Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

16-ТАРАУ

Ібіліске қарсы тұрыңыз

Ібіліске қарсы тұрыңыз

“Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді” (ЖАҚЫП 4:7).

1, 2. Шайтан мен жындар туралы нені түсінуіміз керек?

 ЕХОБАНЫҢ жаңа дүниесінде өмір неткен ғажап болады десеңізші! Сол кезде біз Құдайдың о бастағы ниетіне сай өмір сүреміз. Алайда қазір біз Шайтан мен жын-перілердің ықпалындағы әлемде өмір сүріп жатырмыз (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Көзге көрінбегенмен, олар шынымен де бар әрі өте қуатты.

2 Бұл тарауда Ехобаға қалай етене жақын бола алатынымызды, сондай-ақ қалай өзімізді Шайтаннан қорғай алатынымызды талқылаймыз. Ехоба бізді көмексіз қалдырмайтынын уәде етеді. Бірақ Шайтан мен жындардың бізді қандай тәсілдермен алдап, шабуылдайтынын түсінуіміз керек.

“АҚЫРҒАН АРЫСТАНДАЙ”

3. Ібілістің бар арманы не?

3 Шайтан адамдар Ехобаға тек пайда көздегендіктен қызмет етеді, ал қиындық туа қалса, қызмет етуді доғарады дейді (Әйүп 2:4, 5 оқыңыз). Әлдекім Ехоба жайлы білгісі келіп, ықылас білдірсе, Шайтан мен жындар оны байқап, сол адамға кедергі етуге тырысады. Біреу Ехобаға бағышталып, шомылдыру рәсімінен өтсе, олар ашуға мінеді. Киелі кітап Ібілісті “кімді жалмасам деп жүрген” “ақырған арыстанға” теңейді (Петірдің 1-хаты 5:8). Оның бар арманы — Ехобамен достығымыздың күл-талқанын шығару (Зәбүр 7:1, 2; Тімөтеге 2-хат 3:12).

Біз Ехобаға бағышталғанда, Шайтан ашуға мінеді

4, 5. а) Шайтан не істей алмайды? ә) Ібіліске қалай қарсы тұра аламыз?

4 Бірақ Шайтан мен жындардан жан ұшыра қорқудың қажеті жоқ. Олар бізге қалағанын істей алмайды, өйткені Ехоба олардың мүмкіндік шеңберін шектеп қойған. Ол шынайы мәсіхшілердің “ұлы жамағаты” “зор алапаттан” аман өтетінін уәде етеді (Аян 7:9, 14). Ехоба өз халқын қорғайтындықтан, Ібіліс бұл уәденің орындалуына тосқауыл бола алмайды.

5 Ехобаға етене жақын болсақ, Шайтан біздің достығымызды бұза алмайды. Құдай Сөзінде: “Ехобамен бірге болсаңдар, ол да сендермен бірге болады”,— деп жазылған (Шежірелер 2-жазба 15:2; Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқыңыз). Ежелдегі Әбіл, Енох, Нұх, Сара, Мұса сияқты адал қызметшілер Ехобаға етене жақын болғандықтан, Ібіліске қарсы тұра алған (Еврейлерге 11:4—40). Біз де осылай істей аламыз. Құдай Сөзінде: “Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді”,— деген айқын шындық жазылған (Жақып 4:7).

“ҚАРСЫ КҮРЕСУДЕМІЗ”

6. Шайтан бізге қалай шабуылдайды?

6 Шайтан мүмкіндігінің шеңбері шектеулі екенін білсе де, Ехобамен арамызды суыту үшін барын салудан тартынар емес. Бүгінде ол түрлі жолдармен шабуылдайды. Ол мыңдаған жылдар бойы қолданып келген айла-тәсілдеріне жүгінеді. Олардың кейбірі қандай?

7. Неге Шайтан Құдай халқына шабуылдайды?

7 Елші Жохан: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 5:19). Осы зұлым дүниені билеп отырған Шайтан Ехобаның халқын да өз уысында ұстауды көксейді (Миха 4:1; Жохан 15:19; Аян 12:12, 17). Ібіліс уақытының санаулы екенін білгендіктен, әрбірімізге қатты қысым жасап, Құдайға деген адалдығымыздан тайдырғысы келеді. Кейде ол тікелей шабуылдаса, кейде жасырын шабуылдайды.

8. Әрбір мәсіхші нені түсіну керек?

8 Ефестіктерге 6:12-де: “Біз... көктегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз”,— деген сөздер бар. Әрбір мәсіхші Ібіліспен және жындармен жекпе-жек күресіп жатыр. Ехобаға бағышталғандардың бәрі осы тартыстан шет қалмайтынын түсіну керек. Сондықтан да Пауыл Ефестіктерге жазған хатында үш рет берік тұруға шақырған (Ефестіктерге 6:11, 13, 14).

9. Шайтан мен жындар нені көздейді?

9 Шайтан мен жындар бізді түрлі жолдармен алдағысы келеді. Сондықтан Шайтанның белгілі бір сынағына төтеп бергеніміз өзге бір сынағына төте бере аламыз дегенді білдірмейді. Ібіліс бойымыздан осал тұстарымызды іздеп, соған сай тұзақ құрады. Бірақ Киелі кітапта Ібілістің тұзақтары жайлы жазылғандықтан, біз оларға түсіп қалудан сақ бола аламыз (Қорынттықтарға 2-хат 2:11; 31-түсіндірмені қараңыз). Шайтанның тұзақтарының бірі — жындармен байланыс.

ЖЫНДАРҒА ЖОЛАМАҢЫЗ

10. а) Жындармен байланысу деген не? ә) Ехоба мұндай істерге қалай қарайды?

10 Жындармен байланысу дегенге көріпкелдік, сиқырлық, дуалау және аруақтармен сөйлесу сияқты істер жатады. Киелі кітапта мұндай істер жеркенішті екені жазылған, сондай-ақ жындармен байланыса жүріп, Ехобаға ғибадат ете алмайтынымыз да айтылған (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12; Аян 21:8). Мәсіхшілер жындармен байланысы бар кез келген істерден толығымен бас тарту керек (Римдіктерге 12:9).

11. Тылсым дүниеге қызығушылық неге әкеп соғады?

11 Шайтан тылсым күштерге қызығып қалғанымызды байқаса, бізді жындармен байланысы бар істерге оп-оңай үйіріп әкетеді. Ал жындармен байланысы бар кез келген іс Ехобамен қарым-қатынасымызды ойран етеді.

ШАЙТАН БІЗДІ АРБАЙДЫ

12. Қалай Шайтан санамызға әсер етуге тырысады?

12 Шайтан адамдардың санасын шатастырғысы келеді. Олар “жақсыны жаман, жаманды жақсы” деп ойламайынша, Шайтан күмән ұялатуын қоймайды (Ишая 5:20). Ол Киелі кітап кеңестерінің түк пайдасы жоқ, Құдайдың нормаларынан аттасақ, әлдеқайда бақытты боламыз дегенге сендірумен әлек.

13. Шайтан қалай күмән ұялатуға тырысқан?

13 Күмән ұялату — Шайтанның ең нәтижелі әрі ежелден қолданып келе жатқан тәсілі. Мысалы, Едем бағында ол Хауаның санасына күмән себу үшін былай деп сұрады: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?” (Мұсаның 1-жазбасы 3:1). Ал Әйүптің заманында Шайтан періштелердің алдында Құдайға: “Әйүп Құдайдан тегіннен-тегін қорқады дейсің бе?!”— деді (Әйүп 1:9). Иса шомылдыру рәсімінен өткен соң, Шайтан оған: “Егер Құдайдың ұлы болсаң, мына тастар нанға айналсын деп бұйыр”,— деді (Матай 4:3).

14. Жындармен байланыс құру зиянсыз дегенге Шайтан қалай сендіруі мүмкін?

14 Ібіліс бүгінде де күмән ұялатуын доғарған жоқ. Ол жындармен байланыс құрудың кейбір түрін зиянсыз етіп көрсетіп, олардың шын мәнінде жаман екеніне адамдар күмәнданып қалса екен дейді. Тіпті кейбір мәсіхшілер бұның қаупін көрмей, соқыр болып қалған (Қорынттықтарға 2-хат 11:3). Олай болса, өзімізді қалай қорғай аламыз? Шайтанның алдауына арбалып қалмағанымызды қалай тексерсек болады? Ал қазір ойын-сауық пен емдеу шараларына тоқталайық. Өйткені біз осы екі салада алданып қалуымыз мүмкін.

ТАБИҒИ ҚАЛАУЛАРЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗГЕ ҚАРСЫ ҚОЯДЫ

15. Қалай біз ойын-сауық арқылы жындармен байланысуымыз мүмкін?

15 Көптеген фильмдер, видеолар, теле-шоулар, компьютерлік ойындар мен сайттарда жындар, сиқырлық, тылсым күштер көрініс табады. Көпшілік бұларды зиянсыз ермек көреді. Ал шындығына келгенде олар жындарға есік ашып, өмірлеріне кіргізіп жатқанын түсінбейді. Адам жұлдызжорамал, құмалақ ашу, алақанға қарап бал ашу, карта ашу арқылы да жындармен байланысқа түседі. Ібіліс бұл істердің жаманын жасырып, оларды құдды бір құпиясы ашылмаған жұмбақ, көзтартар қызықты дүние етіп ұсынады. Адам тіпті “тылсым күштер мен жындар туралы көруде тұрған еш зияндық жоқ, ең бастысы сондай істерді өзім істемесем болды ғой” деп ойлауы мүмкін. Бұлай ойлау неліктен қауіпті? (Қорынттықтарға 1-хат 10:12).

16. Тылсым күштермен байланысты ойын-сауық түрлерінен неге бас тартуымыз керек?

16 Шайтан мен жындар біздің ойымызда не бар екенін біле алмайды. Бірақ олар жеке не отбасы болып қандай шешімдер қабылдайтынымызға, қандай ойын-сауық таңдайтынымызға қарап-ақ ойымыз бен қалауларымызды түсініп қояды. Аруақ шақыру, дуалау туралы немесе жын ұрғандар, мыстандар мен вампирлер жайлы көріп, тыңдап я оқитын болсақ, Шайтан мен жындар соған қызығып жүргенімізді байқап қояды. Сосын бізді жындармен байланысы бар істермен айналысуға итермелеуі әбден мүмкін (Ғалаттықтарға 6:7 оқыңыз).

17. Шайтан біздің қалауымызды қалай теріс пайдалануы мүмкін?

17 Шайтан теріс пайдаланғысы келетін тағы бір табиғи қалауымыз бар. Он екі мүшеміз сау болғанын қай-қайсымыз да қалаймыз. Шайтан мұны жақсы біледі. Рас, бүгінде сау адам жоқ, сондықтан денсаулығын түзеу үшін адамдар әртүрлі ем алады. Бірақ оң нәтижесін көрмеуі мүмкін (Марқа 5:25, 26). Аурудан жаны қиналған сондай адам кез келген емге келісе салуға дайын тұрады. Алайда мәсіхшілер “тылсым күштермен” байланысы бар емдеу шараларынан абай болу керек (Ишая 1:13).

Ауырған кезде Ехобаға арқа сүйеңіз

18. Мәсіхшілер қандай ем түрлеріне жоламау керек?

18 Ежелгі Исраилде кейбіреулер “тылсым күштерге” жүгінген. Ехоба оларға былай деді: “Алақандарыңды жайып сиынғандарыңда, Жанарымды бұрып әкетемін. Қанша дұға етсеңдер де, Сөздеріңе құлақ салмаймын” (Ишая 1:15). Ойлап көріңізші, Ехоба олардың тіпті дұғаларын тыңдамаған. Біз барлық кезде, әсіресе ауырған шағымызда, Ехобамен достығымызды бұзатын және оның көмегінен құралақан қалдыратын ешқандай әрекетке барғымыз келмес еді (Зәбүр 41:3). Сондықтан қабылдағалы жатқан еміміздің жындармен я тылсым күштермен қандай да бір байланысы бар-жоғын анықтауымыз қажет (Матай 6:13). Байланысы бар екенінің нышаны байқалса, ондай емге жоламаған дұрыс! (32-түсіндірмені қараңыз).

ЖЫНДАР ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕЛЕР

19. Ібіліс адамдарды қалай қорқытып тастаған?

19 Кейбіреулер Ібіліс пен жындар ойдан шығарылған кейіпкерлер деп ойласа, өзгелері олардың бар екенін өз өмірінен біледі. Көпшілік зұлым рухтардан зәресі қалмай қорқып, ырым-тыйымдардың құлына айналған. Тағы біреулері жындардың тигізетін кесапатын айтып, адамдардың бойына қорқыныш ұялатады. Адамдар жиі осындай әңгімелерден әсерленіп, оны өзгелерге де айтып беруге құлшынып тұрады. Осындай әңгімелерді естіген адамдар Шайтаннан қорқып жатады.

20. Шайтанның өтірігін қалай таратуымыз мүмкін?

20 Адамдар Шайтаннан қорықса, ол көздеген мақсатына жетеді (Салоникалықтарға 2-хат 2:9, 10). Шайтан — өтірікші. Ол тылсым дүниеге үйір адамдардың санасына қалай ықпал етуді әрі өтірік-шыны аралас нәрселерге қалай сендіруге болатынын біледі. Мұндай адамдар “көрдім, естідім” деп ойлаған әңгімелерін адамдарға таратып жүреді. Сондай әңгімелер ауыздан ауызға тараған сайын, түрленіп, әсерлене түседі. Біз осындай әңгімелер таратуымызбен адамдар арасында қорқыныш туғызып, Шайтанға жәрдем еткіміз келмес еді (Жохан 8:44; Тімөтеге 2-хат 2:16).

21. Не туралы әңгіме айтқанымыз дұрыс?

21 Қандай да бір Ехоба куәгерінің басынан жындармен байланысты бір оқиға өткен болса, ол оны қызық үшін өзгелерге айтып беруден аулақ болады. Ехобаның халқына Ібіліс пен жындардың істерінен қорқудың еш қажеті жоқ. Одан да Иса туралы, Ехобаның оған берген күші жайлы ойланып, сол туралы айтқан жөн (Еврейлерге 12:2). Иса қызық болсын деп шәкірттеріне жындар жайлы әңгіме айтпаған. Ол бар назарын Патшалық туралы хабарға және “Құдайдың ғажайып істеріне” аударған (Елшілердің істері 2:11; Лұқа 8:1; Римдіктерге 1:11, 12).

22. Сіз қандай шешімге келдіңіз?

22 Шайтанның мақсаты Ехобамен достығымызды бұзу екенін еш ұмытпайық. Өз мақсатына жету үшін ол ештеңеден тайынбайды. Бірақ біз оның айла-тәсілдерін жақсы білеміз, әрі жындармен байланысты кез келген істен аулақ боламыз деп нық шештік. Осы шешімімізге Ібілістің “ықпал етуіне жол бермейік” (Ефестіктерге 4:27 оқыңыз). Иә, Ібіліске қарсы тұрсақ, оның тұзағына түсіп қалмай, Ехобаның қанатының астында қала береміз (Ефестіктерге 6:11).