі мәсіхшілерге ғибадат ету мен уағыздауға қатысты нұсқаулар беріп отырған (Елшілердің істері 15:2). Бүгінде Басқарушы кеңестегі бір топ ер бауырлас бізді жетелеп, нұсқау беріп, Құдайға жақын болуымызға көмектеседі. Бұл бауырластар Құдай Сөзінің және киелі рухтың жетекшілігімен шешім қабылдайды. Иса майланған осы бір топ ер бауырласты “адал да ақылды құл” деп атаған (Матай 24:45—47).

4-тарау, 15-абзац

 15. БАСЫН ЖАБУ

Әдетте ер бауырластар атқару керек іс кей кездері әйел бауырласқа жүктелуі мүмкін. Әйел бауырлас сол істі атқарғанда, Ехобаның бекіткен тәртібін құрметтейтінін көрсету үшін басын жабу керек. Мысалы, әйел бауырлас Киелі кітап зерттеу сабағын жүргізгенде, қасында күйеуі я шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас болса, ол басын жабу керек (Қорынттықтарға 1-хат 11:11—15).

4-тарау, 17-абзац

 16. БЕЙТАРАПТЫҚ

Біз бейтарап болсақ, саяси істерде ешкімнің жағына шықпаймыз (Жохан 17:16). Өйткені Ехобаның халқы Құдай Патшалығының жағына шығып қойған. Біз де Иса сияқты осы дүниенің істеріне араласпаймыз.

Ехоба бізден “үкімет пен билік иелеріне бағынуды” талап етеді (Титке 3:1, 2; Римдіктерге 13:1—7). Бірақ ол кісі өлтірмеуді де бұйырады. Сондықтан мәсіхшінің ар-ұжданы соғысқа баруға жол бермейді. Оған әскерге барудың орнына соғыспен еш байланысы жоқ әрі әскери киім киюді талап етпейтін баламалы жұмыс ұсынылуы мүмкін. Мұндайда әр мәсіхші ар-ұжданына сүйеніп шешім қабылдайды.

Ехоба Жаратушымыз болғандықтан, біз тек оған құлшылық етеміз. Біз мемлекеттік рәміздерге құрметпен қараймыз, бірақ туға бас имейміз, әнұран да айтпаймыз (Ишая 43:11; Даниял 3:1—30; Қорынттықтарға 1-хат 10:14). Сондай-ақ Ехобаның әр қызметшісі қандай да бір саяси партияға не үміткерге дауыс бермеуді жеке өздері шешіп қойған. Өйткені біз Құдай Патшалығының жағына әлдеқашан шығып қойғанбыз (Матай 22:21; Жохан 15:19; 18:36).

5-тарау, 2-абзац

 17. ОСЫ ДҮНИЕНІҢ РУХЫ

Осы дүние Шайтанның көзқарасын насихаттайды. Бұл көзқарас Ехобаны сүймейтін, оған еліктемейтін, талаптарынан бас тартатын адамдарға тән (Жоханның 1-хаты 5:19). Мұндай көзқарас пен одан туындайтын іс-әрекеттер осы дүниенің рухы деп сипатталады (Ефестіктерге 2:2). Ехобаның халқы сол рухтың ықпалында емес екендіктерін үнемі тексеріп отыру керек (Ефестіктерге 6:10—18). Біз Ехобаның жолдарын жақсы көреміз және оның көзқарасын барынша ұстанамыз.

5-тарау, 7-абзац

 18. ЖОЛДАНТАЮШЫЛЫҚ

Жолдантаюшылық деген — Киелі кітаптағы шындықтарға қарсы шығу. Жолдантаюшылар Ехобаға, Құдай Патшалығының Патшасы Исаға қарсы бас көтереді. Сондай-ақ өздерімен бірге өзгелерді де еліктіріп әкеткісі келеді (Римдіктерге 1:25). Олар Ехобаға қызмет ететіндердің санасына күмән ұялатады. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымында кейбіреулер жолдан тайып кеткен. Біздің күнімізде де ондайлар бар (Салоникалықтарға 2-хат 2:3). Ехобаға адал жандар жолдантаюшылармен ешқандай қарым-қатынаста болмайды. Біз ешқашан қызыққаннан я біреудің қыспағымен олардың пікірлерін оқымаймыз да, тыңдамаймыз да. Өйткені біз Ехобаға адалмыз, әрі тек оған ғана ғибадат етеміз.

5-тарау, 9-абзац

 19. КҮНӘНІ ӨТЕУ

Мұса Заңын ұстанған Исраил халқы Ехобадан күнәларының кешірілуін сұрайтын. Олар ғибадатханаға құрбандық ретінде мал, май және астық тартуын әкелетін. Бұл құрбандықтар Ехоба жеке адамның я бүкіл Исраил халқының күнәларын кешіруге дайын екенін еске салатын. Иса біздің күнәларымызды өтеу үшін өз өмірін бергеннен кейін, күнәні өтеу үшін ұсынылатын құрбандықтар әкелу қажет болмай қалды. Өйткені Иса кемелді құрбандықты “біржола ұсынды” (Еврейлерге 10:1, 4, 10).

7-тарау, 6-абзац

 20. МАЛДЫҢ ӨМІРІНЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУ

Мұса Заңында адамдарға малдың етін жеуге рұқсат етілген. Сондай-ақ олардан құрбандыққа мал әкелу талап етілген (Мұсаның 3-жазбасы 1:5, 6). Алайда Ехоба малдарға жауыздықпен қарауға ешқашан рұқсат етпеген (Нақыл сөздер 12:10). Тіпті Заңда жануарларды жауыздықтан қорғайтын ережелер болған. Исраилдіктер өз малдарын тиісінше күтіп бағуға міндетті еді (Мұсаның 5-жазбасы 22:6, 7).

7-тарау, 6-абзац

 21. ҚАН ФРАКЦИЯЛАРЫ МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ЕМ-ШАРАЛАР

Қан фракциялары. Қан мынадай негізгі төрт бөліктен тұрады: эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер және плазма. Осы негізгі төрт бөлік тағы да ұсақ бөліктерге бөлінуі мүмкін, оларды қан фракциялары деп атайды *.

Мәсіхшілер қанды я оның төрт бөлігінің ешқайсысын құйдырмайды. Ал қан фракциялары жайында не деуге болады? Бұл жайында Киелі кітапта нақты ештеңе айтылмаған. Сондықтан әр мәсіхші Киелі кітаппен тәрбиеленген ар-ұжданына сүйеніп шешім қабылдау керек.

Кейбір мәсіхшілер барлық қан фракциясынан бас тартады. Олар Мұса Заңындағы малдың қанын “жерге төгіп тастаңдар” деген бұйрықты себеп қылуы мүмкін (Мұсаның 5-жазбасы 12:22—24).

Ал кейбіреулер, керісінше, ар-ұждандарына сүйеніп, кейбір қан фракцияларын қабылдауды шешуі мүмкін. Олар адамның я жануардың қанынан алынған мұндай ұсақ фракциялар өмірді бейнелемейді деп тұжырымдауы мүмкін.

Қан фракцияларына қатысты шешім қабылдамас бұрын мына сұрақтарды қарастырған жөн:

  • Қанның барлық фракциясынан бас тартсам, аурумен күресетін я қан кетуді тоқтататын кейбір дәрі-дәрмектерден де бас тартатынымды түсінемін бе?

  • Қандай да бір қан фракциясынан бас тартсам немесе қолдануды шешсем, мұның себебін дәрігерге қалай түсіндіріп берер едім?

Медициналық ем-шаралар. Мәсіхшілер донорлыққа қан тапсырмайды, сондай-ақ ота кезінде қанын қайта құю үшін өз қанын алдын ала сақтап қоймайды. Алайда науқастың өз қаны қолданылатын басқа да ем-шаралар бар. Әр мәсіхші ота жасатқанда, зертханаға қан тапсырғанда, я болмаса қазір қабылдап жатқан емдеу әдістерінде өз қанын қалай пайдаланатынын өзі шешу керек. Осындай ем-шаралар кезінде науқастың қаны уақытша бөлек алынуы мүмкін (Көбірек мәліметті мына жерден оқи аласыз: “Күзет мұнарасы”, 1 ақпан, 2001 жыл, 30, 31-беттер).

Мысалы, гемодилюция деп аталатын ем-шара бар. Дәл отаның алдында науқастың қанының белгілі бір мөлшері алынып, орнына сұйық қоспалар құйылады. Ота кезінде я одан кейін науқастың қаны өзіне қайтарылады.

Тағы бір ем-шара түрі — реинфузия. Науқастың ота кезінде жоғалтқан қаны жиналып, тазартылып, ота кезінде не одан кейін өзіне қайтып құйылады.

Әр дәрігер бұл ем-шараларды өзінше жасауы мүмкін. Сондықтан қандай да бір отаға келісім бермес бұрын, зертханаға қан тапсырмас бұрын, қандай да бір емдеу әдісін қабылдамас бұрын, мәсіхші өз қанының қалай қолданылатынын нақты біліп алу керек.

Өз қаныңыз қолданылатын ем-шара түрін таңдамас бұрын, мына сұрақтарды қарастырып көріңіз:

  • Денемнен белгілі бір мөлшерде қан алынса және айналымы уақытша тоқтатылса, ар-ұжданым сол алынған қанды әлі де денемнің бір бөлігі, “жерге төгіп тастаудың” қажеті жоқ деп есептеуге жол бере ме? (Мұсаның 5-жазбасы 12:23, 24).

  • Медициналық ем-шара кезінде қаным алынып, құрамы өзгертіліп, өзіме қайта құйылса, я болмаса ота кезінде жарамның үстіне қолданылса, Киелі кітаппен тәрбиеленген ар-ұжданым мені мазалап жүрмей ме?

  • Өз қаным қолданылатын ем-шаралардың барлық түрінен бас тартсам, зертханаға қан тапсырудан, гемодиализден немесе жасанды қан айналымын жасайтын аппараттан да бас тартатынымды түсінемін бе?

Қан фракцияларына және өз қанымыз қолданылатын медициналық ем түріне қатысты шешім қабылдамас бұрын, Ехобадан бағыт-бағдар сұрап дұға етуіміз, сосын зерттеу жасауымыз керек (Жақып 1:5, 6). Содан кейін Киелі кітаппен тәрбиеленген ар-ұжданымызға сүйеніп шешім қабылдауымыз қажет. Басқалардан “менің орнымда болсаң не істер едің?” деп сұрамағанымыз жөн. Басқалар да шешімімізге ықпал етпеу қажет (Римдіктерге 14:12; Ғалаттықтарға 6:5).

7-тарау, 11-абзац

 22. МОРАЛЬДЫҚ ТАЗАЛЫҚ

Моральдық тұрғыдан таза болу — Құдайдың көз алдында жүріс-тұрысымыз бен іс-әрекетіміз таза болу керек деген сөз. Моральдық тазалыққа не ойлайтынымыз, не айтатынымыз және не істейтініміз жатады. Ехоба жыныстық азғындықтың кез келген түрінен аулақ болуды бұйырады (Нақыл сөздер 1:10; 3:1). Бұрыс әрекетке итермелейтін сынаққа кезікпей тұрып Ехобаның моральдық тазалыққа қатысты талаптарын ұстанамыз ба, жоқ па — соны алдын ала шешіп алуымыз керек. Ой тазалығын сақтау үшін Ехобадан үздіксіз көмек сұрап, нәпсілік азғырылулардан бойымызды аулақ ұстауға белді бекем бууымыз қажет (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10, 18; Ефестіктерге 5:5).

8-тарау, 11-абзац

 23. ӨРЕСКЕЛ ҚЫЛЫҚТАР МЕН АРАМ ІСТЕР

Өрескел қылыққа Құдайдың нормаларын аяқасты ететін сөздер немесе әрекеттер жатады. Сондай-ақ бұл бейбастақ, арсыз мінез-құлықты білдіреді. Өрескел адам Құдайдың заңдарын құрметтемейтінін көрсетеді. Өрескел қылық сот комитетінде қарастырылады. Ал арам істерге әртүрлі бұрыс істер кіреді. Істің ауырлығына қарай кейбір жағдайларда сот комитеті құрылып, істі қарастыруы мүмкін (Ғалаттықтарға 5:19—21; Ефестіктерге 4:19; көбірек мәлімет алу үшін, мына мақаланы қараңыз: “Оқырман сауалдары” (ор.), “Күзет мұнарасы”, 2006 жыл, 15 шілде).

9-тарау, 7-абзац; 12-тарау, 10-абзац

 24. МАСТУРБАЦИЯ

Ехобаның ой-ниеті бойынша, жыныстық қатынас — некедегі ер мен әйелдің бір-біріне деген махаббаттарының таза көрінісі. Алайда біреу мастурбациямен айналысса, яғни құмарын қандыру үшін жыныс мүшесін үйкелеп қоздырса, мұндай адам жыныстық қатынастың таза сипатын арамдайды. Мастурбация әдеті адамның Ехобамен қарым-қатынасын бұзады. Ол арсыз қалауларды өршітіп, жыныстық қатынасқа деген көзқарасты бұрмалайды (Қолостықтарға 3:5). Адам осы арам әдеттің құлына айналып, мұнысын тастай алмай жүрсе, еш берілмеу керек (Зәбүр 86:5; Жоханның 1-хаты 3:20). Сіз де осы әдетпен күресіп жүрсеңіз, Ехобаға ынты-шынтыңызбен дұға айтып, көмек сұраңыз. Арсыз ойларды өршітетін порнография сияқты нәрселерден аулақ болыңыз. Ехобаның заңдарына құрметпен қарайтын ата-анаңызбен немесе рухани толысқан досыңызбен сөйлесіңіз (Нақыл сөздер 1:8, 9; Салоникалықтарға 1-хат 5:14; Титке 2:3—5). Ехоба сіздің моральдық жағынан таза болу үшін күш салып жатқаныңызды байқайды және әр талпынысыңызды бағалайды (Зәбүр 51:17; Ишая 1:18).

9-тарау, 9-абзац

 25. ПОЛИГАМИЯ

Қандай да бір адамның екі я одан да көп адаммен неке құру дәстүрін полигамия деп атайды. Ехоба некені бір еркек пен бір әйелдің одағы болу үшін жаратқан. Ежелгі Исраилде Құдай ер адамдарға бірнеше әйелге үйленуге жол берген. Алайда полигамия Құдайдың о бастағы ниетіне кірмеген. Бүгінде Ехоба өз қызметшілерінің арасында полигамияның болуына рұқсат етпейді. Күйеудің бір ғана әйелі, ал әйелдің бір ғана күйеуі болу керек (Матай 19:9; Тімөтеге 1-хат 3:2).

10-тарау, 12-абзац

 26. АЖЫРАСУ МЕН БӨЛЕК ТҰРУ

Ехоба ерлі-зайыптылардың өмір бойы бірге болғанын ниет еткен (Мұсаның 1-жазбасы 2:24; Малахи 2:15, 16; Матай 19:3—6; Қорынттықтарға 1-хат 7:39). Жарының бірі көзге шөп салған жағдайда ғана ол ажырасуға рұқсат етеді. Десе де Ехоба ажырасу-ажыраспауды кінәсіз жардың өзіне шешуге ерік берген (Матай 19:9).

Кей кезде кейбір мәсіхшілер неке адалдығы бұзылмаса да, бір-бірінен бөлек тұруды шешіп жатады (Қорынттықтарға 1-хат 7:11). Олар келесідей жайттарды себеп етуі мүмкін:

  • Отбасының қамын ойлаудан әдейі бас тарту. Күйеуі отбасын қамтамасыз етуден бас тартып, отбасын ақшасыз я тамақсыз қалдырса (Тімөтеге 1-хат 5:8);

  • Аяусыз күш көрсету. Күш көрсетудің құрбаны болған жары денсаулығына я өміріне қауіп төніп тұрғанын сезсе (Ғалаттықтарға 5:19—21);

  • Ехобаға ғибадат етуге мүлдем мүмкіндік бермеу. Күйеуі не әйелі жарының Ехобамен қарым-қатынасына қауіп төндіріп, қызмет етуіне мұрша бермесе (Елшілердің істері 5:29).

11-тарау, 19-абзац

 27. МАҚТАУ МЕН ЖІГЕРЛЕНДІРУ

Бәріміз де мақтау мен жігерді қажет етеміз (Нақыл сөздер 12:25; 16:24). Біз бір-бірімізді мейрімді де жұмсақ сөздермен жұбатып, нығайта аламыз. Бұл үлкен қиындықтарға кезігіп жатқан бауырластарға табанды болуға, Ехобаға әрі қарай да қызмет етуге көмектеседі (Нақыл сөздер 12:18; Філіпіліктерге 2:1—4). Арамызда жабырқап жүргендер болса, оларды құрметпен тыңдап, сезімдерін түсінуге тырысуымыз керек. Осының арқасында не айту керек екенін әрі қандай көмек керек екенін түсіне аламыз (Жақып 1:19). Бауырластардың қажетін түсіне білу үшін, олармен жақынырақ танысуды мақсат етіңіз. Сонда сіз оларға жігер мен жұбаныш атаулының қайнар көзі Ехобаға жүгінуге көмектесе аласыз (Қорынттықтарға 2-хат 1:3, 4; Салоникалықтарға 1-хат 5:11).

12-тарау, 16-абзац

 28. ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

Киелі кітапта үйлену тойына қатысты нақты заң-талаптар жазылмаған. Әр елдің дәстүрлері мен заңдары әртүрлі (Мұсаның 1-жазбасы 24:67; Матай 1:24; 25:10; Лұқа 14:8). Үйлену тойының ең басты бөлігі — жас жұбайлардың Ехобаның алдында беретін анты. Осындай жауапты сәтте кейбір жұбайлар туыстары мен достарының қастарында болғанын қалайды, сондай-ақ бір ақсақалдың Киелі кітапқа негізделген баяндама айтқанын қалауы мүмкін. Артынан үлкен той жасай ма, кіші той жасай ма не мүлдем жасамай ма — мұны жас жұбайлар өздері шешеді (Лұқа 14:28; Жохан 2:1—11). Не шешсе де, ең бастысы тойлары Ехобаға мадақ әкелу керек (Мұсаның 1-жазбасы 2:18—24; Матай 19:5, 6). Оларға шешім қабылдауға Киелі кітап принциптері көмектесе алады (Жоханның 1-хаты 2:16, 17). Жас жұбайлар дастарқанға ішімдік қоюды шешсе, олар тойдың тиісті түрде өтуін қадағалау керек (Нақыл сөздер 20:1; Ефестіктерге 5:18). Тойда музыка, көңіл көтеретін бағдарлама болса, олардың Ехобаға даңқ әкелетіндей болуына көз жеткізулері керек. Жас жұбайлар бірінші кезекте той күніне емес, Құдаймен қарым-қатынастарына және өзара қарым-қатынастарына баса назар аударғандары жөн (Нақыл сөздер 18:22; көбірек мәлімет алу үшін “Күзет мұнарасындағы” мақалаларды қараңыз: 1 қараша, 2006 жыл, 8—12 беттер және 17—21 беттер; 15 қазан, 2006 жыл (ор.) 28—31 беттер).

13-тарау, 18-абзац

 29. ДҰРЫС ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУ

Біз Құдай Сөзіндегі принциптерге негіздеп шешім қабылдағымыз келетіні даусыз. Мысалы, Куәгер емес жары мәсіхші жарынан қандай да бір мейрам күні туыстарға қонаққа бірге барып келуді өтінуі мүмкін. Сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, не істейсіз? Қонаққа баруға ар-ұжданыңыз жіберсе, жарыңызға жалған діннің әдет-ғұрыптары жасалған жағдайда оларға қатыспайтыныңызды алдына ала түсіндіріп қойыңыз. Сондай-ақ сіздің барғаныңыз өзгені сүріндіріп жүрмей ме — соны да ойлаңыз (Қорынттықтарға 1-хат 8:9; 10:23, 24).

Тағы бір жағдай: жұмыс беруші мереке күніне орай сыйақы ұсынды делік. Сыйақыдан бас тарту керек пе? Бас тартпасаңыз да болады. Қандай шешім қабылдайтыныңыз жұмыс берушінің ниетіне де байланысты болуы мүмкін. Ол сыйақыны мейрамның бір бөлігі деп қарастыра ма? Әлде сыйақымен жай ғана ризашылығын білдіргісі келе ме? Осы да, басқа да жайттар жөнінде ой жүгірткен соң, сыйақыны аласыз ба, жоқ па — соны шешу керек болады.

Басқа бір жағдай: сізге біреу мейрамға арнап сыйлық беріп жатып: “Мейрамды тойламайтыныңды білемін, бірақ мынаны саған бергім келіп тұр”,— дейтін шығар. Бәлкім, бұл адам жай ғана сізге жақсылық жасағысы келген шығар. Алайда сол адам сеніміңізді сынап немесе мейрамды тойлауға сізді қатыстырғысы келіп тұрған жоқ па деп ойланып көріңіз. Сосын сыйлықты аласыз ба, жоқ па — мұны өзіңіз шешесіз. Біз әрбір шешімімізбен Ехобаға адал екенімізді көрсетіп, ар-ұжданымыздың тыныш болғанын қалаймыз (Елшілердің істері 23:1).

13-тарау, 22-абзац

 30. БИЗНЕС ПЕН ЗАҢИ МӘСЕЛЕЛЕР

Көп жағдайда келіспеушіліктерді бірден у-шусыз шешуге болатындықтан, олар үлкен мәселеге айналып кетпеу керек (Матай 5:23—26). Барлық мәсіхшілер бірінші кезекте Ехобаға мадақ әкеліп, қауымның бірлік-ынтымағын бұзбауды ойлау қажет (Жохан 13:34, 35; Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).

Мәсіхшілердің арасында іскерлік мәселелерде түсініспеушілік туа қалса, олар бұл мәселені осы дүниелік сотқа жеткізбей шешкендері жөн. Қорынттықтарға 1-хат 6:1—8 тармақтарда елші Пауыл мәсіхшілердің бір-бірін сотқа апаруына байланысты кеңес берген. Бауырласын сотқа апарған адам Ехобаны да, қауымды да жаманатты етеді. Жалақор не алаяқ деген айып тағылған жағдайда мәсіхшілер Матай 18:15—17 тармақтардағы үш қадамға сай әрекет етулері керек. 1) Алдымен, олар мәселені өзара шешуге тырысу керек. 2) Бұдан нәтиже шықпаса, олар қауымдағы толысқан бір не екі бауырластан көмек сұрау керек. 3) Сосын, қажет болса, бұл істі ақсақалдардың кеңесіне тапсыруға болады. Бұл мәселе соңғы қадамға дейін жетсе, ақсақалдар бұл іске қатысы барлардың бейбіт келісімге келулеріне көмектесу үшін Киелі кітап принциптерін көрсетеді. Іске қатысы барлардың бірі Киелі кітап нормаларын орындаудан бас тартса, қауым ақсақалдарына сот комитетін құру қажет болуы мүмкін.

Бірақ кейде осы дүниелік сотқа жүгіну қажет болатын жағдайлар болады. Мысалы, ажырасу, балаға қорғаншы болу, алимент төлеу, сақтандыру, банкрот не өсиетхат мәселесі. Осындай жағдайда мәсіхші сотқа жүгініп, мәселені қолынан келгенше у-шусыз шешуге тырысса, ол Пауылдың кеңесін бұзбайды.

Зорлау, баланы азғындау, шабуыл жасау, үлкен көлемде ұрлық жасау, я болмаса кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыс болған жағдайда мәсіхші тиісті органдарға хабарласса, мұнысымен ол Пауылдың кеңесін бұзбайды.

14-тарау, 14-абзац

 31. ШАЙТАННЫҢ АЛДАП-АРБАУЫ

Сонау Едем бағынан бастап Шайтан адамдарды алдауға барынша тырысып келеді (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6; Аян 12:9). Ой-санамыз бүлінсе, ол бізге жаман істерді істете алатынын жақсы біледі (Қорынттықтарға 2-хат 4:4; Жақып 1:14, 15). Ол саясат, дін, сауда-саттық, ойын-сауық, білім мен басқа да көптеген жолдар арқылы өз көзқарасын насихаттап, оны қалыпты етіп көрсеткісі келеді (Жохан 14:30; Жоханның 1-хаты 5:19).

Шайтан адамдарды алдауға аз уақыт қалғанын біледі. Сондықтан мүмкіндігінше көп адамды адастыру үшін барын салады. Ол әсіресе Ехобаға қызмет ететіндерді жолдан тайдырғысы келеді (Аян 12:12). Абай болмасақ, Ібіліс санамызды бірте-бірте бұзуы мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 10:12). Мысалы, Ехоба некенің ғұмырлы болғанын қалайды (Матай 19:5, 6, 9). Алайда көп адам некені оңай бұза салуға болады деп ойлайды. Фильмдер мен телебағдарламалар да осы көзқарасты насихаттайды. Осы әлемнің некеге деген көзқарасы бізге де әсер етуіне еш жол бермейік.

Өзімшілдік рухын насихаттау арқылы да Шайтан бізді алдағысы келеді (Тімөтеге 2-хат 3:4). Сақ болмасақ, Ехоба билік берген адамдарды құрметтемей кетуіміз ғажап емес. Мысалы, бір ер бауырлас қауым ақсақалдарының берген нұсқауын қабылдамауы мүмкін (Еврейлерге 12:5). Я болмаса әйел бауырлас Ехобаның отбасында орнатқан тәртібіне күмәнмен қарай бастауы мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 11:3).

Біз Ібіліске ой-санамызға ықпал етуіне жол бермеуіміз керек. Қайта, Ехобанікіндей көзқарас танытып, “көктегі нәрселерді ойлайық” (Қолостықтарға 3:2; Қорынттықтарға 2-хат 2:11).

16-тарау, 9-абзац

 32. ЕМДЕУ ШАРАЛАРЫ

Бәріміз де деніміздің сау болғанын, ал бір жеріміз ауырса, жақсы ем табылғанын қалаймыз (Ишая 38:21; Марқа 5:25, 26; Лұқа 10:34). Бүгінде дәрігерлер я өзгелер ұсынатын медициналық емнің түрлері мен тәсілдері өте көп. Қайсысын таңдайтынымызды шешкенде, Киелі кітап принциптерінен аттамағанымыз маңызды. Тек Құдай Патшалығының тұсында ғана біз толықтай айығып, кемелді денсаулыққа ие болатынымызды білеміз. Бар ойымыз денсаулыққа ауып, соның кесірінен ғибадатымыз шет қалғанын қаламаймыз (Ишая 33:24; Тімөтеге 1-хат 4:16).

Біз жындардың күшімен жасалатын ем түрлерінен өте сақ болуымыз керек (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12; Ишая 1:13). Сондықтан ем түрін я дәрі-дәрмекті таңдамас бұрын, олардың қайдан шыққанын, қалай емдейтіндерін және жындармен байланысының бар-жоғын анықтауымыз керек (Нақыл сөздер 14:15). Шайтан бізді алдап-арбап, жындармен байланыс құрғанымызды қалайтынын естен шығармайық. Қандай да бір емнің жындармен байланысы бар-ау деп күдіктенсек, одан бас тартқан дұрыс (Петірдің 1-хаты 5:8).

16-тарау, 18-абзац

^ Кейбір дәрігерлер негізгі төрт бөлікті қан фракциясы деп қарастырады. Сондықтан сізге қанды я оның негізгі төрт бөлігін, атап айтқанда, эритроциттерді, лейкоциттер, тромбоциттер мен плазманы құйдырудан бас тартатыныңызды оларға түсіндіру керек болады.