Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Алақандай ғана кітапхана

Алақандай ғана кітапхана

1 ҚЫРКҮЙЕК, 2021

 “Бұрындары рухани ас-суды электронды түрде аламыз дегенді елестетудің өзі қиын еді”. Джеффри Джексон бауырлас “Басқарушы кеңестің үндеуінде (№6, 2020)” осылай деген еді. Сіз де онымен келісетін шығарсыз? Ол тағы былай деді: “Ал қазір пандемия кезінде JW Library сияқты қосымша болмағанда не істер едік деп ойлап жатқан шығарсыз. Ехоба бізді біраз жылдар бойы осы секілді жағдайларға дайындап келді”.

 Ехоба бізді қалай дайындап келді? JW Library қосымшасын жасап шығару үшін, ол жақсы жұмыс істеп тұру үшін және оны жақсарту үшін қандай істер атқарылды?

Ерекше құрал

 2013 жылдың мамырында Басқарушы кеңес дүниежүзілік бас басқармадағы MEPS бағдарламалау бөліміне мобильді қосымша жасап шығаруды тапсырды. Қосымшаның ішінде қайта қарастырылған “Жаңа дүние аудармасы” болу керек еді. Осы бөлімде қызмет ететін Пол Уиллиз былай дейді: “Бұған дейін бізде өзіміздің мобильді қосымшамыз болған емес. Тапсырма алғаннан кейін, біз кейбір жобаларды тоқтата тұрып, бірден іске кірістік. Жаңа қосымшаны ойластырып, құрастыру үшін арнайы топ құрдық, басқа бөлімдермен қызметтестік және көп дұға еттік. Сөйтіп, Ехобаның көмегімен жылдық жиынға дейін жаңа қосымша шығып үлгерді. Мұның бәріне небәрі бес ай кетті!”

 Ендігі мәселе JW Library-ді атын затына сай етіп, нағыз кітапханаға айналдыру еді (“Library” ағылшын тілінен “кітапхана” деп аударылады). Бұл қосымшаның ішінде көптеген тілдерде көптеген әдебиеттер болмақ еді. 2015 жылдың қаңтарына дейін қосымшада ағылшын тіліндегі әдебиеттердің басым бөлігі пайда болды. Кейін небәрі алты айдың ішінде сол әдебиеттер тағы жүздеген тілде шықты.

 Бауырластарымыз бұл қосымшаны үнемі жақсартып, жаңартып отырады. Мысалы, қауымда қолданылатын видеолар, әдебиеттер және медиафайлдар “Кездесулер” деген жерге жинақталып қойылатын болды. Сондай-ақ “Ізденіс құралындағы” сілтемелерге тікелей Киелі кітаптың тармағы арқылы өтіп кетуге болады.

JW Library жақсы жұмыс істеу үшін...

 JW Library қосымшасын күн сайын 8 миллион адам, ал ай сайын 15 миллионнан астам адам ашып қолданады. Қосымша осыншама көп адамның құрылғысында іркілмей жұмыс істеп тұру үшін қандай істер атқарылады? Уиллиз бауырлас былай дейді: “Мобильді қосымшаларға келгенде, “Мына қосымша бітті, толықтай дайын!” деп ешқашан айта алмайсың. Қосымшаны қолдану жеңіл болу үшін, біз жаңа функциялар қосып, оны үнемі жақсартып отырамыз. Құрылғылардағы операциялық жүйелер жаңарып тұратындықтан, біз де қосымшамызды жаңартып тұрамыз. Ол сонда ғана сол жүйелерде жақсы жұмыс істейді. Сондай-ақ біз ішкі бағдарламалық жасақтаманың да жақсы жұмыс істеп тұруын қадағалаймыз және оны жақсартып тұрамыз. Өйткені JW Library-де басылымдардың және аудио мен видеолардың саны барған сайын өсіп жатыр”. Барлық тілдерді қоса алғанда, JW Library-дің ішінде шамамен 200 000 басылым және 600 000-нан астам аудио-видео бар!

 Қосымшамыз жақсы жұмыс істеп тұру үшін оған тек компьютерлік жабдықтар ғана емес, бағдарламалар да қажет. Сол бағдарламалар үшін біз лицензия сатып аламыз. Бір лицензияның өзіне жыл сайын 1500$ жұмсаймыз. Бұдан бөлек, жаңадан шығып жатқан құрылғыларда JW Library қалай жұмыс істеп жатқанын тексеру үшін, MEPS бағдарламалау бөлімі жыл сайын жаңа компьютерлер, планшеттер мен телефондар сатып алуға 10 000$ ақша жұмсайды.

Мәліметті жүктеу садақаны үнемдейді

 JW Library қосымшасының арқасында әдебиетті басуға, түптеуге және тасымалдауға кететін шығын азайды. Мысалға, “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” кітапшасын алайық. 2013 жылы осы кітапшаның шамамен 12 миллион данасы басып шығарылды. Ал 2020 жылы, дүниежүзі бойынша жариялаушылардың саны шамамен 700 000-ға өскеніне қарамай, осы кітапшаның тек 5 миллиондай данасы ғана басылды. Неге олай дейсіз ғой? Өйткені бауырластардың көбісі күнделікті тармақты JW Library-ден оқиды a.

“Бұл — баға жетпес құрал!”

 JW Library қосымшасы көп адам үшін таптырмас құралға айналды. Канадада тұратын Женевьева деген әйел осы қосымшаның арқасында жеке зерттеуі тұрақталғанын айтады. Ол былай дейді: “Шынымды айтсам, бұрынғыдай бірталай кітаптарды алып-салып жүрген болсам, онда қазіргідей күнде таңертең зерттеу жүргізуім екіталай еді. Ал қазір қосымшаның арқасында тек планшетімді ғана аламын, ішінде керектінің бәрі бар. Жеке зерттеуім тұрақты болғанның арқасында сенімім нығайып, Ехобаға одан сайын жақындай түстім”.

Женевьева

 Бұл қосымшаның пайдалы екені COVID-19 пандемиясы кезінде ерекше байқалды. АҚШ-та тұратын Чарлин есімді әйел бауырлас былай дейді: “Пандемияның кесірінен жаңа әдебиеттердің баспа түрін қолыма ұстамағалы бір жылдан асты. Бірақ біз JW Library-дің арқасында әрдайым рухани тоқ жүрміз. Осы қосымша үшін Ехобаға шексіз ризамын”.

 Филиппиндік Фаяның сөзімен көбіміз келісетін шығармыз. Ол былай дейді: “Ехобаға жақын болып қалу үшін мен бір ғана қосымшаны қолданамын. Ояна салып оқитыным да — сол, үй тірліктерін істеп жүріп тыңдайтыным да — сол. Қауымға дайындалғанда да, жеке зерттегенде де соны қолданамын. Қолым бос кезде де сол қосымшадан видео қараймын. Кезекте тұрғанда да мақала не Киелі кітап оқып тұрамын. Расында да, бұл — баға жетпес құрал!”

 Біздің қосымшамыз қызметте де өте тиімді. Камерунда бір әйел бауырлас уағызда бірнеше апта бұрын серіктесі қолданған тармақты қолданғысы келген. Бірақ ол сол тармақтың қай жерде екенін ұмытып қалған. Ол былай дейді: “Қуанышқа орай, сол тармақтың бір сөзі есімде қалды. Сосын мен қосымшаны ашып, Киелі кітапқа кірдім. Кейін іздеу белгісін басып, сол сөзді іздедім. Сөйтіп, әлгі тармақты бірден тауып алдым. Әдетте мен ұмытып қалған тармақтарымды осылай JW Library-дің көмегімен бірден тауып аламын”.

 Сіздердің donate.pr418.com арқылы жомарттықпен беріп жатқан садақаларыңыздың арқасында JW Library іркілмей жұмыс істеп тұр және барған сайын жақсарып жатыр. Ал бұл қосымша дүниежүзі бойынша бауырластарға көп игілік әкелуде. Садақаларыңыз үшін көп рақмет!

JW Library-дің даму тарихы

  1. 2013 жылы қазанда өңделген “Жаңа дүние аудармасы” бар қосымша жарық көрді

  2. 2015 жылы қаңтарда ағылшын тілінде, кейінірек жүздеген тілдерде әдебиеттер қосылды

  3. 2015 жылы қарашада мәтінді белгілеу функциясы пайда болды

  4. 2016 жылы мамырда “Кездесулер” деген қосымша бет пайда болды

  5. 2017 жылы мамырда жазба жасау функциясы қосылды

  6. 2017 жылы желтоқсанда ағылшын тілінде “Зерттеуге арналған Киелі кітап” қосылды

  7. 2019 жылы наурызда аудио мен видеоларды тікелей көру және жүктеу мүмкін болды; Киелі кітапқа “Ізденіс құралының” сілтемелері қосылды

  8. 2021 жылы қаңтарда “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” басылымы үшін жаңа функциялар қосылды

a JW Library-ден мәліметті жүктеу үшін көп ақша кетпейді. Өткен жылды мысалға алсақ, JW Library қосымшасы мен jw.org сайтындағы мәліметтерді тікелей көру үшін және жүктеп алу үшін 1,5 миллионнан астам доллар кетті. Егер баспа жүзіндегі әдебиеттерді, CD, DVD дискілерді шығарып, тасымалдағанда, бұдан әлдеқайда көп ақша кетер еді.