САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
2022 жылы көрсетілген көмек: Іс жүзінде көрсетілген сүйіспеншілік
1 ҚАҢТАР, 2023
Киелі кітапта біздің күндерімізде соғыстар, жер сілкіністері, індеттер мен басқа да “қорқынышты нәрселер” болатыны алдын ала айтылған (Лұқа 21:10, 11). Бұл пайғамбарлық 2022 жылғы қызмет жылында да орындалды a. Мысалы, Украинадағы соғыс әлі жалғасуда және миллиондаған адамның өміріне әсер етуде. Әлемнің көп елдері COVID-19 пандемиясынан кейін қалыпты өмірге орала алмай жатыр. Бұдан бөлек осы қызмет жылында көп адам табиғи апаттардан зардап шекті. Мысалы, Гаитиде жер сілкіністері, ал Орталық Америка, Филиппин және оңтүстік шығыс Африкада жойқын дауылдар болды. Ехоба куәгерлері апаттан зардап шеккендерге қалай көмектесті?
2022 қызмет жылында біздің ұйым 200-дей табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетті. Жалпы есептегенде, бұл үшін шамамен 12 миллион доллар жұмсалды. Қазір екі табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін ерікті садақалар қалай жұмсалғанын білейік.
Гаитиде болған жер сілкінісі
2021 жылдың 14 тамызында оңтүстік Гаитиде 7,2 балдық қуатты жер сілкінісі болды. Өкінішке қарай, үш бауырласымыз (екі әйел бауырлас пен бір ер бауырлас) қайтыс болды. Зілзаладан аман қалғандар ауыр жарақат алғаннан бөлек, жандарына да жара салынды. “Қаламызда көп адам көз жұмды. Екі айдан аса уақыт бойы апта сайын бірнеше жерлеу рәсімдері болатын”,— дейді Стефан есімді ер бауырлас. Ал Елизер деген басқа ер бауырлас былай деді: “Көп Куәгерлер үй-күйсіз қалды. Киетін киім мен аяқ-киім не басқа да ең қажетті нәрселері болмады. Жер сілкінісінен кейінгі дүмпулер қайта-қайта қайталанғандықтан, айлар бойы көп адам үрей мен қорқынышта өмір сүрді”.
Ұйымымыз көмек қолын бірден созды. Гаити филиалы зардап шеккендерді 53 тоннадан көп азық-түлікпен, сонымен қатар палатка, брезент, телефонды қуаттауға арналған күн батареяларымен қамтамасыз етті. Бұған қоса, 2022 қызмет жылында 100 аса үй қайта тұрғызылды не жөнделді. Зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін миллион доллардан аса қаражат кетті.
Бұндай көмек үшін бауырластарымыз дән риза. Лорет былай дейді: “Жер сілікінісінің кесірінен үйіміз бен кәсібімізден айырылып қалдық. Тіпті жейтін түгіміз болмады. Бірақ Ехобаның ұйымы жанымыздан табылып, қажет нәрсенің бәрімен қамдады”. Ал Мишелин болса былай деді: “Екі ұлыммен тұрып жатқан үйіміз қирап қалды. Көмек сұрап дұға еткеннен басқа не істерімді білмедім. Сонда Ехоба ұйымы арқылы дұғама жауап берді. Қазір басымызда әп-әдемі баспанамыз бар. Ехобаға ризашылығымды білдіру үшін қолымнан келгеннің бәрін істеуге дайынмын!”
Ұйымымыз көмек көрсету үшін жасаған шаралар билік өкілдерінің назарынан тыс қалмады. Л’Азиль коммунасының басшысы былай деді: “Сіздердің жылдам көмек көрсеткендеріңізге ризамын. Билік басындағыларға да зор құрмет көрсетеді екенсіздер. Сіздердің мақсаттарыңыз ақша емес, адамдарға көмектесу екені мені қатты таңғалдырды. Нағыз сүйіспеншілік деген осы емес пе?”
Малави мен Мозамбикте болған “Ана” тропикалық дауылы
2022 жылдың 24 қаңтарында “Ана” тропикалық дауылы алдымен Мозамбикті, сосын Малавидің батысын жайпап өтті. Жылдамдығы сағатына 100 километр болатын қатты жел электр желілерін үзіп, көпірлерді қиратып тастады. Циклонның арты нөсер жауынға ұласып, айналаны су басып қалды.
Дауылдан Малави мен Мозамбиктегі 30 000 аса Куәгер зардап шекті. Бауырластарға көмекке келген Чарльз есімді бауырлас былай деді: “Бауырларымның қалай қиналғандарын, неден айырылғандарын көргенде жүрегім қарс айырылып, шарасыз күй кештім”. Жағдайды одан бетер қиындатқаны бауырластардың жинап қойған азын-аулақ астықтары мен азық-түліктері суға ағып кеткен. Көбісі үйсіз-күйсіз қалды. Ең өкініштісі, құтқару қайығы аударылып кеткендіктен бір бауырласымыздың әйелі мен екі қызы көз жұмды.
“Ана” дауылы өте қорқынышты болды. Нчалода (Малави) тұратын Сингередо отбасы түнгі бірде гүрілдеген судың даусын естиді. Сөйтсе, екі өзеннің суы тасып кеткен екен! Үйдің отағасы үйден кету керек деп шешеді. Бұнысы дұрыс болды да, өйткені олардың үйі судың астында қалып, бар дүние-мүлкі қирап, сумен ағып кетеді. Бауырластарымыз бас сауғалап Патшалық сарайына бармақшы болады. Әдетте жарты сағат кететін жолға бұл жолы екі сағат кетеді. Олар шаршап-шалдығып, малмандай су болса да, Патшалық сарайына аман-есен жетті.
Малави мен Мозамбик филиалдары тез арада көмек көрсету шараларын ұйымдастырады. Филиалдар аудандық бақылаушылар мен ақсақалдарға зардап шеккен бауырластардың қажеттілігін анықтап, оларға рухани және эмоциялық жағынан көмек беруді тапсырады. Бірнеше төтенше жағдайлар комитеттері құрылды. Бұл комитеттер бауырластарды азық-түлік пен басқа да қажетті заттармен қамдау үшін бірден әрекет етті. Гуманитарлық көмекке 33 000 аса АҚШ доллары, ал қираған үйлерді қайта тұрғызу мен жөндеу үшін 300 000 аса АҚШ доллары жұмсалды.
Төтенше жағдайлар комитеті қаражатты ақылмен қолданды. Бәрі қымбаттап, бағалар шарықтап жатқандықтан бұл әсіресе маңызды болды. Мысалы, көмек көрсетіліп жатқан алғашқы жеті айдың өзінде Малавиде негізгі азық болып саналатын жүгері ұнының құны 70 пайызға өсіп кетті. Бұған қоса, отын да қымбаттаған еді. Ақшаны үнемдеу үшін бауырластар азық-түлік пен құрылыс материалдарын жергілікті жерден және бір дегенде көп-көптен алатын. Осының арқасында олар жеңілдіктер алды әрі тасымалдауға көп қаражат жұмсамады.
Көрсетілген көмек Ехобаның халқының жүрегін елжіретіп жіберді. Мозамбикте тұратын Фелисберто былай дейді: “Мен бұндай қолы ашық ұйымды көрген емеспін. Құрылыс материалдары, азық-түлік, қол ұшын созған еріктілер, көлік пен қажетті нұсқаулар, бір сөзбен айтқанда, қажеттінің бәрі болды. Жохан 13:34, 35-тегі Иса айтқан сүйіспеншілікті өз көзімізбен көрдік!” Малавиде үйінен айырылған Естер деген жесір бауырласымыз: “Басқа үй соғуға ақшам жоқ еді, сондықтан өзімді шарасыз сезіндім. Бірақ бауырластар келіп мен үшін жаңа үй салып бергенде, жұмақта жүргендей болдым”,— деді.
Жаңа дүниеге жақындаған сайын, апаттар көбейетінін түсінеміз (Матай 24:7, 8). Десе де, сіздердің жомарт садақаларыңыздың арқасында Ехобаның халқы қажетті көмекті алып жатыр. Садақа жасаудың жолдарын donate.pr418.com сайтынан біле аласыз. Мәрттіктеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіреміз!
a 2022 қызмет жылы 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2022 жылдың 31 тамызына дейінгі уақыт аралығын қамтиды.