Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сол жақта: Бір ерлі-зайыптының жанып кеткен үйін соғып берген ерікті құрылысшылар (Чили). Оң жақта: Алапат су тасқынынан соң гуманитарлық жәрдем алған екі әйел бауырлас (Нигерия)

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

2023 жылы көрсетілген көмек. “Ехобаның сүйіспеншілігін өз көзімізбен көрдік”

2023 жылы көрсетілген көмек. “Ехобаның сүйіспеншілігін өз көзімізбен көрдік”

26 ҚАҢТАР, 2024

 Киелі кітапта ақырғы заманда “мемлекет мемлекетке қарсы аттанып” соғыстар болатыны және басқа да апаттар болатыны айтылып кеткен (Матай 24:3, 7). Біз осы сөздердің 2023 қызмет жылында a анық орындалғанына куә болдық. Осы аралықта 100-ге жуық ел қарулы қақтығыстар мен табиғи апаттардың зардабын тартты. Осындай қиын-қапас шақта Ехоба куәгерлері Құдайға еліктеп, қалай сүйіспеншілік танытуда?

 2023 қызмет жылында бауырластарымыз 200-ден астам табиғи не адам қолымен жасалған апаттан жапа шекті. Оларға көмек қолын беру үшін Ехоба куәгерлерінің заңды бірлестіктері дүниежүзілік іске жасалған садақадан, жалпы алғанда, 10 миллионнан аса АҚШ долларын жаратты. Оған қоса, көптеген бауырластар аумақтарындағы зардап шеккендерге өз қалталарынан жәрдемдесті. Қазір бауырластарға қалай көмектескеніміздің екі мысалына тоқталып өтейік.

“Шын сүйіспеншілік бар!”

 Нигерияның кей өңірлерінде маусымдық су тасқындары болып тұрады. Бірақ 2022 жылдың қазанында болған тасқын соңғы 10 жылдың ішіндегі ең сұрапылы болды. Одан 676 000-нан көп ауылшаруашылық алқабына зақым келді, ал 2 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Нигериядағы филиал тез арада Төтенше жағдайлар комитеттерін құрып, бауырластарға материалдық қана емес, рухани да көмек көрсетті.

Нигериядағы бауырластар су шайып кеткен жол мен тасыған өзен арқылы көмек жеткізуде

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  •   7 505 жариялаушы үйлерін тастауға мәжбүр болды

  •   860 үйге зақым келіп, қирады

  •   90 Патшалық сарайы мен бір Конгресс сарайы су астында қалды

Садақаның жұмсалуы

 Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін 250 000-нан аса АҚШ доллары жұмсалды. Бұл қаржы мына нәрселерге де жаратылды:

  •   азық-түлікке (күріш, лапша, бұршақ дақылдары және т.б.);

  •   Матрас, масахана секілді тұрмыстық заттарға;

  •   Зақым келген үйлерді қалпына келтіру мен қайта соғуға.

 Бауырластар қаржыны үнемдеу үшін не істеді? Мысалы, олар зақымдалған әрбір үйді я ғимаратты жақсылап саралап, қайта қалпына келтіруге болатын-болмайтынын анықтады. Ал үйді қайтадан соғу керек болған жағдайда оны жергілікті жерде кең тараған үлгімен қарапайым етіп тұрғызды.

 Берілген көмек үшін бауырластардың қуанышында шек жоқ. Бір әйел бауырласымыз: “Тасқыннан өміріміз астан-кестен болды: бау-бақшасыз, үйсіз-күйсіз қалдық. Бірақ апат болған күні-ақ бауырластарымыз көмекке келіп, бізді қауіпсіз жерге орналастырды. Сондай-ақ филиалдан келген азық-түліктен алдық. Біз Жохан 13:34, 35-тегі сөздердің өз өмірімізде орындалып жатқанын көрдік. Мұны, енді, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес! Шын сүйіспеншілік бар! Бүкіл отбасымызбен мұқтаж кезімізде қол ұшын созған бауырластарға шын жүректен шыққан алғысымызды жаудырамыз!”— деді.

 Біздің көрсетіп жатқан көмегіміз басқа адамдардың да назарына ілікпей қалмады. Міне, Сабагриа (Байельса штаты) қауымдастығының басшысының айтқаны: “Дүниеде ұйымдар да, шіркеулер де жетіп-артылады. Бірақ тек Ехобаға куәгерлері ғана осылай әрекет етеді... Сендердің ұйымдарың — әлемдегі ең жақсы ұйымдардың бірі”.

“Ехобаның сүйіспеншілігін өз көзімізбен көрдік”

 2023 жылдың ақпанында Чилидің ормандарында 400-ден астам өрт болды. Салдарынан 430 000-нан аса гектар жер құрыды, елдің инфрақұрылымына да едәуір зақым келді. Ал 8 000-дай адам эвакуацияланды. Апат басталғанда-ақ филиал көмек көрсетуге кірісіп кетті.

Чилиде ерікті құрылысшылар өрттен жермен-жексен болған үйдің орнына жаңасын тұрғызды

Бауырластарымыз жайлы ақпарат

  •   222 жариялаушы эвакуацияланды

  •   20 үй қирады

Садақаның жұмсалуы

 Табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін 200 000-нан аса АҚШ доллары жұмсалды. Бұл қаржы мына нәрселерге де жаратылды:

  •   азық-түлік пен суға;

  •   Жанармай, тазалағыш заттар мен дәрі-дәрмекке;

  •   Үйлерді жөндеу мен қайта соғуға.

 Бір Куәгер отбасы бәрінен — үйінен де, күнкөріс көзінен де айырылып қалды. Үйі қирап жатқан жерге қарағанда, алғашында олардың көз жасы көл болатын. Бірақ бауырластардың жаңа үй салып беріп жатқанын көргенде, қорқыныштары сейіліп, көздері жайнай бастады. Еріктілердің сүйіспеншілігі оларды баурап алды, бұл оларға сол қиын шақта сынбауға көмектесті. Бауырластардың үлгісіне сондай тәнті болған осы отбасы өздері де олармен бірге басқа бауырластың үйін соғуға көмектесті.

 Көптеген бауырластар ұйымның көрсетіп жатқан көмегіне қатты сүйсінді. Бір бауырлас былай деп ойын ортаға салды: “Төтенше жағдайлар комитеттері — Ехобаның керемет сыйы. Апат болғанда, бауырластарымыз ертесіне-ақ сол жерге келіп, ең керекті заттарымызды беріп жатты. Ұйым дүниенің басқа бұрышындағы бауырластарға қалай көмектесіп жатқанын оқығанда тебіреніп кетесің. Ал өзің сондай көмекті алғанда, мүлдем өзгеше сезінеді екенсің. Ұйымды да, Ехобаға еліктеп, бізді материалдық, рухани және эмоциялық жағынан қамқорлап жүрген бауырластарды да одан сайын бағалай түсесің. Ехобаның сүйіспеншілігі іс жүзінде қалай көрсетіліп жатқанына куә боласың”.

 Мына әлемнің соңы таяған сайын, апаттар көбеймесе, азаймайды (Лұқа 21:10, 11). Бірақ Патшамыз Иса Мәсіх бізді мәсіхшілер қауымы арқылы қалай қолдап жатқанын да көреміз. Ол “осы заман аяқталғанша, әр күні сендермен біргемін” деп уәде еткен (Матай 28:20). Біз дүниежүзілік іске donate.pr418.com не басқа да жолдармен садақа жасағанда, сондай-ақ қызметке уақытымыз бен күшімізді жұмсағанда, сүйікті Патшамыз Иса мен оның Патшалығын қолдайтынымызды паш етеміз. Жомарт пейілдеріңізге мың рақмет!

a 2023 қызмет жылы 2022 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2023 жылдың 31 тамызында аяқталды.