Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ

“Мен Ехоба куәгері болып қала беремін”

Анна-Мария (Мэри) Гласс

“Мен Ехоба куәгері болып қала беремін”
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1935

  • ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1956

  • ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Құлшынысты жас католик қыз Киелі кітаптан Құдай жайлы шындықты білген. Ол отбасының, шіркеу мен мемлекеттің тарапынан қуғынға ұшыраса да, адалдық сақтаған.

МЕН өте діндар адам болатынмын және католик шіркеуіндегі істерге белсене атсалысатынмын. Шіркеуде хорға қатысып, ән айтатынмын, дінбасылар месса рәсімін өткізу үшін оқшау жерлерге барғанда, олармен бірге жүретінмін. 1955 жылы әпкем маған таяуда жер бетінде жұмақ орнайтыны жайлы айтты. Ол маған Киелі кітапты, “Құдай Патшалығы жайлы осы ізгі хабар” кітапшасы мен “Құдай шыншыл” деген кітапты берді. Әпкемнің айтқандары маған қатты ұнады. Содан дінбасыға барып: “Киелі кітапты оқысам бола ма?”— деп сұрадым. Ол маған: “Оқысаң, есіңнен адасасың”,— деді. Оның не дегеніне қарамастан, мен Киелі кітапты оқуға кірістім.

Бока-Чикадағы ата-әжемнің үйіне көшіп барғанымда, дінбасы менен неге шіркеуге бармай жүргенімді сұрады. Мен шіркеудегі ілімдердің Киелі кітапқа қайшы екенін біліп, сондықтан бармай кеткенімді айттым. Дінбасы сонда ашуға мініп: “Сен адасып, менің отарымнан бөлініп кеттің!”— деп айғайлады.

Сонда мен оған: “Жоқ, қайта сіз Ехобаның отарынан бөлініп кеттіңіз. Өйткені отар — адамның емес, Ехоба Құдайдың меншігі”,— деп жауап бердім.

Содан кейін мен шіркеуге қайтып аяқ баспадым. Кейін әпкемнің үйіне көшіп бардым. Шындықты алғаш естігеніме небәрі алты ай болғанда шомылдыру рәсімінен өттім. Сосын бірден тұрақты ізашар болып қызмет ете бастадым. Бір жылдан кейін аудандық бақылаушы Энрике Глассқа тұрмысқа шықтым. Бірде екеуміз Ла-Романадағы саябақта уағыздап жүргенімізде, полиция қызметкерлері келіп, Энрикені тұтқындады. Оны алып бара жатқанда, олардың арттарынан қалмай: “Мен де Ехоба куәгерімін, мен де уағыздадым ғой. Неге мені тұтқындамайсыздар?”— деп айғайладым. Бірақ олар айтқанымды құлақтарына ілмеді.

Энрике бұған дейін жеті жарым жыл түрмеде отырып шыққан еді. Бұл жолы ол бір жыл сегіз айға қамалды. Мен онымен жексенбі сайын көрісіп тұрдым. Бірде Энрикеге барғанымда, түрме бастығы менен былай деп сұрады:

— Сіз мұнда не істеп жүрсіз?

— Мұнда күйеуім Ехоба куәгері болғаны үшін отыр.

— Сіз әлі жассыз, болашағыңыз алда. Ехоба куәгерлеріне босқа уақыт кетіріп қайтесіз?

— Мен де Ехоба куәгерімін. Сіздер мені жеті рет өлтіріп, жеті рет тірілтсеңіздер де, мен Ехоба куәгері болып қала беремін,— деп жауап бердім. Сонда ол менен кетуімді сұрады.

Ехоба куәгерлеріне бостандық берілген соң, Энрике екеуміз ұзақ жылдар бойы жұбымыз жазылмай қызмет еттік. Мен оған аудандық және облыстық бақылаушылық қызметінде қолғабыс еттім. 2008 жылы 8 наурызда Энрике дүниеден озды. Ал мен әлі де тұрақты ізашар болып қызмет етіп жүрмін.