Қалыпты өмірге ораламыз ба? Пандемиядан өзгерген өмірімізге Киелі кітап қалай көмектеседі?
“Бәріміз де қалыпты өмірге оралуды қалаймыз” (Ангела Меркель, Германия канцлері).
Жер бетінде COVID-19 пандемиясының зардабын көрмеген адам жоқ шығар. Сондықтан жоғарыда айтылған сөзбен сіз де келісерсіз. Бірақ адамдар күтіп жүрген “қалыпты өмір” деген қандай өмір?
Бұрынғы өмірге оралу. Кейбіреулер бұрынғыдай басқалармен көбірек араласып, құшақтасып, қол алысып, сондай-ақ саяхаттауды аңсайды. Энтони Фаучидің a айтуынша, олар үшін “қалыпты өмір деген — мейрамхана, театр сияқты жерлерге бару”.
Өмірлерін жақсарту. Тағы біреулер пандемияны бұрынғы “қалыпты өмірге” емес, “одан да жақсы өмірге” қол жеткізудің мүмкіндігі деп қарастырады. Олар “қан-сөліңді сорып алатын жұмыспен, әлеуметтік теңсіздікпен және жан ауруларымен бірдеңе істемесе болмайды” деп ойлайды. Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін қалаушы Клаус Шваб былай дейді: “Пандемия бір сәтке тоқтап, өмірімізді саралауға, қандай өмірді аңсайтынымызды анықтауға және соған сай өзгеріс жасауға ерекше мүмкіндік берді. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейді”.
Пандемиядан әбден азып-тозғандарға “қалыпты өмірге” оралу бір ертегідей көрінеді, өйткені олар жұмыстарынан, үйлерінен, денсаулықтарынан, ең қиыны, жақын адамдарынан айырылған.
Әрине, пандемиядан кейінгі өмірдің қандай болатынын ешкім нақты айта алмайды (Уағыздаушы 9:11). Бірақ біз өмірдің шындығына тура қарап, алда болатын жайттарға дайын болуымыз керек. Осы жағынан Киелі кітаптың көмегі зор. Бұдан да кереметі — Киелі кітап болашаққа үміт береді. Ондай болашақты сіз тіпті армандап та көрмеген шығарсыз.
COVID-19 пандемиясына басқа тұрғыдан қарап көріңіз
Қаншама жыл бұрын Киелі кітапта заманның ақырында соғыстар, қатты жер сілкіністері және ашаршылықпен қатар індеттердің де кең таралатыны анық айтылған (Лұқа 21:11; Матай 24:3). COVID-19 пандемиясына Киелі кітап тұрғысынан қарайтын болсақ, онда оның болуы тиіс оқиғалардың бірі екенін түсінеміз.
Бұны білудің пайдасы: Пандемиядан кейін өмір жақсаруы мүмкін, бірақ Киелі кітапта біздің “ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатқанымыз анық айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бұны білгеніміз алдағы күннен көп нәрсе күтпеуге көмектеседі.
Киелі кітап бізге жағдайға дұрыс тұрғыдан қарауға көмектеседі. Күннен-күнге қиындап бара жатқан бұл заманды үлкен өзгерістер күтіп тұр. Ол қандай өзгерістер? Оны кім жасайды?
Сіз күтпеген болашақ
Киелі кітап тек ерекше қиын уақыт келетінін ғана емес, ерекше қуанышты уақыттың да келе жатқанын айтады. Ондай болашақты ешбір үкімет бере алмайды, тек Жаратқан Құдай ғана бере алады. Киелі кітапта адамдарға қатысты мынадай бір уәде бар: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (Аян 21:4).
Жаратушымыз Ехоба b: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын”,— деп уәде етеді (Аян 21:5). Ол барлық проблемаларды, сондай-ақ пандемия өршіткен қиындықтарды да толығымен шешеді. Мысалы:
Әрбір адамға тән саулығы мен жан саулығын береді. Ешкім ауырмайды да, өлмейді де (Ишая 25:8; 33:24).
Бәрінің еш қажытпайтын, көңілді қош ететін сүйікті жұмысы болады (Ишая 65:22, 23).
Бірде-бір кедей, аш адам болмайды. Бәрі тоқшылықта өмір сүреді (Зәбүр 72:12, 13; 145:16).
Барлығы жан жарасынан айығады. Марқұм болған жақындарымен қайта қауышады (Ишая 65:17; Елшілердің істері 24:15).
Бұны білудің пайдасы: Киелі кітапта үмітті “жанымыздың зәкірі” деп атаған (Еврейлерге 6:19). Зәкір кемені дауылда мықтап ұстап тұратынындай, жақсылыққа деген үміт те бізді шайқалтпай, нық ұстап тұрады. Сондай-ақ бұл үміт бүгінгі қиындықтарды қайыспай көтеруге, сабыр сақтап, бақытты болуға көмектеседі.
Киелі кітаптағы уәделерге сенуге бола ма? “Киелі жазбалар — ақиқаттың нақ көзі” деген мақаланы қараңыз.
Пандемиядан кейінгі өмірге арналған Киелі кітап кеңестері
Өмірді бағалаңыз
Тармақ: “Даналық... өз иесінің өмірін сақтайды” (Уағыздаушы 7:12).
Іске асыру жолы: Ауырмаудың амалын жасаңыз. Сіз тұратын жерде қауіптің деңгейін, толық екпе алғандардың пайызын және қандай сақтық нұсқаулары берілгенін біліп жүріңіз.
Сақ болыңыз
Тармақ: “Дана сақ әрі жамандықтан аулақ, Ақымақ бейқам әрі өзіне тым сенімді” (Нақыл сөздер 14:16).
Іске асыру жолы: Әрі қарай да сақтық шараларын ұстана беріңіз. Мамандардың айтуынша, бұл вирус арамызда әлі біраз уақыт болады.
Сенімді ақпаратқа жүгініңіз
Тармақ: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақыл сөздер 14:15).
Іске асыру жолы: Қандай кеңеске құлақ асатыныңызға мұқият болыңыз. Бұл өте маңызды, өйткені бұрыс ақпаратқа құлақ ассаңыз, денсаулығыңызға зиян келтіруіңіз мүмкін.
Оң көзқарас танытыңыз
Тармақ: “Неге бұрынғы күндер қазіргіден жақсы еді?”— деме, өйткені бұлай дегенің даналық емес” (Уағыздаушы 7:10).
Іске асыру жолы: Қазіргі жағдайға бейімделіп өмір сүріңіз. Пандемияға дейінгі өткен өміріңізді еске ала бермеңіз. “Әттең, пандемия болмағанда, бүйтер едім!” деген ойларға жол бермеңіз.
Өзгелерді құрметтеңіз
Тармақ: “Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер” (Петірдің 1-хаты 2:17).
Іске асыру жолы: Пандемия мен оның салдарына қатысты адамдардың көзқарасы әртүрлі. Оларды өзгертуге тырыспаңыз. Ең бастысы, өзіңіз дұрыс деп шешкенді істей беріңіз. Екпе салдырмағандарға, қарттарға және денсаулығы нашар адамдарға қамқорлық танытыңыз.
Шыдамды болыңыз
Тармақ: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4).
Іске асыру жолы: Біреулер пандемияға дейінгі кәдімгі істеріне қалай ораламын деп мазасызданып, уайымын айтып жатса, оларға мейіріммен қараңыз. Ал сіз тұратын жерде шектеулер алынып, мүмкіндіктер көбейгенде, өзіңіз де шыдамды болып, бәрін бірден істеуге асықпаңыз.
Пандемия кезінде Киелі кітаптың беріп жатқан көмегі
Ехоба куәгерлері Киелі кітаптағы жарқын болашақ жайлы уәделерден жұбаныш тапқан. Бұл оларға пандемия кезінде қуанып жүруге көмектеседі. Олар Киелі кітапта айтылғандай, ғибадат ету үшін бас қосып, бір-бірін демеп отырады (Еврейлерге 10:24, 25). Пандемия кезінде бұл кездесулер видеоконференция арқылы өтіп жатыр. Оның онлайн есігі барлығына ашық.
Ехоба куәгерлерінің жиындары осындай қиын уақытта біреулер үшін таптырмас көмек болды. Мысалы, COVID-19 жұқтырған бір әйел Ехоба куәгерлерінің онлайн жиынына қатысып көрген. Бұл кездесулер ауырған кезінде жанына жалау болған. Ол былай дейді: “Ондағы адамдар туған бауырларымдай болып кетті. Киелі кітапты оқыған кезде жан дүнием кәдімгідей тынышталып қалады. Соның арқасында проблемаларымнан гөрі жарқын болашағым жайлы көп ойлаймын. Мен өмір бойы Құдайға жақын болғым келді. Осы адамдардың арқасында сол арманым орындалды”.
a АҚШ-тың Ұлттық аллергиялық және жұқпалы аурулар институтының директоры
b Киелі кітапқа сай, Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18).