Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ТАРАУ

Шыншылдықты шын сүйіңіз

Шыншылдықты шын сүйіңіз

“Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:18).

1, 2. Шыншыл болуға барынша тырысып жатқанымызды көргенде, Ехоба қандай сезімде болады?

 БІР оқушы сабақтан келе жатып, жерден ақшаға толы әмиян тауып алады. Ол енді не істемек? Сол әмиянды өзінде қалдырса болар еді, бірақ ол әмиянды иесіне қайтарып береді. Анасы баласының не істегенін естігенде, кеудесін мақтаныш сезімі кернейді.

2 Балалары шыншыл болып жатса, ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Көктегі Әкеміз Ехоба “шындықтың Құдайы” болғандықтан, біздің шыншылдығымыз оны шексіз бақытқа бөлейді (Зәбүр 31:5, сілтеме). Біз оған ұнамды болып, “барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18). Олай болса, шыншылдығымыз сынға алынатын өмірдің төрт саласын қарастырып көрейік. Сол сыннан сүрінбей өтсек, артынан қандай баталар көретінімізді де сөз етеміз.

ӨЗІҢІЗБЕН ШЫНШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

3—5. а) Өзімізді қалай алдауымыз мүмкін? ә) Өз-өзімізбен шыншыл болуға не көмектеседі?

3 Өзгемен шыншыл болу үшін, адам бірінші кезекте өз-өзімен шыншыл болу керек. Бұл оңай емес, әрине. I ғасырда Лаудики қауымындағы бауырластар Құдайдың көңілінен шығып жүрміз деп өз-өздерін алдаған (Аян 3:17). Біз де өзіміздің қандай адам екеніміз туралы жаңсақ ойлап, өз-өзімізді алдауымыз мүмкін.

4 Исаның шәкірті Жақып былай деген: “Кім өзін Құдайға дұрыс ғибадат етіп жүрмін деп санап, бірақ тілін жүгендемесе, өз-өзін алдап жүр. Оның ғибадаты еш пайдасыз” (Жақып 1:26). Жақсы істер жасап жүрсек, Құдай дөрекі сөздер айтқанымызға, тістеп сөйлегенімізге я өтірік айтқанымызға көз жұма салады деп өзімізді алдауымыз мүмкін. Өз-өзімізге алданып қалмауға не көмектеседі?

5 Айнаға қараған кезде біз сырт келбетімізді көреміз. Ал Киелі кітап оқығанда, ішкі дүниемізді көре аламыз. Киелі кітаптың көмегімен өзіміздің күшті жақтарымыз бен әлсіз жақтарымызды білеміз. Не ойлайтынымызға, не істеп, не сөйлейтінімізге қатысты қандай өзгеріс жасау керектігін түсінеміз (Жақып 1:23—25 оқыңыз). Алайда ешқандай кемшілігім жоқ деп ойласақ, жақсы жаққа өзгеру үшін керекті өзгерістерді жасай алмаймыз. Сондықтан өзімізге шын баға беру үшін Киелі кітапқа үңілуіміз керек (Еремияның зары 3:40; Хагей 1:5). Дұға да өзіміздің шынайы бейнемізді көре білуге көмектеседі. Ехобадан бізді тексеріп, кемшіліктерімізді байқауға көмектесуін сұрасақ, осал тұстарымызды түзей аламыз (Зәбүр 139:23, 24). Бір нәрсені ұмытпайық, “Ехоба арамза адамнан жеркенеді, шыншыл адаммен жақын дос болады” (Нақыл сөздер 3:32).

ОТБАСЫНДА ШЫНШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

6. Неге ерлі-зайыптылар бір-бірімен шыншыл болулары керек?

6 Отбасында шыншылдықтың орны бөлек. Күйеуі мен әйелі бір-бірінен ештеңені жасырмаса, уайымсыз өмір кешіп, бір-біріне толықтай сенім артатын болады. Алайда некеде шыншылдықтың іргесі қалай сөгілуі мүмкін? Мысалы, некедегі адам біреуге қырындаса немесе порнография көрсе я болмаса біреумен жасырын түрде романтикалық қарым-қатынас дамытып жүрсе, шыншылдықтың іргесі сөгіледі. Зәбүр жыршысының не дегеніне ден қойыңызшы: “Өтірікшілермен араласпаймын, Екіжүзділерден де өзімді аулақ ұстаймын” (Зәбүр 26:4). Тіпті біреу жайында азғын ойларға берілу — жарыңызбен шыншыл болмағаныңыздың белгісі. Бұл некеге кесірін тигізеді.

Некеңізге кесірі тиетін кез келген нәрседен ойланбастан бас тартыңыз

7, 8. Балаларды шыншылдыққа баулуға Киелі кітап қалай көмектеседі?

7 Балалар да шыншыл болуды үйрену керек. Ата-аналар Киелі кітаптың көмегімен оларды шыншылдыққа баулып, бұл қасиеттің маңыздылығын үйрете алады. Мысалы, Киелі кітапта шыншылдықтан аттап кеткен адамдардың оқиғалары бар: ұрлыққа барған Ахан, ақшаны иемдену үшін өтірік айтқан Гехези, ақша ұрлап, кейін Исаны 30 күміс тиынға сатып кеткен Яһуда (Ешуа 6:17—19; 7:11—25; Патшалар 2-жазба 5:14—16, 20—27; Матай 26:14, 15; Жохан 12:6).

8 Шыншылдықты өмірлерінде биік ұстаған адамдар да Киелі кітапта көптеп кездеседі: ұлдарынан табылған ақшаны иесіне қайтаруды сұраған Жақып, Құдайға берген сертінде тұрған Ефта мен оның қызы, қиын сәтте де шыншылдығынан айнымаған Иса (Мұсаның 1-жазбасы 43:12; Билер 11:30—40; Жохан 18:3—11). Осы оқиғаларға қарап балалар шыншылдықтың шын қадірін түсінеді.

9. Ата-анасының шыншылдығы балаға қалай әсер етеді?

9 Ата-аналардың Киелі кітаптағы мына принциптен үйренері көп: “Қалайша өзгені үйрете тұра, өзіңді үйретпейсің? “Ұрлама” деп уағыздай тұра, неге өзің ұрлайсың?” (Римдіктерге 2:21). Ата-анасының сөзі басқа, ісі басқа болса, балалар мұны бірден байқап қояды. Баламызға “шыншыл бол” деп өзіміз шыншылдықтан шет жүрсек, олар не істерін білмей қалуы мүмкін. Ата-анасының тіпті ұсақ-түйек өтірік айтқанын байқап қалса, балалар тура соны қайталауы әбден мүмкін (Лұқа 16:10 оқыңыз). Ал ата-анасының шыншыл екенін көріп өскен бала болашақта өзі де шыншыл ата-ана болады (Нақыл сөздер 22:6; Ефестіктерге 6:4).

ҚАУЫМДА ШЫНШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

10. Бауырластармен сөйлескенде, қалай шыншыл бола аламыз?

10 Бауырластармен де шыншыл болғанымыз жөн. Кәдімгі әңгімеміздің өсекке, тіпті жалаға айналып кетуі оп-оңай. Рас-өтірігін білмей жатып, естігенімізді айта берсек, жалған ақпарат таратып жіберуіміз мүмкін. Бұдан гөрі “аузымызға ие болғанымыз” жақсы емес пе?! (Нақыл сөздер 10:19). Шыншыл болу деген ойымызды, білгенімізді я естігенімізді міндетті түрде айту керек дегенді білдірмейді. Тіпті айтқалы тұрғанымыз шындық болса да, ол біреудің жеке шаруасы болуы мүмкін. Немесе оны басқа біреуге айту сүйіспеншілікке жатпауы мүмкін, тіпті айтудың қажеті жоқ мәлімет шығар (Салоникалықтарға 1-хат 4:11). Бірақ кейбіреулер: “Мен жай шындықты айттым ғой”,— деп ақталар. Алайда біз Құдайдың халқы болғандықтан, сөзіміз жағымды да мейірімді болу керек (Қолостықтарға 4:6 оқыңыз).

11, 12. а) Күнә жасаған адам өтірік айтса, жағдайын қалай ушықтыруы мүмкін? ә) Досымыздың ауыр күнә жасағанын білсек, қандай ойдан аулақ боламыз және неге? б) Ехобаның ұйымында қалай шыншыл бола аламыз?

11 Ехоба ақсақалдарға қауымға қамқор болуды жүктеген. Ақсақалдарға бізге көмектесу оңай болу үшін олармен шыншыл болуымыз керек. Бұл неге маңызды? Сіз ауырып, дәрігерге барсаңыз, оған қай жеріңіз ауыратынын жартылай айтып, қалғанын жасырып қалар ма едіңіз? Солай етсеңіз, ол сізге көмектесе алмайды ғой. Тура сол сияқты, біз қандай да бір үлкен қателік жасап қойсақ, шындықты жасырып қалмауымыз керек. Ақсақалдарға барып, бәрін бүкпесіз айтып беруіміз қажет (Зәбүр 12:2; Елшілердің істері 5:1—11). Ал енді басқа жағдайды алайық. Досыңыздың ауыр күнә жасағанын біліп қойдыңыз делік (Мұсаның 3-жазбасы 5:1). Мұндайда “нағыз дос болсам, мен досымның құпиясын ашпаймын” деп ойлайсыз ба? Жоқ әлде оған көмек беруге, Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіріп, нығайтуға ақсақалдар жауапты екенін есте ұстайсыз ба? (Еврейлерге 13:17; Жақып 5:14, 15).

12 Біз Ехобаның ұйымын алдаудан да аулақ болуымыз керек. Мысалы, қызмет есебін тапсырғанда, ізашарлыққа не басқа да қызметке қатысты өтініш қағазын толтырғанда, шыншыл болғанымыз маңызды (Нақыл сөздер 6:16—19 оқыңыз).

13. Бауырластармен бірге жұмыс істегенде, қалай шыншыл бола аламыз?

13 Мәсіхшілер іскерлік мәселелерін ғибадат істерімен араластырмау керек. Мысалы, біз Патшалық сарайында не қызметте жүргенде жеке іскерлік мәселемен айналыспаймыз. Сондай-ақ бауырластардан пайда көруді көздемейміз. Қарамағыңызда бауырластар жұмыс істесе, оларға келіскен ақшаны уақытылы төлеңіз. Оларды заң бойынша берілуі тиіс жеңілдіктерден айырмаңыз. Бұған медициналық сақтандыру, төленетін еңбек демалысы да кіруі мүмкін (Тімөтеге 1-хат 5:18; Жақып 5:1—4). Ал, керісінше, бауырластың қол астында жұмыс істесеңіз, ол сізге ерекше қарайды деп күтпеңіз (Ефестіктерге 6:5—8). Келісім бойынша қанша сағат жұмыс істеу талап етілсе, сонша сағат істеңіз, ақша төленіп жатқандықтан, өз міндетіңізді адал атқарыңыз (Салоникалықтарға 2-хат 3:10).

14. Бауырластар ортақ бизнес ашпас бұрын не істеу керек?

14 Бір бауырласпен бірге ортақ бизнес ашуды шешсеңіз ше? Бұл іс несие алуды немесе қаржы құюды қажет ететін шығар. Киелі кітапта осындай жағдайда өте пайдалы болатын бір принцип бар: бәрін жазып қойыңыз! Еремия жер телімін сатып алғанда, келісімшарттың екі данасын жасатып, біреуіне куәгерлердің қолын қойдырған. Кейін екі құжатты да сақтап қойған (Еремия 32:9—14; Мұсаның 1-жазбасы 23:16—20 тармақтарды да қараңыз). Кейбіреулер жазбаша келісімшарт жаздырсам, бауырласыма сенбейтіндей көрініп қаламын деп ойлауы мүмкін. Бірақ осындай келісімшарттар көптеген түсініспеушіліктердің, көңілқалушылық пен келіспеушіліктердің алдын алады. Мынаны ұмытпаңыз: тіпті іскерлік мәселелерде қауымның бірлігі бәрінен жоғары тұру керек (Қорынттықтарға 1-хат 6:1—8; 30-түсіндірмені қараңыз).

ЖАЛҒАН ӘЛЕМДЕ ШЫНШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

15. Ехоба сауда-саттықта кездесетін алдау-арбаушылыққа қалай қарайды?

15 Біз бәрімен, Ехобаға қызмет етпейтін адамдармен де шыншыл болуымыз керек. Ехоба үшін шыншыл болғанымыз аса маңызды. “Жалған таразы Ехобаға жеркенішті, Ал тура кіртас оған ұнамды” (Нақыл сөздер 11:1; 20:10, 23). Ежелде сауда-саттықта таразы кеңінен қолданылған. Кейбір саудагерлер сатып алушыларды алдап, келіскен мөлшерден аз берген, я болмаса тиістісінен көп ақша алған. Бүгінгі күні де алдап-арбау кең таралған. Ехоба сол кезде өтірікті қалай жек көрсе, қазір де тура солай жек көреді.

16, 17. Қандай жағдайларда шыншылдықтан аттамауымыз керек?

16 Бәріміз де шыншылдықтан аттап, өтірік айтуға азғырылатын жағдайларға кезігіп жатамыз. Мысалы, жұмысқа тұрған кезде, мемлекеттік құжаттарды толтырғанда, я болмаса мектепте емтихан тапсырғанда. Көпшілік өтірік айтудың, асыра сілтеп сөйлеудің, я болмаса адамның басқа мағынаны түсінуін көздеп, екіұшты сөйлеудің еш жамандығы жоқ деп ойлайды. Әрине, біз бұған таңғалмаймыз. Өйткені Киелі кітапта осы дүниенің соңында “адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар... жақсылықты жек көретін” болады делінген (Тімөтеге 2-хат 3:1—5).

17 Кейде шындықты шын сүйетіндер емес, өтіріктің өрмегін өретіндер өркендеп жатқандай көрінуі мүмкін (Зәбүр 73:1—8). Мәсіхшілер шыншылдықтары үшін жұмыстарынан айырылып, ақшалары кесіліп, я болмаса әріптестеріне жеккөрінішті болуы мүмкін. Алайда шыншылдықтың қарымтасы міндетті түрде қайтады. Қалай?

ШЫНШЫЛДЫҚТЫҢ ШЫНАЙЫ ЖЕМІСІ

18. Жақсатты болу несімен бағалы?

18 Шыншыл, адал, сенімді адам деген атқа ие болу — үлкен абырой. Мұндай адамдар бүгінде саусақпен санап аларлықтай. Шыншыл деген абыройлы атқа ие болу өз қолымызда (Миха 7:2). Әрине, кейбіреулер сізді түсінбей, күлкі етіп, ақымақтай көруі мүмкін. Алайда сіз сияқты шыншылдыққа жаны құмар, жалғандыққа қаны қас адамдарды бағалайтындар да табылады. Әлем бойынша Ехоба куәгерлері шыншылдықтарымен танылған. Кейбір адамдар осы үшін Куәгерлерді ғана жұмысқа алады. Біреулердің өтіріктері ашылып, жұмыстан босатылып жатқанда, Куәгерлер шыншылдықтары үшін жұмыс орындарын сақтап жатады.

Еңбекқорлығыңыз Ехобаны даңқтасын

19. Шыншылдығымыз Ехобамен достығымызға қалай әсер етеді?

19 Барлық жағдайда шыншылдықтың шырағын сөндірмей жүрсек, арымыз таза, жанымыз тыныш болады. Сонда Пауыл сияқты: “Ар-ұжданымыз таза екеніне сенімдіміз”,— деп айтудан қымсынбаймыз (Еврейлерге 13:18). Ал ең маңыздысы, көктегі Әкеміз Ехоба барлық жағдайда адал жүргенімізді назарынан тыс қалдырмай, жоғары бағалайтын болады (Зәбүр 15:1, 2; Нақыл сөздер 22:1 оқыңыз).