Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Үйлену тойларын пайдаланып конгрестер өткізілетін

ИНДОНЕЗИЯ

Тыйым салынған кезде өткен жиындар

Тыйым салынған кезде өткен жиындар

Тыйым кезінде көптеген қауымдар жасырын түрде үйлерде жиналып, қауым кездесулерін өткізіп жүрді. Билік иелерінің назарына ілікпеу үшін бауырластар Патшалық әндерін айтпайтын. Кейбір кезде кездесу өтіп жатқан жерге тексерумен жүрген билік өкілдері басып кіретін, десе де бауырластар сабыр сақтайтын.

Конгресс сияқты үлкен жиындарды өткізу үшін бауырластар отбасылық отырыстар мен үйлену тойларын пайдаланатын. Тагор Хутасойт бауырлас бұл жайында: “Үйленбек болған жастарымыз әдеттегідей тіркеуден өткен соң, полициядан үйлену салтанатын өткізуге рұқсат алатын. Той кезінде жас жұбайлар төрде отыратын, ал бауырластар Киелі кітапқа негізделген баяндамаларын кезек-кезек айтып шығатын”,— деп айтып берді.

Осы тектес жиындарымыздың бірінде полиция қызметкері Тагорға жеке жолықты.

“Әдетте тойлар екі-үш сағатқа созылушы еді. Неге сендердің тойларың азаннан кешке дейін өтеді?”— деп сұрады ол.

“Жас жұбайлардың әртүрлі қиындықтары болады, сондықтан оларға Құдай Сөзінен біраз пайдалы кеңестер беру қажет болып жатады”,— деп жауап берді Тагор.

Сонда полиция қызметкері: “Бұларың жөн екен”,— деп басын изеген екен.

Бірнеше үйлену тойын өткізуді сылтауратып, бауырластар 1983 жылы Джакартаның үлкен спорт алаңында “Патшалықтың қол астындағы бірлік” деп аталған облыстық конгрестің бір бөлігін өткізді. Конгреске 4000-ға жуық бауырластар мен қызығушылар жиналды. Бағдарлама басталмас бұрын жасырын түрде 125 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Кейіннен билік иелері бұрынғыдай қатты қадағаламайтын болғанда, бауырластар одан да үлкен жиындарды ұйымдастырды. Солардың бірінде 15 000-нан аса адам жиналды.

Тыйым салынған кезде соғылған филиал

1980 және 1990 жылдар бойы бауырластар үкіметке Ехоба куәгерлеріне салынған тыйымды алып тастауды сұрап қайта-қайта өтініш жазды. Өзге елдегі бауырластар да Индонезия үкіметі мен мемлекет елшілерінен Индонезиядағы Ехоба куәгерлерінің ісі неге заңсыз деп табылатынын сұрап хат жазды. Көп билік иелері тыйымды алып тастағылары-ақ келді, бірақ ықпалы зор Христиан қауымдастығының басқармасы оларға кедергі етіп отырды.

1990 жылы бауырластар онша көзге түспейтін бір жерде филиал ғимаратын соғуға болады деп шешті. Содан Басқарушы кеңес сол жылы Джакартадан оңтүстікке қарай 40 шақырымдай жердегі Богор қалашығы маңынан жер телімін сатып алуға рұқсат берді. Алайда құрылыстан хабары бар бауырластар аз болатын. Сонда олар жаңа ғимаратты қалай соқпақ еді?

Осы ретте халықаралық бауырластығымыздың зор көмегі тиді. Бруклиндегі құрылыс бөлімі мен Австралиядағы аймақтық инженерлік бөлімнен құрылыс жобалары келді. Әртүрлі елден келген жүзге жуық ерікті қызметшілер екі жылдық осы жобада құрылыстағы тәжірибелерімен бөлісіп, қажетті көмек көрсетті.

Әртүрлі билік иелерімен келіссөздер жүргізген индонезиялық Хосия Мансур бауырлас былай деді: “Мұсылман билік иелері каскамдағы Х.М. деген жазуды көргенде, ол “Хаджи”, яғни Меккеге қажылық жасайтын кісілерге берілетін лауазым екен деп қалатын. Сондықтан маған аса құрметпен қарайтын. Осылай бұрыс түсініп қалғандарының арқасында жұмысымызды ұйымдастыру оңай болды”.

Тыйым кезінде салынған филиал

Жаңа филиалдың бағышталуы 1996 жылдың 19 шілдесінде өтті. Басқарушы кеңестің мүшесі Джон Барр бауырлас бағыштау баяндамасын айтты. 285 тыңдарманның ішінде 118 филиал өкілі мен көптеген елден келген бұрынғы миссионерлер және Индонезиядағы Бетел отбасының 59 мүшесі болды. Бағышталу бағдарламасынан кейінгі екі күн бойы Джакартада өткен “Құдай тыныштығының жаршылары” деген облыстық конгреске 8793 адам қатысты.

Ехобаның өз халқын алып шығуы

1998 жылы Индонезияны ұзақ уақыт бойы басқарған елбасы Сухарто биліктен кетіп, жаңа үкіметке жол ашылды. Сол кезде бауырластар тыйымды алып тастату үшін көбірек күш салды.

Индонезияның бас хатшысы Джохан Ефенди мырза 2001 жылы Нью-Йорк қаласында жүріп, Бруклиндегі Бетелді де көріп шығады және Басқарушы кеңестің үш мүшесімен сөйлеседі. Бұл оған қатты әсер етіп, дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлерінің абырой-беделге ие екенін мойындайды. Ефенди мырза тыйымды алып тастауға қарсы емес екенін, алайда соңғы шешімді Индонезияның бас прокуроры Марзуки Дарусман мырза қабылдайтынын мәлім етеді.

Бас прокурор да тыйымды алып тастауға қарсы болмады, алайда оның бөліміндегі басқа қарсы шенеуніктер оның жақында жұмыстан кететініне үміттеніп, бұл мәселені кейінге ысыра берді. Ақырында, 2001 жылдың 1 маусымында Тагор Хутасойт бауырлас бас прокурордың кеңсесіне шақырылды. Бауырлас бұл жағдайды былай деп есіне алды: “Жиырма бес жылдай уақыт бұрын дәл осы кеңседе маған Ехоба куәгерлеріне тыйым салған құжатты ұстатқан еді. Бірақ сол күні кеңсесінде соңғы күн отырған бас прокурор маған тыйымның алынып тасталғаны жөніндегі құжатты ұстатты”.

2002 жылдың 22 наурызында Діни істер департаменті Индонезиядағы Ехоба куәгерлерін ресми түрде тіркеуден өткізді. Департаменттің бас директоры филиал өкілдеріне былай деді: “Бұл құжат сендерге ғибадат ету еркіндігін бермейді. Себебі ол еркіндікті Құдай береді. Бұл құжат үкіметтің діндеріңізді ресми түрде мойындағанын білдіреді. Енді құқықтарыңыз басқа діндердікімен бірдей әрі керек кезде үкіметтің көмегіне жүгінсеңіздер болады”.