САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Байырғы тайпалардың діни-сенім бостандығын қорғау
1 МАМЫР, 2021
Латын Америкасындағы жүздеген миллион халықтың арасында байырғы тайпаларға жататын миллиондаған адамдар тұрады. Олардың өз тілдері, өз дәстүрлері бар. Сол тайпалардан шыққан көптеген бауырластарымыз өз мәдениетін құрмет тұтады. Олар адамдарға Киелі кітаптағы шындықтарды білуге көмектесу үшін Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерін Латын Америкасындағы 130-дан астам байырғы тілге аударып, таратады a. Бұл бауырластарымыз кейде Ехобаға қызмет еткені үшін және Киелі кітапқа қайшы дәстүрлерді ұстанбағаны үшін өз тайпаларынан қарсылық көреді. Осындай бауырластарға көмектесу үшін садақаларымыз қалай жұмсалады?
Үйлеріне оралуға көмектесеміз
Мексикада Халиско штатының тауларында тұратын уичоль деген тайпа бар b. Сол тайпаға жататын бауырластарымыз ар-ұжданына қайшы келетін діни әдет-ғұрыптарға қатысудан бас тартқан. Бұл жағдай тайпадағы адамдардың ашуын туғызды. Сөйтіп, 2017 жылдың 4 желтоқсанында ашулы тобыр Куәгерлерге және олармен араласқан адамдарға бас салып, оларды үйлерінен қуып жіберген, мүліктерін быт-шыт қылып қиратқан және қайтып оралатын болса, өлтіретіндерін айтып қорқытқан.
Бұны естігенде, көрші қалалардағы Куәгерлер лезде көмек көрсетуге келді. Бауырластар өз үйлеріне қайтадан оралу үшін не істерлерін білмеді. Августин деген ер бауырлас былай дейді: “Бізде адвокат жалдайтын ақша да болмады, заңға қатысты сұрақтарымызды кімге қоярымызды да білмедік”.
Бауырластарымыздың ғибадат ету бостандығына қауіп төнгендіктен, Орталық Америка филиалы бірден іске кірісті. Ең алдымен, бауырластар жергілікті билік өкілдерімен байланысып, осы қылмыстық әрекеттерді қарастыруды сұрады. Кейін олар Басқарушы кеңестің Үйлестірушілер комитетіне жүгініп, дүниежүзілік бас басқармадағы заң бөлімімен қызметтесуге және уичоль тайпасындағы бауырластардың атынан сотқа шағым беруге рұқсат сұрады. Ақырында, бұл іс Мексиканың Жоғарғы сотына жетті.
Заңгерлердің халықаралық тобы нақты дәлелдемелер келтіріп, басқа адамдар тайпалардың мәдениетін құрметтеуі керектігі сияқты, тайпалардың өзіндегі адамдар да бір-бірінің ерік бостандығын құрметтеп, қорғаулары керектігін және адам құқықтары барлық жерде бірдей екенін айтып түсіндірді.
2020 жылдың 8 шілдесінде Жоғарғы сот істі бірауыздан Ехоба куәгерлерінің пайдасына шешті. Сот қуылғандардың өз үйлеріне қайтарылуын талап етті. Жоғарыда сөзі келтірілген Августин көп адамның ризашылығына ортақтасып былай деді: “Бауырластардың біз үшін жасаған барлық жақсылықтарына сондай ризамыз! Олар болмағанда, біз ештеңе де істей алмас едік”.
“Аз адамға көп көмек”
Эквадордағы байырғы тайпадан шыққан бауырластар да осындай қуғынға ұшырады. Олар Сан-Хуан-де-Илуман деген елді мекеннің Отавало аңғарында тұрады. 2014 жылы бауырластар сол жерде Патшалық сарайын соғуға рұқсат алып, құрылысты бастайды. Алайда бір діни қызметкер 100-ден аса адамды ертіп, бауырластарды құрылысты тоқтатуға мәжбүр етеді. Кейін тайпадағылар Ехоба куәгерлеріне бірге жиналып ғибадат етуге тыйым салады.
Эквадор филиалындағы және дүниежүзілік бас басқармадағы заң бөлімдері қызметтесіп, осы бауырластардың ғибадат ету бостандығын қорғауға кірісті. Сөйтіп, бауырластар бұл мәселемен сотқа барды. Осының арқасында тайпадағы адамдар сабасына түсіп, бауырластардың бірге жиналуына және Патшалық сарайының құрылысын аяқтауына мүмкіндік берді. Болашақта да бауырластардың құқығы тапталмас үшін біздің өкілдер Жоғарғы сотқа барып, мынадай маңызды сұрақты көтерді: Байырғы тайпалар бәріне ортақ адам құқықтарын құрметтеуге тиісті ме?
2020 жылдың 16 шілдесінде Эквадор Конституциялық соты істі қарастырды. Бұл — елдегі ең Жоғарғы сот. Сотқа Куәгерлердің атынан Эквадордағы жергілікті заңгер бауырластар барды. Олардан бөлек, бұл сотқа тағы халықаралық тәжірибесі бар 4 шетелдік заңгер бауырлас қатысты. COVID-19 індетімен байланысты шектеулердің салдарынан олар сотқа видеоконференция арқылы қосылды. Соттың Ехоба куәгерлерінің өкілдеріне осылай қатысуға рұқсат етуі — бірінші рет c. Біздің заңгер бауырластар халықаралық құқықты алға тартып, адамның қандай да бір тайпаның мүшесі болғаны оның құқығының тапталуына ешқандай себеп емес екенін айтты.
Отавалодағы бауырластарымыз Конституциялық соттың шешімін тағатсыздана күтуде. Олар бауырластардың көрсеткен көмегіне өте риза. Илуманда кечуа тілді қауымда ақсақал болып қызмет ететін Сесар былай дейді: “Аз адамға көп көмек көрсету тек қана Ехобаның ұйымына тән”.
Сот ісіне қатысқан заңгерлердің бәрі — Ехоба куәгерлері. Олар көрсеткен кәсіби көмектері үшін ақы алмайды. Дегенмен де сот істерін жүргізу, оларға дайындалу, нақты дәлелдемелер келтіру — бұның бәріне көп уақыт пен қаражат кетеді. Мысалы, Мексикада өтетін сот үшін біздің заңгерлеріміз бен бауырластарымыз сот ісіне қатысы бар құжаттарды дайындауға 380-нен астам сағат, ал оларды аударуға тағы 240 сағат жұмсады. Эквадордағы сотты алсақ, дүниежүзінен жиналған 40-қа жуық заңгерлеріміз бұл сотқа жүздеген сағат уақытын кетірді. Бауырластарымызды қорғауға кеткен шығындар қалай өтелді? Сіздердің donate.pr418.com сайты арқылы жасап жатқан дүниежүзілік садақаларыңыздың есебінен. Жомарттықтарыңыз үшін көп рақмет!
a Сондай-ақ Ехоба куәгерлері әдебиеттерді Латын Америкасындағы басқа да көптеген үнді-еуропалық тілдерге аударады. Олардың ішінде сол жерде ғана таралған бірнеше ым тілі бар.
b Уичоль халқы уиксаритари деген атпен де белгілі. Сөйлейтін тілдерін де жиі уиксарика деп атайды.
c Біздің ұйым сотқа ресми түрде қатыспаса да, судьялар біздің бауырластарға сарапшы ретінде қатысуға рұқсат етті (латынша “amicus curiae” — “соттың досы”).