Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ИНДОНЕЗИЯ

Рухани қазынаны бағалаған отағасы

Тео Сең Би

Рухани қазынаны бағалаған отағасы
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1906

  • ШОМЫЛДЫРУ РӘСІМІНЕН ӨТКЕН ЖЫЛЫ: 1937

  • ҚЫСҚАША МӘЛІМЕТ: Нәсіларалық қақтығыс кезінде жапа шеккен адал мәсіхші ақсақал. Айтып берген Тео Со Нео есімді қызы.

БАТЫС ЯВАДА 1963 жылдың мамыр айында жергілікті тұрғындар қытайларға қарсы көтерілді. Әсіресе біз тұрған Сукабуми қаласы зардап шекті. Отбасымыздың жүк көлігімен тауарларды тасымалдау кәсібі болатын. Ашуға булыққан жүздеген адам — арасында көршілеріміз де бар — үйімізге баса-көктеп кірді. Олар мүлкімізді талан-таражға салып жатқанда, біз бір жерге жиналып, қорқып дірілдеп тұрдық.

Тобыр кеткенде, өзге көршілер келіп бізді жұбатуға тырысты. Әкем олармен бірге қонақ бөлменің еденінде отырып сөйлесті. Астан-кестен болып жатқан заттардың арасынан ол сундан тіліндегі Киелі кітабын тауып алды да, одан оқып беріп, мұндай қиындықтардың болатыны алдын ала айтылғанын түсіндіріп берді. Сосын оларға Патшалық туралы қуанышты хабарды айтып берді.

Әкем ешқашан жерде байлық жинауды ойламайтын. Ол “Рухани нәрселер басты орында тұру керек!” деп жиі айтатын еді. Оның құлшынысы алты баласын, анамды, 90 жасар атамызды және көптеген туыстар мен көршілерімізді шындыққа келуге талпындырды.