Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

8-ТАРАУ

Ехоба таза жүретіндерді сүйеді

Ехоба таза жүретіндерді сүйеді

“Таза жүретін адамға таза екеніңді көрсетесің” (ЗӘБҮР 18:26).

1—3. а) Неге анасы баласының тазалығын қадағалайды? ә) Неге Ехоба өз халқының таза жүргенін қалайды?

 БАЛАСЫН мектепке жіберіп жатқан ананы елестетіп көріңізші. Ол баласының мұнтаздай таза болып, жинақы жүргенін қадағалайды. Өйткені таза жүретін баланың дені сау болады және бұл ата-анасына абырой әкеледі.

2 Әкеміз Ехоба бізді таза жүрсе екен дейді (Зәбүр 18:26). Өйткені таза жүргеніміз өзімізге жақсы екенін біледі. Сондай-ақ бұл оған даңқ әкеледі (Езекиел 36:22; Петірдің 1-хаты 2:12 оқыңыз).

3 Ал таза жүру деген не? Бізге оның қандай пайдасы бар? Осы сұрақтардың жауабын алған соң, біз өмірімізде қандай да бір өзгерістер жасау керектігін байқауымыз мүмкін.

ТАЗА ЖҮРУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?

4, 5. а) Неге біз өзімізді таза ұстауымыз керек? ә) Ехобаның тазалыққа деген көзқарасы жаратылыстарынан қалай байқалады?

4 Таза болудың не екенін Ехобаға қарап үйренсек болады. Ол — тазалықтың мінсіз үлгісі (Мұсаның 3-жазбасы 11:44, 45). Сондықтан біз “Құдайға еліктеп”, өзімізді таза ұстауымыз керек (Ефестіктерге 5:1).

5 Ехобаның тазалыққа қалай қарайтыны оның жаратылыстарынан анық байқалады. Ол табиғаттағы айналымдарды ойластырғанның арқасында ауа мен су үнемі тазарып тұрады (Еремия 10:12). Адамдар жерді бүлдіріп жатқанына қарамастан, ол өз-өзін түрлі жолдармен тазартып отыратынын айтсаңызшы! Мысалы, Ехоба микроскоппен ғана көрінетін өте кішкентай тірі ағзаларды жаратты. Олар микробтар деп аталады. Пайдалы микробтар улы қалдықтарды зиянсыз етеді. Бұл — өте таңғаларлық процесс. Ғалымдар тіпті бұл микробтардың кейбірін ластанған ортаны тазарту үшін пайдаланады (Римдіктерге 1:20).

6, 7. Ехобаға ғибадат етушілердің таза болу керектігі Мұса Заңынан қалай көрінген?

6 Тазалықтың қаншалықты маңызды екені исраилдіктерге берілген Мұса Заңынан да көрінеді. Мысалы, Ехоба ғибадаттарын қабыл ету үшін халық тән тазалығын сақтау керек болған. Күнәні өтейтін күні бас діни қызметкер екі рет жуыну керек еді (Мұсаның 3-жазбасы 16:4, 23, 24). Ал құрбандық ұсынбас бұрын діни қызметкерлерден қол-аяғын жуу талап етілетін (Мұсаның 2-жазбасы 30:17—21; Шежірелер 2-жазба 4:6). Тазалыққа қатысты заңдарға мойынсұнбаған адам кейбір жағдайларда өліммен жазаланатын (Мұсаның 3-жазбасы 15:31; Мұсаның 4-жазбасы 19:17—20).

7 Мұса Заңынан Ехобаның талаптары жайлы көп нәрсені ұғынуға болады (Малахи 3:6). Бұл Заңнан Ехобаға ғибадат ететіндердің таза жүруі тиіс екені айқын көрінген. Заман өзгергенмен Ехобаның талаптары еш өзгермейді. Бүгінде де ол қызметшілерінен тазалықты талап етеді (Жақып 1:27).

ТАЗА ЖҮРУ ДЕГЕН НЕ?

8. Біз қай жағынан таза болуымыз керек?

8 Таза жүру деген тек киіміміздің, үйіміздің, тәніміздің таза болуын білдірмейді. Тазалық бүкіл өмірімізден көрініс табу керек. Бұған ғибадатымыздың, жүріс-тұрысымыз бен ойымыздың тазалығы да кіреді. Ехоба бізді таза деп білсін десек, өмірдің әр саласында таза екеніміз көрініп тұру керек.

9, 10. Ғибадатымыз таза болу үшін не істеуіміз керек?

9 Таза ғибадат. Біздің жалған дінге еш қатысымыз болмау керек. Кезінде исраилдіктер Бабылда құлдықта жүргенде, жан-жағындағы пұтқа табынған адамдар азғын істермен айналысып, жалған нәрселерге үйреткен. Ишая өз пайғамбарлығында исраилдіктер отандарына қайтып, таза ғибадатты қалпына келтіретінін айтты. Ехоба тұтқындағы халқына: “Ол жерден шығыңдар, арам нәрсеге жоламаңдар!...Оның арасынан шығыңдар, өздеріңді таза сақтаңдар!”— деп бұйырды. Олардың Құдайға деген ғибадаттары Бабылдағы жалған діндердің наным-ілімдерімен, дәстүрлерімен араласып кетпеу керек еді (Ишая 52:11).

10 Бүгіндегі шынайы мәсіхшілер де жалған діннен бойларын аулақ ұстайды (Қорынттықтарға 1-хат 10:21 оқыңыз). Жер-жердегі түрлі дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мен нанымдардың түбі жалған діндердің ілімдерінен шыққан. Мысалы, көптеген елдің мәдениетінде адам қайтыс болған соң оның жаны әрі қарай өмір сүре береді деп сенеді. Осы сенімнің негізінде өлген адамның жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру сияқты көптеген басқа салт-дәстүрлер пайда болды (Уағыздаушы 9:5, 6, 10). Мәсіхшілер бұндай дәстүрлерге араласпау да, құптамау да керек. Туыстарымыз қатысуымызды талап етіп, қыспаққа алуы мүмкін. Алайда Ехоба бізді таза деп білсін десек, сол қыспаққа беріліп қалмағанымыз абзал (Елшілердің істері 5:29).

11. Таза жүріс-тұрыс деген не?

11 Таза жүріс-тұрыс. Ехоба бізді таза деп санау үшін жыныстық азғындықтың кез келген түрінен қашық болуға тиіспіз (Ефестіктерге 5:5 оқыңыз). Киелі кітапта Ехоба “азғындықтан аулақ болуды” ескертеді. Ол моральдық тұрғыдан азғын әрі онысына еш өкінбейтін адамдардың “Құдай Патшалығын мұра етпейтінін” нақты айтты (Қорынттықтарға 1-хат 6:9, 10, 18; 22-түсіндірмені қараңыз).

12, 13. Неге ой тазалығы маңызды?

12 Ой тазалығы. Әдетте санамыздағы ойлар әрекетке ұласып жатады (Матай 5:28; 15:18, 19). Жақсы ойлар жақсы іске бастайды. Алайда пенде болғандықтан, кей кезде жаман ойлар санамызда қылт етуі мүмкін. Ондай кезде олардан құтылудың амалын жасауымыз керек. Бірден әрекет етпесек, уақыт өте кіршіксіз жүрегіміздің кірленуі әбден мүмкін. Сонда ойымызда жүрген нәрсені іске асыруды көксей бастауымыз ғажап емес. Сондықтан санамызды жақсы да таза ойларға толтырудың маңызы орасан! (Філіпіліктерге 4:8 оқыңыз). Біз азғындыққа я қатыгездікке толы ойын-сауық түрлерінен үзілді-кесілді бас тартамыз. Не оқып, не көретінімізді, қандай тақырыпта сөйлесетінімізді асқан мұқияттылықпен таңдаймыз (Зәбүр 19:8, 9).

13 Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене беру үшін ғибадатымыз, жүріс-тұрысымыз, ойымыз таза болу керек. Алайда Ехоба үшін тән тазалығының маңыздылығы бұлардан кем түспейді.

ТӘН ТАЗАЛЫҒЫН ҚАЛАЙ САҚТАЙ АЛАМЫЗ?

14. Тән тазалығына мән берудің қандай маңызды себебі бар?

14 Өзін және жан-жағын таза ұстай білген адам өзіне де, өзгелерге де пайдасын тигізеді. Таза болғаны өзіне ғана емес, басқаларға да ұнайды. Алайда тән тазалығына мән берудің басқа бір маңызды себебі бар: бұл Ехобаға даңқ әкеледі. Мысалы, қашан көрсең де кір-қожалақ болып жүретін баланың ата-анасы жайлы жақсы пікірде болу қиын. Сол сияқты өзімізге жөнді қарамасақ, тазалыққа мән бермесек, адамдардың Ехоба жайлы пікірі жақсы бола қоймас. Елші Пауыл: “Қызметімізге еш мін тағылмас үшін, өзгелерді сүріндіретіндей еш нәрсе жасамаймыз. Қайта, барлық жағынан өзімізді Құдайдың қызметшісі ретінде танытамыз”,— деген (Қорынттықтарға 2-хат 6:3, 4).

Ехобаның халқы болғандықтан, өзімізді және жан-жағымызды таза ұстаймыз

15, 16. Таза болу үшін не істей аламыз?

15 Тән мен киім тазалығы. Тазалық сақтауды күнделікті дағдыға айналдырған жөн. Мысалы, мүмкіндік болса, күн сайын шомылған дұрыс. Тамақ дайындарда, тамақ ішер алдында, дәретханадан шыққанда, кір нәрсе ұстап қойғанда, қолды сабындап жуған жөн. Қолды жуу қарапайым ереже болып көрінетін шығар, алайда ол бактерия мен аурулардың таралуына тосқауыл қояды. Тіпті өмірді сақтап қалады. Дәретхана я кәріз жүйесі (канализация) болмаған жағдайда, қандай да бір амалын тапқанымыз жөн. Ежелгі исраилдіктерде кәріз жүйесі болмаған, бірақ олар үйлер мен су көздерінен алыс жерге дәретке барып, нәжістерін көметін (Мұсаның 5-жазбасы 23:12, 13).

16 Киімге келер болсақ, оның тым сәнді, қымбат я соңғы үлгіде болуы шарт емес, ең бастысы, таза да ұқыпты болса болғаны (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10 оқыңыз). Иә, біз сырт көрінісіміз Ехобаға мадақ әкелсе екен дейміз (Титке 2:10).

17. Үйіміз бен мүлкіміздің таза болғаны неліктен маңызды?

17 Үй мен мүлік тазалығы. Қайда тұрмайық, біз үйімізді әрдайым таза ұстауға тырысамыз. Автокөлік, мотоцикл, велосипед не басқа да көлігіміз болса, олардың да тазалығына мән берген жөн. Қауымға я уағызға барғанда олардың таза болғаны әсіресе маңызды. Өйткені уағызда біз адамдарға жерде орнайтын кіршіксіз таза жұмақ жайында айтамыз емес пе?! (Лұқа 23:43; Аян 11:18). Үйіміз бен мүлкіміз таза болса, қазірден бастап сол керемет өмірге дайындалып жатқанымызды паш етеміз.

18. Ғибадат орындарымыздың таза болғаны неліктен маңызды?

18 Ғибадат орындарындағы тазалық. Патшалық сарайлары мен конгрестер өтетін жерлерді таза ұстау арқылы да тазалықтың өмірімізде алар орны ерекше екенін көрсетеміз. Адамдар алғаш рет Патшалық сарайына келгенде, бірінші кезекте көзге түсетіні — ондағы тазалық. Бұл Ехобаға мадақ әкелері анық. Қауымның бір мүшесі болғандықтан, әрбіреуіміздің Патшалық сарайын тазалауға, жөндеу жұмыстарына атсалысуға керемет мүмкіндігіміз бар (Шежірелер 2-жазба 34:10).

ЖАМАН ӘДЕТТЕРДІ ҚҰРЫҚТАҢЫЗ

19. Қандай істерден аулақ болуымыз керек?

19 Киелі кітапта жиренуіміз керек жаман әдеттердің тізімі жазылмаған. Бірақ онда Ехобаның жаман әдеттерге деген көзқарасын білуге көмектесетін принциптер бар. Ол темекі тартқанымызды, ішімдікке, нашақорлыққа салынғанымызды, насыбай атқанымызды еш құптамайды. Құдайдың досы болғымыз келсе, мұндай істерге бармаймыз. Өйткені өмір бізге берілген құнды сый, біз оны қатты бағалаймыз. Ал мұндай жаман әдеттер өмірімізді қысқартады, денсаулығымызды құртады, қасымыздағы адамдарға да зиянын тигізеді. Көп адам мұндай әдеттерді өз денсаулықтары үшін тастап жатады. Ал біздің одан да салмақты себебіміз бар: біз Құдайды жақсы көреміз. Бір әйел былай дейді: “Ехобаның көмегімен ғана былғанған өмірімді тазартып, тәуелді болған әдеттерімнен арылдым... Бұл өзімнің қолымнан келмес еді”. Қазір жаман әдеттерден арылуға көмектесетін бес Киелі кітап принципіне назар аударайық.

20, 21. Ехоба қандай әдеттерден азат болғанымызды қалайды?

20 “Қымбатты бауырластар, бізге осындай уәделер берілгендіктен, тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық. Осылай Құдайдан қорқа отырып, қасиетті бола түсейік” (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Ехоба ой-санамыз бен тәнімізге зиянын тигізетін әдеттерден азат болғанымызды қалайды.

21 “Арамдайтын барлық нәрседен” тазарудың келелі себебі Қорынттықтарға 2-хат 6:17, 18-де жазылған. Онда Ехоба былай дейді: “Бұдан былай арам нәрсеге жоламаңдар”. Сосын ол: “Сонда мен сендерді қабылдаймын. Мен Әкелерің, ал сендер ұл-қыздарым боласыңдар”,— деп уәде етеді. Иә, арам істерден аулақ болсақ қана Ехоба бізді баласын сүйген әкедей жақсы көретін болады.

22—25. Қандай Киелі кітап принциптері жаман әдеттерден арылуға көмектеседі?

22 “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” (Матай 22:37). Бұл — ең маңызды өсиет (Матай 22:38). Ехоба еш қалтқысыз, беріле жақсы көруімізге лайық. Ал өмірімізді қысқартатын немесе миымызды улайтын істермен айналыссақ, Ехобаны еш қалтқысыз жақсы көре аламыз ба? Біз Құдай сыйлаған өмірді қастерлейтінімізді әр ісімізбен көрсеткіміз келеді.

23 “[Ехоба] барлығына өмір, тыныс және қажеттінің бәрін береді” (Елшілердің істері 17:24, 25). Досыңыз ерекше бір сыйлық тарту етсе, оны сындырып немесе лақтырып жіберер ме едіңіз? Өмір де — Ехобаның берген таңғажайып сыйы. Бұл сый үшін ризашылығымыз ерекше. Сондықтан бар тілейтініміз — Ехобаға мадақ әкелетіндей өмір сүру (Зәбүр 36:9).

24 “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Матай 22:39). Зиянды әдеттердің зияны өзімізге ғана тиіп жатса бір сәрі. Оның зардабын қасымыздағы адамдар да, әсіресе жақын адамдарымыз тартады. Мысалы, шылым шегетін адаммен бір үйде тұратындар түтіннің өзінен ауруға шалдығуы мүмкін. Жаман әдеттерімізден бас тартқанда, біз жақындарымызды жақсы көретінімізді дәлелдейміз (Жоханның 1-хаты 4:20, 21).

25 “Мыналарды әрі қарай да естеріне сала бер: олар үкімет пен билік иелеріне бағынсын, мойынсұнсын” (Титке 3:1). Көп елде есірткінің белгілі бір түрін иемдену я оны қабылдау заңмен қудаланады. Ехоба билік иелерін құрметтеуді талап еткендіктен, біз мұндай заңға мойынсұнамыз (Римдіктерге 13:1).

Жаман әдеттерден бас тартқанда, Ехобаны мадақтаймыз

26. а) Ехоба ғибадатымызды қабылдау үшін не істеуіміз керек? ә) Неге біз барлық жағынан таза болуға барынша тырысамыз?

26 Ехобаның досы болу үшін кейде қандай да бір өзгеріс жасау керек болуы мүмкін. Біз де соны байқасақ, өзгеріс жасауды кейінге қалдырмай бүгіннен бастайық. Жаман әдеттерді тастау оңай емес, бірақ бұл қолымыздан келеді. Өйткені Ехоба көмектесемін деп уәде етіп отыр. Ол былай дейді: “Мен Құдайларың Ехобамын. Мен сендерге пайдалыны үйретемін, Жүрулерің тиіс жолмен жетелеймін” (Ишая 48:17). Барлық жағынан таза болу үшін барымызды салсақ, бұл Ехобаны мадаққа бөлейтіні сөзсіз.