Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

Құдайдың сүйіспеншілігі мәңгілік

Құдайдың сүйіспеншілігі мәңгілік

“Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оларды орындау қиын емес” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 5:3).

1, 2. Сіз Ехоба Құдайды не үшін жақсы көресіз?

 СІЗ Құдайды жақсы көресіз бе? Бәлкім, Құдайды қатты жақсы көргендіктен, өміріңізді оған бағыштаған шығарсыз. Енді ол сіздің жан досыңыз шығар. Алайда оған деген сүйіспеншілігіңіз оянбай тұрғанда-ақ, Ехоба Құдай сізді жақсы көрген. Киелі кітапта: “Біздің сүйетін себебіміз — ол бізді алдымен сүйді”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:19).

2 Ехоба бізді сүйетінін сан қилы жолмен көрсетті. Ол бізге әсем Жерді және өмірдің рақатын көруге қажеттінің бәрін сыйлады (Матай 5:45; Аян 4:11). Ол бізбен тығыз қарым-қатынаста болғысы келіп, өзін танып-білуімізге мүмкіндік ашты. Біз Киелі кітапты оқығанда, Ехобаны тыңдаймыз. Ал дұға айтқанда, ол бізді тыңдайды (Зәбүр 65:2). Сондай-ақ Ехоба құдіретті киелі рухы арқылы бізге жол сілтеп, күш дарытады (Лұқа 11:13). Ол бізді өлім мен күнәнің құрсауынан азат ету үшін тіпті өзінің сүйікті Ұлын жерге жіберді (Жохан 3:16; Римдіктерге 5:8 оқыңыз).

3. Ехобамен достығымыз берік болу үшін не істеуіміз керек?

3 Қуанышыңызға да, қайғыңызға да ортақтасып жүрген жан досыңыз бар болар. Онымен достығыңызды берік сақтау үшін көп күш салып жүрген шығарсыз. Ехоба — бәрінен де қымбат досымыз. Онымен достығымызды берік сақтау үшін күш салмасақ болмайды. Бұл достық — мәңгіге жалғасын табатын достық. Сол себептен Киелі кітап бізді: “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар”,— деп шақырады (Яһуда 21). Бұл үшін не істеуіміз керек? Киелі жазбаларда: “Құдайды сүю дегеніміз — оның өсиеттерін орындау. Ал оларды орындау қиын емес”,— делінген (Жоханның 1-хаты 5:3).

“ҚҰДАЙДЫ СҮЮ ДЕГЕНІМІЗ” НЕ?

4, 5. Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншілігіңіз қалай ояна бастады?

4 “Құдайды сүю” дегеніміз оған деген терең сезімге нұсқайды. Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншілігіңіз қалай ояна бастағаны есіңізде ме?

Өміріңізді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткенде, оны жақсы көретініңізді және оған мәңгі мойынсұнғыңыз келетінін паш еттіңіз

5 Ехоба сіздің жаңа дүниеде мәңгі өмір сүргеніңізді қалайтынын алғаш естіген кезіңізді еске алыңызшы. Кеудеңізді бір қуаныш кернеген шығар. Ехоба осы ой-ниетін жүзеге асыру үшін өз Ұлын жерге жіберіп, сізге баға жетпес сый жасағанын білдіңіз (Матай 20:28; Жохан 8:29; Римдіктерге 5:12, 18). Ехобаның сізді қаншалықты сүйетінін түсінгенде, жүрегіңіз тебіреніп, сіз де оны жақсы көре бастағаныңыз анық (Жоханның 1-хаты 4:9, 10 оқыңыз).

6. Біреуді жақсы көрсек, мұны қалай көрсетеміз? Құдайға деген сүйіспеншілігіңіз сізді не істеуге талпындырды?

6 Бірақ бұл Құдайға деген сүйіспеншілігіңіздің бастамасы ғана. Әдетте адам біреуді сүйсе, “мен сені жақсы көремін” деген құр сөздермен ғана шектелмейді ғой. Махаббаты оған сол адамды қуантатын істер жасауға қозғау салады. Тура сол сияқты, Ехобаны сүйгеніңіз сізді оған ұнамды өмір кешуге талпындырған шығар. Махаббатыңыз артқанда, сірә, оған өміріңізді бағыштап, шомылдыру рәсімінен өткен боларсыз. Осылайша Ехобаға мәңгі бақи қызмет етуді уәде еттіңіз (Римдіктерге 14:7, 8 оқыңыз). Сол уәдеңізде тұру үшін сіз не істей аласыз?

ҚҰДАЙДЫҢ ӨСИЕТТЕРІН ОРЫНДАЙМЫЗ

7. Ехобаны сүйсек, не істейміз? Оның өсиеттерінің кейбірі қандай?

7 Біз Ехобаны сүйгендіктен, оның өсиеттерін орындаймыз. Киелі кітапты оқығанда, ол біздің қалай өмір сүргенімізді қалайтынын біле түсеміз. Мысалы, онда Құдай маскүнемдікті, ұрлық жасау, өтірік айту, жұбайы емес адаммен төсектес болу және пұтқа табынушылықты айыптайтыны айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 5:11; 6:18; 10:14; Ефестіктерге 4:28; Қолостықтарға 3:9).

8, 9. Киелі кітапта нақты заң болмаған жағдайларда Ехобаның көзқарасын қалай біле аламыз? Мысал келтіріңіз.

8 Ехобаға ұнамды болу үшін берілген өсиеттерді ғана орындап қою жеткіліксіз. Өйткені кейде біз Киелі кітапта шешімі нақты айтылмаған жағдайларға кезігіп қалуымыз мүмкін. Нақты өсиет я заң жоқ кезде бізге дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі? (Ефестіктерге 5:17). Киелі кітапта Ехобаның көзқарасын білуге көмектесетін негізгі шындықтар, яғни принциптер бар. Киелі кітапты оқыған сайын, Ехобаның қандай тұлға екенін біле түсеміз. Оның не ойлайтынын, нені жақсы көріп, нені жек көретінін түсінеміз (Зәбүр 97:10 оқыңыз; Нақыл сөздер 6:16—19; 1-түсіндірмені қараңыз).

9 Мысал үшін, теледидар мен ғаламтордан не көруге болатынын қалай анықтай аламыз? Бұған қатысты Ехоба нақты ештеңе айтпаған. Бірақ оның берген принциптері бізге дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Бүгінде ойын-сауық түрлері қатыгездік пен жыныстық азғындыққа толып тұр. Киелі кітапта Ехоба “жауыздықты сүйетіндерді жек көретіні” және “азғындар мен неке адалдығын бұзушыларды соттайтыны” айтылған (Зәбүр 11:5; Еврейлерге 13:4). Осы принциптер бізге дұрыс шешім қабылдауға қалай көмектеседі? Ехоба нені жек көретінін, нені азғындық деп санайтынын білгеннен кейін, бойымызды солардан аулақ ұстауымыз керек.

10, 11. Біз Ехобаға неліктен мойынсұнамыз?

10 Біз Ехобаға неліктен мойынсұнамыз? Жазадан қорыққандықтан ба, әлде бұрыс шешімнің салдарынан қашқандықтан ба? (Ғалаттықтарға 6:7). Жоқ, Құдайды жақсы көргендіктен. Әкесін жақсы іс-әрекетімен мәз-мейрам еткісі келетін бала сияқты, біз де көктегі Әкеміздің жүрегін қуантқымыз келеді. Ехобаның бізге көңілі толатынын білуден артық бақыт бар ма?! (Зәбүр 5:12; Нақыл сөздер 12:2; 2-түсіндірмені қараңыз).

11 Біз Ехобаға тек ыңғайлы кездері не мәжбүр болғаннан ғана мойынсұнбаймыз. Заңдары мен талаптарының қайсысын орындайтынымызды, қайсысын орындамайтынымызды таңдап-талғап жатпаймыз (Мұсаның 5-жазбасы 12:32). Қайта, оның айтқандарын түгел орындаймыз, осылай зәбүр жыршысына еліктейміз. Ол: “Өсиеттеріңді жақсы көремін, Иә, мен оларды сүйемін”,— деген (Зәбүр 119:47; Римдіктерге 6:17). Сондай-ақ Нұхтан үлгі алғымыз келеді. Ехобаны жақсы көріп, бұйрықтарының бәрін бұлжытпай орындағандықтан, Киелі кітапта ол жайлы: “Құдай қалай айтса, дәл солай істеді”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 6:22). Ехобаның сіз туралы да осылай айтқанын қалайсыз ба?

12. Ехобаның жүрегін қалай қуанта аламыз?

12 Біз шын жүректен мойынсұнғанда, Ехоба не сезінеді? Оның “жүрегі қуанады” (Нақыл сөздер 11:20; 27:11). Ойлап көріңізші, біз бүкіл ғаламның Жаратушысына қуаныш сыйлаймыз! Бірақ ол өзіне мойынсұнуға ешкімді мәжбүрлемейді. Өйткені ол бізге таңдау еркіндігін берген. Демек, дұрыс пен бұрысты таңдау өз еркімізде. Біз Ехобаны жақсы көргендіктен, дұрыс шешімдер қабылдағымыз келеді. Бұл болса өмірімізді мән-мағыналы етеді (Мұсаның 5-жазбасы 30:15, 16, 19, 20; 3-түсіндірмені қараңыз).

ӨСИЕТТЕРІН ОРЫНДАУ ҚИЫН ЕМЕС

13, 14. Құдайдың өсиеттерін орындау неге қиын емес? Мысал келтіріңіз.

13 Ехобаның өсиеттерін орындау тым қиын не олар еркіндігімізді шектеп жатқандай көрінсе ше? Киелі кітапта Құдайдың өсиеттерін “орындау қиын емес” екені тайға таңба басқандай анық айтылған (Жоханның 1-хаты 5:3). Ехоба бізден шама-шарқымыз жетпейтін нәрсені ешқашан талап етпейді.

14 Мысалы, бір досыңыз көшіп жатыр делік. Таситын заттары өте көп. Кейбірі жеңіл болса, кейбірі бір адам көтере алмастай ауыр. Досыңыз тым ауыр заттарды жалғыз өзіңізге көтергізіп қояр ма еді? Әрине, жоқ! Өйткені ол бір жеріңізді ауыртып алғаныңызды қаламайды. Осындай дос іспетті, Ехоба да бізден тым қиын нәрсені талап етпейді (Мұсаның 5-жазбасы 30:11—14). Ол бізді түсінеді, өйткені “біздің неден жаратылғанымызды жақсы біледі, топырақ екеніміз оның есінде” (Зәбүр 103:14).

15. Ехобаның өсиеттері біздің игілігіміз үшін берілгеніне неліктен сенімдіміз?

15 Мұса исраилдіктерге Ехобаның өсиеттері “мәңгілік игілік” әкелетінін әрі оларды орындаса, “аман-есен жүретіндерін” айтқан (Мұсаның 5-жазбасы 5:28—33; 6:24). Бүгінгі күні де дәл солай. Ехоба бізден нені талап етпесін, бәрі біздің игілігіміз үшін (Ишая 48:17 оқыңыз). Көктегі Әкеміз Ехоба біз үшін ненің жақсы екенін біледі (Римдіктерге 11:33). Киелі жазбаларда: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:8). Демек, Ехобаның әрбір ісі мен сөзіне сүйіспеншілік арқау болады.

16. Зұлым әлемнің ықпалы мен күнәкар болмысымызға қарамастан, Құдайға мойынсұнғыш болып қалуымызға не көмектеседі?

16 Рас, Ехобаға мойынсұну әрдайым оңай бола бермейді. Біз Шайтан билеп отырған зұлым әлемде өмір сүріп жатырмыз. Ол адамдарды жамандық жасауға итермелейді (Жоханның 1-хаты 5:19). Қала берсе, күнәкарлығымыздан туындайтын жаман ойлармен, сезімдермен күресуіміз керек. Өйткені бұлардың арты Құдайдың заңдарын бұзуға әкеп соғады (Римдіктерге 7:21—25). Алайда Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз дұрыс нәрсені істеуге күш дарытады. Құдай оған мойынсұнуға тырысып жатқанымызды көріп, өзінің құдіретті киелі рухын береді (Самуилдің 1-жазбасы 15:22, 23; Елшілердің істері 5:32). Ал киелі рух Құдайға мойынсұнуға қажетті қасиеттерді дамытуға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23).

17, 18. а) Осы кітаптан не білеміз? ә) Келесі тарауда нені қарастырамыз?

17 Осы кітаптан Ехобаға ұнамды өмір сүру үшін не істеуіміз керектігін білеміз. Оның принциптері мен моральдық нормаларын өмірімізде қалай қолдануды үйренеміз. Ехоба ешкімді оған мойынсұнуға мәжбүрлемейтінін естен шығармайық. Бірақ оған құлақ асып жүруді шешсек, қазіргі өміріміз сәнді де мәнді, болашағымыз шуақты болады. Бәрінен де маңыздысы — Құдайға мойынсұнғанымыз оған деген ыстық сүйіспеншілігімізді паш етеді (4-түсіндірмені қараңыз).

18 Дұрыс пен бұрысты айыра алуымыз үшін Ехоба әрбірімізге ар-ұждан немесе ар-ұят сыйлаған. Оны жақсылап тәрбиелесек, Құдайдың өсиеттерін орындау оңай болады. Ендеше, ар-ұждан деген не және оны қалай тәрбиелей аламыз? Осы жайында ой тарқатайық.