САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
“Иса. Өмірі мен қызметі” драмасы. Камера сыртындағы еңбек
1 ҚАЗАН, 2024 ЖЫЛ
Ехоба куәгерлерінің биыл тағатсыздана күткен оқиғаларының бірі “Иса. Өмірі мен қызметі” драмасының 1-сериясының жарық көруі болды. Миллиондаған адам оны көріп те қойды. Ал бұл 18 серияның алғашқысы ғана! Камера артында қаншама тер төгіліп жатқанын және барша жұрт бұл істі қалай қолдап жатқанын білейік.
Ұжымның қажетін қамдау
“Иса. Өмірі мен қызметі” драмасының көп бөлігі түсіріліп жатқан Австралазия филиалында әрбір көрініс кезінде сахна алаңында шамамен 50-ден 80-ге дейін адам жүреді a. Түскі ас, кешкі ас, тіске басар нәрселер барлық кейіпкерлер мен түсірілім тобына үлестіріліп отырады. Қандай тамақ берілетіні алдын ала жақсылап ойластырылады. Азық-түлік бөлімінде жұмыс істейтін Естер былай дейді: “Біз азық-түлікті әртүрлі жерден алуға тырысамыз. Осының арқасында олардың сапасы да жақсы, бағасы да тиімді болады. Тамақ ысырап болмас үшін оның мөлшерін де үнемі қадағалап отырамыз”. Бір адамның тамағына күніне шамамен 4 АҚШ доллары кетеді.
Түсірілім тобы мен кейіпкерлерге азық-түліктен басқа қорғаныш та қажет. Сонда оларды неден қорғау керек? Күншуақ Австралияда көбінесе күн жылы, аспан ашық болады, бірақ онда ультракүлгін сәулелерінің мөлшері көп. Түсірілім алаңындағылар күн астында ұзақ жүріп, әлдері құрып қалмас үшін еңбекқор көмекшілер арнайы шатырлар мен салқындататын орындар орнатып қойды. Сондай-ақ олар күннен қорғайтын жақпамайдың, қолшатырлар мен судың жеткілікті мөлшерде болуын қамдайды. Аудио-видео бөлімінде қызмет ететін Кевин есімді бауырлас былай дейді: “Жобаға көмектесіп жатқандардың басым бөлігін Бетелдің сырттан келіп істейтін қызметшілері құрайды. Олар осы аталған және басқа да тапсырмаларды кішіпейілділікпен әрі зор қуанышпен атқарып жүр. Олардың көмегінсіз біз бұл жобаны бітіре алмас едік”.
Басқа аумақта түсіру
Кейбір көріністерді Бетелдің сыртында орналасқан түсірілім алаңында да, іштегі студияда да шынайы етіп түсіру мүмкін емес болып жатады. Мұндайда басқа жерге баруға тура келеді. Электр сымдары, салынған жолдар мен заманауи үйлер жоқ Киелі кітап заманындағы көріністерді түсіру үшін кейіпкерлер мен түсірілім тобы алыс жерлерге сапар шегіп жатады. Олардың киімдерін, түсірілімге қажетті заттар мен құрал-жабдықтарды жинап, тасымалдап, түсірілім алаңында ұқыптылықпен сақтау қажет. Түсірілім басталмас бұрын, жоба жетекшілері генераторлардың, таза ауыз суы мен әжетханалардың болуын қамтамасыз етеді. Кейіпкерлер мен түсірілім тобы қонақжай жергілікті Куәгерлердің үйінде, қонақүйлерде, трейлерлер мен кішігірім үйшіктерде қонады.
Драманы басқа жерде түсіру үшін бірталай ақша, уақыт пен күш керек. Сондықтан да 2023 жылы Басқарушы кеңес 2,5 миллион АҚШ доллары тұратын видео қабырғаны сатып алуды жөн көрді. Ол жерде көріністің арт жағында болып жатқан жағдайлар айқын бейнеленеді, өйткені видео қабырғаның ажыратымдылығы жоғары экрандары бар. Ал жарықты дұрыс түсіргеннің арқасында видеодағы көріністер дәл сол мезетте болып жатқандай әсер береді. Осының арқасында осы көріністерді шалғай жерлерде арнайы түсіріп шығынға батпаймыз. Австралазия филиал комитетінің мүшесі Даррен мұны былай түсіндіреді: “Видео қабырғаның арқасында кейіпкерлер қажып, шаршап кетпейді және кейбір көріністерді қайталап түсіруге болады. Мысалы, түсірілім далада болғанда күннің батқанын ұстап қалу үшін бізде небәрі бірер минут қана болады. Ал видео қабырғаның көмегімен көріністі дұрыс түсіріп алғанша күннің батуын қайта-қайта ойната аламыз”.
“Өзімді сондай жайлы сезіндім”
Бұл драманың әрбір сериясына жүздеген кейіпкерлер мен одан да көп түсірілім тобының адамдары қажет. Бауырластардың қамқорлығы оларға қалай әсер етіп жатыр екен?
Осы жобаға қатысу үшін Мельбурндағы үйінен 700-ден аса шақырым жерді жүріп келген Амбер былай деп жазды: “Әуежайға келген сәттен бастап Бетелдегі бауырластар мені өз қамқорлығына алды. Көптеген бетелдіктер мені асқа не шайға шақырып, маған көңіл бөлді. Түсірілім алаңында барлығы менің жағдайымды жасап, сүйіспеншілік танытты. Бұл сапарым баталарға толы болды. Өзімді сондай жайлы сезіндім!”
Бейнематериалдарды жасап шығару тобымен жұмыс істейтін Дерек былай дейді: “Көптеген бөлімдер бізге о бастан-ақ қолдау көрсетіп келеді. Бауырластардың өз уақыттарын, күштері мен дүние-мүліктерін құрбан етіп жатқандарын көріп, жүрегім ризашылыққа толды. Олар сондай мейірімді әрі қолдау көрсетуге әрдайым асық. Ехобаның барлығымызға батасын беріп жатқаны айдан анық! Ехоба Құдайдың жұмысымыздың сәтті аяқталуына ғана емес, оны қалай атқарып жатқанымызға да назар аударатынына көзім жетті”.
Аталмыш жобаға donate.pr418.com сайты арқылы болсын, басқа да жолдармен ерікті садақа беріп, қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін мың да бір алғыс айтамыз!
a Австралазия филиалы Австралия мен Оңтүстік Тынық мұхитындағы бірнеше елді мекенде атқарылып жатқан ісімізді қадағалайды. Филиал Австралиядағы Сидней қаласының шет жағында орналасқан.