Киелі кітаптың көмегімен есірткіге тәуелділіктен арыла аласыз!
Жыл сайын есірткінің не есірткі қосылған препараттардың кесірінен миллиондаған адам көз жұмады. Ал COVID-19 пандемиясы кезінде бұл жағдай одан сайын ушықты. Сізде де есірткіге тәуелділік бар ма? Киелі кітап кеңестері көп адамға осы тәуелділіктен арылуға көмектескен. Бұл кеңестер сізге де көмек бола алады a.
Бұл мақаладан білетіндеріңіз:
Тәуелділікпен күресу үшін неліктен Киелі кітапқа жүгіну керек?
Зерттеулерге сай, адамдар жалғыздықтың, стрестің, сарыуайым мен депрессияның кесірінен жаман әдеттерге үйір болып жатады. Киелі кітап осындай тәуелділікке алып баратын жағымсыз сезімдермен, эмоциялармен күресуге көмектеседі. Сондай-ақ Киелі кітаптан Құдаймен қалай дос бола алатыныңызды білесіз (Зәбүр 25:14). Ал Құдайдың көмегімен шешімі жоқтай көрінген проблемаларыңызды шеше аласыз (Марқа 11:22—24).
Тәуелділіктен тәуелсіз болуға көмектесер төрт қадам
1. Ехоба Құдайды b танып біліңіз (Жохан 17:3). Ол біздің Жаратушымыз әрі сарқылмас күштің қайнары. Ал бұдан да маңыздысы — ол сізді жақсы көретін мейірбан Әкеңіз. Ол сізбен жақын дос болғысы келеді және өзінің күшін сіздің игілігіңіз үшін қолдануды қалайды (Ишая 40:29—31; Жақып 4:8). Сізді сүйгендіктен ол сізге керемет болашақ дайындап отыр, оның игілігін көру өз қолыңызда (Еремия 29:11; Жохан 3:16).
2. Ехобадан көмек сұраңыз. “Қасиетті [не таза], Құдайға ұнамды” болу үшін оған дұға қылып, “осы тәуелділігімнен арылуға көмектесші” деп сұраңыз (Римдіктерге 12:1). Ол өзінің киелі рухы, яғни күші арқылы сізге “адам күшінен асқан күш” сыйлайды (Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Лұқа 11:13). Бұл күш сізге нашақорлықтан арылып, Құдайға ұнамды “жаңа болмысқа” ие болуға көмектеседі (Қолостықтарға 3:9, 10).
3. Санаңызды Құдайдың ойларымен толтырыңыз (Ишая 55:9). Ол сізге “ой-санаңызды әрекетке талпындыратын күшті жаңартуға”, яғни ойлау қалпыңызды өзгертуге көмектеседі. Ал бұл өз кезегінде тәуелділіктен арылуға сеп болады (Ефестіктерге 4:23). Құдайдың ойлары Киелі кітапта жазылған, сондықтан оны күнделікті оқығанымыз өте маңызды (Зәбүр 1:1—3). Көп адам бұл кітапты оны жақсы білетін адаммен бірге оқығанның пайдасы зор екенін түсінген (Елшілердің істері 8:30, 31). Ехоба куәгерлері интерактивті Киелі кітап курсын ұсынады. Бұл курс тегін. Сондай-ақ сізді қауым кездесулерімізге шақырамыз. Бұл кездесуде біз Киелі кітапты жақсырақ біліп, оның кеңестерін өмірде қолдануды үйренеміз.
4. Кіммен араласатыныңызға мұқият болыңыз. Достардың ықпалы өте зор. Олар сізге осы күресті жеңуге көмектесуі мүмкін не керісінше, теріс әсер етуі мүмкін (Нақыл сөздер 13:20). Сіз Құдайға құлшылық ететін адамдардың арасынан жақсы достар таба аласыз. Олар сізге жақсы жаққа өзгеруге көмектесе алады (Зәбүр 119:63; Римдіктерге 1:12). Сондай-ақ не көріп, не тыңдап, не оқитыныңызға мән беріңіз. Өйткені фильм, ән және кітаптағы кейіпкерлер де бізге қатты әсер етеді. Сондықтан есірткіден арыламын деген шешіміңізге кері әсер ететін кез келген нәрседен ат тоныңызды ала қашыңыз (Зәбүр 101:3; Амос 5:14).
Тәуелділіктен арылуға көмектесетін Киелі кітап тармақтары
Зәбүр 27:10: “Тіпті туған әке-шешем тастап кетсе де, Ехоба мені қабылдайды”.
“Мен туған әкемнің кім екенін білмеймін. Ол мені тастап кеткендіктен, өзімді ешкімге керексіз сезінетінмін. Бірақ кейін мен Ехобаны танып білдім. Оның қандай Құдай екенін, мені қатты жақсы көретінін білгенде, өміріме мән-мағына кіріп, тәуелділігімді де жеңе алдым” (Уилби, Гаити).
Зәбүр 50:15: “Қиын-қыстау кезеңде мені шақыр, Мен сені құтқарамын”.
“Бұл тармақ маған үнемі күш беріп отырды, тіпті азғыруларға беріліп қалған кезде де. Ехоба сөзінде тұрып, тәуелділігімнен арылуға көмектесті” (Сергей, Украина).
Нақыл сөздер 3:5, 6: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, Өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, Сонда ол жолыңды тегістер”.
“Бұл тармақтар маған өзіме емес, Ехобаға сенім артуға көмектесті. Ехобаның күшімен мен өмірімді толықтай өзгерте алдым” (Мишель, Италия).
Ишая 41:10: “Еш қорықпа, мен саған жар боламын. Еш абыржыма, мен сенің Құдайыңмын. Мен сені нығайтамын, саған көмектесемін, Әділдігіме сай, оң қолыммен сүйемелдеймін”.
“Есірткі қабылдамасам, мені сарыуайым жеп қоятын. Бұл тармақ Ехоба уайымымды жеңуге көмектесетініне сенімділік берді. Шынында да, ол маған уайымнан арылуға көмектесті” (Энди, Оңтүстік Африка).
Қорынттықтарға 1-хат 15:33: “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады”.
“Мен жаман ортамен араласатынмын. Солармен бірге жүріп есірткі шегіп көрдім, ал кейін оған үйір болып алдым. Мен ескі достарыммен қарым-қатынасымды үзіп, жүріс-тұрысы таза, өмір салттарына өзім қызығып қарайтын адамдармен достаса бастағанда ғана тәуелділігімнен арылдым” (Айзэк, Кения).
Қорынттықтарға 2-хат 7:1: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық”.
“Бұл сөздер маған ағзамды арамдайтын нәрседен тазарта беруге және тәуелділіктен арылып, өмірімді өзгертуге көмектесті” (Роза, Колумбия).
Філіпіліктерге 4:13: “Себебі маған күш-қуат берушінің арқасында бәрін де істей аламын”.
“Мен нашақорлықтан өз күшіммен арыла алмайтынымды түсіндім, сондықтан Құдайдан көмек сұрап жалбарындым. Ол маған қажетті күш-қуат берді” (Патрисия, Италия).
Өмірде болған оқиғалар. Тәуелділікті Киелі кітаптың көмегімен жеңу
Джозеф Еренбоген зорлық-зомбылық жайлаған ортада өскен. Ол ішімдікке салынып, темекі, марихуана, героин шегіп, соларға әуес болған. Есірткіні артық дозада қабылдап, бірнеше рет өліп кете жаздаған. Алайда Киелі кітаптағы бір тармақ өмірін өзгерте алатынына көзін жеткізген. Оның өмірбаянын “Мен әйел затын және өзімді құрметтейтін болдым” деген мақаладан оқыңыз.
Дмитрий Коршунов кезінде ішкілікке салынып кеткен. Оған бұл тәуелділігінен арылу оңай болмады. Бірақ ол өмірін өзгерте алды. Оған не көмектескенін “Өз өмірімнен өзім жерідім” деген видеодан көріңіз.
Киелі кітап тәуелділіктен құтылу үшін медициналық көмекке жүгінуге тыйым сала ма?
Жоқ. Киелі кітапта: “Дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет”,— деп жазылған (Матай 9:12). АҚШ-тағы “Нашақорлық жөніндегі ұлттық институттың” айтуынша, “нашақорлық — арылу өте қиын дерт. Одан арылу үшін жай ғана қалау мен ерік-жігер жеткіліксіз”. Әрине, Құдайдың беретін көмегі адамның қалауы мен ерік-жігерінен әлдеқайда күшті. Бірақ осы тәуелділіктерін жеңген көп адам Киелі кітаптың көмегімен қатар медициналық көмекке де жүгінген c. Мысалы, Аллен деген кісі былай деген: “Мен ішуді қойған кезде, тұла бойым солқылдап ауыратын. Сонда мен рухани көмектен бөлек, медициналық көмек те алуым керектігін түсіндім”.
Киелі кітап есірткіні медициналық мақсатта қолдануға тыйым сала ма?
Жоқ. Киелі кітапта ішімдіктің ауруды емдеу үшін немесе өлім аузында жатқан адамның ауруын басу үшін пайдаланылғаны айтылған (Нақыл сөздер 31:6; Тімөтеге 1-хат 5:23). Алайда ішімдік сияқты, ауруды басатын препараттар да тәуелділік тудырады. Осыны ескере отырып, дәрігер жазып берген ауруды басатын дәрілерді қабылдағанда абай болу керек (Нақыл сөздер 22:3).
a Бұл мақалада есірткіге деген тәуелділік жайлы сөз етілгенмен, ондағы қарастырылатын Киелі кітап принциптері ішімдікке, темекіге, тамаққа, құмар ойындарға, порнографияға не әлеуметтік желіге тәуелділік сияқты проблемаларды жеңуге көмектесе алады.
b Ехоба — Құдайдың дара есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланың қараңыз.
c Есірткіге тәуелділіктен арылуға түрлі ауруханалар мен емдеу орталықтары көмектесе алады. Әр адам өз жағдайын саралап, қандай ем түрін қабылдау керектігін шешу керек (Нақыл сөздер 14:15).