Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жемқорлықтың тоқтайтын түрі бар ма?

Жемқорлықтың тоқтайтын түрі бар ма?

 Билік басындағылардың арасындағы сыбайлас жемқорлық жаһандық кеселге айналғалы қашан. Ал оның келтіретін зияны шаш етектен a. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде көп елдегі шенеуніктер пандемиямен күресуге бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталды. Соның кесірінен адамдар қажетті медициналық көмекті ала алмай, қиналып, қаншамасы көз жұмды.

 Билік өкілдерінің жемқорлығы кең құлаш жаюда. Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Дэвид Кэмерон бұл жайында былай деген: “Жемқорлық бір үлкен, шатасып қалған өрмекшінің торы сияқты. Бұл торға түспеген бірде бір ел қалмаған сыңайлы”.

 Алайда жақын арада жемқорлық түптамырымен жойылады. Бұған неліктен сенуге болады? Киелі кітапта Құдай Тағаланың не істейтіні жазылып кеткен. Соған аз-кем тоқталып өтейік.

Құдай Тағала жемқорлықты жоятынын қайдан білеміз?

 Киелі кітапта Құдайдың мынадай сөздері жазылған: “Мен, Ехоба, әділдікті жақсы көремін, Ал тонаушылық пен әділетсіздікті жаным сүймейді” b (Ишая 61:8). Біреу біреудің жамандығынан зардап шексе, төбедегі Құдай мұның бәрін көреді (Нақыл сөздер 14:31). Ол былай уәде етеді: “Бейшара қаналып жатқандықтан,.. Мен орнымнан көтеріліп, әрекет етемін” (Зәбүр 12:5).

 Сонда Құдай не істейді? Ол қазіргі үкіметтерді өзгертіп жатпайды. Олардың орнын басқа бір үкіметпен алмастырады. Ол үкіметтің мекені — көкте, аты — “Құдай Патшалығы” (Марқа 1:14, 15; Матай 6:10). Киелі кітапта: “Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады... [Басқа] патшалықтардың бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады”,— делінген (Даниял 2:44). Осылай Құдай қазір болып жатқан жемқорлықты жояды.

Жемқорлықтан азат үкімет

 Жаңа үкіметте жемқорлықтың болмайтынына қандай кепілдік бар? Соның дәлелдерін қарастырайық.

  1.  1. Билігі. Патшалыққа билікті Құдіреті шексіз Құдайдың өзі береді (Аян 11:15).

     Неге бұл қажет: Кез келген адами үкімет өз азаматтарының ақшасына қатты тәуелді. Ал ақша жүрген жерде жиі парақорлық, ұрлық, айлакерлік қатар жүреді. Алайда Құдайдың үкіметі ақшаға емес, Құдіреті шексіз Құдайға тәуелді. Ал Құдай өз азаматтарына қажеттінің бәрін бере алады (Зәбүр 145:16).

  2.  2. Билеушісі. Патшалықтың билеушісі етіп Құдай Иса Мәсіхті тағайындады (Даниял 7:13, 14).

     Неге бұл қажет: Ең күшті деген билеушілердің өзі пендешілікпен теріс ықпалға беріліп қоюы әбден мүмкін (Уағыздаушы 7:20). Ал Иса Мәсіх параға алданбайтынын әлдеқашан көрсетіп қойған (Матай 4:8—11). Бұған қоса, ол адамдарды шын жақсы көреді, олардың қамын ойлайды (Зәбүр 72:12—14).

  3.  3. Заңдары. Құдай Патшалығының заңдары кемелді, ұстанған адам бақытқа кенеледі (Зәбүр 19:7, 8).

     Неге бұл қажет: Адамдар шығаратын заңдар әдетте қатал да қиын, сондықтан оларды орындау оңайға соқпайды. Соның кесірінен адамдар жеңіл жол іздеп, жемқорлыққа барып жатады. Ал Құдайдың заңдары әрдайым пайдаға асады, оларды ұстанған адам тек игілік көреді (Ишая 48:17, 18). Сондай-ақ бұл заңдар адамның әрекетін ғана емес, ниетін де түзейді (Матай 22:37, 39). Құдай әр адамның жүрегінде не бар екенін, әрі оның жағдайын жақсы біледі. Өз заңдарына мойынсұнуды талап еткенмен, ол адамның жағдайына түсіне қарайды (Еремия 17:10).

 Киелі кітапта жемқорлықтан азат болатын үкімет жайлы тағы қандай уәделер жазылған? Біз сізді осы жайлы толығырақ білуге шақырамыз.

a Бір сөздікке сай, жемқорлық деген — қызметтік дәрежені пайдакүнемдік мақсатта пайдалану.

b Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деп аталатын мақаланы қараңыз.