Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ТЕРРИ РЕЙНОЛДС | ӨМІРБАЯН

Ехобаға ең жақсымды беруді үйрендім

Ехобаға ең жақсымды беруді үйрендім

 14 жасымда Сесил деген қарт ер бауырлас маған Киелі кітап сыйлады. Бұл оның жеке зерттеу кезінде қолданған, іші сызылып-жазылған өз Киелі кітабы еді. Сол кезде: “Мәссаған, бұл не деген керемет сыйлық!”— деп ойладым.

 Сесил бауырлас сондай кішіпейіл, өзгелерге қамқор болатын. Оның, анамның және қауымдағы басқа да адал бауырластардың үлгісі “бойымда ықылас оятып”, Ехобаға ең жақсымды беруге талпындырды (Філіпіліктерге 2:13). Оқиғамды сіздерге басынан бастап айтып берейін.

Анамның құлшынысының әсері

 Мен 1943 жылы дүниеге келдім. Ата-анам жағалауға жақын Бандаберг қаласындағы фермада тұратын. Бұл қала Австралиядағы қантты қамыстар өсетін Квинсленд штатында орналасқан. Жергілікті халықтың бір дәстүрі бар еді: олар аралас-құралас болу үшін сенбі сайын қалаға барып, бірге бас қосып тұратын. 1939 жылы сондай басқосулардың бірінде екі ізашар (толық уақытты қызмет ететін Ехоба куәгерлері) ата-анама келіп, Киелі кітап жайлы айтқан. Естіп-білгендері ата-анамның жүрегіне әсер етіп, уақыт өте олар да Ехоба куәгері болды. Сөйтіп, әпкем Джин екеуміз мәсіхшілер отбасында өстік. Бірақ жеті жасымда әкем үйде сатыдан құлап, қайтыс болды. Бұл сұмдық жағдай маған өте ауыр тиді. Кішкентай болсам да, әкемнің еңбекқорлығы, әзілқойлығы есімде қалып үлгеріпті. Әкем қайта тіріліп, оны одан сайын жақынырақ танитын кезді тағатсыздана күтіп жүрмін! (Елшілердің істері 24:15).

 Анам болса мейрімді, дана адам болатын. Әпкем екеуміз бізге не ұнайтынын, не ұнамайтынын анамызға еркін айта алатынбыз. Бірақ Киелі кітап принциптерімен Ехобаға ғибадат етуге келгенде ол қаталдау болатын. Ол бізді қауым кездесулеріне үнемі апаратын және Джин екеумізге мектептен тыс уақытта Куәгер емес балалармен көп араласпауды да айтып отыратын (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Сол кездерді ойласам, анамның бізді тым бос ұстамағанына риза боламын.

14 жасымдағы суретім

 Анам құлшынысты уағыздаушы болды, ара-тұра қосалқы ізашарлық алып тұратын. Әлі есімде, ол “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналын ай сайын 50-ден аса үйге апарып беріп жүретін. Кейін қартайып, әлсіресе де, ол қызығушыларын қамқорлауды ұмытқан емес. Анам адамдардың бәрін, әсіресе бізді — балаларын жақсы көрді. Біз де анамызды жақсы көрдік және оған еліктеуге тырыстық. Содан, 1958 жылы 14 жасымда өмірімді Ехобаға бағыштап, шомылдыру рәсімінен өттім.

Жақсы ортаның әсері

 Көп ұзамай қауымымызда 20 жасар Рудольф деген бауырлас та шомылдыру рәсімінен өтті. Ол біздің жаққа Германиядан көшіп келген. Әр сенбі таңертең екеуміз базар жаққа барып уағыздайтынбыз. Ол жерде үй ішіндегілері базар аралап жүргенде, көліктерінде күтіп отыратын адамдар көп болатын.

 Рудольф өте құлшынысты болды. Ол мені жазғы демалыстарда қосалқы ізашарлық алуға талпындыратын. Бірде екеуміз Гладстон қаласында алты апта бойы қызмет еттік. Бұл қала Бандабергтің солтүстігінде 190 шақырым жерде орналасқан. Рудольфтің тура туған ағамдай қамқорлық көрсеткені, оның үстіне, қосалқы ізашарлықтан алған қуанышым бойымда тұрақты ізашар болуға деген ықылас оятты. Сөйтіп, 16 жасымда осы мақсатыма қол жеткіздім. Содан бастап өмірімді толық уақытты қызметке арнаймын деп шештім.

 Менің ізашар болып тағайындалған алғашқы жерім Маккей қаласы болатын. Бұл қала Бандабергтің солтүстік жағалауында орналасқан және Ұлы тосқауыл рифінен алыс емес еді. Шамамен бір жылдан кейін, яғни 17 жасымда, Австралияның халық аз шоғырланған аймағына арнайы ізашар a болып тағайындалдым. Сол кезде қызметтегі серігім Бен бауырлас (Беннетт Брикелл) болды. Ол майланған әрі менен шамамен 30 жасқа үлкен еді b. “Ізашарлардың ізашары” деген атқа ие болған осындай тәжірибелі бауырласпен бірге қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе болды!

Халық аз шоғырланған аймақта абориген әйелге уағыздап жатырмын, 1963 жыл

 Біз уағыздайтын аумаққа Квинслендтің солтүстік-батысындағы Карпентария шығанағымен шегараласып жатқан аймақ кіретін. Ол жерде Бен екеумізден басқа Куәгер жоқ еді. Үйлердің бір-бірінен алыс орналасқаны сонша, кейде біреуінен екіншісіне көлікпен бір сағаттай жететінбіз. Ұзақ шаңды жолда Бен өзінің қызметте болған бұрынғы оқиғаларын айтып беретін. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, Австралиядағы Ехоба куәгерлерінің ісіне тыйым салынған уақытта, дауысзорайтқыштары бар көліктермен c уағыздаған екен.

Халық аз шоғырланған аймақта бір ер бауырлас екеуміз (ол сол жақта, мен ортасында отырмын) зерттеу сабағын өткізіп жатырмыз

 Қызметтен кейін кейде жолдың бойында әдемі жерлерде тоқтап, түнейтінбіз d. Ағаш жинап, от жағып, кешкі асымызды дайындайтынбыз. Өзімізбен бірге су өткізбейтін төсеніш, көрпе-жастық алып алатынбыз. Әлі есімде, көше жарықтарынан алыста жұлдыздарға тұнған түнгі аспанға қарап, Ехобаның құдіретіне тамсанып жататын едім.

 Айдалада жүргенде ең жаманы — көлігіңнің сынып қалғаны. Бірде бізбен солай болды. Сол күні күн шыжып тұрды, суымыз да аз қалған еді. Көлікке қажетті бөлшекті әкелу үшін Бен бауырлас көлік ұстап, Клонкарри қаласына кетті. Ал мен оны көлікте үш күн бойы күттім. Жолда бір күнде бірнеше ғана көлік өтті. Кейбіреулер тоқтап, маған су беріп жатса, бір кісі әбден тозған бір кітапты ұстатты. Ол маған: “Бауырым, мынаны оқы, көмегі тиіп қалар”,— деді. Бұл біздің ұйымның кітабы емес еді, бірақ ішінде нацистік концлагердегі Ехоба куәгерлерінің оқиғалары жазылған екен.

 Бен бауырлас екеуміз бір жылдай қызметтес болдық. Қоштасарда ол маған: “Бауырласым, күресуден талма”,— деді. Оның адалдығына, құлшынысына қарап, әрі қарай да толық уақыт қызмет ете беремін деп одан сайын бекіндім.

Алдымен Ғалақат, сосын Тайвань

 Халық аз шоғырланған аумақта бірнеше жыл қызмет еткен соң, аудандық бақылаушы болып тағайындалдым. Мен әр қауыммен және оқшауланған әр топпен бір апталап қызметтесіп жүрдім. Бірнеше жыл өткен соң, төрт ауданға жауапты болдым. Соның ішінде Квинсленд пен Жаңа Оңтүстік Уэльстегі қауымдар да бар. Ал 1971 жылы күтпеген жерден Нью-Йорктегі Ехоба куәгерлерінің миссионерлік мектебі — Ғалақаттың 51-сыныбына шақырылдым. Біз бес ай бойы Киелі кітапты егжей-тегжейлі зерттедік, студенттермен, тәлімгерлермен арқа-жарқа болып араластық. Осының бәрі мені Тайваньдағы жаңа миссионерлік қызметіме дайындады.

Ғалақат мектебіндегі сыныбым

 Ғалақаттан кейін менімен бірге Тайваньға тағы сегіз бауырлас тағайындалды. Солардың біреуі — жаңазеландиялық Ян Браун. Ол менің миссионерлік серігім болды. Тайвань жайлы екеуміз де ештеңе білмедік. Шынымды айтсам, оның қайда екенін картадан қарап бір-ақ білдік.

 Адам аз шоғырланған Квинслендтің қасында Тайвань мүлдем басқа әлем еді! Бізге ең қиыны қытай тілін үйрену болды. Мен қауым кездесулерінде біраз уақыт бойы ештеңе түсінбей жүрдім, бауырластармен де дұрыс араласа алмадым. Осылай рухани астан да, жігерден де құр қалып жүрдім. Сол кезде Ян екеуміз Ғалақаттан рухани қор жинап келгеніміз қандай жақсы болған деп ойладық. Сондай-ақ Киелі кітапты жүйелі түрде жеке зерттеу, ыстық дұға айту бізге рухани берік болуға көмектесті. Жергілікті бауырластармен жөндеп араласа алмасақ та, олардың бізді және Ехобаны қаншалықты жақсы көретінін көріп, риза болатынбыз.

Қытай тілін үйрену

 Тайваньға келген соң, миссионерлердің бәрі қытай тілінде қысқа мерзімді курстан өтті. Оқытушымыз Ғалақаттың 25-сыныбын бітірген австралиялық Кэтлин Логан e деген әйел бауырлас болды. Біз бар зейінімізді сабаққа аудардық. Білгендерімізді мүмкіндігінше бірден қолдануға тырыстық. Қызметке бірінші рет шыққан күні Ян екеуміз қысқаша ұсыныс үлгісін жаттап алдық. Жол-жөнекей кім бірінші уағыздайды деп ойлап келдік. Мен Яннан үлкен едім, бірақ сонда да оған жолымды беріп: “Сен баста”,— дедім. Бірінші үйден түрі қытайдан аумайтын бір кісі шықты. Ян оған шала қытайша мен ағылшыншаны араластырып бірдеңе айтуға тырысты. Бір кезде ол кісі тап-таза ағылшын тілінде: “Сендерге не керек?”— деп сұрады. Біз ол кісімен біраз сөйлестік. Әңгімеміздің соңында ол бізге: “Тіл үйренгілерің келсе, берілмеңдер”,— деді. Оның бұл сөздері, Бен айтпақшы, “талмай күресе” беруге күш берді.

 Елдің астанасы Тайбэйдің басым бөлігі біз өңдейтін аумаққа кірді. Ол жерде бірнеше ғана Куәгер болғандықтан, ол аумақ мүлдем өңделмеген деуге болатын. Аумақтың үлкендігіне және тілді аса білмейтінімізге қарамай, Ян екеуміз зор құлшыныспен іске кірістік. Есімде, сол кезде біз айына жүздеген журнал тарататын едік. Меніңше, кейбір адамдар журналдарды біздің кім екенімізді, не айтқымыз келіп жүргенін білу үшін ғана алған сияқты. Сонда да біз жақсы жүректерге егілер деген үмітпен шындық дәнін барынша себе бердік.

Қызметтегі әрі өмірдегі серігім

Уэн-хуа екеуміз қызметте жүрміз, 1974 жыл

 Сол кездері тайваньдық Уэн-хуа деген қыз бауырласпен дос болып кеттік. Ол шындықты жақсы көретін және сол жайлы басқаларға айтатын, олар да Киелі кітаптың пайдасын көрсе екен дейтін. Ол көп миссионерге қытай тілін жақсартуға көмектесті, солардың ішінде мен де бармын. Мен бұл бауырласты қатты ұнатып қалдым, сөйтіп, екеуміз 1974 жылы үйлендік.

 Уэн-хуаның көмегінің арқасында миссионерлер әлдеқайда тиімді уағыздауды үйренді. Мысалы, ол бізге тайваньдықтардың ой қалпын, мәдениетін ескеріп сөйлеуді үйретті. Содан бастап ұсыныс үлгілерін жергілікті жағдайларға, әсіресе буддистер мен даосистерге бейімдейтін болдық. Ол жерде ата-баба аруағына табыну кең таралған және Киелі кітапты оқымаған, тіпті ешқашан көрмеген адамдар көп еді. Сондықтан біз уағызда Жаратушыға, оның есімі Ехоба екеніне және оның шынымен бар екеніне көбірек назар аударатынбыз. Егіншілер мен балықшылар: “Аспан бар болса, тамағымыз да болады”,— деп жиі айтатын. Сондай кездері: “Бізге тамақты беретін кім? Бәрін жаратқан құдіреті шексіз Құдай ғой. Демек, біз оған ғибадат етуіміз керек емес пе?!”— дейтінбіз.

Уэн-хуа екеуміз, 1975 жыл

 Уақыт өте еңбегіміздің жемісін көрдік. Шындық дәні көп адамның жүрегінде өсіп, өнім бере бастады. Кейбір зерттеушілерге өмір бойы сеніп келген діни нанымдарынан, Киелі кітапқа қайшы келетін салт-дәстүрлерінен бас тарту оңай болмады. Бірақ миссионерлер мен жергілікті бауырластардың көмегімен олар бәрін жеңді және өмірлерін түбегейлі жақсартты (Жохан 8:32). Кейінірек ер бауырластардың көбісі қауымдарда міндеттер атқаруға тағайындалды, сондай-ақ көптеген ер және әйел бауырластар толық уақытты қызметке аяқ басты және жергілікті Бетелде қызмет етті.

 Мен 1976 жылы Тайвань филиал комитетінде қызмет ете бастадым, бірақ танапта бұрынғыдай миссионер болып қала бердім. Уэн-хуа екеуміз 1981 жылы Бетелге шақырылдық, сол кезде мен әрі қарай да филиал комитетінде қызмет ете бердім. Бұл қызметті ұзақ жылдар бойы атқардым. Артқа қарасам, толық уақытты қызметке өмірімнің 60 жылын арнаппын. Сол жылдардың шамамен 50 жылы Тайваньда сүйікті әйеліммен бірге өтіпті. Ал бұрынғы миссионер серігім әрі досым Ян Браун 2013 жылы өмірден өтті, ол өмірінің соңына дейін толық уақытты қызмет атқарды.

Тайваньдағы жұмыс істейтін кеңсем, 1997 жыл

 Уэн-хуа екеуміз әліге дейін Бетелдеміз және қытай тіліндегі қауымда бірге қызмет етеміз. Түрлі қызметтерді сеніп тапсырғаны үшін Ехобаға алғысымыз шексіз! Бала күнімде бар жүрегіммен қызмет ету үшін Ехоба маған ықылас та, күш те берген еді. Қазір де қартайған шағымызда ол Уэн-хуа екеумізге дәл солай көмектесіп келеді.

a Арнайы ізашар деген — толық уақытты қызмет атқаратын ерікті. Әдетте Ехоба куәгерлерінің филиалы арнайы ізашарларды Киелі кітап тәлімгерлері жетіспейтін аймақтарға жібереді.

b Беннетт Брикелл бауырластың өмірбаянын 1972 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қыркүйектегі санынан (ағ.) оқуға болады.

c Дауысзорайтқыш орнатылған көліктердің арқасында айтылып жатқан Патшалық хабары біраз жерге дейін естілген.

d Бауырластардың бұл аймақтағы қызметі жайлы білу үшін, “Шалғай аймақтарда уағыздау: Австралия” (ор.) деген видеоны қараңыз.

e Харви мен Кэтлин Логан бауырластардың өмірбаянын 2021 жылғы “Күзет мұнарасының” қаңтардағы санынан оқи аласыз.