Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Молшылық жоқшылықты жабады

Молшылық жоқшылықты жабады

1 ҚАЗАН, 2020

 Ехоба куәгерлері 200-ден астам елде діни іс-шаралары мен гуманитарлық көмек ұйымдастырады. Бірақ сол елдердің шамамен 35-і ғана жергілікті садақаның есебімен өз шығындарын жауып жүр. Ал қалған елдер не істейді?

 Басқарушы кеңес дүниежүзіндегі бауырластарға Ехобаға ғибадат ету үшін және уағыз ісін атқару үшін оларға не қажет екенін мұқият саралайды. Бауырластар қордағы ақшаны жақсылап жоспарлап, оны орнымен жұмсайды. Қандай да бір филиалға артық садақа түсіп жатса, олар оны мұқтаж елдерге жөнелтеді. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер де осылай етіп, қолда бар қаражатты “тең бөліскен” (Қорынттықтарға 2-хат 8:14). Соның арқасында біреудегі молшылық біреудегі жоқшылықты жапқан.

 Осындай көмекті алған бауырластар не сезінді? Мысалы, Танзаниядағы бауырластарды алайық. Ол елде халқының жартысынан көбі күніне 2 долларға жетер-жетпес ақшаға өмір сүреді. Осы елге жіберілген қаржылай көмек Мафинга қауымының Патшалық сарайын жөндеуден өткізуге жұмсалды. Сол қауымның бауырластары лебізін былай деп білдірді: “Патшалық сарайымыз жөндеуден өткен соң, келушілердің саны кәдімгідей өсті. Ехобаның ұйымына және дүниежүзіндегі бауырластарға дарқан көңілдері үшін алғысымыз шексіз. Олардың арқасында біз қазір әдемі ғимаратта ғибадат етеміз”.

 Ал Шри-Ланкадағы кейбір бауырластар COVID-19 пандемиясының кесірінен тамақтан қиналып қалды. Солардың бірі — Имара Фернандо мен оның ұлы Инош. Басқа елден жөнелтілген садақаның арқасында олардың қажеті жабылды. Олар өз қолдарымен ашықхат жасап, былай деп жазып қойды: “Осындай қиын күндері бауырластардың көрсеткен сүйіспеншіліктеріне қатты риза болдық. Біз бақыттымыз, өйткені осындай үлкен отбасының бір мүшесіміз. Осы соңғы күндері Ехоба барлық бауырластарға көмектессін деп талмай дұға айтамыз”.

Имара мен Инош Фернандо

 Бауырластарымыз экономикалық жағдайы қандай елде тұрса да, барымен бөлісуге әрдайым дайын тұрады. Мысалы Инош өзі қолдан садақа жәшігін жасап алды. Ол мұқтаждық көріп жүрген отбасыларға көмектесу үшін садақа салып тұрады екен. Мексикада тұратын Гваделупе Альварес та барын жомарттықпен беріп жатыр. Ол тұратын жерде айлықты уақтылы бермейді, берсе де ақшасы мардымсыз. Соған қарамастан ол садақа жасап тұрады. Ол былай дейді: “Мен Ехобаның ізгілігі мен айнымас сүйіспеншілігін сезіндім, басқалар да сезінсе екен деймін. Сондықтан кішігірім болса да садақа жасағым келеді. Бірақ “көп түкірсе көл болады” демекші, бәріміз жұмыла мұқтаждық көрген бауырластарға көмектесе аламыз”.

 Мұқтаж елдерге садақа жіберетін филиалдар мұны қуана істейді. Бразилияның филиал комитетінде қызмет ететін Энтони Карвалио былай дейді: “Көп жылдар бойы біз өзіміз де мұқтаж ел болғанбыз. Бізге көмек көрсеткеннің арқасында біздің елде көп өсім болды. Қазір біз өзіміз басқаларға көмектесе алатындай жағдайдамыз. Жергілікті бауырластар өздерін ғана ойламай, дүниежүзіндегі бауырластарды да ойлап, садақа салады. Иса Мәсіх тапсырған шәкірт дайындау ісіне өз үлестерін қосып жатқандарына олар мәз-мейрам”.

 Ехоба куәгерлері мұқтаждық көріп жүрген өз бауырластарына қалай көмектесе алады? Оның ең жақсы жолы — садақаны тікелей филиалға емес, дүниежүзілік іске салу. Оны сіз Патшалық сарайындағы дүниежүзілік іске деген жәшікке сала аласыз немесе donate.pr418.com сайты арқылы жіберсеңіз болады. Осындай садақаларыңызды біз жоғары бағалаймыз.