Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ТАРАУ

Өмірді Құдай сияқты бағалайсыз ба?

Өмірді Құдай сияқты бағалайсыз ба?

“Өмірдің қайнар көзі сенде” (ЗӘБҮР 36:9).

1, 2. а) Ехобаның бізге берген бағалы сыйы қандай? ә) Бақытты ғұмыр кешуіміз үшін Ехоба бізге не берді?

 ЕХОБА әрбіреуімізге таңғажайып сый берді. Бұл — біздің өміріміз (Мұсаның 1-жазбасы 1:27). Бақытты ғұмыр кешкенімізді қалағандықтан, Құдай бізге дұрыс шешім қабылдауға үйрететін принциптер берді. “Жаман мен жақсыны ажырата” білу үшін осы принциптерге әрдайым жүгініп отырғанымыз жөн (Еврейлерге 5:14). Принциптерге жүгінген кезде Ехоба бізге дұрыс ойлануды үйретеді. Ал Құдайдың принциптеріне сай өмір сүріп, өміріміздің жақсы жаққа өзгеріп жатқанын көргенде, олардың баға жетпес қазына екенін жете түсінеміз.

2 Десе де өмір асау толқынсыз болмайды. Кейбір жағдайлар туындағанда, Киелі кітаптан нақты нұсқау таппай дал болып жатамыз. Сондай жағдайлардың бірі — қанмен байланысты емдеу шаралары. Ондайда қандай шешіміміз Ехобаға ұнамды болады? Киелі кітапта Ехобаның өмір мен қанға деген көзқарасын түсіндіретін принциптер бар. Оларды түсіне білсек, ақылмен шешім қабылдаймыз, әрі ар-ұжданымызды кір шалдырмаймыз (Нақыл сөздер 2:6—11). Ал қазір сол принциптердің кейбірін қарастырайық.

ҚҰДАЙДЫҢ ӨМІР МЕН ҚАНҒА ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫ

3, 4. а) Ехоба қанға деген көзқарасын қалай білдірді? ә) Қан нені бейнелейді?

3 Киелі кітап қан қасиетті деп үйретеді, өйткені ол өмірді бейнелейді. Ал өмір Ехоба үшін аса бағалы. Қабыл інісін өлтіргенде, Ехоба оған: “Ініңнің төгілген қаны маған жерден үн қатып тұр!”— деді (Мұсаның 1-жазбасы 4:10). Әбілдің қаны оның өмірін бейнелеген. Ехоба Әбілдің қаны жайлы айтқанда, оның өміріне нұсқаған.

4 Нұхтың күндерінде болған Топан судан кейін Құдай адамзатқа ет жеуге рұқсат берді. Алайда ол: “Тек олардың етін өмірімен, яғни қанымен, жемеңдер”,— деп нақты ескертті (Мұсаның 1-жазбасы 9:4, сілтеме). Нұхтың күллі ұрпағына берілген бұл ескертудің бізге де қатысы бар. Иә, Ехобаның көз алдында қан өмірді бейнелейтіні анық. Біздің де қанға деген көзқарасымыз дәл сондай болу керек (Зәбүр 36:9).

5, 6. Ехобаның өмір мен қанға қатысты көзқарасы Мұса Заңында қалай көрініс тапқан?

5 Ехоба Мұсаға берген заңында былай деген: “Біреу... қан атаулыны жейтін болса, мен ондай жанға қарсы шығып, халқының арасынан көзін құртамын. Өйткені тіршілік иелерінің өмірі қанда ғой” (Мұсаның 3-жазбасы 17:10, 11).

6 Мұса Заңы бойынша, адам малды жеу үшін өлтірсе, оның қанын жерге ағызып тастауға тиіс еді. Осылай ол малдың өмірі қасиетті әрі Ехобаға тиесілі екенін көрсететін (Мұсаның 5-жазбасы 12:16; Езекиел 18:4). Алайда Ехобаның талабы малдың қанын соңғы тамшысына дейін ағызу керек дегенді білдірмейтін. Қанды тиісінше ағызып болған соң, халық етті таза ар-ұжданмен жей алатын. Малдың қанына құрмет көрсетулерімен олар өмір беруші Ехобаны құрметтейтіндерін көрсететін. Сондай-ақ Заңда күнәлары кешірілу үшін исраилдіктерден малды құрбандыққа әкелу талап етілетін (19, 20-түсіндірмені қараңыз).

7. Дәуіт қанды құрметтейтінін қалай көрсетті?

7 Қанның қаншалықты құнды екенін Дәуіттің філістірлермен соғысқан кездегі бір оқиғадан байқауға болады. Дәуіттің қасындағы жігіттері оның қатты шөлдегенін көреді. Сөйтіп, оған су әкелу үшін бастарын қатерге тігіп, жаудың жеріне аяқ басады. Бірақ суды әкеліп бергенде, Дәуіт оны ішпей, “Ехобаның алдында жерге төгіп” тастайды. Ол: “Ехоба, мына суды қалай ішпекпін?! Бұл — бастарын қатерге тіккен батырлардың қаны ғой!”— дейді. Дәуіт үшін бұл су жігіттердің өмірін бейнелеген. Ол өмір мен қанның Ехоба үшін өте құнды екенін жете түсінген (Самуилдің 2-жазбасы 23:15—17).

8, 9. Мәсіхшілер қанға қалай қарау керек?

8 Исаның өлімінен кейін Мұса Заңы өз күшін жоғалтты. Десе де І ғасырдағы мәсіхшілерге Заңның кейбір тұстарын әлі де ұстану қажет еді. Олардан құрбандыққа мал әкелу талап етілмегенімен, “қаннан аулақ болу” талап етілді. Азғындықтан, пұтқа табынудан аулақ болу қалай маңызды болса, қаннан аулақ болу да дәл солай маңызды еді (Елшілердің істері 15:28, 29).

Қан фракцияларына қатысты шешіміңізді қалай түсіндірер едіңіз?

9 Бүгінде де мұның маңыздылығы жоғалған жоқ. Біз өмірдің қайнар көзі Ехоба екенін және өмір атаулының бәрі оған тиесілі екенін білеміз. Сондай-ақ қанның қасиетті әрі өмірді бейнелейтінін түсінеміз. Сондықтан қанмен байланысты емдеу әдістерін таңдағанда, Киелі кітап принциптерін жақсылап қарастырып аламыз.

ҚАНДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ МАҚСАТТА ПАЙДАЛАНУ

10, 11. а) Ехоба куәгерлері қанды я оның негізгі төрт бөлігін құйдыруға қалай қарайды? ә) Әрбір мәсіхші нені шешіп алу керек?

10 Ехоба куәгерлері “қаннан аулақ бол” деген тек ішіп-жемеумен ғана шектелмейтінін түсінеді. “Қаннан аулақ болу” дегенге қан құйдырмау, қан өткізбеу және қайта құю үшін адамның өз қанын сақтамау да кіреді. Сонымен қатар бұл қанның негізгі төрт бөлігін, яғни эритроциттер, лейкоциттер, тромбоциттер мен плазманы құйдырудан аулақ болуды білдіреді.

11 Қанның негізгі төрт бөлігі тағы да ұсақ бөліктерге бөлінеді. Олар қан фракциялары деп аталады. Әр мәсіхші оларды қабылдай ма, қабылдамай ма — өзі шешуі тиіс. Ем-шара кезінде өз қанын пайдалана ма, жоқ па — мұны да мәсіхші өзі шешеді. Ота жасатқанда, зертханаға қан тапсырғанда, я болмаса қазір қабылдап жатқан емдеу әдістерінде өз қанын қалай пайдаланатынын әркім өзі шешіп алу керек (21-түсіндірмені қараңыз).

12. а) Ар-ұятымызға сүйеніп қабылдайтын шешімдеріміз неге Ехоба үшін маңызды? ә) Медициналық ем түріне қатысты шешім қабылдарда не істеуіміз керек?

12 Ар-ұятымызға сүйеніп қандай шешім қабылдайтынымыз Ехоба үшін маңызды ма? Әрине, өйткені ондай шешімдер жүрек түбінде не барын аян етеді. Ал Ехоба біздің ойымыз бен сезімдерімізге бейжай қарамайды (Нақыл сөздер 17:3; 24:12 оқыңыз). Сондықтан біз медициналық ем түріне қатысты шешім қабылдарда Ехобадан бағыт-бағдар сұрап дұға етеміз, сосын таңдағалы тұрған ем түрі жайлы зерттеу жүргіземіз. Содан кейін Киелі кітаппен тәрбиеленген ар-ұжданымызға сүйеніп шешім қабылдаймыз. Басқалардан “менің орнымда болсаң не істер едің?” деп сұрамағанымыз жөн. Басқалар да шешімімізге ықпал етпеу қажет. Өйткені әр мәсіхші “өз жүгін өзі көтереді” (Ғалаттықтарға 6:5; Римдіктерге 14:12).

ЕХОБАНЫҢ ЗАҢДАРЫ — СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ КӨРІНІСІ

13. Ехобаның қанға қатысты заңдары мен принциптерінен ол жайында не білеміз?

13 Ехоба өз заң-талаптарын біздің игілігіміз үшін берген, әрі олар оның бізге деген сүйіспеншілігін паш етеді (Зәбүр 19:7—11). Алайда біз Ехобаға заң-талаптарының пайдасы бар болғандықтан ғана емес, оны сүйгендіктен мойынсұнамыз. Ал сүйіспеншілігіміз бізді қан құйдырудан аулақ болуға талпындырады (Елшілердің істері 15:20). Бұл денсаулығымызды да сақтайды. Бүгінде көптеген адам қан құйдырудың қауіпті екенімен келісіп жатады. Көп дәрігерлер де қансыз жасалған ота науқастың денсаулығына анағұрлым жақсы әсер ететінін мойындайды. Расында да, Ехобаның жолдары даналық пен сүйіспеншілікке толы (Ишая 55:9 оқыңыз; Жохан 14:21, 23).

14, 15. а) Халқының қауіпсіздігі үшін Ехоба қандай заңдар берген? ә) Осы заңдардың астарында жатқан принциптерді қалай ұстана аласыз?

14 Құдайдың заңдары қашанда халқының пайдасына асып отырған. Ехоба ежелдегі Исраил халқын оқыс жағдайлардан қорғау үшін заңдар берген. Мысалы, үйдің төбесінен біреу-міреу құлап кетпес үшін, үй иесі оны айналдыра аласа қабырғамен қоршау керек болған (Мұсаның 5-жазбасы 22:8). Сондай-ақ малға қатысты да заң болған. Біреудің сүзеген бұқасы болса, ол басқаларды сүзіп я өлтіріп қоймас үшін, иесінен оған бас-көз болу талап етілген (Мұсаның 2-жазбасы 21:28, 29). Әлдебіреудің осы заңдарға мойынсұнбағанының кесірінен кімде-кім өліп кетсе, бұған иесі кінәлі болатын.

15 Осы заңдарға қарап-ақ Ехоба үшін өмірдің қаншалықты бағалы екенін түсінуге болады. Мұны білгеніміз бізді не істеуге талпындыру керек? Өмірді құрметтейтініміз үйіміз бен көлігіміздің күйінен, көлікті қалай айдайтынымыздан, қандай ойын-сауық таңдайтынымыздан көрініп тұру керек. Кейбір адамдар, әсіресе жастар “не болады дейсің?” деген оймен бастарын қатерге тігіп, қауіпті елемей жатады. Бірақ Ехоба бұлай еткенімізді қаламайды. Қайта, өзіміздің де, өзгелердің де өмірін қастерлесек екен дейді (Уағыздаушы 11:9, 10).

16. Ехоба түсік жасатуға қалай қарайды?

16 Ехобаның көз алдында әрбір адамның, тіпті іште жатқан баланың да өмірі құнды. Мұса Заңына сәйкес, біреу жүкті әйелді абайсызда ұрып жіберіп, соның салдарынан әйелдің өзі не іште жатқан баласы өліп кетсе, Ехоба сол адамды кісі өлтіруші деп қарастырған. Бұл абайсызда болған жағдай болса да, өлімге себепші болған адам өлімге кесілу керек еді (Мұсаның 2-жазбасы 21:22, 23 оқыңыз). Құдай үшін құрсақта жатқан бала — тірі жан. Олай болса, Ехоба түсік жасатуға қалай қарайды деп ойлайсыз? Жыл сайын миллиондаған сәбидің туылмай жатып өлтіріліп жатқанын көргенде, ол қандай күй кешеді?

17. Ехобаның көзқарасын білмей тұрғанда түсік жасатқан әйелді не жұбатады?

17 Ал біреу Ехобаның көзқарасын әлі білмей тұрғанда түсік жасатқан болса ше? Ехоба Исаның төлемін негізге алып, оны кешіретініне сенімді болсын (Лұқа 5:32; Ефестіктерге 1:7). Бұрын осындай қателікке барған әйел шын өкінген болса, өзін жазғыра бермеу керек. “Ехоба мейірімді де жанашыр... Шығыс батыстан қанша қашық болса, Ол бізден қылмыстарымызды сонша қашықтатты” (Зәбүр 103:8—14).

ЖЕККӨРУШІЛІККЕ ЖЕТЕЛЕЙТІН ОЙЛАРДАН САҚТАНЫҢЫЗ

18. Неге жеккөрушілікке жетелейтін ойлардан арылуымыз керек?

18 Өмір сыйына деген құрмет жүрек түбінен бастау алады. Бұған өзгелер туралы ой-сезімдеріміз кіреді. Елші Жохан: “Бауырласын жек көретін әркім — кісі өлтіруші”,— деп айтқан (Жоханның 1-хаты 3:15). Өзіміз аңғармастан жақтырмайтын адамымызды жек көріп кетуіміз мүмкін. Жеккөрушілік болса құрметсіздікке ұласып, сол адамға жалған айып тағуымыз, тіпті оның өлімін тілеуіміз мүмкін. Ехобаға өзгелер туралы іштей не ойлайтынымыз аян (Мұсаның 3-жазбасы 19:16; Мұсаның 5-жазбасы 19:18—21; Матай 5:22). Әлдекімге деген жағымсыз ойларымыздың бар екенін байқасақ, олардан арылу үшін барынша күш салуымыз қажет (Жақып 1:14, 15; 4:1—3).

19. Өмірді бағалайтынымызды көрсетудің тағы бір жолы қандай?

19 Өмірді бағалайтынымызды көрсетудің тағы бір жолы бар. Зәбүр 11:5-те Ехоба жайлы: “Жауыздықты сүйетіндерді ол жек көреді”,— делінген. Қатыгез ойын-сауық түрін таңдасақ, қатыгездікті жақсы көретінімізді көрсетпейміз бе?! Санамызды қатыгез сөздерге, ойлар мен бейнелерге толтырып қайтеміз?! Одан да санамызды таза да жағымды ойларға толтырайық (Філіпіліктерге 4:8, 9 оқыңыз).

ӨМІРДІ ҚҰРМЕТТЕМЕЙТІНДЕРГЕ ЕРМЕҢІЗ

20. Ехоба Шайтанның дүниесіне қалай қарайды?

20 Шайтан билеген дүниенің өмірге деген бір түйір құрметі жоқ. Сондықтан Ехоба бұл дүниені қан төгуші, яғни кісі өлтіруші деп біледі. Ғасырлар бойы саяси үкіметтер миллиондаған адамның өліміне себепші болып келеді. Арасында Ехобаның көптеген қызметшілері де құрбан болды. Киелі кітапта бұл саяси үкіметтер аяушылық дегенді білмейтін жыртқыш аңдарға теңеледі (Даниял 8:3, 4, 20—22; Аян 13:1, 2, 7, 8). Бүгінгі күнде қару-жарақ сату ірі бизнеске айналған. Өлім-жітім қаруларын сатып, адамдар күректеп ақша табуда. Иә, “бүкіл дүние Шайтанның билігінде” екенінде дау жоқ (Жоханның 1-хаты 5:19).

21, 22. Құдайдың халқы “осы дүниелік емес” екендіктерін қалай көрсетеді?

21 Мәсіхшілер “осы дүниелік емес”. Ехобаның халқы саясат пен соғысқа араласпай, бейтараптық сақтайды. Олар кісі өлтірмейтіндіктен, соғысатын я қару-жарақ шығаратын топтар мен ұйымдарды еш қолдамайды (Жохан 15:19; 17:16). Қуғынға ұшырағанда мәсіхшілер зұлымдыққа зұлымдықпен жауап қайтармайды. Өйткені Иса тіпті жауларымызды да жақсы көруіміз керектігін айтқан (Матай 5:44; Римдіктерге 12:17—21).

22 Миллиондаған адамның өлімінің артында тағы дін тұр. Ұлы Бабыл, яғни жалған діндер империясы туралы Киелі кітапта былай делінген: “Пайғамбарлар мен қасиеттілердің және өлтірілгендердің бәрінің қаны осы қаладан табылды”. Ехобаның не үшін “менің халқым, одан шық” деп бұйыратынын түсінесіз бе? Ехобаға ғибадат ететіндер жалған діннен аулақ жүру керек (Аян 17:6; 18:2, 4, 24).

23. Ұлы Бабылдан шығу деген нені білдіреді?

23 Ұлы Бабылдан шығу деген жалған дінмен байланысты толық үзуді білдіреді. Мысалы, қандай да бір діни ұйымның мүшелігіне тіркелген болсақ, есімімізді өшіртіп тастау қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біз жалған діннің істерінен аулақ болып, оларды жек көруіміз керек. Жалған дін саясатқа араласуға, жыныстық өнегесіздікпен айналысуға, ашкөздікке салынуға тыйым салмайды, бұл аздай, соларды өзі насихаттайды (Зәбүр 97:10 оқыңыз; Аян 18:7, 9, 11—17). Соның салдарынан жылдар бойы миллиондаған адам өмірлерінен айырылуда.

24, 25. Неге Ехобаны білгеніміз жантыныштық пен таза ар-ұждан сыйлайды?

24 Ехобаны білмей тұрғанда бәріміз де қандай да бір шамада Шайтанның дүниесіндегі жаман істерге ортақтасып жүрдік. Бірақ біз өзгердік. Біз төлем құрбандығына сеніп, өмірімізді Құдайға бағыштадық. Біз үшін “Ехобаның қайта нығайтатын уақыты келді”. Басқаша айтқанда, Құдайға ұнамды екенімізді білгендіктен, жанымыз тыныш, ар-ұжданымыз таза (Елшілердің істері 3:19; Ишая 1:18).

25 Бір кездері өмірге деген құрметі жоқ ұйымдар мен топтарды қолдаған болсақ, Ехоба төлемді негізге алып, бізді кешіреді. Біздің өмір сыйы үшін Ехобаға шексіз ризамыз. Басқаларға Ехоба жайлы айтқанда, оларға Шайтанның дүниесінен шығып, Құдаймен дос болуға барынша көмектескенде, өмірге деген ризашылығымызды көрсетеміз (Қорынттықтарға 2-хат 6:1, 2).

ПАТШАЛЫҚ ЖАЙЛЫ АЙТЫҢЫЗ

26—28. а) Ехоба Езекиелге қандай ерекше тапсырма жүктеген? ә) Ехоба бүгінде бізге қандай тапсырма берді?

26 Ежелгі Исраилде Ехоба Езекиел пайғамбарға Иерусалимнің жуырда жойылатынын ескертіп, адамдарға аман қалу үшін не істеу керектігін үйретуді тапсырды. Езекиел ескертпейтін болса, Ехоба адамдардың қанын оның мойнына жүктемек еді (Езекиел 33:7—9). Маңызды хабарды жеткізу үшін барын салған Езекиел адам өмірін қастерлейтінін көрсетті.

27 Ехоба бізге де тапсырма берген. Біз адамдарға Шайтанның дүниесі таяуда жойылатынын ескертіп, оларға Ехобаны танып-білуге және аман-есен жаңа өмірге жетулеріне көмектесуіміз қажет (Ишая 61:2; Матай 24:14). Осы хабарды басқаларға жеткізу үшін еш аянып қалғымыз келмейді. Біз де Пауыл сияқты: “Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ, өйткені сендерге Құдай еркін түгел айтудан тартынбадым”,— дегіміз келер еді (Елшілердің істері 20:26, 27).

28 Әрине, Ехобаның сүйіспеншілігіне бөлене беру үшін өмір мен қанға Ехоба сияқты қараумен ғана шектелмеуіміз керек. Бұдан бөлек, біз Құдайдың алдында таза болуымыз қажет. Бұл жайында келесі тарауда сөз етеміз.