Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

Түрмеге қамау және тыйым салу

Түрмеге қамау және тыйым салу

Бейтараптық үшін түрмеге қамалу

Энрике Гласс осы түрмеге екі аптаға қамалған

Доминика Республикасының өзге елге жер аударылған бір топ азаматы Рафаэль Трухильоны тақтан түсіру мақсатымен 1949 жылдың 19 маусымында елге баса көктеп кірді. Үкімет басындағылар олардың бұл әрекеттерін тез басып тастады, бұған қоса, әскери қызметтен бас тартқан және мемлекет жауы деп есептелген кез келген адамды түрмеге қамады. Әскерге барудан бас тартқаны үшін түрмеге қамалған Куәгерлердің алғашқылары Леон, Энрике, Рафаэль Гласс және Леонның Куәгер әріптестері еді.

Леон былай деп есіне алады: “Әскери құпия қызметі бізді [мені және әріптестерімді] тұтқындап, тергеу астына алды. Олар бізге қоқан-лоқы көрсетті де, босатып жіберді. Алайда арада бірнеше күн өте салысымен-ақ біз әскерге қайтадан шақырылдық. Бұл жолы шақырылу әдеттегі тәртіпке сай жасалмады. Олардың талаптарын орындаудан бас тартқандықтан, біз түрмеге қамалдық. Сөйтсек, ол жерде тағы төрт бауырласымыз отыр екен, олардың екеуі менің туған бауырларым болатын. Кейін біз бостандыққа шықтық, бірақ қайтадан қамауға алындық. Осындай жағдай үш рет қайталанды және бостандыққа шығып, қайта қамауға алынғанның арасы бір не бірнеше күн ғана болатын. Соңғы шығарылған үкім бойынша біз бес жылға бас бостандығынан айырылдық, жалпы алғанда, әрқайсысымыз түрмеде жеті жылдан отырып шықтық”.

“Бізді тіпті таяқпен, қамшымен, мылтықпен сабағанда да төзе алдық, себебі Ехоба қажетті күш берді”

Түрмеде өткен әрбір күн бауырластар үшін сынақ болды. Түрмедегілер мен күзетшілер оларды күні-түні келеке-мазақ ететін. Бауырластар бірінші рет қамауға алынған Форт Осама түрмесінің командирі оларға: “Ехоба куәгерлері, сендер Шайтанның куәгерлері болуды шешсеңдер, маған айтыңдар. Сонда сендерді босатамын”,— деген екен. Алайда қарсыластар адал бауырластарымызды мінсіздіктерінен тайдыра алмады. Леон мұның себебін былай деп түсіндірді: “Қиындықтарға төзу үшін Ехоба бізге әрдайым күш беретін. Біз оның тіпті кішкентай істерде де біздің игілігіміз үшін әрекет ететінін байқайтынбыз. Бізді тіпті таяқпен, қамшымен, мылтықпен сабағанда да төзе алдық, себебі Ехоба қажетті күш берді”.

Ехоба куәгерлеріне тыйым салынды

Елдің басқа жерлерінде де шынайы ғибадаттың қарсыластары қудалауды үдете түсті. Десе де 1950 жылдың мамыр айында Доминика Республикасында миссионерлерді қоса алғанда, 238 жариялаушы болды. Ал ізашарлардың саны 21-ге жетті.

Бауырластардың бейтараптық сақтағаны үшін жазаға тартылғаны жайлы мақала

Сол уақытта құпия қызмет агенті мемлекеттік хатшыға былай деп хат жолдапты: “Ехоба куәгерлері сектасының мүшелері қаланың [Сьюдад-Трухильо] түкпір-түкпірінде құлшына уағыздарын айтып, халықты үгіттеп жүр. Мен қайталап айтамын, Ехоба куәгерлерін жіті бақылау керек. Өйткені олардың іс-шаралары мен уағыздары қоғамымызда қалыптасқан көзқарастарды өзгертуде”.

Полиция және Ішкі істер министрі Антонио Унгриа Бранд бауырласқа Куәгерлердің әскери қызметке, туды дәріптеуге және салық төлеуге қатысты ұстанымдарын түсіндіретін хат жолдауын сұрады. Брандт бауырласымыз “Құдай шыншыл” деген кітапқа жүгіне отырып, хат жазып жіберді. Бірақ 1950 жылдың 21 маусымында Ішкі істер министрі Унгриа Доминика Республикасында Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынғаны жайлы қаулы шығарды. Унгриа қаулыны Брандт бауырласқа жеке оқып беру үшін, оны кеңсесіне шақыртты. Брандт бауырлас миссионерлер елден кетуге тиіс пе деп сұрағанда, Унгриа миссионерлердің заңға мойынсұнып, өзгелерге діндерін уағыздамаса, қалуларына болатынын айтты *.

^ 1-абзац Қаулы шығар алдындағы апталарда католик шіркеуінің дінбасылары газет беттерінде Ехоба куәгерлерін айыптап, олардың коммунистермен байланысы бар деп ұзын сонар мақалалар жазған.