Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

“Жақын маңдағы және алыстағы соғыстар” кезінде көрсетілген көмек

“Жақын маңдағы және алыстағы соғыстар” кезінде көрсетілген көмек

27 МАМЫР, 2022

 Біз соңғы күндері “жақын маңдағы және алыстағы соғыстар” туралы жиі естиміз (Матай 24:6). Бауырластарымыз осындай соғыстардың кесірінен қиындықтарға ұшырағанда, оларға қажетті көмек беріледі. 2022 жылғы Басқарушы кеңестің №3 үндеуінен көргеніміздей, бауырластар Украинадағы соғыстың зардабын көріп жатқандарға үзбей көмек көрсетуде. Алайда соғыстың өршіп жатқанын ескерсек, оларға көмек қалай көрсетілуде? Украинадағы бауырластар бұл көмектің қандай пайдасын көруде?

Қандай көмек қажет болды және ол қалай жеткізілді?

 2022 жылы 24 ақпанда, соғыс басталған күні, Үйлестірушілер комитетінің мақұлдауымен Украинадағы бауырластарға көмек ретінде қаражат бөлінді. Украинадағы филиал шұғыл түрде азық-түлік пен керек-жарақтарды сатып алып, 27 Төтенше жағдайлар комитетіне таратуды тапсырды.

 Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасындағы бауырластар Украинадағы филиалға іс жүзінде қандай көмек көрсете алатындарын ойластырды. Басқарушы кеңеске қарайтын Үйлестірушілер және Баспа комитеттері дүниежүзілік жабдықтау бөліміне өтініш жасап, Украина мен Польшаның филиал өкілдерімен қызметтесуді сұрады. Осылайша олар қажеттіліктерді анықтап, көмек көрсету шараларын жүзеге асыру үшін жоспар құра алар еді. Әр филиалдағы жабдықтау, тасымалдау және заң бөліміндегі бауырластар Украинадағы филиал комитетінің бір мүшесімен және дүниежүзілік жабдықтау бөлімімен күнде кездесулер өткізіп, жұмысты ұйымдастырып отырды.

Көмек ретінде бауырластарға азық-түлік, гигиеналық заттар мен жігер беретін көп ашықхат жіберілді

 Дүниежүзілік жабдықтау бөліміндегі Джей Суинни былай деді: “Ең алдымен бізге қажеттілікті анықтап алу керек болды. Біз жергілікті бауырластарды азық-түлік пен гигиеналық заттар сияқты ең қажет нәрселермен қамдағымыз келді. Дегенмен қажеттілікті анықтау проблеманың жартысы ғана болды. Бізге бұл гуманитарлық көмекті соғыс қызып тұрған Украинаға қауіпсіз әрі жылдам түрде қалай жеткізуге болатынын ойластыру керек болды”.

 2022 жылдың 9 наурызына таман Украинадағы бауырластарға қажетті заттар тізімі анықталды. Азық-түліктен: консервіленген ет пен балық, дәнді дақылдар, күріш, бұршақ. Ал гигиеналық заттардан: сабын мен дәретхана қағазы. Бір адамға бір айға жететін осы заттардың құны шамамен 65 АҚШ долларын құрады. Ал мұндай гуманитарлық көмекке мыңдаған бауырластар мұқтаж болғандықтан, Үйлестірушілер комитеті қомақты сома бөлуді мақұлдады. Алайда бұл көмек бауырластардың өмірлеріне қауіп төндірмей қалай жеткізілмек еді?

 13 наурызда Польшадағы екі ер бауырлас Польша филиалынан Львов қаласына жақын қоймаға дейін сапар жасап көреді. Бұдан бірнеше күн бұрын Польша мен Украина филиалындағы бауырластар жолға қажеттіні дайындауға көмектескен еді. Атап айтсақ, филиалдағы бауырластар гуманитарлық көмекті шегарадан өткізуге қажетті құжаттарды дайындады, сондай-ақ көлікте “гуманитарлық көмек” деген арнайы белгінің болуын қамдады. Сонымен қатар Украинадағы бауырластармен ақылдасып, шегарадан қоймаға дейінгі ең қысқа жолды анықтады. Осындай жақсы ойластырылған дайындықтың және Ехобаның батасының арқасында бауырластар Львов қаласындағы қоймаға аман-есен жетті. Ал бір тәуліктен кейін гуманитарлық көмек барлық Төтенше жағдайлар комитеттеріне жеткізілді. Сол екі бауырлас та Польшаға аман-есен оралды.

 Бұл алғашқы сынама сапар ойдағыдай өткенмен, бауырластар 1 тоннаға жетпейтін гуманитарлық көмек жеткізді. Негізінде, шамамен 200 тоннадай көмек қажет болатын. Сонда осыншама үлкен жүк мүмкіндігінше қалай жылдам жеткізіліп, таратылмақ еді?

“Халқың саған еруге дайын тұрады”

 jw.org сайтынан Украинадағы соғыстан зардап шеккен бауырластардың жағдайларын оқығаннан кейін, дүниенің түкпір-түкпірінде тұратын адамдар көмек қолын созғысы келді. Алыс елдерде тұратындар қаражаттың ең тиімді жолмен жаратылатынын білгендіктен, Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік ісіне садақа жасады. Ал көрші елдерде тұратындар жапа шеккендерге уақыттарын бөліп, күштерін жұмсап, өздерінде барын аямады. Солардың кейбір мысалдарын көрейік.

 Польшадағы еріктілер қол қусырып отырмады. Олар он мыңдаған гуманитарлық көмек қораптарын дайындады, ал балалар өз қолдарымен көп ашықхат жасады. Польша филиалының жабдықтау бөліміндегі Бартош Косьцельняк бауырлас былай деді: “Мен Зәбүр 110:3-тегі “халқың саған еруге дайын тұрады” деген сөздерді талай рет оқыдым. Бірақ жүздеген еріктілердің бірден көмек көрсетуге ықылас білдіріп, жұмысқа білек сыбана кірісіп кеткенін көргенде, бұл сөздердің растығына көзім жетті”.

 Халықаралық тасымалдау компаниясы бар бір Ехоба куәгері бауырластарға жүк көліктері мен жанармай берді. Ол былай деп бөлісті: “Бұл — бауырластарыма және Ехобаға деген сүйіспеншілігімді көрсетудің мүмкіндігі. Қолымнан келгенше көмектесуге қуаныштымын”. Жалпы айтқанда, көмекке берілген жанармай 7700 литрден асты. Жанқияр бауырластар гуманитарлық көмекті жеткізу үшін 48 000 километрге жуық қашықтықты жүріп өтті.

 Бауырластардың ерен еңбектерінің арқасында, 28 наурыз күні, яғни алғашқы сынама сапардан 15 күн өте, Украинадағы бауырластарға 100 тонна азық-түлік, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек жеткізілді. Бауырластар мен басқа да жандардың жомарттықпен берген садақаларының арқасында бөлінген қаражат айтарлықтай үнемделді. Қазіргі таңда Ехоба куәгерлері Украинаға жіберген гуманитарлық көмек 190 тоннадан асады. Осы көмекті алған бауырластар не сезінді?

“Олардың іші сүйіспеншілікке толып тұрды”

 Гуманитарлық көмек Львов қаласына жеткізілгеннен кейін, Төтенше жағдайлар комитеттері оны мұқтаж бауырластарға үлестіріп берді. Көмек қораптары әртүрлі қалаларға, кейбірі тіпті Львовтан 1300 километрден аса қашықтыққа жіберілді. Бауырластар барынша жылдам түрде әрекет етсе де, көмекті жеткізу біраз уақытты талап етті a.

 Украинадағы филиал комитетінің мүшесі Маркус Райнхардт былай деді: “Осы қиын-қыстау кезде бауырластардың көбісі Ехобаның айнымас сүйіспеншілігінің куәсі болды. Олар апат келмей тұрып-ақ ұйымнан келетін басшылықтарға құлақ асудың қаншалықты маңызды екенін көрді. Мысалы, барлығымыз үйімізде бірнеше аптаға жетерлік азық-түлік пен су қорын қамдап қоюға шақырыламыз. Осы басшылық жайлы Киевтегі Антон деген ақсақал былай деді: “Ехобаның ұйымы бізді осындай дүрбелең жағдайға алдын ала дайындағаны үшін шын жүректен ризамыз. Бізде қажетті азық-түлік пен судың және радионың болғаны, былайша айтқанда, жанымызды аман сақтап қалды”. Бауырластардың осы басшылыққа мойынсұнғаны өте жақсы болды, өйткені филиалдан көмек келгенше өздерінде барымен күнелте тұрды”.

 Көмекке ие болған бауырластар қандай сезімде болды? Харьковта тұратын Николай мен Зинаида өз сезімдерін келесідей білдірді: “Танытқан қамқорлықтарыңыз жүрегімізді қатты тебірентті. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек үшін мың да бір рақмет! Бұдан Ехобаның жомарт қолын көрдік”. Сол аймақта тұратын Валентина болса былай деді: “Соғыс басталысымен дүкендерде ұзын-сонар кезектер пайда болды. Кейде тіпті керек затты сатып алу мүмкін болмады. Алайда Ехоба бәрін көрді. Ол бауырластарды гуманитарлық көмекті әр үйге жеткізуге талпындырды. Алған қораптардың ішінде дәл бізге керек нәрселер болды. Осындай қиын жағдайға тап болып, тығырыққа тірелгенде, Ехоба мен оның ұйымының қамқорлығын ерекше сезінеді екенсің! Тура мұқтаж болғанымызда осындай көмек пен қолдауға ие болу қандай керемет!”

 Мариупольдан қашып шыққан Евгений мен Ирина былай деді: “Отбасымызға қамқор болып, көрсеткен қолдауларыңызға ризашылығымыз шексіз. Білесіздер ме, бұл дәл уақытылы көмек болды! Басында біз қораптарда тек азық-түлік бар деп ойладық, бірақ ашқан кезде олардың іші сүйіспеншілікке толып тұрды”.

 Соғыс кезінде көрсетілген көмектің артында Ехобаның өзі тұрғаны еш шүбәсіз. Бұған қоса, сіздердің дүниежүзілік ісімізге беретін садақаларыңыз, соның ішінде donate.pr418.com сайты арқылы беретін садақаларыңыз да өте маңызды рөл атқарады. Жомарттықтарыңыз үшін көп рақмет!

Уақытылы берілген көмек

  1. 2022 жыл, 24 ақпан: Үйлестірушілер комитетінің мақұлдауымен Украинадағы бауырластарға көмек ретінде қаражат бөлінді

  2. 2022 жыл, 24 ақпан—8 наурыз: Украинадағы филиал азық-түлік пен керек-жарақтарды сатып алып, Төтенше жағдайлар комитеттеріне оларды таратуды тапсырды. Сондай-ақ филиал Польшадан келетін гуманитарлық көмекті қабылдап, тарату жолдарын ойластырды

  3. 2022 жыл, 9 наурыз: Үйлестірушілер комитеті Украинаға жіберілетін көмекті мақұлдады

  4. 2022 жыл, 10—12 наурыз: Бауырластар азық-түлік пен керек-жарақты Польшадан Львов қаласына жеткізуді жоспарлады

  5. 2022 жыл, 13 наурыз: Гуманитарлық көмек Польшадан Львов қаласына дейін жеткізілді

  6. 2022 жыл, 14—16 наурыз: Познаньдағы (Польша) Конгресс сарайында жергілікті жобалау және құрылыс ісінің еріктілері азық-түлік пен гигиеналық заттар салынған қораптарды дайындады

  7. 2022 жыл, 17 наурыз: Бауырластар 13 тонна гуманитарлық көмекті Украинаға жіберуді бастады

  8. 2022 жыл, 21—27 наурыз: Бауырластар Польшада қалған гуманитарлық көмекті Украинаға жөнелтті. Кейін бір тәуліктің ішінде қажетінше әртүрлі аймақтарға үлестірді

  9. 2022 жыл, 28 наурыз: Рұқсат алғаннан 20 күн өте, Украинаға 100 тонна азық-түлік, гигиеналық заттар мен дәрі-дәрмек жеткізілді

 Қазіргі таңда Ехоба куәгерлері Украинаға жіберген гуманитарлық көмек 190 тоннадан асады.