Мазмұнға өту

БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

Азап астында рухани бекем тұрғандар

Азап астында рухани бекем тұрғандар

 Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропаның басым бөлігі күл-талқаны шығып қирап жатты. Бірақ бір жақсысы, нацистік концлагерьлердегі Ехоба куәгерлері мен өзге де адамдар азат болды. Бірақ одан кейін олардың өмірі жайлы болды дей алмайсың. Жұрт қатары Ехобаның халқы да азық-ауқаттан, киім-кешек, баспана мен басқа да негізгі керек-жарақтан жоқшылық көрді. Карин Хартунг деген әйел бауырласымыз: “Үй-жай өте тапшы болғандықтан, адамдарға үйлерінде туыстарын тұрғызуға я бөлмелерін жалға беруге тура келді”,— дейді. Концлагерьде жеті жарым жыл отырып шыққан Гертруд Пётцингер бауырластың сарайда тұрып, орындықта ұйықтаған кездері болған a.

 Ехобаның ұйымы соғыс отына шарпылған жерлердегі бауырластардың жай-күйін жасау үшін не істеді? Олардың соғыстан кейінгі өмірінен біліп-түйеріміз бар ма?

Бауырластардың мұң-мұқтажын қамдау

 Ехобаның ұйымы Еуропадағы Құдай халқына қол ұшын беруге лезде кірісіп кетті. Куәгерлердің мұң-мұқтажын анықтау үшін дүниежүзілік бас басқармадан Нейтан Норр мен Милтон Хеншель бауырластар жолға аттанды. Олар 1945 жылдың қарашасы мен желтоқсан аралығында Англияға, Швейцария, Франция, Бельгия, Нидерланд, Дания, Швеция, Финляндия мен Норвегияға барды. Сондағы Норр бауырластың айтқаны: “Соғыс қасіретінің салмағы қорғасындай зіл болғанын алғаш рет өз көзімізбен көрдік”.

Нейтан Норр Хельсинкидегі бауырластарға сөз сөйлеп тұр (Финляндия, 21 желтоқсан, 1945 жыл)

 Норр бауырлас Германияға кіруге рұқсат ала алмады. Сонда ол жақтағы филиалға жетекшілік етіп жатқан Эрих Фрост бауырластың өзі оған келіп жолықты b. “Норр бауырлас бізге пайдалы кеңестер айтты және тамақ пен киім-кешек жөнелтеміз деп уәде етті,— деп мәлімдеді Эрих бауырлас.— Содан көп ұзамай, Германияға ұн, май, сұлы жармасы мен басқа да азық-түлік қоры келіп жетті. Бұл ғана емес, шетелдегі бауырластарымыз үлкен-үлкен қораппен киімдер — ішінде костюмі де, іш киімі де, аяқ киімі де бар — салып жіберіпті”. Бұларды көргенде, бауырластардың алғыстан көз жастары төгілді. “Куәгерлердің мұндай көмегі бір ретпен шектелмей, екі жарым жылға жалғасты”,— делінген бір есепте c.

АҚШ-тағы Куәгерлер Еуропаға жөнелтетін киімдерді іріктеуде

Назарын рухани істерден тайдырмады

 Тұрмыс-тіршілігі түзеле бастағанда, бауырластар назарларын рухани істерде ұстады. Бұған не көмектесті?

Юрген Рундель (алдында сол жақта). 1954 жылы Австриядағы “Шпитталь-ан-дер-Драу” қауымындағы бауырластармен түскен сурет

 Жақсы рухани кесте (Ефестіктерге 5:15, 16). Соғыс кезінде бауырластардың қолында Киелі кітап әдебиеттері өте аз болды, рухани кестемен жүріп-тұру оңайға соқпады. Алайда соғыстан кейін қауым кездесулері мен уағыз ісі біртіндеп қалпына келе бастады. Австрияда тұратын Юрген Рундель есіне алып, былай деді: “Хабаршы” d басылымы да, аралаушы бақылаушыларымыз да бізді рухани істерден қол үзбеуге шақырды. Сондықтан бар зейінімізді Ехобаға, Исаға, Киелі кітапты жеке зерттеу мен қызметке аудардық. Ол заманда теледидар секілді алаңдататын нәрселер болмаған”.

 Ал мынау Ульрике Кролоп деген әйел бауырластың сөзі: “Әлі есімде, Киелі кітаптың бір тақырыбын терең зерттегенімде, көңілім тасып, рақаттанып қалдым. Күйеуім маған керемет үлгі болды. Ол жаңа “Күзет мұнарасын” алған бойда-ақ бар тірлігін тастап, оқып шығатын”. Ал жоғарыда аты аталған Карин: “Соғыс кезінде байқағанымыз, дүние-мүлік дегенің көзден тез-ақ ғайып болады екен. Ал рухани ас шектеулі болса да, үзбей келіп жатты. Ехоба адал қызметшілерін қалдырмады”,— деп есіне алды.

Ульрике Кролоп

 Уағызға қайта кірісу (Матай 28:19, 20). Сұм соғыстың кесірінен Ехобаның халқы уағыз бен тәлім беру ісіне емін-еркін қатыса алмай қалды. Бірақ, Фридгельм бауырластың айтуынша, соғыстан соң “бәрі бірден қайтадан қызметке кірісіп кетті”. Ал Ульрике бауырлас: “Менің күйеуімнің үй ішіне Патшалық хабарын айтқан алғашқы Куәгердің үстінде концлагерьдегі формасы болыпты! Осыдан-ақ оның қызметке дереу кіріскенін көресің”,— деді есіне түсіріп.

 “Бомбаланған қалаларда тұрмыс ахуалы адам шошырлық еді”,— дейді ол. Жұрттың көбі қираған үйінділер арасында тұрып жатты. Куәгерлер оларды қалай тапты екен? Отбасы шындыққа соғыстан кейін келген Ульрике бауырлас: “Біз шамның жарығы мен мұржадан шыққан түтінді іздейтінбіз”,— деді.

 Бір-бірін қайраттандыру (Салоникалықтарға 1-хат 5:11). Соғыстың тұсында Ехоба куәгерлерінің көбісі аяусыз жауыздық көрді. Дегенмен соғыс біткен соң олар сол азаптарына шұқшиып қалмай, бір-бірін қайраттандыруды ойлады. Расында да әбден “сыналған сенімдері” оларды зор қуанышқа бөледі (Жақып 1:2, 3). Бүгінде Құрама Штаттарда тұратын Иоганнес бауырлас былай деп ой бөлісті: “Концлагерьде отырып шыққан аудандық бақылаушымыз Ехобаның бауырластарға қалай көмекке келгені жайлы көп оқиғалар айтып беретін. Оның әңгімелері сенімімізді қайрақтай қайрады”.

 Иоганнес бауырластардың “Ехобаның лагерьде өздеріне қалай көмектескенін, дұғаларына қалай жауап бергенін” еске алып отырғандары соғыс аяқталған соң да Құдайға жақын болып қалуларына көмектескенін айтты. Бұған қоса, азаттыққа шыққан Куәгерлер, алдында айтқандай, Киелі кітапты үнемі оқу, мәсіхшілер қауымына бару, уағызға шығу сияқты жақсы рухани кестені ұстана берді. 1946 жылы Нюрнберг қаласында конгресте болған Элизабет деген бауырлас: “Еркіндікке шыққан бауырластар әлі де ап-арық, әлсіз еді. Бірақ оқиғаларын айтып бергенде, рухтары жалындап тұратын”,— деп есіне алды (Римдіктерге 12:11).

Карин Хартунг

 Бауырластармен бірге болу (Римдіктерге 1:11, 12). Соғыс кезінде Куәгерлер қатты қуғын-сүргіннің кесірінен бір-бірімен жөнді араласа алмады. “Бауырластары ұсталып қалмас үшін олар бір-біріне өте сирек баратын”,— дейді Карин. Әрине, соғыстан кейін бәрі өзгерді. “Бауырластар бәрін бірге істеді,— дейді Фридгельм.— Кездесулер мен уағыз ісі әркез өмірлерінің төрінде тұрды”.

 Соғыстан кейін алғашқы кезде “бірен-саран Куәгерде ғана көлік болды”,— деп ойға алды Германиядағы Дитрих деген ақсақал. “Сондықтан кездесулерге топ-топ болып жаяу баратынбыз. Осылай бірге жүргеніміздің арқасында арадан қыл өтпестей жақын болып, бір отбасындай болдық”.

Біздің біліп-түйеріміз

 Қазіргі шақта Ехобаның көптеген қызметшілері табиғи апат, ауру-сырқау, соғыс, қуғын-сүргін мен күнкөрістің қымбаттауынан қиналып жүр (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бірақ бізге сарыуайымға салынудың қажеті жоқ. Бұған сенімділік беретін — Германиядағы нацистік режим кезіндегі бауырластарымыздың асыл үлгісі. Құдай оларды қалай демеген болса, бізді де осы қилы заманда солай демейді. Сондықтан Пауыл сияқты көзқараста болғымыз келеді. Ол: “Біз: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп батыл айта аламыз”,— деп жазған (Еврейлерге 13:6).

a Пётцингер бауырластың өмірбаянын “Германиядағы соғыстан кейінгі жылдары Патшалықты басты орынға қою” (ағ.) деген мақаладан оқи аласыз.

b Фрост бауырластың өмірбаянын “Құдайға деген сенімнің арқасында тоталитарлық инквизициядан құтқарылу” (ағ.) деген мақаладан оқи аласыз.

c Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көрсетілген көмек жайында “Олар ең жақсысын берді” (ор.) мақаласынан және “Құдай Патшалығы билік етуде!” кітабының 211, 218, 219-беттеріндегі қоршаудан біле аласыз.

d Бүгінде қауымдар “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерін қолданады.