ДОМИНИКА РЕСПУБЛИКАСЫ
Уағыздауға еркіндік берілді
Трухильоның өлімі
1960 жылға таман өзге мемлекеттер Трухильоның диктаторлық билігін сынап-мінесе, іштегі халық бас көтерумен болды. Осындай дүрбелең кезеңге қарамастан, дүниежүзілік бас басқармадан Милтон Хеншель келді. Ол 1961 жылдың қаңтарында өткен үш күндік конгреске қатысты. Көпшілікке арналған кездесуге 957 кісі қатысып, 27 адам Ехобаға өмірлерін арнады. Хеншель бауырлас Доминикада жүрген уағында жергілікті бауырластарға рухани іс-шараларды қайта ұйымдастыруға көмектесті.
Аудандық бақылаушылар Энрике Гласс пен Хулиан Лопес қауымдарды аралауға тағайындалды. Хулиан былай дейді: “Маған қарасты аймаққа шығыстағы екі қауым мен солтүстіктегі барлық қауымдар кірді. Ал шығыстағы қалған қауымдар және оңтүстік түгелімен Энрикенің аймағына кіретін”. Бақылаушылардың осындай сапары бір-бірінен ажырап қалған қауымдарды біріктіріп, ұйыммен де байланысын нығайтты. Осының арқасында бауырластардың сенімі берік бола түсті.
1961 жылы Ғалақад мектебінің екінші сыныбын бітірушілер Сальвино мен Хелен Феррари келді. Олардың Кубада жүріп жинаған тәжірибелері Доминика Республикасында зор пайдасын тигізді. Себебі Доминикада шындыққа сусаған адамдар көп еді. Сальвино кейін филиал комитетінде қызмет етіп, 1997 жылы қайтыс болғанға дейін осы міндетін адал атқарды. Ал Хелен болса 79 жыл бойы толық уақытты қызмет атқарып келеді. Бұл жылдардың басым бөлігінде ол миссионер болып қызмет етті.
Сальвино мен Хеленнің келгеніне аз ғана уақыт болғанда, 1961 жылы 30 мамырда, қастандық
жасаушылар Трухильоның көлігіне оқ атып, диктатордың билігіне балта шапты. Алайда Трухильоның өлімі саяси тұрақтылық әкелмеді, керісінше азаматтық және саяси көтерілістер бірнеше жыл белең алып тұрды.Уағыз ісінің алға басуы
Сол уақытта елге миссионерлер ағылып жатты. Трухильоның қайтыс болғанына екі күн болғанда, Ғалақад мектебінің бірінші сыныбының түлегі Уильям Дингман әйелі Эстеллмен бірге Пуэрто-Рикодан келді. Олармен бірге Телма Криц және Флосси Коронеос бауырластар да келді. Уильям былай дейді: “Біз келгенде елде жаппай көтерілістер мен қарулы қақтығыстар болып жатты. Бұл өте қорқынышты кезең еді. Сарбаздар көшедегі кез келген адамды тоқтатып тексеретін. Олар бізді бақылау-өткізу пунктерінде бірнеше рет тоқтатып, жүгімізді тінтіп шықты. Шабаданымыздағы барлық нәрсені, тіпті майда-шүйдемізге дейін қарады”. Саясаттың осындай тұрақсыз уақытында уағыздау оңайға соқпады.
Уильям тағы былай дейді: “Трухильоның диктаторлық режимі кезінде жұрт арасында “Ехоба куәгерлері — коммунистер, ең жаман адамдар” деген сөз тараған еді. Алайда бұл жаңсақ пікірді біз бірте-бірте жоққа шығардық”. Куәгерлердің қызметтері қайта жанданып, Құдай Патшалығы жайлы хабарға көптеген ақжүрек адамдар құлақ аса бастады. 1961 қызмет жылының аяғында елде 33 арнайы ізашар қызмет етті.