Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Құлағы естімейтін жандар шетте қалмайды

Құлағы естімейтін жандар шетте қалмайды

1 ШІЛДЕ, 2022

 Ехоба Құдай барлық адамдардың, жағдайы қандай болмасын, ол жайлы және оның көктегі Патшалығы жайлы білгенін қалайды (Тімөтеге 1-хат 2:3, 4). Сол себепті Ехоба Куәгерлері Киелі кітап пен оны зерттеуге арналған құралдарды мүмкіндігінше көп адамға, құлағы естімейтін жандарға да қолжетімді етіп отыр. Біздің ұйымда мыңдаған басылымдардың ым тіліндегі бейнежазбалары a жүзден аса тілдерде жарық көрді! Мұндай басылымдарды шығару мен тарату ісі қалай атқарылады? Және бұл ісіміз қандай жемісін әкелуде?

Ым тіліндегі бейнежазбалар қалай жасалады?

 Ым тіліндегі басылымдар дүниежүзіндегі аударма топтарының көмегімен шығарылады. Топтың әр мүшесі аударылу керек басылымды салмақтап-саралайды. Содан кейін олар мәліметті ым тілінде барынша түсінікті етіп берудің жолын таңдайды. Осылар істелген соң, басылымдарды видеоға айналдырады. Қазіргі күні Киелі кітапты зерттеуге арналған құралдарды 60 топ ым тіліне жүйелі түрде аударады. Ал қалған 40 топ болса басылымдарды арагідік аударады.

 Бұрынырақ ым тілінде видео шығару қымбатқа түсетін. Видеокамералар мен басқа да құрал-жабдықтар қазіргіге қарағанда әлдеқайда қымбат болған. Оған қоса, видеоларды студияда жазатын едік. Ал студияны өзіміз соғатынбыз немесе кейбір ғимараттарға кішігірім жөндеу жұмыстарын жасайтынбыз. Жалпы алғанда, барлық жұмыстарды бітіру үшін 30 000 АҚШ доллары кететін.

 Біздің ұйым садақаларымызды қолданудың барынша тиімді жолын іздейді. Бұл — аударма үрдісі жақсартылғанын және жеңілдетілгенін білдіреді. Сондай-ақ біз әлдеқайда заманауи, яғни көпфункционалды әрі арзанырақ технологияларды меңгердік. Аударма топтары студияны қолданудың орнына, жасыл фонның көмегімен кеңселерінде видео түсіре береді. Егер бірнеше бауырласты түсіру керек болса, олар жеке-жеке өз үйлерінде я кеңселерінде отырып-ақ жазып бере алады. Оларға студияға барудың қажеті жоқ.

 Ым-ишаратты көрсететін бауырластардың жұмысын жеңілдету үшін біз арнайы бағдарлама ойлап таптық. Соның арқасында жұмыс екі есе тез жүретін болды. Бауырластарымыз осындай өзгерістер үшін өте риза. Александр есімді бір бауырлас былай деді: “Ым тіліндегі видеолар мұншалықты көп шыққан емес. Қуанышым шексіз! Мен оларды күніге көріп жүрмін”.

 Бүгінде аударма топтарын жабдықтау үшін 5000 АҚШ долларынан да аз қаражат кетеді. Соның арқасында ым тіліндегі басылымдарды көптеген тілдерде шығара аламыз.

Ым тіліндегі бейнежазбалар қалай таратылады?

 Ым тіліндегі басылым шығарылып біткен соң, құлағы естімейтін адамдарға жеткізілу керек. Бұрынғы кезде біз оны видеокассеталар мен DVD дискілерге жазатынбыз. Бұл өте қымбатқа түсетін әрі көп күш пен уақытты қажет ететін. Кейін жазбалардың дубликаттарын жасау үшін олар компанияларға жіберілетін. Соңында видеокассеталар мен DVD дискілер қауымдарға жеткізілетін. 2013 жылдың өзінде ым тіліндегі DVD дискілерді шығару үшін 2 000 000 АҚШ доллары жұмсалды.

 Құлағы естімейтін жандар оларды өте қатты бағалайтын. Алайда видеоларды қолдану оңай бола бермейтін, өйткені видеокассеталар мен DVD дискілер көбейе түсті. Киелі кітаптағы бір ғана кітаптың өзі бірнеше дискілерге жазылатын. Бразилияда тұратын Жилней деген бауырлас былай деп есіне алды: “Қандай да бір жазба орнын оқығымыз келсе, бізге керекті видеокассетаны тауып, ішінен керекті жазбаны іздейтін едік. Бұл біраз әуреге салатын”. Ал Рафаяни есімді бауырлас болса: “Жеке зерттеу жасаймын деп шаршап кететінмін. Жай ғана тармақ орны мен сілтемені табудың өзі ұзақ уақыт алатын”,— деді. Сонымен қатар, бауырластарымыз уағыз қызметіне шыққанда өздерімен бірталай дискілер мен кассеталар алып жүретін. Олар оны қызығушылық танытқан адамның теледидарынан көрсететін. Тіпті кейбір бауырластар өздерімен бірге DVD-плеер алып баратын. Уақыт өте экраны бар портативті DVD-плеерлер шыққандықтан бауырластар соларды да меңгеріп алды. Құрама Штаттарда тұратын Бобби деген бауырлас былай деді: “Адамға бір тармақты көрсеткен соң тағы біреуін көрсеткіміз келгенде, көп жағдайда дискіні ауыстыру керек болатын. Бұл біріншіден, уақытымызды алатын, ал екіншіден, әңгіме барысында Киелі кітапты қолдануды қиындататын”.

 2013 жылы ұйымымыз JW Library Sign Language қосымшасын шығарды. Осы қосымша арқылы бауырластар ым тіліндегі бейнежазбаларды телефондары мен планшеттеріне жүктеп, ойната алатын болды. Бұл алғашқыда америка ым тілінде ғана қолжетімді еді. Ал кейін 2017 жылы барлық ым тілінде шықты. Бұл — жер-жердегі бауырластар үшін ғанибет сый болды. Бразилиялық Жушселину деген бауырлас: “Сене алар емеспін! Басқарушы кеңес құлағы естімейтіндерді қатты жақсы көреді, біздің де өзгелер сияқты шындыққа терең тамыр жайғанымызды қалайды. Мен қатты толқып тұрмын, осы қосымшамен Киелі кітапты одан сайын терең қазғым кеп кетті”,— деген лебізін білдірді.

Бауырласымыз JW Library Sign Language қосымшасын қолданып отыр

 Қазір біз ым тіліндегі басылымдарды сайтымыз бен JW Library Sign Language қосымшасы арқылы шығарамыз. Соның арқасында ым тіліндегі басылымдар бұрынғыдай айлап, жылдап емес, бірнеше күннің ішінде аударылып, жазылып және шығарылып үлгереді. Бұған қоса ым тіліндегі басылымдар басқа тілдегі басылымдармен қатар шығады.

 Құлағы естімейтін кейбір бауырластар рақметтерін айтып жатыр. Клизия деген бір әйел бауырлас былай деді: “Ехобаның ұйымына тең келетін ешқандай ұйым жоқ. Біздің қамымызды ойлап, рухани ас-суды осылай ыңғайлы етіп беретін басқа қандай ұйым бар дейсіз?” Ал Владимир болса былай дейді: “Ехоба құлағы еститін адамдардың қамын қалай ойласа, біздің де қамымызды дәл солай ойлайтынына көзім жетті”.

 Ым тіліндегі басылымдарымызда жиі: “Бұл басылым ерікті садақаның демеуімен дүниежүзі бойынша жүргізіліп жатқан Киелі кітаптан білім беру ісінде қолданылады”,— деп айтылады. Сондықтан жомарттықпен беріп жатқан садақаларыңызға алғыс айтамыз. Көбінесе donate.pr418.com сайты арқылы түсіп жатқан садақаларыңыз Киелі кітап пен оны зерттеуге арналған құралдарды көптеген тілдерде, соның ішінде ым тілінде де шығаруға жұмсалады.

a Құлағы естімейтін адамдар ым-ишаратпен сөйлесетіндіктен, ым тіліндегі басылымдар баспа түрінде емес, бейнежазба түрінде шығарылады.