САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Зерттеу сабағына арналған жаңа кітап несімен ерекше?
1 СӘУІР, 2022
2021 жылдың қаңтар айында Басқарушы кеңес Киелі кітапты зерттеуге арналған жаңа құралды таныстырды a. Ол — “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы. Сіз бұл жаңалықты қалай қабылдадыңыз? Канадада тұратын Мэтью бауырлас былай деп сезімін бөлісті: “Мен “мәссаған” деп қуанып кеттім. Кейін баяндамалар мен видеолардан бұл кітаптың шығарылу себептерін, қалай сынақтан өткізілгенін білгенде одан сайын қызығып кеттім. Кітапты қолыма алып, оны қолданғанша асықтым”.
Біз “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының көмегімен жаңаша тәлім беру әдісіне көштік. Бірақ бұл кітаптың бұрынғы зерттеу құралдарынан өзгешелігі бұл ғана емес. Оны қолыңызға ұстап көрсеңіз, мұқабасының да, парақтарының да басқаша екенін байқайсыз. Ендеше, бұл кітаптың қалай жасалғанын сіздерге егжей-тегжейлі айтып берейік.
Іші де, сырты да өзгеше
Парақтары қалың. Біріншіден, жаңа кітаптың ішінде 600-ден астам түрлі түсті суреттер бар. Бұл бұрынғы “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабынан 10 есе көп! Екіншіден, онда мәтіні де, суреті де жоқ бос жерлер көп кездеседі. Осы екі жайт кітаптың парақтарын қалыңдатуға себеп болды. Өйткені кітаптың қағазы жұқа болса, парақты бір беттен екінші бетке аударған кезде, оның арғы бетіндегі суреті көрініп қалады. Сөйтіп, Уолкилдегі (Нью-Йорк штаты) Халықаралық баспа бөліміндегі (әрі қарай ХББ) бауырластар біздің баспаханаларда қолданылып жүрген төрт түрлі қағазды сынақтан өткізіп, үлгілерін Басқарушы кеңестің Жазушылар комитетіне ұсынды. Олар болса әрқайсысын мұқият қарап, ең қалыңын таңдады. Бірақ бұл қағаздың бағасы басылымдарымыздағы әдеттегі қағаздан 16 пайызға қымбат тұрады. Десе де оның артықшылығы, адам “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының беттерін ашқанда, арғы бетіндегі суреттерге еш алаңдамай оқиды.
Мұқабасы өзгеше қапталған. Бұл кітаптың мұқабасының өзгешелігі, сыртқы қаптамасы басқаша ламинатталған. Әдеттегідей жылтыр емес, күңгірт (ор. матовый) ламинатпен қапталған. Соның арқасында мұқабасындағы сурет анық та қанық көрінеді. Тағы бір артықшылығы, кітапты жиі қолданғаныңызға қарамастан, оның мұқабасы тез ескіріп кетпейді. Дегенмен күңгірт ламинация жылтыр ламинациядан бес есе қымбат тұрады. Сондықтан арзанырақ бағадағы күңгірт ламинацияны сатып алуға бірнеше филиал бірігіп атсалысты.
Неге бұл кітапқа мұндай қымбат материалдар таңдалды? Жаңағы ХББ-де қызмет ететін бауырлас былай деп түсіндірді: “Ертең бұл қолымыздан түспейтін құрал болатындықтан, біз оның көп пайдаланылғанына қарамастан әдемі күйінде сақталғанын қаладық”. Ал Бразилиядағы баспа бөлімінде қызмет ететін Эдуардо бауырлас: “Мені қайран қалдырғаны, Ехобаның ұйымы бұл жаңа кітаптың әдемі әрі төзімді, қолға ұстауға да жағымды болуы үшін өте сапалы материалдарды пайдаланды. Сөйте тұра, ерікті садақаны да ақылмен жұмсай білді”,— дейді.
Пандемия кезіндегі баспа жұмысы
“Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы 2021 жылдың наурызында басыла бастады. Бұл пандемия уақыты болғандықтан, кесе-көлденең тұрған қиындықтар да болды. Бетелде карантин енгізілгендіктен, сырттан келетін қызметшілер баспа ісінде көмектесе алмай қалды. Филиалға жаңа адамдарды алу да мүмкін болмады. Сондықтан кейбір баспаханаларымызда жұмысшылар жетіспей қалса, басқалары үкімет шектеулеріне байланысты уақытша жабылып қалды.
Осы мәселелердің түйіні қалай шешілді? Баспаханалардың жұмысы қайта басталған кезде басқа бөлімдердегі бетелдіктер баспа ісіне жәрдемдесуге уақытша тағайындалды. ХББ-дегі Джоел бауырлас былай деді: “Олардың жанкешті рухы мен жаңа істі меңгеруге деген ықыластарына шексіз ризамыз. Солардың арқасында жұмыс алға жылжып жатыр”.
Бұл кедергілерге қарамай, біз “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының миллиондаған данасын басып шығардық. Бұл кітапты жарыққа шығару үшін баспа қалыптары, ламинат пленкасы, қағаз, сия, желім сияқты өте көп заттар қажет. Алғашқы бес-ақ айдың ішінде материалдардың өзіне 2,3 миллионнан астам АҚШ доллары жұмсалды. Қаражатты үнемдеу үшін біз қауымдарға шын мәнінде қанша кітап қажет, сонша ғана басып шығаруға аса мән береміз.
“Шабыт беретін шедевр”
Тәлімгерлер мен Киелі кітап зерттеушілері жаңа құралға қатысты қандай пікір білдіруде? Австралияда тұратын Пол есімді ер бауырлас былай дейді: “Маған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабы қатты ұнайды. Онымен зерттеу сабағын өткізуге асығып тұрамын. Кітаптың дизайны өте тартымды және адамды талқылауға белсенді қатыстырып отырады. Оның ішінде бәрі бар: қысқа да нұсқа мәтіндер, жүректегіні сарқып алатын сұрақтар, видеолар, суреттер, кестелер, зерттеушіге арналған мақсаттар. Бұл кітап мен үшін тәлім беру шеберлігімді шыңдай түсуге шабыт беретін шедевр”.
Құрама Штаттардағы бір зерттеуші былай дейді: “Мен бұл кітапты сүйіп оқимын. Ішіндегі суреттер маңызды ойларды түсінуге көмектеседі. Ал видеолар болса жүрегіме бірден жетіп, іс-әрекетке талпындырады”. Бұл зерттеуші аптасына екі рет зерттейді және қауым кездесуіне үзбей қатысып жүр.
“Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабын әлі көп тілде миллиондап басып шығару керек. Қазіргі таңда Басқарушы кеңес бұл кітапты 710 тілге басып шығаруды мақұлдады. Бұл “Киелі жазбалардан не білеміз?” кітабынан 340 тілге көп!
Баспа ісінің шығындарын дүниежүзілік іске келіп түскен садақалар өтейді. Олардың көбісі donate.pr418.com сайты арқылы жасалып жатыр. Сіздердің жомарттықтарыңызға көп рақмет! Соның арқасында Ехобаны танып-білгісі келетін және “мәңгілік бойы өмірдің рақатын көргісі” келетін жандарға арналған Киелі кітапты зерттеу құралы жарық көруде (Зәбүр 22:26).
a Бұл кітаптың жарыққа шыққаны JW Broadcasting-те көрсетілген жылдық жиында жарияланды.