Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

17-ТАРАУ

Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз

Құдай сүйіспеншілігіне бөлене беріңіз

“Ең қасиетті сенімдеріңді негіз етіп, өздеріңді рухани нығайтып,.. Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” (ЯҺУДА 20, 21).

1, 2. Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беру үшін не істеуіміз керек?

 ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ мықты болғанын кім қаламайды?! Сол себептен біз дұрыс тамақтанып, денемізді шынықтырып, өз-өзімізге күтім жасауға тырысамыз. Әрине, бұның бәріне көп күш салу керек. Бірақ нәтижесі соған тұрарлық болғандықтан, біз алған бетімізден қайтпаймыз. Алайда бұдан бөлек, біз рухани денсаулығымызды да мықты етуді ойлауымыз керек.

2 Ехоба жайлы білу үшін осы уақытқа дейін көп күш салып келдік. Бірақ мұнымен тоқтап қалмай, онымен қарым-қатынасымызды әрі қарай да нығайта беруіміз қажет. Шәкірт Яһуда мәсіхшілерді “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға” шақырғанда, мұны қалай істей алатындарын да айтып кеткен. Ол: “Ең қасиетті сенімдеріңді негіз етіп, өздеріңді рухани нығайтыңдар”,— деген (Яһуда 20, 21). Олай болса, біз сенімімізді қалай нығайта аламыз?

СЕНІМІҢІЗДІ НЫҒАЙТА БЕРІҢІЗ

3—5. а) Шайтан бізді Ехобаның нормаларына қалай қараса екен дейді? ә) Ехобаның заңдары мен принциптері жайлы не ойлайсыз?

3 Ехобаның нормаларына тең келетін ештеңе жоқ екеніне өзіңіз көз жеткізіп алғаныңыз жөн. Шайтан Құдайдың нормаларымен өмір сүру тым қиын, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзіміз шешсек, анағұрлым бақытты боламыз дегенге сендіргісі келеді. Ол сонау Едем бағынан бастап бүгінгі күнге дейін осылай етуде (Мұсаның 1-жазбасы 3:1—6).

4 Ехобаның нормалары шынымен де тым шектеп тастай ма? Жоқ. Мұны мынадай мысалмен түсіндірсе болады: сіз әдемі бақта серуендеп жүрсіз. Бір кезде алдыңыздан биік қоршау шығады. Сонда сіз: “Мына қоршауды тура менің жолыма не үшін қойып қойған?”— деп наразы болатын шығарсыз. Бірақ сол кезде қоршаудың ар жағынан ақырған арыстанның даусын естисіз. Енді қоршау жайлы не ойлайсыз? Осы қоршаудың арқасында арыстанға жем болмағаныңызға қуанатыныңыз сөзсіз! Ехобаның нормалары тура осындай қоршау сияқты болса, Ібіліс арыстан сияқты. Құдай Сөзі бізді былай деп ескертеді: “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” (Петірдің 1-хаты 5:8).

5 Ехоба бізге ең жақсы өмірді тілейді. Ол Шайтанға алданып қалмағанымызды қалайды. Сол үшін де ол бізге қорғаныш болатын әрі бақытқа жеткізетін заңдар мен принциптер берген (Ефестіктерге 6:11). Жақып былай деп жазған: “Азаттыққа жеткізетін кемелді заңға үңіле қарап, оны ұстанатын адам... бұдан бақыт табады” (Жақып 1:25).

6. Ехобаның нұсқауларына тең келер ештеңе жоқ екеніне қалай көз жеткізе аламыз?

6 Ехобаның нұсқауларымен жүрсек, өміріміз жақсы жаққа өзгереді, әрі Құдаймен достығымыз нығая түседі. Мысалы, Құдай айтқандай, оған жиі дұға етіп тұрсақ, мұның көп пайдасын көреміз (Матай 6:5—8; Салоникалықтарға 1-хат 5:17). Сондай-ақ ғибадат ету үшін бас қосып, бір-бірімізді жігерлендірсек, уағыздау мен тәлім беру ісіне толықтай атсалыссақ, қуанышқа бөленеміз (Матай 28:19, 20; Ғалаттықтарға 6:2; Еврейлерге 10:24, 25). Бұлардың бізге тигізіп жатқан пайдасы жайлы ойлансақ, сеніміміз нығайып, Ехобаның нұсқауларына тең келер ештеңе жоқ екеніне одан сайын көзіміз жете түседі.

7, 8. Болашақта болуы мүмкін сынақтарды уайымдамауға не көмектеседі?

7 Біз болашақта көтере алмастай сенім сынақтарына кезігіп қаламыз ба деп уайымдайтын шығармыз. Сіздің де уайымыңыз осы болса, Ехобаның мына сөздерін ұмытпаңыз: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін, Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін. Өсиеттеріме ден қойсаңдар ғой, шіркін! Сендердегі тыныштық өзендей, әділдіктерің теңіз толқындарындай болар еді” (Ишая 48:17, 18).

8 Ехобаға мойынсұнсақ, біздегі тыныштық тартылмайтын өзен іспетті болады, ал әділдігіміз бір-бірін үздіксіз қуалай соққан толқындарға ұқсас болады. Өмірімізде қандай жағдайларға тап болмайық, біз адалдығымызды сақтап қала аламыз. Киелі кітапта: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, Ол сені демейді. Әділ жанның құлауына ол ешқашан жол бермейді”,— деген уәде бар (Зәбүр 55:22).

“РУХАНИ ТОЛЫСА БЕРЕЙІК”

9, 10. Рухани толысу деген не?

9 Ехобамен қарым-қатынасыңызды нығайтқан сайын, сіз “рухани толыса бересіз” (Еврейлерге 6:1). Ал рухани толысу деген не?

10 Рухани толысу деген міндетті түрде жастың ұлғаюымен байланысты емес. Рухани толысқан адам Ехобамен жақын дос болып, барлық нәрсеге оның көзімен қарайды (Жохан 4:23). Пауыл былай деп жазған: “Тән қалауы бойынша өмір сүретіндер тән жөнінде, ал рух қалауы бойынша өмір сүретіндер рух жөнінде ойлайды” (Римдіктерге 8:5). Рухани толысқан адамның бар ойы өмірден ләззат алу не ақша мен дүние-мүлік жинау емес. Ол бар назарын Ехобаға ғибадат етуге аударып, өмірде дұрыс шешімдер қабылдайды (Нақыл сөздер 27:11; Жақып 1:2, 3 оқыңыз). Ондай адам жаман ықпалға берілмейді, бұрыс әрекетке де бармайды. Рухани толысқан адам ненің дұрыс екенін біледі, әрі соны ғана істеуге бел буады.

11, 12. а) Пауыл “түйсіну қабілеті” жайлы не деген? ә) Толысқан мәсіхші болу мен спортшы болу қай жағынан ұқсас?

11 Рухани толысу оңайлықпен келмейді. Елші Пауыл: “Қатты тағам болса түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алатын рухани толысқан адамдарға арналған”,— деп жазған (Еврейлерге 5:14). “Машықтандыру” деген сөзді естігенде бірден ойымызға машықтанған спортшы келетін шығар.

12 Майталман спортшыға қарап, оның артында қаншама еңбек, қаншама уақыт жатқанын түсінеміз. Ешкім спортшы болып туылмайды. Сәби дүниеге келгенде, өзінің аяқ-қолдарын дұрыс игере алмайды. Бірақ уақыт өте ол ұстауды, жүруді үйренеді. Жаттығып, машықтанғаннан кейін барып ол спортшыға айналады. Тура сол сияқты, рухани толысқан мәсіхші болу үшін де көп уақыт машықтану қажет.

13. Ехоба сияқты ойлануды қалай үйренсек болады?

13 Бұл кітаптан біз барлық нәрсеге Ехобаның көзімен қараудың, ол сияқты ойланудың не екенін түсіндік. Оның нормаларын жақсы көріп, бағалауды да үйрендік. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын біз мына сұрақтар жайлы ойланамыз: “Осы жағдайда маған жол сілтейтін Киелі кітапта қандай заңдар мен принциптер бар? Олардың қайсысын қолдансам болады? Ехоба менің қалай әрекет еткенімді қалар еді?” (Нақыл сөздер 3:5, 6; Жақып 1:5 оқыңыз).

14. Сенімімізді нығайтқымыз келсе, не істеуіміз керек?

14 Ехобаға деген сенімді нығайту — тоқтаусыз әрекет. Нәрлі тағам жеген сайын денсаулығымыз нығаяды, сол сияқты Ехоба туралы білген сайын сеніміміз нығаяды. Киелі кітапты енді зерттей бастаған кезде біз Ехоба жайлы негізгі шындықтарды және оның көзқарасын білдік. Бірақ уақыт өткен сайын одан да тереңірек біле түскеніміз жөн. Пауыл да осыны айтқысы келіп: “Қатты тағам... рухани толысқан адамдарға арналған”,— деген. Үйренгенімізге сай әрекет еткенде, даналықты меңгереміз. Киелі кітап айтпақшы, “ең маңыздысы — даналық” (Нақыл сөздер 4:5—7; Петірдің 1-хаты 2:2).

15. Ехоба мен бауырластарды жақсы көру қаншалықты маңызды?

15 Адамның өзі де, денсаулығы да мықты болуы мүмкін. Бірақ ол өз-өзін күтпесе, бұл күйінен айырылып қалатынын жақсы біледі. Рухани толысқан адам да Ехобамен тығыз қарым-қатынасын жоғалтып алмас үшін, көп күш салу керектігін біледі. Пауыл бізді ескертіп: “Сенім жолындасыңдар ма, жоқ па — соны тексеріп тұрыңдар, әрі кім екендеріңе көз жеткізу үшін өздеріңді үнемі тексеріп отырыңдар”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 13:5). Десе де тек сеніміміздің мықты болғаны жеткіліксіз. Ехобаға және бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз де арта беру керек. Осыған нұсқап Пауыл былай деген: “Барша білімді иеленсем, сондай-ақ тауларды жылжыта алатындай сенімім болып, бірақ сүйіспеншілігім болмаса, онда менен еш пайда жоқ” (Қорынттықтарға 1-хат 13:1—3).

ҮМІТ ОТЫ СӨНБЕСІН

16. Шайтан бізге не тілейді?

16 Шайтан бізге ешқашан Ехобаның көңілінен шығатын адам бола алмаймыз деген ой салғысы келеді. Еңсеміз езіліп, қиындықтарымыздың күрмеуі ешқашан шешілмейді деген ойға келгенімізді қалайды. Ол бауырластарға сенім артпағанымызды, біздің бақытсыз болып жүргенімізді тілейді (Ефестіктерге 2:2). Шайтан жағымсыз ойлардың өзімізге де, Ехобамен қарым-қатынасымызға да кері әсер ететінін жақсы біледі. Алайда жағымсыз ойлармен күресе білуіміз үшін Ехоба бізге көмек көзін берді. Бұл — үміт.

17. Үміт қаншалықты маңызды?

17 Киелі кітапта Салоникалықтарға 1-хат 5:8-де біздегі үмітті шайқаста сарбаздың басын қорғап тұратын дулығаға теңеп, оны “құтқарылуға деген үміт” деп атаған. Ехобаның уәделеріне үміттенсек, бұл ой-санамызды қорғап, жағымсыз ойларға қарсы тұруға көмектеседі.

18, 19. Қалай Иса үмітінен күш алды?

18 Үміт Исаға күш берген. Ол өлер алдындағы түні үсті-үстіне қабаттасқан қиындықтарға тап болды. Жақын досы сатқын болып шықты. Тағы бір досы таныса да, танымаймын деп жалтарды. Басқалары оны тастап, қашып кетті. Жерлестері оған қарсы бас көтеріп, бағанаға шегеленуін талап етті. Нар көтере алмастай осындай қиындықтарды Иса қалай көтерді? “Өзін күтіп тұрған қуаныш үшін ол қорлықты елемей, азап бағанасында өлді, сосын Құдай тағының оң жағына отырды” (Еврейлерге 12:2).

19 Иса адал болып қалса, Әкесін мадаққа бөлеп, Шайтанның өтірігін дәлелдейтінін білген. Бұл үміт оған зор қуаныш сыйлады. Сондай-ақ Иса көп ұзамай көкте Әкесімен қайта қауышатынын білді. Бұл үміт те оған сынақтан сынбай өтуге көмектесті. Иса сияқты біз де үмітімізге көз тігуіміз қажет. Сонда басымызға қандай жағдай түспесін, табанды болып қаламыз.

20. Бізді теріс ойлардан не сақтайды?

20 Сөнбес сеніміңіз бен тозбас төзіміңіз Ехобаның назарында (Ишая 30:18; Малахи 3:10 оқыңыз). Ол “жүрек қалауыңызды орындаймын” деп уәде етеді (Зәбүр 37:4). Ендеше, назарыңызды үмітіңізден тайдырып алмаңыз. Шайтанның көздейтіні де осы. Ол Ехобаның уәделері ешқашан орындалмайды деген ой санаңызды торлап алғанын қалайды. Бірақ теріс ойларға бой алдырмаңыз! Үмітіңіздің сөніп бара жатқанын байқасаңыз, Ехобаны көмекке шақырыңыз. Філіпіліктерге 4:6, 7-дегі мына сөздерді есте ұстаңыз: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Иса арқылы сақтайды”.

21, 22. а) Ехобаның жерге қатысты ниеті қандай? ә) Сіз не істеуге бел будыңыз?

21 Уақыт бөліп, алдағы жарқын болашаққа ой жүгіртіп тұрыңыз. Жуырда адам атаулының бәрі түгелдей Ехобаға ғибадат ететін кез келеді (Аян 7:9, 14). Бір сәтке жаңа дүниедегі өмірді елестетіп көрейікші. Ол өмір біз ойлағаннан да асып түседі! Шайтан мен жындардан, зұлымдық атаулыдан азат боламыз. Ауру, өлім дегенді атымен ұмытамыз. Арайлап атқан әр таңда күш-қуатымыз тасып оянамыз. Әр сүрген күнімізге қуанатын боламыз. Жер бетін жұмаққа айналдыру үшін бәріміз жұмыла еңбек етеміз. Тамағымыз тоқ болып, қорықпай бейқам өмір сүреміз. Адамдардан қатыгездік емес, мейірімділік есіп тұрады. Ал белгіленген уақытында жер бетіндегі күллі адамзат “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді” (Римдіктерге 8:21).

22 Ехоба сізбен жақын дос болғысы келеді. Ехобаға мойынсұнып, күн сайын оған жақындай түсу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаңыз. Лайым бәріміз де Құдайдың сүйіспеншілігіне мәңгі бөлене берейік! (Яһуда 21).