Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

2021 жылы көрсетілген көмек: бауырластарымыздың ауыртпалығын көтерістік

2021 жылы көрсетілген көмек: бауырластарымыздың ауыртпалығын көтерістік

1 ҚАҢТАР, 2022

 2021 қызмет жылында a COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемді әлі де уысында ұстап тұрды. “Жаһандық індет кезіндегі жаһандық көмек” деген мақалада мәлімдегеніміздей, біз пандемиядан зардап шеккендерге көмектесу үшін ондаған миллион АҚШ долларын жұмсап, 950-ден астам Төтенше жағдайлар комитетін құрдық.

 Пандемияның үдеп тұрғаны былай тұрсын, табиғи апаттар мен адам қолымен жасалған апаттар бүкіл әлемдегі бауырластарымызға зардабын тигізіп жатыр. Осындай 200-ден көп апат кезінде көмек қолын созу үшін Басқарушы кеңестің Үйлестірушілер комитеті COVID-19 пандемиясына бөлінген қаражаттан бөлек, тағы да 8 миллион АҚШ долларын жұмсауды мақұлдады. Сіздердің садақаларыңыз қандай екі апат кезінде жұмсалғанын айтып берейік.

Ньирагонго жанартауының атқылауы

 22 мамыр, 2021 жылы Конго Демократиялық Республикасындағы Ньирагонго жанартауы атқылай бастады. Жанартаудың лавасы ағып, үйлерді, мектептерді және су қоймаларын қиратты. Бұл аздай, осы оқиғадан кейін жанартаудың улы күлі Гома қаласын түгелдей басып қалды. Сондай-ақ сол қалада көптеген жерасты дүмпулері болды. Қала тұрғындарының жартысынан көбіне тез арада сол жерден кетуге тура келді. Ал жүздеген мың адам бассауғалап, қаша жөнелді. Кейбірі тіпті шегаралас жатқан Руандадан пана іздеді.

Патшалық сарайында жергілікті көмек көрсету комитеті бауырластарға жаңа піскен сұлы ботқасын беріп жатыр

 Эвакуацияланғандардың ішінде 5000-дай Ехоба куәгері бар еді. Біреулердің үйін жанартау қиратып кетсе, басқалардың бос қалған үйлерін ұрылар тонап кеткен. Руандадағы және Конго Демократиялық Республикасындағы көмек көрсету комитеттері осы орайда бірден жәрдем беру шараларын ұйымдастырды. Бір көмек көрсету комитеті жайында Конгодағы филиал былай деп есеп берді: “Қаладағы абыр-сабырға қарамастан және эвакуация жайында бұйрық келмей тұрып-ақ, біздің комитет тамақ, ауызсу, жататын төсек пен киім-кешек үлестіре бастады”. Бір қалада біздің 2000-нан көп бауырласымыз бір жерге жиналды. Көмек көрсету комитеті оларға шатыр құрып берді, бетперделер таратты және COVID-19 бен холераны жұқтырып алмас үшін не істеуге болатынын түсіндірді.

Зардап шеккен Куәгерлерге жібермес бұрын, тамақ салынған қаптарды өлшеп жатыр

 Апаттан кейін үш ай бойы бауырластарымыз 6 тоннадан көп күріш, 6 тонна жүгері ұнын, 3 тонна сұйық май және 3 тонна су таратты. Қаражатты үнемдеу үшін филиалдың ұйымдастыруымен бауырластар азық-түлікті қымбатқа шетелден емес, жергілікті жерден көп мөлшерде сатып алды.

 Жап-жаңа үйін жанартау қиратып кеткен бір әйел бауырлас былай дейді: “Біздің жүрегіміз ауырып, көңіліміз қатты түсті”. Кейін олардың отбасына гуманитарлық және рухани көмек көрсетілді. Жаңағы бауырлас: “Ехобаға шүкір, дымсыз қалған жоқпыз. Ехоба ауыртпалығымызды көтерісіп, жарамызды жеңілдетіп жатыр”,— дейді.

Венесуэладағы экономиканың құлдырауы

 Венесуэла көп жылдан бері экономикалық дағдарыстан көз ашпай отыр. Бауырластардың тұрмыс жағдайы нашарлап, астан таршылық көріп жатыр, қылмыс та өршіген үстіне өршуде. Бірақ Ехобаның ұйымы бауырластарымызды көмексіз қалдырған емес.

Венесуэланың әр жеріне жөнелту үшін күріштің қаптарын көлікке артуда

 Өткен қызмет жылында азық-түлік пен сабын сатып алу үшін және оларды мұқтаж отбасыларға жеткізу үшін 1,5 миллионнан көп ақша жұмсалды. Венесуэладағы филиал былай деп мәлімдеді: “Ай сайын 130 тонна азық-түлікті еліміздің төрт бұрышындағы бауырластарға жеткізу — оңай іс емес”. Азық-түлік жолда бүлініп кетпес үшін, бауырластар көбінесе ұзақ сақталатын тамақтарды жіберіп тұрады. Жергілікті филиал әрі қарай былай дейді: “Біз көбінесе тамақты көп-көп қылып сатып аламыз және қымбатқа түспес үшін оны пісетін мерзімінде аламыз. Сосын оларды арзандау жолмен тасымалдауға тырысамыз”.

Көліктер мен жанармай тапшы болғандықтан, жас ер бауырластар азық-түлікті қауымдарына жеткізу үшін велосипедпен ары-бері 18 км жерді жүріп өтеді

 Венесуэладағы Төтенше жағдайлар комитетінде қызмет ететін Лионель өз ісін сүйіп атқарады. Ол былай дейді: “Бұл қызмет мен үшін өте ерекше. Өйткені әйелім COVID-19-дан қайтыс болғалы бұл қызмет жаныма шипа, көңіліме медет болып жүр. Осы істен қолым босамай, бауырластарға пайдам тиіп жатқанына қуанамын. Ехоба “өз халқымды тастамаймын” деп уәде етіп еді ғой. Соның растығын өз көзіммен көріп жүрмін”.

 Бұрында көмек көрсету комитетінде қызмет еткен бір ер бауырлас өзі де көмек алды. Ол былай дейді: “Бұрын мен көмектессем, енді, міне, өзім көмекке мұқтаж болып қалдым. Бауырластар керек-жарағымызды беріп қана қоймай, әйелім екеуіміздің көңілімізді жайландырып кетті. Олар бізді қамқорлады, жұбатты, арқамыздан қақты”.

 Кейбір апаттар айтпай келеді. Сөйтсе де Ехобаның ұйымы көмекке келуге, оны жеткізуге қашанда дайын тұрады. Әрине, мұның бәрі дүниежүзілік іске салып жатқан садақаларыңыздың арқасы. Садақа салудың жолдары donate.pr418.com сайтында түсіндіріледі. Сіздердің мәрттікпен беріп жатқан садақаларыңыз үшін алғысымызды жаудырамыз!

a 2021 қызмет жылы 2020 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2021 жылдың 31 тамызында аяқталды.