Пандемиялық шаршауды қалай жеңуге болады?
COVID-19 індеті сізді де шаршатып жіберді ме? Олай болса, сіз жалғыз емессіз. Көп айлардан бері адамдар пандемия жағдайындағы өмірге үйренуге мәжбүр болып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы бөлімінде қызмет ететін доктор Ханс Клюге былай дейді: “COVID-19 індетін тоқтату мақсатында көп құрбандықтар жасалды. Адамдар ұшы-қиыры көрінбейтін бұл жағдайдан шаршаған, сондықтан көбісінің ынта-жігерін жоғалтып, барлық нәрсеге немқұрайды қарап кеткені таңғалдырмайды”.
Егер сіз де пандемиялық шаршауды бастан өткеріп жатқан болсаңыз, салыңыз суға кетпесін. Киелі жазбалардағы ақыл-кеңестер көп адамға қазіргі ауыртпалықтарды көтеруге көмектесуде. Сіз де сол кеңестердің пайдасын көре аласыз.
Пандемиялық шаршау деген не?
Пандемиялық шаршау деген медициналық нақтама емес. Түбі көрінбейтін індеттің салдарынан өмірлері күрт өзгеріп, белгісіздік пен шарасыздық сезінетін адамдардың күйін осылай деп атайды. Әр адамға бұл әртүрлі әсер еткенімен, пандемиялық шаршаудың негізгі белгілері келесідей:
Ынтасыздық
Дұрыс тамақтанбау және ұйқының бұзылуы
Ашуланшақтық
Әдетте оңай істеп жүрген істерден шаршау
Бір істі ден қойып істей алмау
Шарасыздық
Неліктен бұған мән беру керек?
Пандемиялық шаршау өзімізге де, өзгелерге де кесірін тигізеді. Егер адам осындай күйде жүре берсе, қырағылықты жоғалтып, сақтық шараларына жеңіл-желпі қарай бастауы мүмкін. Вирус тарап, айналадағы адамдардың өмірін жалмап жатса да, ондай адам бірте-бірте қауіп-қатерді елемей кетуі мүмкін. Шектеулерден шаршағандықтан, еркін жүріп-тұрғысы келіп, өзіне де, өзгелерге де қауіп төндіреді.
Киелі кітапта: “Қиын шақта сағың сынса, күш-жігерің таусылар”,— делінген (Нақыл сөздер 24:10). Қазіргі аумалы-төкпелі заманда осы сөздердің растығына көп адамның көздері жетуде. Иә, Киелі кітапта әртүрлі қиындықтармен, мысалы, пандемиямен күресуге көмектесетін ақыл-кеңестер бар.
Киелі кітапта пандемиялық шаршауды жеңуге көмектесетін қандай кеңестер бар?
Арақашықтық сақтаңыз, бірақ байланысып тұрыңыз
Киелі кітаптың айтары: “Нағыз дос — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17).
Неге бұл маңызды? Шын достармен араласқаны адамға күш береді (Салоникалықтарға 1-хат 5:11). Ал ұзақ уақыт оқшауланғаны денсаулығына зиян келтіреді (Нақыл сөздер 18:1).
Былай етіп көріңіз: Достарыңызға телефон соғып тұрыңыз, видеоқоңырау шалып отырыңыз, я болмаса электронды хаттар мен хабарламалар арқылы байланыста болыңыз. Күніңіз нашар өтіп жатса, достарыңызға хабарласыңыз. Олардың да жағдайын біліп тұрыңыз. Осы пандемия кезінде еңсеңізді түсірмеуге не көмектесіп жатқанын айтыңыз. Досыңызға қандай да бір жақсылық жасаңыз, сонда оның да, сіздің де көңіліңіз көтеріледі.
Қазіргі жағдайыңыздың артықшылықтарын көре біліңіз
Киелі кітаптың айтары: “Уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар” (Ефестіктерге 5:16).
Неге бұл маңызды? Уақытты ақылмен пайдалансаңыз, сарыуайымға салынбайсыз, қайта, оң көзқарас сақтайсыз (Лұқа 12:25).
Былай етіп көріңіз: Істей алмайтын нәрселерді көп ойлаудың орнына, жағдайыңыздың жақсы жақтарын көре біліңіз. Бәлкім, бұрын қолыңыз тимей жүрген істерді қолға алатын шығарсыз немесе сүйікті ісіңізбен айналысудың сәті туған шығар? Неге отбасыңызға көбірек уақыт бөлмеске?
Кестеңіз болсын
Киелі кітаптың айтары: “Барлығы... тәртіппен болсын!” (Қорынттықтарға 1-хат 14:40).
Неге бұл маңызды? Өмірінде қандай да бір тәртіп болса, адам өзін әлдеқайда жақсы әрі бақытты сезінеді.
Былай етіп көріңіз: Қазіргі жағдайыңызға сай келетін күн тәртібін құрыңыз. Сабақ оқитын, жұмыс істейтін, үй тірлігін жасайтын және рухани істермен айналысатын нақты уақыт белгілеңіз. Отбасымен араласуға, таза ауаға шығуға және жаттығулар жасауға да уақыт бөліңіз. Кестеңізді арасында тексеріп, қажет болса, өзгерістер енгізіңіз.
Жыл мезгілдерінің ауысуына бейімделіңіз
Киелі кітаптың айтары: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар” (Нақыл сөздер 22:3).
Неге бұл маңызды: Тұратын жеріңізге қарай, жыл мезгілдері ауысқанда, таза ауамен демалуға және күн сәулесінде болуға мүмкіндігіңіз азаюы мүмкін. Ал бұл денсаулығыңызға және көңіл күйіңізге әсер етеді.
Былай етіп көріңіз: Қыс мезгілінде бөлмеңізге не жұмыс орныңызға күн сәулесі жақсы түсіп тұрсын. Күннің суығына қарамастан сыртқа шығып, бірнәрсе істеуге тырысыңыз. Далада ұзағырақ уақыт жүре алу үшін, мүмкін болса, қысқы киім алыңыз.
Ал жазғы мезгілде көпшілік далада жүретіндіктен, сақ болыңыз. Қайда баратыныңызды мұқият жоспарлаңыз. Адамдар көп жүрмейтін уақытты таңдаңыз.
COVID-19 індетіне қарсы сақтық шараларын ұстануды тоқтатпаңыз
Киелі кітаптың айтары: “Ақымақ бейқам әрі өзіне тым сенімді” (Нақыл сөздер 14:16).
Неге бұл маңызды? COVID-19 ауруынан адам өліп кетуі әбден мүмкін. Сақ жүрмесек, оны жұқтырып алу қаупі бар.
Былай етіп көріңіз: Сіз тұрып жатқан аймақтағы сақтық ережелері туралы хабардар болыңыз. Сақтық шараларын қалай ұстанып жүргеніңізге ден қойыңыз. Іс-әрекеттеріңіз сізге, отбасыңызға және өзге адамдарға қалай әсер ететіні жөнінде ойлаңыз.
Құдаймен қарым-қатынасыңызды нығайтыңыз
Киелі кітаптың айтары: “Құдайға жақындаңдар, сонда ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8).
Неге бұл маңызды? Құдай сізге кез келген ауыртпалықты көтеруге көмектесе алады (Ишая 41:13).
Былай етіп көріңіз: Күн сайын Құдай Сөзі, Киелі кітаптан бір үзінді оқыңыз. Бұл үшін мына Киелі кітапты оқу кестесін қолданып көріңіз.
Ехоба куәгерлері COVID-19 індетіне қарамастан, діни кездесулер өткізуді доғармады. Олар апта сайынғы кездесулерін, Иса пайғамбарды Еске алу кешін және конгрестерін видеоконференция құралдары арқылы өткізіп жүр. Біз сізді де Ехоба куәгерлерімен байланысып, Киелі кітапқа негізделген білім берілетін шаралардың игілігін көруге шақырамыз.
Пандемиядан шаршағанда көмек болатын Киелі кітап сөздері
Ишая 30:15: “Сабыр сақтап, маған сенім артсаңдар, күшті боласыңдар”.
Мәні: Құдайға сенім артқанымыз қиын шақта сабырлық сақтауға көмектеседі.
Нақыл сөздер 15:15: “Мұңшыл адамның барлық күні қайғылы, Көңілді жанның әр күні той-думан”.
Мәні: Жағымды нәрселер туралы көбірек ойлағанымыз қиындықтарға қарамастан қуаныш жоғалтпауға көмектеседі.
Нақыл сөздер 14:15: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, парасатты әр қадамын ойлап басады”.
Мәні: Денсаулық сақтау шараларын ұстаныңыз. Оларды ұстану қажет емес деген сөздерге сеніп кетпеңіз.
Ишая 33:24: “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады”.
Мәні: Құдай Тағала барлық ауру атаулыны жоятынын уәде етеді.