САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
2020 жылғы “Әрдайым қуаныңдар!” деген аймақтық конгресті аудару жобасы
10 ШІЛДЕ, 2020 ЖЫЛ
2020 жылы, шілде мен тамыз айларында дүниежүзіндегі бауырластар тарихымызда бірінші рет аймақтық конгресті бір уақытта көреді. Бұл мүмкін болу үшін бағдарламаның видеоларын 500-ден астам тілге аудару керек болды. Әдетте, мұндай жобаны ұйымдастыруға, аударуға және видео жазбасын жазуға бір жыл не одан көп уақыт кетеді. Алайда коронавирус пандемиясының салдарынан 2020 жылғы “Әрдайым қуаныңдар!” деген аймақтық конгрестің аудармашыларына бұл жобаны төрт айдан аз уақытта атқаруға тура келді.
Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік бас басқармасындағы Аударма топтарына қызмет көрсету бөлімі және Дүниежүзілік жабдықтау бөлімі осы үлкен жобаға көп көмек көрсетті. Аударма топтарына қызмет көрсету бөлімі аудармашыларға осы жобаны атқару үшін көбірек жабдықтар, әсіресе жоғары сапалы микрофондар керек екенін түсінді. Дүниежүзілік жабдықтау бөлімі 1000 микрофонды сатып алып, олардың 200-дей жерге жеткізілуіне қам жасады.
Ақшаны үнемдеу үшін микрофондар көп мөлшерде көтерме бағамен сатып алынды. Алдымен олардың бәрі бір жерге жеткізілді де, сол жерден дүниежүзіндегі аудармашыларға үлестірілді. Микрофондарды көп мөлшерде сатып алғанымыздың арқасында әрқайсысының бағасы шамамен 170 АҚШ доллары болды. Бұл бағаға микрофондарды тиісті жерлерге жеткізу де кірді. Осылайша біз 20 пайыздан да көп қаржы үнемдей алдық.
Дүниежүзілік жабдықтау бөліміне микрофондарды 2020 жылдың сәуір мен мамыр айларында сатып алып, жер-жерге жеткізу керек болды. Бірақ сол кезде пандемияның кесірінен көп кәсіпорындарының жұмысы шектелген болатын. Десе де мамырдың соңына дейін қашықтағы аударма кеңселерінің, филиалдардың және басқа жерлердегі аудармашыларымыздың басым көпшілігі қажетті құрал-жабдықтарға ие болды.
Дүниежүзілік жабдықтау бөлімінің бақылаушысы Джей Суинни былай дейді: “Бұл жоба кезінде Бетел бөлімдері мен кәсіпорындары жақсы қызметтесті. Тез арада әрекет етіп, ерікті садақаларды тиімді қолдана алғанымыз тек Ехобаның рухының арқасында мүмкін болды”.
Аударма топтарына қызмет көрсету бөлімінде қызмет ететін Николас Аладис былай дейді: “Карантин болғандықтан сыртқа шықпай отырған аудармашылар бұл құрал-жабдықтарды алғанда, қатты жігерленіп қалды. Аударма топтарының басқа мүшелерімен бірге бола алмаса да, олар баяндамаларды, драмаларды және әндерді 500-ден астам тілге аударып, аудио-видео жазбаларын жасап, жақсы қызметтесе алды”.
Бұл жоба 2020 жылғы “Әрдайым қуаныңдар!” деген аймақтық конгресті дайындау үшін атқарылған көптеген жобалардың бірі ғана. Бұл жобалар donate.pr418.com сайты арқылы не басқа да жолдармен жасаған жомарт садақаларыңыздың арқасында мүмкін болып отыр.