ИРМА БЕНТИВОЛЬО | ӨМІРБАЯН
“Игі сыйларын” төгетін Құдайға қызмет
Әуе дабылы қағылды. Анам бірнеше айлық інімді қолына алды да, мені ертіп, ағаш арасын паналау үшін жақын маңдағы баққа барды. Ол кезде небәрі 6 жаста едім.
Бомбалау біткен соң, анам екеуміз оның жан досын іздеп бардық. Бірақ атқылау кезінде ол мерт болыпты. Қайғыдан жүрегіміз қан жылады. Арада бірер күн өтер-өтпес тағы да әуе дабылы болды. Сонда әкем мені шап беріп ұстай алды да, велосипедінің алдына отырғызып, барынша тез-тез айдап, қала сыртына беттеді.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Италия қатты зардап шекті. Сол кез күні кешегідей көз алдымда. Бірақ, бақытыма орай, бала кезімнен менің өмірім Ехобаны жанындай сүйетін жандардың ортасында өтті.
Шындық сыйы
1936 жылдың қыс мезгілінде (мен дүниеге келерден бірнеше ай бұрын) әкем теміржолда Виченцо Артузи деген кісімен бірге жұмыс істеді. Виченцо әлі шомылдыру рәсімінен өткен Куәгер емес еді, бірақ Киелі кітаптағы шындықтарды сондай жақсы көретін. Әкем екеуі теміржол рельсіндегі қарды тазалап жүргенде, ол білгендері жайында әкеме айтып беретін.
Сонда әкем бірден шындықтың иісін сезеді. Ол Фаэнца деген қалашығымыздағы бірнеше адаммен бірге шындық туралы көбірек білуді қалайды. Сол кездері фашистер қудалағандықтан, Куәгерлер бірге кездесулер өткізе алмайтын. Ал кімде-кімнен Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер табылса, тұтқынға алынатын. Біраз Куәгер темір тордың ар жағында отырды. Сондықтан әкем мен жолдастары Киелі кітапты оқып, қолдарында бар әдебиеттерді зерттеу үшін ауылдағы оқшау тұрған үйлерде жиналатын. Әкем апта сайын кешқұрым отбасымызбен Киелі кітапты зерттеуді өткізіп тұрды.
Үлгі-өнеге болған сыйлар
1943 жылы діни іс-шарамен айналысқаны үшін түрмеде отырған Куәгерлердің көпшілігі босатылды. Олардың арасында Мария Пиццато да бар еді. Италияның солтүстігіндегі үйіне қайтып бара жатқан ол жолай біздің үйде түнеді. Мария бауырлас Куәгерлерге әдебиеттер алуға және сол уақыттары Италиядағы уағыз ісіне бас-көз болған Швейцариядағы филиалмен байланыс үзбеуге аянбай көмектескен еді. Бітімі жұқалтаң, нәзік көрінгенмен, ол рухы өте мықты, жүрекжұтқан әйел болатын. Соғыстан кейін Мария оқта-текте Фаэнцаға келіп тұрды. Ол келген сайын мәре-сәре боп қуанатын едік.
Маған ыстық болып кеткен тағы бір бауырлас — Альбина Куминетти. Мен жасөспірім болғанда, кездесулеріміз осы қарт жесір бауырластың үйінде өтетін. Ол сонау 1020 жылдың басынан Италияда кітап таратушы (толық уақытты уағыздаушы) болып қызмет еткен. Ол маған сол жылдардағы қызмет жайлы көптеген қызықты оқиғалар айтып беретін.
Альбина бауырласта әдебиеттеріміздің топтамасы мен басқа да сақталған заттары бар еді. Бір күні көзіме бір айқыш пен тәжі бар төсбелгі түсті. Киелі кітап зерттеушілері (бұрын Ехоба куәгерлері солай аталған) соны тағатын. Айқыштың жалған діннен шыққанын білетіндіктен, мен сасқаннан күліп жібердім. Сонда Альбина өмірі естен кетпес бір сөз айтты. Зәкәрия 4:10-ды өзінше жеткізіп ол: “Қарапайым бастаманы менсінбей жүрме!”— деді.
Бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Ертедегі Киелі кітап зерттеушілері шындықты толық түсінбесе де, құрметтеуіме лайық еді. Оның үстіне, әдебиеттердің бәрі бірдей итальян тілінде болмағандықтан, кей бауырластар жаңа түсініктерді кеш білген. Соған қарамай Ехоба олардың талпынысын бағалады, мен де бағалауым керек еді.
Арамыз бірталай жас болса да, маған Альбинамен сөйлескен қатты ұнайтын. Осы Альбина, Мария мен толағайдай қиындықтарда қайыспай Ехобаға адал қызмет еткен басқа да әйел бауырластар өмірге қанат қақтырған үлгі-өнегелерім болды. Осындай жандармен араласа алғаныма сондай қуанамын!
Бетелде қызмет ету сыйы
1955 жылдың жазында “Патшалықтың салтанат құруы” деген конгреске қатысу үшін Римге бардым. Сол кезде түрлі елден келген делегаттармен бірге Бетелге бардық. Оны көргенде іштей: “Шіркін-ай, мына жерде қызмет етсең ғой!”— деп армандадым.
Мен 1955 жылы 18 желтоқсанда шомылдыру рәсімінен өттім. Ол кезде әлі мектеп қабырғасында едім, бірақ толық уақытты қызметті бастаймын деп бек шешкенмін. 1956 жылы Генуя қаласындағы конгресте Бетелге еріктілер қажет деген хабарландыруды естідім. Бірақ филиал өкілі әйел бауырластарға қажеттілік жоқ деп айтты.
Кейінірек мақсаттарым жайлы аудандық бақылаушымыз Пьеро Гаттимен a сөйлестім. Қызметте құлшынысы оттай жалындаған ол: “Мен сені арнайы ізашарлық қызметке ұсынамын”,— деді.
Біраз уақыттан соң филиалдан хат келді. Мені ізашарлық қызметке тағайындаған екен деп сенімді болдым. Сөйтсем, Бетелге өтініш толтыруға шақырған екен!
Мен Бетелге 1958 жылы келдім. Ол уақытта Бетел отбасының саны 12-ден аспайтын. Маған екі аудармашыға көмектесесің деді. Жұмыс дегенің шаш етектен болатын, ал менің аудармадан еш тәжірибем жоқ еді. Бірақ Ехобаның арқасында осы қызметімді сүйіп кеттім.
Алайда екі жылға жетпей аударма ісі өзгеріп, мен ізашар болып танапқа тағайындалдым. Мен үшін бұл күтпеген жаңалық болды, себебі осы аралықта Бетелге қатты бауыр басып қалған едім. Бірақ уақыт өте келе жаңа қызметімді Ехобаның тағы бір сыйы деп қарастыра бастадым.
Тағы бір сый — құлшынысқа толы серіктерім
1959 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Кремона қаласында арнайы ізашар болып қызмет ете бастадым. Менің серігім Даниядан келген Дорис Майер болды. Ол менен сәл-ақ үлкен еді әрі оңайлықпен қорқа бермейтін өжет қыз болатын. Біздің аумағымызда қызмет ету үшін бұл таптырмас қасиеттер болатын, себебі бүкіл қала бойынша екі-ақ Куәгер едік.
Кремонаға менен бұрын келген Дорис кездесулерді жалдамалы пәтерде өткізуді ойластырған еді. Біздің ісіміз сол жердегі католик дін қызметкерлерінің көзіне бірден ілікті. Олар ашуға мініп, шіркеудегі уағыздарында жұртты бізден сақтандырып жатты.
Бір күні бізді полиция бөлімшесіне шақыртты. Олар бізді тұтқындаған жоқ, бірақ шетелдік болғандықтан Дориске Кремонадан кетуі керектігін анық аңғартты. Кейін ол Данияға оралып, сонда Ехобаға адал қызмет ете берді.
Арадан көп өтпей, Кремонаға Брунильде Марчи деген қыз бауырлас тағайындалды. Ол өте биязы, көзқарасы жақсы және уағыздауды жаны сүйетін қыз екен. Біз көп Киелі кітап зерттеу сабағын бастадық, арасындағы кейбіреулері рухани жақсы өсті.
Кремонадағы “қарапайым бастамаға” үлес қоса алғаным үшін Ехобаға алғыс жаудырамын. Бүгінде ол қалада бес қауым бар!
Таңғалдырған тосын сый
Кремонада қызмет еткеніме екі жыл толмай жатып, филиалдан қоңырау шалды. 1961 жылы өткелі жатқан “Құдайдың бірлігі жарасқан қызметшілері” атты алты күндік конгреске байланысты аударма ісі өте көп екен. Сөйтіп, мені қайтадан Бетелге шақырды. Мен жерден жеті қоян тапқандай мәз болып секірдім! Бетелге 1961 жылдың 1 ақпанында келдім.
Біз өте көп еңбектендік, бірақ күнде-күнде конгрестің материалдарымен жұмыс істеу үлкен құрмет еді. Сол айлар көзді ашып-жұмғанша өте шықты, конгресс болатын кез де келіп жетті.
Конгресте “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасы” итальян тіліне аударылатыны хабарланды. “Мынау дегенің алда қыруар жұмыс бар деген сөз ғой”,— дедім іштей. Айтқанымдай-ақ болды. Менің бетелдік қызметімді созды. Міне, 60 жылдан асты, мен әлі осы жердемін!
Ехобаның берген өзге де қымбат сыйлары
Менің жылдар бойы бағалап келген тағы бір сыйым салтбастылық болды. Әрине, тұрмысқа шығуды ойламадым емес, ойладым. Кейде тіпті қу тіземді құшақтап қалып қоям ба деген қорқыныш та болды. Мен бұл жайында Ехобаға дұға еттім, өйткені мені одан жақсы білетін ешкім жоқ. Дұғамда мен үшін ең дұрыс шешім қандай болатынын түсінуге көмектесші деп сұрадым.
Сонда Матай 19:11, 12 және Қорынттықтарға 1-хат 7:8, 38 сияқты тармақтардың мәні мен үшін арта түсті. Осыны анық түсінгенім үшін және жантыныштығын сыйлағаны үшін Ехобаға алғыс білдірдім. Бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Мен салтбастылығымды Ехобаға ең жақсымды беруге арнағаныма ризамын.
Жылдар бойы Аударма бөлімінде көптеген өзгерістерді көрдім. Ехобаның ұйымы бірте-бірте ұлттардың “сүтін еміп”, жаңа технологияларды тиімді қолданып, алға жылжып жатты (Ишая 60:16). Бұл өзгерістер дүниежүзілік бауырластықтың бірлігін бекемдей түсті. Мәселен, 1985 жылы итальян тіліндегі “Күзет мұнарасы” ағылшынмен қатар шыға бастады. Қазіргі күні jw.org сайтында мақалалар мен видеолар көп тілде жарық көруде. Олардың көбісі ағылшын тілімен бірдей шығады. Расында да, Ехоба өз халқының уақтылы рухани ас-су алып, бірлікте болуына жағдай жасайды.
Ехобаның маған танытқан жомарттығын сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Ол арнайы ізашар болуыма, көп адамға оған жақындауға көмектесуіме мүмкіндік берді. Бетелде қызмет етемін деген арманымды да орындады. Ол жерде мен жасы да, шыққан ортасы да әртүрлі жандармен достастым. Тағы бір айрықша батам — анамның 68 жасында шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болғанын көргенім. Мен қабірдегілер қайта тірілгенде, анамды және отбасымдағы басқа да жақындарымды көруді қатты аңсаймын (Жохан 5:28, 29).
Мен Ехоба келешекте “бәрін де жаңадан жаратқанда”, өз қызметшілері үшін не істейтінін көргенше асықпын (Аян 21:5). Мынаған еш күмәнім жоқ: Ехоба бізге “игі де кемелді сыйларын” толассыз жаудырады! (Жақып 1:17).]
a Пьеро Гаттидің өмірбаяны 2001 жылғы 15 шілдедегі “Күзет мұнарасының” 20—23 беттерінде жарық көрген.