Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БІЗДІҢ МҰРАҒАТТАН

Қаржылай қиындық қызметіңе кедергі болмасын

Қаржылай қиындық қызметіңе кедергі болмасын

 Көптеген елдерде қымбатшылықтың кесірінен күн көру өте қиын. Бұл қиындық Ехоба куәгерлерін де айналып өтпейді. Алайда олар уайымға салынудың орнына, Ехоба “ешқашан тастамайтынына” сенеді және одан жұбаныш іздейді (Еврейлерге 13:5). Ехоба өз уәдесінде тұратынын қаншама рет дәлелдеп келген. Мысалы, елдің басым бөлігі кедей өмір сүретін Филиппинді алайық. 1970—1980 жылдары бұл елде жағдай әсіресе қиын болған.

 Вики a деген әйел бауырласымыз былай деп есіне алды: “Кейде жейтін еш нәрсе болмағандықтан көңілім түсіп, жылайтынмын. Дастарқанымызда күріш, тұз, судан басқа еш нәрсе болмаған күндер болды”. Ал жұмыс таппай қиналған Флоренцио деген ер бауырлас: ­“Менде үш жейде мен үш шалбар ғана болатын, оларды конгрестер мен жиналыстарға кезек-кезек киетінмін”,— деп бөлісті. Ехобаның халқы осы қиын кезеңді қалай өткерді? Оларға рухани мықты болып қалуға не көмектесті? Біз олардың үлгілерінен не нәрсеге үйрене аламыз?

Олар Ехобаға сенім артты

 Филиппиндегі бауырластарымыз қиын уақыттары Ехоба оларды қамқорлайтынына еш күмәнданбады (Еврейлерге 13:6). Ехоба көп жағдайларда күтпеген жолдармен әрекет ететін. Мысалы, Сесиль деген бауырласымыздың жағдайын алайық. Ол былай дейді: “Біз отбасымызда төрт адамбыз. Бір күні таңғы асқа соңғы бір кесе күрішімізді пісірдік. Бұдан басқа жейтін ешнәрсеміз жоқ еді. Сөйтіп, біз Ехобаға бүгінгі күнге қажетімізді бере көрші деп дұға еттік. Әлі таңғы ас ішіп отырғанда, үйімізге бір ер бауырлас келді. Оның қолында 5 килограмм күріші бар екен! Мұны көргенде, жүрегіміз ризашылыққа толып, көзімізге жас алдық. Бұл жалғыз ғана жағдай емес еді. Ехобаның қолын көрген кездер өте көп болды”.

 Сондай-ақ Құдай халқы Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерді қолданады (Нақыл сөздер 2:6, 7). Мысалы, жаңадан шомылдыру рәсімінен өткен Арселитаны алайық. Сол кездері ол бойдақ болатын. Ақшадан қатты қиналғанда, ол жүрегін ақтарып, Ехобаға дұға ететін. Бір күні ол Нақыл сөздер 10:4-те жазылған сөздер жайлы ой жүгіртеді. Онда: “Жалқаудың қолы жоқшылыққа жеткізер, Ынталының қолы дәулетке кенелтер”,— делінген. Содан осы сөздерге сай әрекет етіп, жеміс-жидек өсіруді шешеді. Ол былай дейді: “Ехоба еңбегіме батасын берді. Бақшада өсірген жеміс-жидектер мен үшін азық та болды, жолкіремді де жапты”.

Олар жиналыстарды қалдырмады

 Бауырластардың жер сатып алып, Патшалық сарайын соғуға қаражаттары болмады. Бірақ бұл оларға бірге жиналып, бір-бірін жігерлендіруге кедергі етпеді (Еврейлерге 10:24, 25). Патшалық сарайлары болмаса да, олар бейімделе білді. Мысалы, Дебора деген бір әйел бауырлас былай деп есіне алды: “Ізашар серігім екеуміз кішігірім күрке соқтық. Ол жерде біз алты адам болып, қауым кездесуін өткізетінбіз. Біз нипа пальма ағашының жапырақтарынан шатыр жасадық, кокос пальмасының жапырақтарынан қабырғалар істедік, ал орындық ретінде пальманың діңгектерін қолдандық”.

 Көп жағдайда бауырластар қауым кездесулері өту үшін өз үйлерін ұсынатын. Вирджиния есімді әйел бауырлас былай дейді: “Біздің кішкентай ғана үйіміз шөп пен бамбуктан жасалған. Әр сенбі сайын келесі күні қауым кездесуін өткізу үшін үйімізді дайындайтынбыз”. Ноел есімді ер бауырлас былай деп есіне алды: “Кездесу өтетін тағы бір үйде, жаңбыр жауған күндері шатырдан су ағатын. Ол суды біз шелекпен жинайтынбыз. Бірақ мұның бәрі біз үшін түк те емес еді, өйткені бірге жиналып, Ехобаға ғибадат ету одан да маңызды еді”.

Олар құлшына қызмет ете берді

 Бауырластардың материалдық жағдайы мәз болмаса да, қызметке деген құлшыныстары оттай жанып тұрды. Негрос аралында тұратын Линдина деген әйел бауырлас былай дейді: “Мен үлкен отбасында өстім. Үйде әкем ғана жұмыс істейтін. Көбінесе уағызға жаяу баратынбыз, өйткені көлікпен баруға ақшамыз болмайтын. Бір отбасы болып уағызға барған бізге қатты ұнайтын. Ең маңыздысы мұндай құрбандықтарымыз Ехобаға ұнамды екенін білетінбіз”.

Қиындықтар Куәгерлердің құлшынысын сөндіре алмады

 Тағы бір үлкен қиындықтардың бірі — шалғай, таулы аймақтарда уағыздау. Себебі ол жаққа көлік аз не мүлдем бармайтын. Лусон аралында тұратын Естер есімді әйел бауырлас былай дейді: “Кейде 6, кейде 12 бауырласқа дейін алыс аймаққа уағыздауға баратынбыз. Бізге көп шақырым жаяу жүруге тура келетін, сондықтан үйден ерте шығатын едік. Күні бойы уағызда жүргендіктен, тамағымызды үйден дайындап алып, ағаштардың көлеңкесінде отырып жейтінбіз. Кейбір бауырластардың жейтін тамағы болмаса да, қызмет ету үшін келетін. Біз оларға: “Уайымдамаңдар, бәрімізге де тамақ жетеді”,— деп көңілдерін орнықтыратынбыз”.

 Ехоба олардың осындай жанқиярлық рухына мол батасын жаудырды. Мысалы, 1970 жылы Филиппинде 54 789 жариялаушы болған еді. 1989 жылы олардың саны екі есеге өсіп, 102 487-ге жетті. Ал 2023 жылы Филиппиндегі жариялаушылардың саны 253 876 болды.

“Кедейшілік Ехобаны жақсы көруге кедергі емес”

 Экономикалық жағдайлары өте ауыр болса да, бауырластардың қолдары рухани істерден босамады. Антонио есімді ер бауырлас былай дейді: “Кедейшілік Ехобаны жақсы көруге кедергі емес”. Фе-Абад деген бауырлас болса былай деп бөлісті: “Күйеуім екеуіміз қатты таршылық көргенде, Ехобаға одан сайын жақындай түстік. Біз қарапайым өмір сүрудің қуанышын сезіндік. Соның арқасында балаларымыз да Ехобаға сенім артуды үйренді”.

 Самар аралында тұратын Лусила есімді әйел бауырлас былай дейді: “Кедей болсақ та, Ехобаға барымызды салып қызмет ете аламыз. Құдайды бірінші орынға қойсақ, барға қанағат етіп, оң көзқарас сақтай аламыз. Зерттеушілерімнің Ехобаға жақындап, кейін ізашарлардың қатарына қосылғанын көру қандай қуаныш!”

 Ертеңгі күні-ақ жағдайымыз өзгеріп кетуі мүмкін. Осы орайда Родольфо есімді ақсақалдың айтқан сөздеріне ден қояйық. Ол былай дейді: “1970—1980 жылдары өмір өте қиын болды. Сол кездері Ехобаның қолдауы мен сүйіспеншілігін көрдім. Жейтін нанымды әрең тауып жүрсем де, өзімді кедей сезінген емеспін, себебі мені Ехоба қамқорлап жүрді. Қазір өмірім жаман емес, бірақ мен алдағы жұмақта “шынайы өмірдің” рақатын мәңгі бақи көретін боламын” (Тімөтеге 1-хат 6:19).

a Кейбір есімдер өзгертілген.