Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

“Көптеген адамды әділдік жолына бастап алып келу” (Дан. 12:3). (1-бөлім)

“Көптеген адамды әділдік жолына бастап алып келу” (Дан. 12:3). (1-бөлім)

Миссионерлердің келуі

1947 жылы Чарльз Фицпатрик, Джордж Ричардсон және Хьюберта Грешем есімді Күзет мұнарасының Ғалақад Киелі кітап мектебінің үш түлегі Фритаунға келді. Бұл бауырластар елге келген көптеген миссионерлердің алғашқылары болды.

Бұл миссионерлер жергілікті жариялаушылардың уағыздауға құлшынысты екендерін көрді, алайда жариялаушылар тиімді тәлім беруді үйренулері керек еді (Мат. 28:20). Сондықтан миссионерлер қызығушылық білдірген адамдарға қалай қайта бару керектігін және Киелі кітап зерттеу сабақтарын қалай өткізуге болатынын үйретуден бастады. Сондай-ақ олар қауым кездесулері мен теократиялық ұйымдастыру істеріне қатысты жаңа нұсқаулар берді. Уилберфорс мемориалды залында көпшілікке арналған кездесу болды. Миссионерлердің қуанышына орай, бұл кездесуге 450 адам келді! Кейінірек миссионерлер жариялаушыларға журналдар ұсынатын күн жайлы айтты. Мұндай тәлім қауымды жігерлендіріп, алдағы өсімнің болуына септігін тигізді.

Алайда миссионерлерге климатқа үйрену қиын болды. 1948 жылы филиалдың есебінде былай деп жазылған болатын: “Сьерра-Леоненің климатына төзу өте қиын. Жауын-шашынды мезгіл алты айға дейін созылады. Нөсерлеп жауған жаңбыр ұзақ уақыт құйып тұрады. Кейде екі апта бойы тоқтамастан жауады. Ал құрғақшылық кезеңінде күн қатты ысып, ауа ылғалдылығы арта түседі”. Ертеректе Еуропадан келгендер бұл елді “ақ адамдардың моласы” деп атаған. Сол жерде безгек, сары безгек және тағы басқа тропикалық аурулар тарап кеткендіктен, миссионерлер бірінен соң бірі ауруға шалдығып, елден кетіп жатты.

Бұл жағдайдың жергілікті бауырластардың жігерін жасытқаны анық. Бірақ олар еш берілмеді. 1947—1952 жылдар аралығында жариялаушылардың саны 38-ден 73-ке дейін өсті. Еңбекқор ізашарлар Фритаунның жанындағы Ватерлоо деген қалада жаңа қауымның құрылуына зор үлес қосты. Фритаунның маңайында орналасқан Кисси мен Веллингтонда жаңа топтар құрылды. Енді Сьерра-Леонедегі бауырластар уағыздайтын аймақтарын кеңейтуге дайын болды. Алайда бұл жағдайды тездету үшін көмек қажет еді.

Нығайтатын сапар

1952 жылы ұзын бойлы, арықтау келген 30 жасар американдық кісі Фритаунның жағалауына аяқ басып, абыр-сабыр болып жатқан қаладағы адамдардың арасына қосыла кетті. Бұл бас басқармадан келген Милтон Г. Хеншель болатын. Ол былай деді: “Мен бұл қаланың дүниежүзіндегі басқа жерлерге қарағанда әлдеқайда таза екенін... және асфальт төселген көшелерді, адамдарға лық толы дүкендерді, жаңа көліктер мен әрі-бері үздіксіз өтіп жатқан адамдарды көргенде таңғалдым”.

Хеншель бауырлас Фритаундағы танымал мақта ағашына жақын орналасқан миссионерлер үйіне барды. Сол жерде ол жиналған бауырластарға Сьерра-Леонеге қосымша көмек жіберілетінін хабарлады. Жексенбі күні Уилберфорс мемориалды залында жиналған 253 адам керемет хабарландырулар естіді. Хабарландыруда Сьерра-Леоненің жеке филиалы мен аудандық бақылаушысы болатыны, елде аудандық конгрестер өтетіні, Киссиде жаңа қауым құрылатыны және уағыздау ісінің шалғай аймақтарда да кеңінен жүргізілетіні айтылды. Залда отырғандардың қуанышында шек болмады!

Хеншель бауырлас былай деді: “Олар “жарайсың!” дегенді білдіретін “куше” деген сөзді қайта-қайта айтты. Олардың рухы жалындап тұрған еді. Бауырластар залдан қараңғы түскенде бірақ шығып,.. кейбіреулері ән шырқап жүрді”.

Жаңадан келген Уильям Нуши деген миссионер жаңа филиалдың бақылаушысы болып тағайындалды. Ол бұрын Құрама Штаттардағы казиноларда карта үлестіруші болып жұмыс істеген. Мәсіхші болғаннан кейін Уильям сол жұмысын тастап, Киелі кітап принциптерін берік ұстанып өмір сүрді. Бұл оған Сьерра-Леонедегі жариялаушылардың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленуге септігін тигізбек еді.