СЕРГЕК БОЛЫҢДАР!
Украинадағы соғыстан жаһандық азық-түлік тапшылығы үдеп тұр
2022 жылдың 19 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 75-тен аса жоғарғы билік өкілі былай деп мәлімдеді: “COVID-19 пандемиясы мен климаттың өзгеруінен асқынып тұрған жаһандық азық-түлік тапшылығы енді Украинадағы соғыстың кесірінен одан сайын өршіп кетті, кей жерлерге ашаршылық қаупі төніп тұр”. Бұдан кейін “Экономист” журналында “онсыз да жарасы солқылдап тұрған дүниені соғыс жаһандық аштыққа қарай домалатып бара жатқаны” хабарланды. Азық-түлік тапшылығы болатынын Киелі жазбалар күні бұрын айтып кеткен әрі сол қиын шақтан өтудің де жолын көрсетіп кеткен.
Азық-түлік тапшылығы болатыны Киелі кітапта алдын ала айтылған
Иса пайғамбар: “Ұлт ұлтқа қарсы, мемлекет мемлекетке қарсы аттанады, түрлі жерлерде ашаршылық болады”,— деген (Матай 24:7).
Аян кітабында төрт түрлі оқиғаны білдіретін төрт салт аттының шауып бара жатқаны суреттеледі. Атқа мінгендердің біреуі соғысты білдірсе, оның артынан шауып бара жатқаны аштықты — титтей азықтың бағасы удай қымбат болатын кезеңді білдіреді. Бұл жайлы былай деп жазылған: “Қарадым да, қара атты көрдім. Атта отырған қолына таразы ұстап алыпты. Сонда: ...“Бір килограмдай бидай бір динар [1 күндік еңбекақы], үш килограмдай арпа бір динар [1 күндік еңбекақы] болсын...”,— деген дауысты естідім” (Аян 6:5, 6).
Киелі жазбаларда азық-түлік тапшылығына қатысты алдын ала айтылып кеткен бұл сөздер біздің кезімізде орындалып жатыр. Киелі жазбалар бұл кезеңді “соңғы күндер” деп атайды (Тімөтеге 2-хат 3:1). “Соңғы күндер” жайлы толық білу үшін “1914 жылдан бастап әлем өзгерді” деген видеоны қараңыз. Ал Аян кітабында айтылған төрт салт атты жайлы білу үшін “Атқа қонған төртеу: ол кімдер?” деген мақаланы оқыңыз.
Киелі жазбалардың көмегі
Құдайдың Сөзіндегі құнды кеңестер азық-түліктің бағасы аспандап тұрған не тамақ тапшы болып бара жатқан заманда өмір сүруге көмектесе алады. Сол кеңестердің кейбірін “Азға қанағат ету” деген мақаладан таба аласыз.
Құдайдың Сөзі қазіргі жағдайдың арты молшылық пен берекеге ұласатынын айтып үміт сыйлайды, “жер бетіне астық мол шығатынын”, әрбір жан тоқшылықта өмір сүретінін уәде етеді (Зәбүр 72:16). Киелі жазбалардағы осы уәде жайлы және неге оған сенім арта алатынымыз жайлы толығырақ білу үшін “Жарқын болашаққа жарық үміт” деген мақаланы қараңыз.