СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ
1915—1947 Алғашқы бастама (1-бөлім)
Шындық Сьерра-Леонеге сәулесін шаша бастады
Ізгі хабар Сьерра-Леонеге 1915 жылы Англиядан оралған жергілікті тұрғындар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді алып келгенде жеткен еді. Сол жылдың шілде айында Ехобаның қызметшілерінің ішінде Фритаунға бірінші болып 31 жасар Альфред Джозеф келді. Ол Оңтүстік Америкадағы Гайана елінен шыққан. 1915 жылдың басында ол Барбадос аралында (Вест-Индия) шомылдыру рәсімінен өтіп, Фритаун қаласына келісімшарт бойынша паровоз жүргізушісі болып жұмыс істеуге келген еді. Альфред Фритаундағы мақта ағашынан шамамен 3,2 шақырым қашықтықта жатқан Клайн Таун қаласындағы теміржол кешеніне жұмысқа орналасты. Ол бірден әріптестерімен Киелі кітаптағы хабармен бөлісе бастады.
Келесі жылы Альфредтің Барбадостағы бұрынғы әріптесі Леонард Блэкмен де Сьерра-Леонеге келді. Альфред шындықты Леонардтың анасы Эльвира Хьюиттен естіген екен. Леонард Альфредпен көрші тұрып, екеуі Киелі кітапты талқылау үшін үнемі бірге бас қосатын болды. Сондай-ақ олар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді достары мен қызығушылық білдірген адамдарға таратып жүрді.
Альфред пен Леонард Фритаундағы егіндіктің “пісіп, жинауға дайын тұрғанын” көрді (Жох. 4:35). Сөйтіп, 1923 жылы Альфред Нью-Йорктегі дүниежүзілік бас басқармаға былай деп хат жазды: “Бұл жерде көп адам Киелі кітап хабарына қызығушылық танытуда. Оларға көмектесетін және Сьерра-Леонедегі уағыз ісін алға жылжытуға септігін тигізетін біреуді жібере аласыңдар ма?” Сонда Альфред: “Біреуді жібереміз!”— деген жауап алды.
Альфред былай дейді: “Бірнеше айдан кейін бір сенбінің түнінде маған біреу күтпеген жерден қоңырау шалды.
Тұтқаның арғы жағынан: “Күзет мұнарасы қоғамынан жариялаушылар жіберуді өтінген сіз бе едіңіз?”— деген дауыс естілді.
“Иә”,— дедім мен.
“Олай болса, олар мені жіберді”,— деді ол даусын қаттырақ шығарып.
Бұл бейтаныс кісі Уильям Браун еді. Ол сол күні әйелі Антониямен және кішкентай қызымен Фритаунға келіп, Ганфорд қонақүйінде тоқтаған екен.
Келесі күні таңертең Леонард екеуміз апта сайынғы Киелі кітапты зерттеу кешін өткізіп жатқанда, есік алдында денелі бір ер адам көрінді. Ол Уильям Браун еді. Бұл кісінің шындыққа деген құлшынысының зор болғаны сонша — ол келесі күні-ақ көпшілікке арналған баяндама айтуға ықыласты болды. Содан біз тездетіп Фритаундағы ең үлкен Уилберфорс мемориалдық залын жалға алдық та, төрт баяндаманың алғашқысы бейсенбі күні кешке айтылады деп жоспарладық.
Шағын ғана тобымыз баяндамалардың болатынын газеттер мен шақыру қағаздары арқылы және ауызша хабарлады. Жергілікті тұрғындар шақыруымызды қалай қабылдар екен деп біраз уайымдадық, бірақ бекер уайымдаған екенбіз. Өйткені зал 500-дей адамға лық толды, олардың арасында Фритаунның дінбасылары да болды. Мұны көргенде қуанышымыз қойнымызға сыймады!”
Бір сағаттық баяндамасында Браун бауырлас үнемі жазба орындарын келтіріп, проектор арқылы экран бетінен Киелі кітап тармақтарын көрсететін. Ол баяндама барысында “Бұл — Браунның емес, Киелі кітаптың сөздері” деп жиі айтып тұрды. Тыңдаушылар естігендеріне таңғалып, айтылған әрбір ойдан кейін қол шапалақтады. Оларға Браун бауырластың сөзге шешен болғандығы емес, оның Жазбалардан бұлтартпас дәлелдер келтіргені қатты әсер етті. Сонда тыңдаушылардың арасындағы шіркеуден білім алып жүрген бір жас жігіт: “Браун мырза өзінің Киелі кітабын жақсы біледі!”— деп жар салды.
Браун бауырластың баяндамалары қала тұрғандарын таң-тамаша етті және адамдар оны тыңдау үшін ағылып келіп жатты. Жексенбі күні зал тағы да халыққа лық толды. Олар “Тозаққа барып қайту! Онда кім бар?” деп аталатын баяндаманы тыңдауға жиналған еді. Сол кеште Браун бауырластың Киелі кітаптағы пәрменді шындықтарды айтқаны тіпті танымал шіркеуге барушыларды өз шіркеулерінен кетуге талпындырды.
“Қазір өмір сүріп жатқан миллиондаған адам ешқашан өлмейді” деп аталатын төртінші әрі соңғы баяндамаға келген халықтың көп болғаны сонша — кейінірек Фритаунның бір тұрғыны: “Шіркеудегілерге өздерінің кешкі қызметтерін өткізбеуге тура келді, себебі шіркеу мүшелерінің барлығы Браун бауырластың баяндамасын тыңдауға кеткен болатын”,— деді.
Браун бауырлас Киелі кітапты бедел тұтып, үнемі қолданғандықтан, адамдар оны “Киелі кітапшы” Браун деп атайтын. Ол бүкіл Батыс Африкаға осы атпен танымал болды. Уильям Браун бауырлас жердегі өмірінің соңына дейін мұны мақтан тұтты.