САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Өмірді өзгертетін нүктелер
1 ҚАЗАН, 2021
1912 жылдың 1 маусымында жарық көрген “Күзет мұнарасында” былай делінген: “Біздің оқырмандарымыздың көбісінің зағип таныстары болуы мүмкін. Мұндай адамдар оқу құралдарын тегін ала алады... Бұл басылымдар жанарынан айырылған адамдар оқи алу үшін бедерлі нүктелермен басып шығарылған. Көптеген көзі көрмейтін жандар жарқын болашаққа үміт сыйлайтын хабарды білгендеріне өте риза”.
Бұл сөздер жазылғанда ағылшынша сөйлейтін елдерде Брайль әліпбиі әртүрлі болды. Алайда Ехоба куәгерлері сол кездің өзінде Киелі кітап шындықтарын Брайль қарпінде жеткізді. Бұл іс әлі күнге дейін жалғасуда! Қазір Брайль қарпіндегі басылымдарымыз 50-ден астам тілде қолжетімді. Бұл іс қалай жүріп жатыр?
Мәтінді Брайль қарпіне ауыстыру
Ең алдымен мәтінді Брайль қарпіне ауыстыру керек. Паттерсондағы мәтінді өңдеу бөліміндегі Майкл Миллен бауырлас былай дейді: “Бұрын біз мәтінді Брайль қарпіне айналдыру үшін коммерциялық бағдарламаны қолданатын едік. Бірақ бұл бағдарламада бізге керекті барлық тілдер болмады. Қазір біз Watchtower Translation System (Күзет мұнарасының аударма жүйесі) бағдарламасын қолданамыз, себебі оның көмегімен көптеген тілдерде мәтінді Брайль қарпіне өзгерте аламыз. Бұған ешқандай бағдарлама тең келмейді деп айта аламын“.
Брайль қарпіндегі әдебиеттерде тек басылымның мәтіні ғана емес, суреттердің сипаттамасы да бар. Мысалы, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының мұқабасындағы сурет келесідей сипатталған: “Ер адам ирелеңдеген жолмен келе жатыр, жан-жағында әсем гүлдер, шөптер мен ағаштар өсіп тұр. Алыстан жоталар мен таулар көрініп тұр“. Қызмет көмекшісі және тұрақты ізашар болып қызмет ететін Ямшед деген зағип бауырласымыз былай деді: “Осындай сурет сипаттамалары маған көп көмегін тигізеді”.
Мәтінді Брайль қарпіне айналдырғаннан кейін, оны Брайль қарпіндегі әдебиеттерді басып шығаратын филиалға жібереді. Бедерлі-нүктелі қаріп жасау кезінде қатты қағаз пайдаланылады. Осылай басып шығару процесінде қағаз тесіліп кетпейді және көп қолданғанда да нүктелер өз пішінін жоғалтпайды. Кейін қағаздар жинақталады, тігіледі, сосын қауымдар тапсырыс берген әдебиеттермен бірге жіберіледі. Немесе пошта бөлімшелері арқылы зағип жандарға тегін жіберіледі, әрине, егер сондай қызмет көрсетілсе. Филиалдар қажет болғанда мұндай әдебиеттерді қауымдарға тез арада жеткізуді ұйымдастырады, осының арқасында көзі көрмейтін не нашар көретін бауырластардың кездесулерге қажетті әдебиеттері болады.
Бұл жұмыстардың барлығы көп уақыт пен қомақты қаражатты талап етеді. Мәселен, Уолкиллдегі (Нью-Йорк штаты) баспаханамыз 50 000 кәдімгі Киелі кітапты басып шығаруға қанша уақыт жұмсаса, Брайль қарпіндегі небәрі екі Киелі кітапты басып шығаруға сонша уақыт жұмсайды. Ағылшын тілінде Брайль қарпімен басып шығарылған әрбір Киелі кітап 25 томнан тұрады. Оны басып шығаруға қажетті материалдар кәдімгі Киелі кітапты басып шығаруға қарағанда 123 есе қымбат. Ал осы 25 томның мұқабасын жасаудың өзіне шамамен 150 АҚШ доллары кетеді!
Брайль қарпіндегі әдебиеттерді басып шығаруға қатысатын бауырластар қызметтері жайлы не дейді екен? Оңтүстік Африка филиалында қызмет ететін Надиа есімді бауырлас былай дейді: “Көзі көрмейтін не нашар көретін бауырластарымызға оңай емес, оларға тым болмағанда осылай көмектесе алатыныма қуанамын. Бұл шара Ехобаның оларды қаншалықты жақсы көретінін дәлелдейді”.
“Брайль қарпімен оқуды үйреніңіз”
Егер адам Брайль қарпінде оқи алмаса ше? Осыдан бірнеше жыл бұрын біз “Брайль қарпімен оқуды үйреніңіз” кітапшасын басып шығарған едік. Ол Брайль қарпінде және кәдімгі мәтінмен жазылған. Осы кітапшаның көмегімен көзі көретін адам зағип адамға Брайль қарпінде оқуды үйрете алады. Кітапшамен бірге Брайль қарпінде жазуға арналған құралдар беріледі. Олардың көмегімен адам Брайль қарпінде жазып үйренеді. Мұндай жаттығулардың арқасында адам әр қаріпті есте ұстап, кейін оны саусақтың ұшымен сипап анықтай алады.
“Мен енді оларсыз өмір сүре алмаймын”
Көзі көрмейтін не нашар көретін бауырластар осы әдебиеттеріміздің қандай пайдасын көріп жүр? Гаитиде тұратын Эрнст бауырластың Брайль қарпінде ешқандай басылымы болмаған екен. Содан тапсырмалармен шыққанда, түсініктеме бергенде, ол тек есінде сақтаған мәліметтерді ғана айтатын. “Бірақ қазір қалаған кезімде қол көтеріп, жауап бере аламын. Қазір мен де басқа бауырластармен бірге рухани ас-суды бірдей қабылдап жатырмын!”— дейді Эрнст.
Ал Австриядағы көзі нашар көретін Ян есімді ақсақал қауымда Күзет мұнарасы мен Киелі кітапты зерттеу бөлігін жүргізеді. Ол былай дейді: “Біздің әдебиеттер Брайль қарпіндегі басқа кітаптарға қарағанда әлдеқайда түсінікті. Мысалы, біздің әдебиеттерімізде кітаптың беттері көрсетілген, сілтемелер бар, оларды тез-ақ тауып аласың. Бұған қоса, суреттерге сипаттамалар да берілген”.
Оңтүстік Кореяда тұратын Сон Ук есімді ізашар бауырластың көзі көрмейді, құлағы да естімейді. Сондықтан кездесулерде оған тактильді аударма қажет болатын. Ал қазір ол әдебиеттерімізді Брайль қарпінде өзі-ақ оқи алады. Ол былай деді: “Әдетте зағип адамдарға арналған басылымдарды оқу өте қиын. Себебі кейбір нүктелері болмай қалады, беттегі жолдар қисық орналасқан, қағаздары да тым жұқа. Бірақ Ехоба куәгерлері қолданатын қағаздар өте сапалы, нүктелері анық етіп ойылған, оларды оқу жеңіл. Бұрын әдебиеттерімізді зерттеу үшін маған басқалардың көмегі қажет еді, ал қазір өзім-ақ зерттей аламын. Кездесулерге апта сайын дайындалып, барынша атсалыса алатыныма қатты қуанамын! Мен Брайль қарпіндегі барлық әдебиеттерімізді оқып отырамын. Мен енді оларсыз өмір сүре алмаймын”.
Біздің барлық әдебиеттеріміздегідей Брайль қарпіндегі әдебиеттерімізде де келесідей сөздер бар: “Бұл басылым сатуға арналмаған. Ол ерікті садақаның демеуімен дүниежүзі бойынша жүргізіліп жатқан Киелі кітаптан білім беру ісінде қолданылады”. donate.pr418.com сайтында жазылған әдістермен садақа жасап жатқандарыңызға көп рақмет! Жомарттықтарыңыздың арқасында рухани ас-су барлығына, соның ішінде көзі көрмейтін не нашар көретіндерге де қолжетімді болуда!