Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ДҮНИЕЖҮЗІ БОЙЫНША УАҒЫЗДАУ МЕН ТӘЛІМ БЕРУ

Азия мен Таяу Шығыс

Азия мен Таяу Шығыс
  • ЕЛДЕР: 48

  • ХАЛҚЫ: 4 315 759 010

  • ЖАРИЯЛАУШЫЛАР: 703 271

  • ЗЕРТТЕУ САБАҚТАРЫ: 732 106

“Басқалар да келсе бола ма?”

Индонезияда тұратын бір ер бауырлас автотұрақ қызметшісіне Еске алу кешіне шақыру қағазын береді. Ол кісі мұсылман екен. Оған бір ғана шақыру қағазы берілгендіктен, ол: “Менімен бірге басқалар да келсе бола ма?”— деп сұрайды. Ер бауырлас басқа адамдардың да келуіне болатынын айтады. Сонда әлгі кісі отбасының үлкен екенін айтып, оларға да шақыру қағазын сұрайды. Бауырлас оған тағы 20 шақыру қағазын беріп, бұл кеш Исаның өлімін еске алу жайлы екенін және мәсіхші не мұсылман болсын, бәрінің де келе алатынын айтады. Сонда әлгі қызметші өзімен 60—70 адамды ертіп келетінін айтады.

Еске алу кеші өтетін жерге 248 адам жиналады. Баяндама басталғаннан кейін көп ұзамай әлгі автотұрақ қызметшісі өзімен 100 адамды ертіп келеді. Олардың арасында ерлер, әйелдер, балалар, қарт адамдармен қоса, аяғы ауыр әйел де бар еді. Олар Еске алу кеші өтіп жатқан қонақүйге жету үшін бірнеше көлік жалдап келген екен. Осыншама көп адамның қонақүйге кіріп келе жатқанын көрген күзетшілер алғашында оларға ішке кіруге рұқсат етпепті. Күзетшілер мәсіхшілердің жиынына мұсылман адамдардың келгеніне қатты таңғалыпты. Алайда шақыру қағаздарын көргенде, күзетшілер оларды кездесу өтіп жатқан орынға кіргізіпті. Адамдарға лық толы бөлмеге олардың шамамен алпысы ғана сыйды.

Бірнеше күннен соң бауырласымыз автотұрақ қызметшісіне қайта жолығып, келген қонақтардың кездесу жайлы қандай пікірде қалғандарын сұрайды. Ол бәрінің де өздерін кішкене ыңғайсыз сезінгендерін айтады. Десе де, оларға бауырластардың мейірімді болғаны, жылы қарсы алып, қол алысып амандасқандары қатты ұнаған екен. Сонда бауырлас оны келесі жексенбіде айтылатын арнайы баяндамаға шақырады. Бұл жолы отбасы мүшелері мен көршілерін қоса алғанда, ол 40 адамды ертіп келеді. Олар кездесу аяқталайын деп жатқанда келгендіктен, ақсақалдар баяндаманың тағы бір рет айтылуына қам жасайды. Сөйтіп, кездесудің төрағасы баяндаманы екінші рет хабарлап, бағдарлама, ән және дұға жайлы қысқаша түсіндіре кетеді. Келген қонақтар мұсылман болғандықтан, баяндамашы “Киелі жазбалар”, “Иса пайғамбар” деген сияқты оларға таныс сөздерді қолданып, баяндамасын бейімдейді.

Кейінірек бір ақсақал автотұрақ қызметшісімен оның үйінде кездесіп, “Құдайды тыңдаңыз” кітапшасымен Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды. Оларға тағы 12 адам қосылады, араларында бірнеше мұсылман әйел мен балалар да бар.

Автобуста оқитын мәлімет

Моңғолия. Рұқсат алған жариялаушылар автобуста әдебиеттер қалдырып жатыр

Моңғолияның Улан-Батор қаласынан сапарын бастайтын автобустар елдің барлық қалаларына қатынайды. Мұндай сапарлар 48 сағатқа созылуы мүмкін. Жолаушылар бұл уақытты терезеге қарап отырумен не ұйықтаумен өткізеді. Моңғол халқы оқуды жақсы көреді, бірақ оларға бұл автобустарда оқитын мәлімет ұсынылмайды. Осыны біліп, Сонгино Хайрхан ауданындағы қауымның ер бауырластары автобус жүргізушілеріне барып: “Біз сіздерге бір жақсы кітапты сыйлайық деп едік. Ұшақтарда орындықтың қалталарында үнемі оқитын кітаптар болады ғой. Жолаушыларыңыз да оқысын десеңіз, орындықтардың қалталарына әдебиеттер салып кетейік”,— дейді. Содан сегіз жүргізушіге бұл ұсыныс ұнап, бауырластар автобустарға 299 журнал мен 144 кітапша қалдырады. Сондай-ақ әдебиеттерді жаңа шыққан сандарымен ауыстырып тұруға да келісіп алады.

Ғажайып ұқсастық!

Азияның бір елінде екі ақсақал сегіз жыл бойы қауымға келмей кеткен әйел бауырласымызға бармақ болады. Бұл бауырласты ешқашан көрмегендіктен, ақсақалдар оған қоңырау шалып, жұмыс істейтін үлкен көтерме сауда базарындағы дүкенінде кездесуге келіседі. Базардағы ретсіз жатқан қатарларды аралай келе, ақсақалдар бауырластың айтқан мекенжайын табады. Онда бір әйел жұмыс істеп отырады. Оның сөреде жатқан кішкентай Киелі кітабы бар екен. Ақсақалдар оның тегін, туған қаласы мен балаларының жасын анықтап, бауырласты таптық деп ойлайды. Сөйтіп оған: “Біз Ехоба куәгеріміз, сенің бауырластарыңбыз”,— дейді.

Аң-таң болған әлгі әйел: “Мен мәсіхшімін”,— дейді. Ақсақалдарға оның берген жауабы қызық болып көрінеді, десе де олар әйелге Киелі кітапқа негізделген біраз әдебиеттерді береді. Әйел оларды ризашылықпен алады. Алайда бауырластар қайтып бара жатқанда, басқа дүкенге кіріп кеткендерін түсінеді. Олар 2202-нші емес, 2200-інші дүкенге кірген екен! Ақсақалдардың бірі былай дейді: “Бойымды ерекше бір сезім биледі. Өйткені бізді сол дүкенге періште бастап апарғандай болды. Әлгі әйел мен біз іздеген әйел бауырластың тегі мен туған қалалары, балаларының жастары да бірдей болып шықты. Егер ол әйелдің тегі не шыққан қаласы өзгеше болғанда, оның басқа адам екенін бірден түсінер едік”. Ақсақалдар бір дүкеннен кейінгі дүкенге кіріп, қауымға келмей кеткен бауырласқа жолығады.

“Мен ұзақ уақыт қауымға бармай жүрсем де, Ехоба мені ешқашан ұмытқан жоқ. Бұл менің жаныма жылу берді”

Ақсақалдар шатасып кіріп кеткен дүкендегі әйел Киелі кітапты зерттеп, қауым кездесулеріне келе бастады. Әлгі әйел бауырлас та кездесулерге қалмай барып, жүйелі түрде уағыздап жүр. Ол былай дейді: “Мен ұзақ уақыт қауымға бармай жүрсем де, Ехоба мені ешқашан ұмытқан жоқ. Бұл менің жаныма жылу берді”.

Жаңбырлы күні жіберілген СМС-хаттар

Филиппин. СМС-хаттар жіберіп жатқан Грег

Грег пен Элма Филиппиндегі Катандуанес аралында Патшалықтың жариялаушылары қажет екенін біліп, сонда көшіп барады. Елдің кейбір аймақтары таулы болып келгендіктен, олар кейбір учаскелерге жету үшін 19 шақырым жер жүреді. Ал кей аралдарда уағыздау үшін оларға ескекті қайықпен екі сағат бойы жүзуге тура келеді. Алайда жаңбырлы кезеңдерде бұлай жол жүре алмайсың. Сондықтан Грег пен Элма үйде бос отырмай, ұялы байланыстың жеңілдіктерін пайдаланып, көптеген СМС-хаттар жазады.

Грег хатқа алдымен өз есімін жазып, сосын: “Мен сізге Киелі кітаптан бір хабар айтайын деп едім”,— дейді. Оның тиімді деп тапқан тармақтарының бірі — Жохан 17:3. Осы тармақтың сөздерін келтірген соң, ол “Шынайы Құдай деген кім? Иса Мәсіх деген кім?” деген екі сұрақ қояды екен. Содан соң ол адамдардан жауап жазып жіберуді өтінеді. Егер адам жауап берсе, ол Зәбүр 83:18 сияқты тағы бір тармақ жазып жібереді. Әлгі адам жауап жазуды жалғастырса, Грег оған әрі қарай телефонмен әңгімелесуді ұсынады. Грег пен Элманың айтуынша, әдетте көп адамдар мұндай хаттарға жауап береді екен.

Грег пен Элма осылай хат жазып жүріп, бір әйелмен танысады. Бұл әйелдің Киелі кітап жайлы сұрақтары болғандықтан, олар бірнеше рет хат алмасады. Ақырында бұл хаттар Киелі кітап зерттеу сабағына ұласады. Бұл әйел білгендерін немере інісі мен әріптесіне айтып береді. Нәтижесінде, олардың үшеуі де шомылдыру рәсімінен өтеді.