Жарқын болашаққа жарық үміт
Сіз болашаққа үмітпен қарайсыз ба? Бүгінде таудай қиындықтарға кезігіп жатса да, көп адам жақсылық ойлап, өмірден түңілмеуге тырысады. Бірақ жағдай шынымен жақсара ма? Иә! Құдай сөзі Киелі кітапта ертеңнен жақсылық күтуге нық негіз бар екеніне кепілдік береді.
Киелі кітапта қандай үміт бар?
Құдай Сөзі адамзат қазір адам айтқысыз қиындықтарға кезіп жатқанын растайды. Алайда онда қиындықтар мәңгі бақи бола бермейтіні уәде етілген. Сол уәделердің кейбірін қарастырып көрейік.
Қиындық: баспана жоқтық
Киелі кітаптың уәдесі: “Жұрт үйлер салып, соларға қоныстанады” (Ишая 65:21).
Орындалуы: Әр адамның өз үйі болады.
Қиындық: жұмыссыздық пен кедейшілік
Киелі кітаптың уәдесі: “Таңдаулыларым еңбектерінің рақатын көреді” (Ишая 65:22).
Орындалуы: Барлық адамның рақаттанып істейтін, қанағат әкелетін жұмысы болады. Әркім еңбегінің жемісін көреді.
Қиындық: әділетсіздік
Киелі кітаптың уәдесі: “Әміршілер әділдік үшін басқаратын болады” (Ишая 32:1).
Орындалуы: Нәсілдік, әлеуметтік, экономикалық теңсіздік болмайды. Ешкім әділетсіздік көрмейді.
Қиындық: азық-түлік тапшылығы мен аштық
Киелі кітаптың уәдесі: “Жер бетіне астық мол шығады, Таулардың басында да ағыл-тегіл болады” (Зәбүр 72:16).
Орындалуы: Пайдалы тамақ молынан болғандықтан, әркім оны жей алады. Ешкім ашқұрсақ ұйықтамайды, азық-түлік тапшылығын көрмейді.
Қиындық: қылмыс пен зорлық-зомбылық
Киелі кітаптың уәдесі: “Әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отырады, Ешкім де оларды қорқытпайды” (Миха 4:4).
Орындалуы: Ешкім қорқып өмір сүрмейді, өйткені зұлым адамдар жоқ болады, ал “әділдер жерді мұра етеді” (Зәбүр 37:10, 29).
Қиындық: соғыс
Киелі кітаптың уәдесі: “Халық халыққа қарсы енді қайтып семсер көтермейді, Олар соғысуды да үйренбейді” (Ишая 2:4).
Орындалуы: Бүкіл жер бетінде бейбітшілік пен тыныштық орнайды (Зәбүр 72:7). Соғыс болмағандықтан, ешбір жақынымыз соғыста қаза таппайды, пана іздеген босқындар да болмайды.
Қиындық: ауру
Киелі кітаптың уәдесі: “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады” (Ишая 33:24).
Орындалуы: Адамдар мүгедектіктің я аурудың салдарынан қиналмайтын болады (Ишая 35:5, 6). Киелі кітапта тіпті “енді қайтып өлім” болмайды деп уәде етілген (Аян 21:4).
Қиындық: қоршаған ортаның бүлінуі
Киелі кітаптың уәдесі: “Шөл мен құла түз шаттыққа кенеледі, Шөл дала қуанып, бәйшешектей жайнайды” (Ишая 35:1).
Орындалуы: Алла Тағаланың о бастағы ниет-қалауына сай, бүкіл жержүзі жазиралы жұмаққа айналып, күллі адамзаттың алтын бесігі болмақ (Мұсаның 1-жазбасы 2:15; Ишая 45:18).
Киелі кітаптағы осы уәделер жай ғана әдемі ертегі ме?
Бұл уәделерге бірден сене қою қиын шығар. Алайда бұған көз жеткізу үшін Киелі кітапта болашағымыз жайлы айтылған уәделерге тереңірек үңіліп көрсеңіз екен дейміз. Ол уәделер мен адамдардың уәде-болжамдарының арасы жер мен көктей. Өйткені Киелі кітаптағы уәделерді Жаратқан Иенің өзі берген. Олардың орындалатыны күмәнсіз. Себебі:
Құдай өз сөзінде тұрады. Киелі кітапта Құдай “өтірік айта алмайды” деп айтылған (Титке 1:2). Оның үстіне, келешекті Жаратушымыз ғана айта алады (Ишая 46:10). Оның айтқандары талай рет дәл келгенін Киелі кітап растайды. Бұл туралы көбірек білгіңіз келсе, “Киелі кітаптың Құдайдан екенін қайдан білеміз?” деген видеоны көріңіз.
Қиындықтарымызды шешуге Құдайдың құдіреті жетеді. Киелі кітапта айтылғандай, Құдай не қаласа, соның “бәрін жасай” алады (Зәбүр 135:5, 6). Оған уәделерін жүзеге асыруға ешкім де, ештеңе де тосқауыл бола алмайды. Ол бізді жақсы көргендіктен, қиындықтарымызды шешіп бергісі келеді (Жохан 3:16).
Бәлкім, сізде мынадай сұрақ туындар: “Құдай қиындықтарымызды шешіп бергісі келсе, бұған құдіреті жетсе, неге проблемалардан көз ашпай отырмыз?” Бұл сұрақтың жауабы “Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді?” деген видеода бар.
Құдайдың уәделері қалай орындалады?
Құдай өз уәделерін көктегі үкіметі арқылы іске асырады. Бұл үкімет Құдайдың Патшалығы деп аталады. Оның тізгінін Құдай Иса Мәсіхке берген. Билеуші ретінде Иса Мәсіх адамдардың жағдайын жасап, Жер шарымыздың көркін келтіреді. Ол жерде жүргенде, ауруларды сауықтырған, аштарды тойдырған, ауа-райына билік жүргізген, тіпті марқұмдарды тірілткен (Марқа 4:39; 6:41—44; Лұқа 4:40; Жохан 11:43, 44). Осылайша Құдай Патшасы ретінде болашақта не істейтінін жұртшылыққа паш етті.
Құдай Патшалығы сіз үшін не беретінін білгіңіз келсе, “Құдай Патшалығы деген не?” видеосын көріңіз.
Киелі кітаптағы үміт қашан ақталады?
Әне-міне дегенше! Былай деуімізге себеп — әлемнің бүгінгі ахуалы. Киелі кітаптың айтуынша, дүниедегі оқиғалар Құдай Патшалығының келіп қалғанын айғақтайды (Лұқа 21:10, 11).
Толығырақ мәлімет алғыңыз келсе, “Құдай Патшалығы жер бетіне қашан билік етеді?” деген мақаланы оқып көріңіз.
Бұл үміттің сізге қазір берер пайдасы бар ма?
Киелі кітапты жазған бір кісі үмітті “жанымыздың зәкірі” деп атаған (Еврейлерге 6:19). Зәкір кемені дауылда мықтап ұстап тұрады. Сол сияқты Құдай Сөзіндегі үміт те бізге өмірдің дауылдарына төтеп беруге көмектеседі. Осы үміттің арқасында жанымыз тыныш, ақыл-ойымыз бен деніміз сау болады (Салоникалықтарға 1-хат 5:8).