Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

МАЙЛЗ НОРЗОВЕР | ӨМІРБАЯН

Ехобаның демеуімен еңбегімнің жемісін көрдім

Ехобаның демеуімен еңбегімнің жемісін көрдім

 Ата-анам Ехобаның ұйымын әрдайым қолдайтын. Есімде, Лондондағы Бетелдегі бауырластар бетел отбасы үшін сүт өндіргісі келгенде әкем үйіміздегі жалғыз “джерси” сиырымыздың бұзауын садақа етті. Сондықтан “отбасымыздан Бетелге бірінші болып бұзауымыз кетті ғой” деп қалжыңдайтынбыз. Ата-анамның керемет үлгісі мені қолыма тыным бермей, Ехобаға көбірек қызмет ете беруге талпындырды (Уағыздаушы 11:6). Содан Ехоба маған мен ешқашан ойламаған қызмет түрлеріне жол ашып, менің талпынысыма батасын берді. Бұл туралы сіздерге көбірек айтып берейін.

 Ата-анам Англиядағы Бистер қаласына жақын орналасқан бір фермада үй жалдап тұратын. Сол жақта менің, әпкемнің, ағамның балалық шағы өтті. 19 жасымда мен де ағам мен әпкем сияқты ізашарлық қызметті бастадым. Кейін Шотландияға арнайы ізашар болып тағайындалдым. Ал 1970 жылы 23 жасымда мені Лондондағы Бетелге шақырды. Сол жақта қызмет етіп жүргенде, мен ым тілі туралы біліп, соған қызыға бастадым. Осылайша өмірімнің батаға толы жаңа тарауы басталды.

Ым тілін үйренуім

 Бетелде болғанымда мен Милл Хилл қауымына тағайындалдым. Онда құлағы естімейтін бірнеше бауырлас қызмет ететін. Ым тілін білмегенім олармен жақын араласуға, дос болуға кедергі жасағанын қаламадым. Сөйтіп, мен қауым кездесулерінде сол бауырластардың қасына отыратынмын.

 Сол кезде Британияда ым тілінде бір де бір қауым болмады. Құлағы естімейтін бауырластар ағылшын тіліндегі қауымға қатысатын, оларға бағдарламаны құлағы еститін бауырластар аударып беретін. Олар аударғанда ағылшын тілінің құрылымымен сөзбе-сөз аударатын. Алайда құлағы естімейтін бауырластар маған ым тілін шыдамдылықпен үйрете бастағанда, мен мынаны түсіндім: ым тілінің өзінің грамматикасы мен сөз реті бар екен. Ал ағылшын тілі болса оларға шет тілі сияқты! Білесіздер ме, сол кезде мен құлағы естімейтін бауырластарды одан сайын жақсы көріп, құрметтеп кеттім. Өйткені олар бағдарламаны толық түсінбесе де, қауым кездесулерін жібермейтін. Бұл мені ым тілін жақсылап үйреніп алуға талпындырды.

 Британияда құлағы естімейтіндердің ресми тілі — британ ым тілі. Ол ағылшыннан сөзбе-сөз аударылатын ым тілімен салыстырғанда әлдеқайда сапалы. Сондықтан уақыт өте қауым кездесулеріміз осы тілге аударыла бастады. Енді құлағы естімейтін бауырластар қауым кездесулерінің пайдасын көбірек көретін болды. Сондай-ақ олардың құлағы еститін бауырластармен қарым-қатынастары да нығая түсті. Соңғы елу жылда Ехоба ым тіліндегі танапқа қалай батасын бергеніне куә болдым. Ехоба маған ым тіліндегі танаптың өсуіне үлес қосуға мүмкіндік берді. Сол жайлы айтып берейін.

Ым тіліндегі танаптағы өсім

 Ақсақал болып тағайындалғанымнан кейін бір жыл өткен соң, 1973 жылы Майкл Игерс деген құлағы естімейтін бір ер бауырлас кейбір кездесулерді британ ым тілінде өткізуді ұсынды. Содан филиалдың мақұлдауымен тағы бір ақсақал екеуіміз Лондонның оңтүстік-шығысындағы Детфордта айына бір рет ым тіліндегі кездесулерді өткізе бастадық.

 Бұның нәтижесі керемет болды! Британ ым тіліндегі алғашқы кездесуге Лондон мен оңтүстік-шығыс Англиядағы көптеген құлағы естімейтін бауырластар қатысты. Осы күнге де жеттік-ау! Енді құлағы естімейтін бауырластар мен қызығушылар рухани ас-суды өз ана тілдерінде ала алады. Кездесуден кейін біз шай ішіп, арқа-жарқа боп араласып, бір-бірімізді жігерлендірдік. Сондай-ақ мен бауырластарға бақташылық сапар жасай алдым, олар бұған аса мұқтаж еді.

 Кейінірек ым тіліндегі кездесулер Бирмингем мен Шеффилд қалаларында да өте бастады. Британ ым тілін үйренгісі келген көптеген құлағы еститін бауырластар да ым тіліндегі кездесулерге қатыса бастады. Осы құлшынысты бауырластар ым тіліндегі танаптағы уағыз ісін бүкіл Англия бойынша ұйымдастыруға көмектесті.

Өмірлік серігімді кездестіруім

Біздің үйленген күніміз

 1974 жылы мен Стелла Баркер деген бір өте сұлу қыз бауырласпен таныстым. Ол Бетелге жақын орналасқан бір қауымда арнайы ізашар болып қызмет ететін. Біз бір-бірімізді ұнатып, 1976 жылы отау құрдық. Сосын екеуіміз Лондонның солтүстігіндегі Хакнидегі бір қауымда арнайы ізашар боп қызмет еттік. Сол жерде Стелла ым тілін үйреніп, екеуіміз бірге ым тіліндегі танапта қызмет ете бастадық. Екеуіміздің ізашар боп қызмет еткеніміз некемізге тамаша бастама берді деп ауыз толтырып айта аламын.

 Көп ұзамай Стелла екеуіміз Бетелге ерікті қызметші ретінде шақырылдық. Өміріміз қыз-қыз қайнап жатты! Мен аудандық бақылаушының орынбасары боп қызмет ететінмін, ақсақалдарға арналған Патшалық қызмет мектебін жүргізетінмін және ағылшын тіліндегі аймақтық конгрестерді ым тіліне аудару ісін ұйымдастыратынмын. Сол кездері мен қатты шаршайтынмын, десе де қызметім маған қуаныш сыйлап, жанымды сергітетін (Матай 11:28—30).

 1979 және 1982 жылы біздің Саймон мен Марк деген ұлдарымыз дүниеге келді. Ата-ана болу бізге зор қуаныш сыйлады, бірақ бұл қосымша жауапкершілік те жүктеді. Біз бәрін қалай үлгеретінбіз? Кейде біз қызмет пен демалысты біріктіретінбіз. Мысалы, арагідік маған басқа қалаға баруды талап ететін теократиялық тапсырмалар берілетін. Сөйтіп, біз бүкіл отбасымызбен сол жаққа барып, сол жақта демалып та үлгеретінбіз және тапсырмамды да орындайтынмын. Осылайша балаларымыз Ехобаға қызмет ету зор қуаныш әкелетінін сезіне алды! Осылай еткеніміздің нәтижесінде ұлдарымыз өскенде ым тілін меңгеріп қана қоймай, ізашар болып қызмет етті. Есіңізде болса, осыдан 40 жыл бұрын ата-анам Бетелге берген бұзау “бетелдік қызметін” бастаған еді. Енді міне, ұлдарымыз Саймон мен Марк бетелдік қызметтерін бастады. Сол кезде біздің қалай қуанғанымызды көрсеңіздер ғой!

Әйелім және екі ұлыммен бірге, 1995 жыл

Құлағы естімейтін бауырластарға көмектесу

 1990 жылдарға дейін Британияда құлағы естімейтін ақсақалдар болмады, тек бірнеше қызмет көмекшісі ғана болды. Сондықтан ым тілін білмейтін құлағы еститін ақсақалдарға бақылаушы болып қызмет ете алатын, “тәлім беруге қабілетті” қызмет көмекшілерін ақсақал етіп тағайындау керек болды (Тімөтеге 1-хат 3:2). Сондай қызмет көмекшілерінің бірі, Бернард Аустин деген бауырлас, ағылшын тілді қауымда қызмет ететін. Ол бауырластарды қатты жақсы көретін, бауырластар да оны құрметтейтін. Оның ақсақал болып тағайындалғанын естігенде, қуанышымда шек болмады! Бернард Британиядағы құлағы естімейтін бірінші ақсақал болды.

 1996 жылы тарихи оқиға болды! Филиал Британиядағы алғашқы ым тілді қауымның құрылуын мақұлдады. Бұл қауым Лондонның батысындағы Илингте ашылды. Содан кейін ым тілді танапта көп жетістіктер болды.

Барлық жиындарымыздың пайдасын көру

 1980 және 1990 жылдары мен қызмет бөліміне қашықтан көмектесіп жүрдім және ым тілді танаптағы қызметке қатысты сұрақтарға жауап беретінмін. Бауырластар кейде филиалға хат жазып, ағылшын тілінде өтетін кездесулердегі, конгрестердегі баяндамаларды ым тілінде сөйлейтін бауырластар түсіне алу үшін не істесек болады деп сұрайтын. Сол кездері ағылшын тіліндегі кездесулер мен конгрестер ым тіліне аударылмайтын, ым тілінде әдебиеттер де болмады. Сондықтан мен үнемі бауырластарды жігерлендіріп, құлағы еститіндерді де, естімейтіндерді де шыдамды болуға, Ехобаны күтуге талпындыратынмын.

 Көптен күткен арманымыз орындалды! Көп ұзамай филиал ағылшын тіліндегі кездесулеріміз бен конгрестерді ым тіліне аударуды ұйымдастырды. Бұған қоса, құлағы естімейтін бауырластар алдыңғы қатарға отырып, баяндамашыны да, аудармашыны да анық көре алатын. Осылай құлағы естімейтін бауырластар Ехоба оларды жақсы көретінін, оның отбасының бағалы мүшелері екенін сезінді.

 1995 жылы 1 сәуірде Мидленстың батысындағы Дадли қаласында орналасқан Конгресс сарайында бірінші рет ым тіліндегі конгресс өтті. Мен сол кезде аудандық бақылаушы боп қызмет еткен Дэйвид Мэрри бауырласқа конгресті ұйымдастыруға көмектестім. Бұл конгреске құлағы естімейтін бауырластар жүздеген мильді артта қалдырып, сонау солтүстіктегі Шотландия мен оңтүстік-батыстағы Корнуолдан келді. Сол тарихи конгресте 1000-нан аса делегат болды. Олардың бал-бұл жайнаған жүздерін ешқашан ұмытпаспын.

Дэйвид Мэрри бауырласпен алғашқы британ ым тіліндегі бір күндік конгресте, 1995 жыл

 2001 жылы филиал Дэйвид бауырлас пен маған келесі жылы британ ым тіліндегі аймақтық конгресті ұйымдастыруды тапсырды. Бұл дегеніңіз бізді алда әжептеуір жұмыс күтіп тұр деген сөз! Алайда Ехоба ерікті қызметшілерінің еңбегін молынан жарылқады. Конгресс ойдағыдай өтіп, көптің жадында өшпес із қалдырды! Осылай мен бірнеше жылдар бойы ым тіліндегі конгрестерді ұйымдастыруға жауапты болдым, ал кейін бұл міндетті қабілетті жас ер бауырластар атқарды.

Құлағы естімейтіндерге арналған видеоматериалдар

 1998 жылы Ехобаның ұйымы британ ым тіліндегі алғашқы басылымды шығарған кезде, қуаныштан төбеміз көкке жетті! Бұл “Құдай бізден нені талап етеді?” кітапшасының видеокассетасы еді. Соның көмегімен біз көптеген Киелі кітап зерттеу сабақтарын өткіздік. Ал кейін ым тілінде басқа да басылымдар шықты.

 2002 жылы конгресте Патшалық әндеріміз алғаш рет британ ым тіліне аударылды. Енді құлағы естімейтін бауырластарымыз сурдоаудармашымен бірге Патшалық әндерін “шырқап”, әннің ырғағына ілесе алатын болды. Құлағы естімейтін бір ақсақалдың ән айтып тұрып жылағаны әлі көз алдымда!

 Сол жылғы конгресте тағы бір жаңалық болды. Лондондағы ым тілді қауымға Киелі кітапқа негізделген драманы ым тілінде шығару тапсырылды. Бұл істе тәжірибеміз болмағандықтан, біз не істеу керектігін, қалай істеу керектігін білмедік. Бірақ Ехоба бізге тағы да көмекке келді. Бұл жолы ол фильм түсіріп, оны өңдей алатын бауырластарды табуға көмектесті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жасаған жұмысымыз керемет нәтиже әкелді! Бұған қоса, осы жобада жинаған тәжірибеміздің пайдасын кейін де көрдік. 2003—2008 жылдар аралығында мен Бетелде ым тіліндегі драмаларды шығаруға жауапты болдым.

 Әйелім екеуіміз Бетелде ұлдарымызбен бірге қызмет ететінімізге қатты қуандық. Бірақ жұмыс бастан асатын! Бірнеше аптаға созылған дайындық пен түсірілімнен кейін актёрлер мен түсірілім тобы өлердей шаршады. Бірақ төккен теріміз текке кетпеді. Себебі құлағы естімейтін бауырластар үшін Киелі кітап оқиғаларына жан бітті, мұны көргенде олар көз жастарын ұстай алмады. Біздің де жүрегіміз қуаныштан жарыла жаздады.

 Ехобаның батасы мұнымен бітпеді. 2015 жылы зерттеуге арналған “Күзет мұнарасы” британ ым тілінде видео форматта шыға бастады. Ал кейін 2019 жылы дәл осы форматта Киелі кітаптың Матай кітабы жарық көрді. Тағы бір қуантарлық жайт — қазір ым тілінде Грек жазбаларының толық нұсқасы бар. Ал Еврей жазбаларына келетін болсақ, бауырластар оны шығару үшін қазір көп еңбектеніп жатыр. Құлағы естімейтін бауырластар Ехобаға мың алғыс білдіруде!

 Ехобаның халқы ретінде біз ешкімді алаламайтын Құдайымызға еліктейміз (Елшілердің істері 10:34, 35). Осындай халықтың қатарында болу үлкен мәртебе ғой! Менің өзім де, отбасым да Ехобаның ұйымына қайран қаламыз. Неге десеңіздер, біздің ұйым барлық адамдарға, оның ішінде құлағы естімейтіндерге де, көзі көрмейтіндерге де көмектесу үшін қаншама күш, қаншама қаражат жұмсайды a.

 Еңбегіміздің ешқайсысы зая кетпеді, себебі қазір Британияда британ ым тіліндегі жеті қауым бар. Мен ым тілді танаптың “қарапайым бастамасына” да, оның қалай өскеніне де куә болдым (Зәкәрия 4:10). Сол өсімге кішкене болса да үлес қоса алғаным зор қуаныш пен қанағат сыйлады. Әлбетте, Ехобаның көмегінсіз мұның бәрі жүзеге аспас еді. Өйткені ұйымды жетелеп жатқан да, халқына ізгі хабарды уағыздауға көмектесіп жатқан да — өзі. Ехоба лайықты адамдардың жүрегіндегі Патшалық тұқымына өсім береді.

Стелла екеуіміз, 2023 жыл