ГРУЗИЯ
Мәсіхшілердің сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайды
Игорь: Екеуміз де Абхазиядағы Ткварчели қаласындағы топта едік. Біздің топ 85 шақырымдай жердегі Джвари қаласындағы қауымға қарасты болғандықтан, мен шалғайдағы тобымызға әдебиет әкелу үшін ай сайын сонда барып келетінмін. 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырағанда, Абхаз автономды Республикасы егемендік алғысы келді. Содан сепаратистер мен Грузия әскерінің арасында соғыс басталып, жұртты талай қасіретке ұшыратты.
Гизо: Мен әскери қақтығыс басталардан бір жыл бұрын 21 жасымда шомылдыру рәсімінен өттім. Соғыс басталғанда, бауырластар қалай уағыздау керектігін білмей, абдырап қалды. Бірақ Игорь қамқор бағушы еді. Ол біздің рухымызды көтеріп: “Қазір адамдар жұбанышқа зәру. Біз қызметке
шығатын болсақ қана рухани берік боламыз”,— деді. Сөйтіп, біз абайлап күн сайын көрші-қолаңымызға Құдай Сөзіндегі жұбанышты хабарды айтатын болдық.Игорь: Қақтығыстың кесірінен біз әдебиет әкелу үшін Джвариге баратын әдеттегі жолымызбен жүре алмадық. Сол аймақта өскендіктен маған шай танаптары мен таулар арасынан өтетін қауіпсіз жол табу қиын болған жоқ. Бірақ ол жолда да қарулы кісілерге тап болып қалу не мина басып кету сияқты қауіп бар еді. Мен бауырластарымның өмірін қатерге тіге алмадым, сондықтан ай сайын бір өзім жолға шығатынмын. Ехобаның жарылқауымен рухани берік болуымызға көмектесетін уақтылы рухани ас-суды үнемі әкеліп тұратынмын.
Ткварчелиде әскери әрекеттер болған жоқ, әйтсе де қала блокадада қалып, жұрт біраз тапшылық көрді. Қыс таяғанда азық-түлік таусылуға айналып, біз аш қаламыз ба деп қорықтық. Бірақ Джваридегі бауырластардың бізге көмек жібергелі жатқанын білгенде, қатты қуандық!
Гизо: Бірде Игорь бауырластар жібергелі жатқан азық-түлікті түсіріп, тарату үшін отбасымыздан үйімізді бере тұруды сұрады. Игорь оны алып келуге Джвариге бармақ еді. Біз оның амандығын ойлай бастадық. Өйткені оған бірнеше бақылау пунктінен өту керек еді. Оның үстіне, жолда қарулы адамдар мен ұры-қарыға кезігіп қалуы да мүмкін еді (Жох. 15:13).
Бірнеше күннен кейін Игорь алдағы қыс айларына жететіндей азық-түлік тиелген көлікпен аман-есен оралғанда, қуанышымызда шек болмады! Сол қиын-қыстау уақытта мәсіхшілердің сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайтынына біздің көзіміз жетті (Қор. 1-х. 13:8).