СЕРГЕК БОЛЫҢДАР!
Олимпиада ойындары расымен де адамдарды біріктіре ме? Киелі кітапта не делінген?
2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына 206 елдің спортшылары қатысты. Ойындарды 5 миллиардқа жуық адам тамашалады. Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах былай деді: “Олимпиада ойындарының әлемді біріктіретін күші бар. Әрқайсысымыз әртүрлі болсақ та, әртүрлі жерде өмір сүрсек те, осы іс-шара біздің ынтымақ-бірлігімізге зор ықпал етеді”.
Шынымен де Олимпиада ойындары бүкіл адамзатты бірлікке жеткізе ала ма? Нағыз бірлік пен тыныштық орнайтын кез келе ме?
Олимпиада ойындары ынтымақ-бірлікке жеткізе ме?
Биылғы Олимпиада ойындары тек спортпен ғана шектелмеді. Ол адамдарды жік-жікке бөлетін қоғамдық және саяси мәселелерді көтерді. Мысалы, адам құқықтары, адамды нәсіліне, дініне қарай алалау және гендерлік теңсіздік.
Олимпиада сияқты халықаралық спорт ойындарын адамдар көңіл көтеру үшін тамашалайды. Бірақ бұл ойындар адамдардың бойында бақталастық оятып, бөлінушілікке итермелейді.
Киелі кітапта соңғы күндері адамдардың бірлікке жетуге кедергі болатын мінез-құлық танытатыны айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Осы пайғамбарлық жайлы көбірек білу үшін “Киелі кітапта адамдардың мінез-құлқы қандай болатыны алдын ала айтылған ба?” (ор.) деген мақаланы оқыңыз.
Әлемде нағыз тыныштық пен бірлік орнайды
Киелі кітап адамдар арасында нағыз тыныштық пен бірлік орнайтынын уәде етеді. Бүкіл жер бетіндегі адамдар “Құдай Патшалығы” деп аталатын көктегі үкіметтің қол астында бірлікте өмір сүретін болады (Лұқа 4:43; Матай 6:10).
Сол Патшалықтың патшасы Иса Мәсіх жер бетінде тыныштық пен бірлік орнатады. Киелі кітап былай дейді:
“Әділ жан өркендейді... шартарапта тыныштық болады” (Зәбүр 72:7).
“Патша көмек сұраған жарлы-жақыбайды,.. құтқарады... Қанаушы мен зұлым билеушіден құндарын өтеп алады” (Зәбүр 72:12, 14).
Қазірдің өзінде Иса Мәсіхтің тәлімі 239 елде тұратын миллиондаған адамды біріктіруде. Дүниенің түкпір-түкпірінде тұратын Ехоба куәгерлері бірлікте тұруды үйреніп жатыр. Бұл туралы көбірек білу үшін “Жеккөрушіліктің шеңберінен қалай шығуға болады?” деген “Күзет мұнарасын” оқып көріңіз.