Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Құдайға жақындататын әндер

Құдайға жақындататын әндер

1 ҚАРАША, 2021

 Музыка – Ехобаның ғажайып сыйы. Музыка біздің ой-санамызға әсер етіп, көңіл-күйіміз бен рухымызды көтеріп тастайды. JW Broadcasting®-те шығатын әндерімізді де тура осылай сипаттауға болады. Ең бастысы, бұл әндер Ехобамен достығымызды берік етеді.

 2014 жылдан бері 70-тен астам ән жарық көрді. Жоқ дегенде, солардың біреуі 500-ден астам тілге аударылған. Бұл әндерді кімдер және қалай жазады деп ойланғансыз ба?

Сахна сыртындағы еңбек

 Біздің әндерімізбен аудио-видео бөлімінде ән жазушы топ айналысады. Бұл бөлім Басқарушы кеңестің Білім беру комитетіне қарайды. Ән жазатын топтағы 13 бауырлас әуен жазады, оны өңдейді, кестелер құрады және басқа да жұмыстар атқарады. Білім беру комитеті дүниежүзі бойынша қашықтан көмектесетін еріктілерді мақұлдаған. Олардың ішінде композиторлар, музыканттар және әншілер бар. Бұл кішіпейіл бауырластар талант-дарындарын осы іске жұмсап, атақ пен қошеметке бөленуді ойламайды.

 Сонымен, әндер қалай жазылады? Ең алдымен, Білім беру комитеті әнге қандай тармақтар негіз болатынын және ол қандай сезім сыйлау керектігін шешеді. Кейін ән жазушы топ әннің әуенін, сөздерін жазатын бауырластарды тағайындайды. Сөйтіп, әннің шикі нұсқасы жазылады. Кейін оны Білім беру комитеті тыңдап, өздерінің ұсыныстарын айтады. Сосын ән жазушы топ өзгерістер енгізіп, әннің дайын нұсқасын жазады. Әндер түрлі жерлерде — бетелдерде де, үйде орнатылған студияларда да жазылады.

 Әндер жазып шығару үшін бауырластар сандық аудиожабдықтар, нота жазуға арналған бағдарламалар, аудиокітапханалар мен басқа да құрал-жабдықтар қолданады. Сондай-ақ жұмыс барысында музыкалық аспаптар, микшерлік пульттер, күшейткіштер мен дауыс зорайтқыштар және микрофондар пайдаланады. Бір микрофонның құны 100 АҚШ долларынан 1000 долларға дейін барады. 2020 жылы музыка жазуға арналған құрылғыларға 116 000 доллар жұмсалды.

 Бауырластар садақаны үнемдеу үшін не істеп жатыр? Бетелде үлкен-үлкен музыкалық топтарды ұстамас үшін қашықтан көптеген еріктілер жұмылдырылады. Сондай-ақ олар үлкен оркестрді бір жерге жинамай, жиі түрлі аспаптың дыбысын жасайтын компьютерлік бағдарламалар қолданады.

“Әндеріміз — жанымның дауасы”

 Көп термен келетін бұл әндерді бауырластар сүйіп тыңдайды. Германияда тұратын Тара былай дейді: “Уайымдап тұрған кезде бұл әндер көңілімді кәдімгідей жайландырады. Бұл әндерді өз ана тілімде тыңдап жатқанда, Ехоба мені құшақтап жатқандай сезімде боламын”. Ал Қазақстанда тұратын Дмитрий болса былай деп ой бөлісті: “Әндердің мағынасын уайымдамай тыңдағанға не жетсін! Біздің әндеріміз тек Киелі кітап принциптеріне негізделеді. Олар маған назарымды рухани нәрселерден тайдырмауға көмектеседі”.

 Оңтүстік Африкада тұратын Делиа біздің әндерімізге қатысты сезімін былай деп білдірді: “Әндеріміз — жанымның дауасы. Көңілім құлазығанда не қиындыққа кезіккенде, менің жағдайыма тура сай келетін ән міндетті түрде табылады. Жиі әннің әуенінің өзі мазасыз көңілімді тыныштандырады!”

 Әндердің арасында сүйіктілері де бар. Оңтүстік Африкада тұратын Лерато деген қыз былай дейді: “Өмір біз аңсаған” және “Жаңа дүниеге жетелеген үміт” деген әндерді тыңдағанда, бірден марқұм анамды қарсы алып жатқанымды елестетемін. Ол болса маған құшағын жайып, жүгіріп келе жатқандай болады”.

 Шри-Ланкада 16 жасар бауырласымызға осы әндеріміздің біреуі ерекше көмектескен. Сол қыз былай дейді: “Мұғалімім бүкіл сыныптың көзінше Ехоба куәгері болғаным үшін қатты ұрсып тастады. Одан қорқып, не айтарымды білмедім. Үйге келгенде, анам маған “Зерттейтін болсаң” деген әнді тыңдап көрші” деді. Бұл ән маған зерттеу жүргізіп, жауабымды дайындап қоюым керектігін ұқтырғандай болды. Мен ертесіне-ақ мұғаліммен сөйлестім. Ол мені мұқият тыңдап, Ехоба куәгерлерінің көзқарасын енді жақсырақ түсінгенін айтты. Ехобаның ұйымына осындай жігерлі әндер үшін алғыс айтқым келеді”.

 Бұндай әндерді шығару үшін қаражатты қайдан аламыз? Дүниежүзілік садақадан. Олар көбінесе donate.pr418.com сайты арқылы келіп түседі. Дарқан көңілмен беріп жатқан садақаларыңыз үшін сіздерге мың да бір алғыс!